«Мен өлдім бе, табыңдар...»

«Мен өлдім бе, табыңдар...»

«Мен өлдім бе, табыңдар...»
ашық дереккөзі

Уақыт – бар сырын ішіне жасырған, жұмбағы да, егжей-тегжейлі баяны да тұнып тұрған ескі шежіре. Тарих доңғалағы кейін айналмағанымен, бізге жеткен аз-маз естелік пен деректер сол шерлі шежіренің мазмұнды пұшпағына жетелеп апарады. Сонда да өткен ғасырдағы қазақ өмірінің азалы күйі мен азапты хәлін түгел ұғып, жете түсіне қоюың екіталай екенін сезесің. Тек, сол там-тұмдап жеткен оқиғалар ғана санаңа сәуле түсіреді. Бізге ақиқат бүтін жеткен жоқ. Өзгенің шындығы мен сұмдығын тарихымыз деп біліп, оқып келдік. Әлі де ел тарихы өзгеше жазылса деген талап-тілек ғалымдар аузымен айтылып жатады. Сол тағылымы мол, зобалаңы мың батпан жылдарда қазақ кешкен сезім мен азап уақыттың бір бұрышына жасырыныпты. Бізге тек сұлбасы жеткен. Соның бірі қазақтың ардақты перзенті Шәкерім Құдайбердіұлының қазасы мен ақталуы еді. *** Шәкерім қазасының бастауында қалай болғанда отарлаушы би­лік­­тің озбыр саясаты жатты. Білім мен ғылымға бір­жола бас қойған ақын ортақ тір­шіліктен көңілі суып, оқшау ғұмыр ке­шуді ойлайды. Өзі үлгі көретін Толстойдың өмірінің соңын­да жалғыздыққа ұмтылу да әсер етті ме екен? Ахат әкесі туралы ғаламат жазбасында ақын­­нан Толстой туралы сұрайды. «..Бір мә­­жілісте, мен әкейден: «Сіз Толстой ту­ралы жай әңгімеңізде де, Толстой туралы жаз­ған өлеңіңізде де өте бағалайсыз», – де­дім. Сон­да, әкей айтты: «Мен Толстойды бұ­рын да ба­ғалайтынмын. Әсіресе, мен Толстойдан үш сұрақ сұрадым. Сол сұрақ­тарыма Тол­стой маған өте қымбатты жауап қайырды. Сол жауаптары мені толған­ды­рып, ғибрат ала­тын сабақ болып көңілімде орнап қал­ды». Сонда Шәкерімнің үш сауа­лы мен Тол­­­стой­дың жауабы жазылған. Әри­не, бұл хаттардың түпнұсқасы сақ­тал­мады. Біздің тарихымыздың осындай «ерек­шелігі» көп. Не Ресейден де Толс­той­дың жауабы табыл­мады. Ахаттың жазуын­ша, сондағы ақын­ның қойған бір сауалы: «Жа­зушы, оның ішінде мен, өз жаз­ғаным­ның дұрыс терісін сынай алмаймын. Өз шы­ғармасының қа­тесін қандай әдіспен кө­ріп, сынап-түзеуге бо­лады?». Жауап та сой­қан: «Жазушының ар­тық қасиеті – өз қа­тесін көріп, соны тү­зей алуы. Бұл әркім­нің қолынан келе бер­мейді. «Біреудің қате­сін біреу көреді» деген де бар. Бәрінен, адам өз қатесін өзі көріп, өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол адам­ға біткен – ақ жү­рек. Егер адам өз істе­ген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната біл­се, ақ жүректің нәзік сезімін ашып бере ала­­ды. Ақыл-толғауынан өткен қорытын­ды­ны жүрек елегінен өткізу ке­рек. Жүрек ым­балына беріліп, дағды­лан­ған адам өз мі­нін де, басқанын мінін де кө­ре алады. Сон­дықтан әділ сыншың – ақ жүре­гің». Ахаттың әкесі туралы жазғанын оқы­ғанда, Шәкерімнің адалдығына тәнті бола­сың. Өз ісін үнемі ақ жүрегіне билетіп, өмі­­рін армен өлшеген ғұламаның бала­лары­­на да айтатын өсиеті – біреудің ала жібін аттамау. *** 1925 жылдың жаз күндерінің бірінде Шәкерім Қабыш пен Ахатты алып Шақ­пақ­тың күңгей бетінен саман кірпіштен қа­рапайым үй салады. Бұл оқшау тіршілікке бекінген ақынның алғашқы қадамы емес еді. Оған дейін Кеңқоныс деген жерде жай салып, сонда тұрған ақын 1912 жылдан бас­тап жалғыз тұруға машықтанған бола­тын. 1925 жылы салған үйі бұрын «Шәкерім тошаласы» делінетін, кейін «Саятқора» деп атала бастайды. Бұл күнде тозығы жеткен, ашық аспан астында жел жеп, жаңбыр шаюға айналған там бір кездері ақынның оңаша шығармашылықпен айналысатын құтты мекені болды. Осы жерде ақын бес жыл тұрып, «Әділ-Мәрия» поэмасын, «Мұ­тыл­­ғанның өмірі» автобиографиялық шы­ғармасы мен «Үш анық» трактатын жазып