289
Ақтөбе тұрғындары ет сатып ала алмай жүр
Ақтөбе тұрғындары ет сатып ала алмай жүр
Ақтөбе қаласының тұрғындары ірі қара мал мен сойылған малдың етін сатып ала алмай отыр, – деп хабарлайды 31-арна. Бұған сатылатын ірі қара мал мен сойылған мал етінің тапшылығы себеп болып отыр.
Ақтөбе халқының сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта қалаға сырттан келетін төрт түлік азайған. Сондықтан қала базарларында ет сататын сөрелердің көпшілігі бос боп тұр. Мал етінің тапшылығы саудагерлердің пайдасын еселей түсуде. Себебі еттің жоқтығын пайдаланған алыпсатарлар еттің бағасын бірден шарықтатып жіберген.
Осылайша, ақтөбелік тұрғындар үшін ет қымбат әрі тапшы тағам түріне айналып шыға келді. Тұрғындардың айтуынша, ет сататын базарлардағы сөрелердің бос тұрғанына жарты айға жуық уақыт болыпты. Ал базардағы еттің бағасын көріп шошынған жұрт ет жеуден қалдық деп отыр.
Ақтөбедегі ет тапшылығы сырттан келетін ірі қара малдың азаюуынан болып отыр. Қазір базарлардағы саудагерлерді етпен қамтамасыз етіп отырған қаладағы мал базары да жартылай бос тұрғанға ұқсайды. Көп жылдар бойы малды алып сатумен айналысатындар да, ет сататын базардағы саудагерлер де Ақтөбедегі бұл жағдайдың биыл бірінші рет болып отырғандығын айтады.
Ет тапшылығы тек Ақтөбе облысында ғана емес, Қазақстанның солтүстік облыстарында да сезіле бастаған. Ақтөбеде осыдан жарты ай бұрын келісі 1100-1200 теңге болған сиыр еті қазір 1700 теңгеден, ал жылқы еті 1800 теңгеден сатылып жатыр.