соң­ғы нүктелерін қояды. Өлеңдер де жаз­ды. Саятқорадағы бұл үйдің жобасын Шәкерім өзі жасады. Жастайынан ұста­лыққа ден қойып, қолөнердің шебері бол­ған ақын тұрмысына қажетті заттарды өзі жасайды. «Қажының өз жобасы бойын­ша салынған үйінің құрылысы ерекше. Үй­дің екі бөлмесі еден арқылы жылы­тыла­ды. Пеш те қажының жобасы бойынша са­­­­лын­ған. Екі бөлменің қабырғаларын бой­лай кітап сөрелері тұр. Бірінші бөлмеде ол жұмыс істейтін тапал тас үстел тұр. Үстел­дің шетіне отыратын жерге пештен жылу келіп тұрады. Үстел басына малдас құ­рып қана отыруға болады. Шәкерім сәкі я орындық дегенді пайдаланбаған», – дейді Ахаттың досы Арғынбек Ахметжанов. Шәкерім бұл оңаша мекенде өзі жалғыз тұрды. Бұрын жанында жан жолдасы Әу­піш, кейін Жарқымбай болса, бұл күндері ара-тұра балалары келіп көмектесіп тұрған. 1927 жылдың 2-19 желтоқсан күндері Мәс­кеу қаласында Коммунистік партияның XV съезі өтеді. Бұл съезд коллективтендіру жұ­мысына бастамашы болды. Алдағы бес­жылдықта бүкіл елде коллективтендіру жүру тиіс-тұғын. Бұл идея біздің әдебие­ті­міз­де біршама жазылды. Таптық күреске әкелген идея қазақ даласына тез тарады. Байлардың малын тартып алып, қолында бір сиыры болса да, ортақ мүлік болуға тиіс деп, ел ала-шапқын болды. Билік байларды жоюды қолға алды. «1928 жылдың 27 та­мызында Орталық комитеттің отырысы мен Республикалық Халықтық комиcсар­лар­дың кеңесінде «Тәркілеу және ірі феодал байларды қоныс аудартуға қарсы­лық көрсеткендері үшін қылмыстық жауап­­­­­кершілікке тарту туралы» қаулысы қа­былданды. Елде тәркілеу, атақты кәм­песке оқиғасы басталды. Ауылдарға мың­нан астам тәркілеуші жіберілді. Ал соны бақылайтын комиссияның құрамында 4700 адам болды», – деп жазады шәкерім­танушы Ерлан Сыдықов. Бұл кәмпескелеуге кешегі феодал, аға сұлтан Құнанбайдың ұрпақтары да түседі. Соның ішінде Шәкерімнің мүлкін алу үлкен сұрақ болады. Ел ішінде қиянатсыз, адал сөзі мен кеңпейіл мінезімен абыройға ие Шәкерімді кәмпескелеу үшін төрт рет жиналыс өткен. Бірінші «Қаражартас» ауыл кеңесі жиын өткізеді. Ақынның қолында қызмет еткен Құлжабек деген жігіт: «Мен Шәкерімнің қолында болып, жұмыс істедім. Малшы болсам да, өз үйінің ішінің бір адамындай болдым. Ақымды кем беріп, ренжіткен жері жоқ» деп сөйлейді. Бұл жиыннан билікке жағатын шешім шық­паған соң, «Ақтөбе», «Құндызды» ауылдар­дың да кеңестерінде тура осындай жиналыс өтеді. Халық қажыны қорғайды. Ақыры бол­маған соң қалаға апарып, Затон жұмыс­шы­ларының жиналысына салады. Бұл жерде де Шәкерімге күйе жаға алмайды. Биліктің ожар саясаты үдей түсті. 1929 жылы тәркілеудің екінші ке­зеңі басталып, енді қарапайым халықтың да артына түсті. Ет пен жүннің, сүйектің өт­кізетін мөлшері бекітілді. Халық жаппай норма орындауға кірісті. Бұл қазақ дала­сындағы малдың азайып, жаппай аштыққа ұшыраудың алғышарттары еді. Алда келе жатқан ашаршылыққа дейін малы бар қазақ қалмады. Ақынның ұлдары Ғафур мен Ахат, немересі Баязит сол нормаларды орындамағандары үшін тұтқындалды. Бұл қажы әулетінің басына түскен ауыр күн­дер­дің басы болатын. Осы жылдың жазында Шыңғыстауға Алматыдан хат келеді. Рысқұлов пен Исаев қол қойған хаттың ұзын-ырғасы – ақынды Алматыға алдыру. Тарих институтынан қызмет беріп, баспанамен де қамтамасыз етеміз делінген. Бұл ұсынысқа қажының балалары да, ел де қуанады. Себебі ол кез­дегі ел ішіндегі ахуал көптің мазасын ке­тірген. Әсіресе, ақынның ұлдары мен туыс­тары құп көреді. Бірақ Шәкерімге бұл ұсыныс ұнаған жоқ. Ақын арыдан ойлады. Кейін бұл оқиғаны Ахат үлкен махаббатпен еске алады. Ал ол уақытта әкесіне ренжің­кіреп қалған еді. Әрине, «басқа түссе, баспақшыл» деген. Ел басына күн туғанда ең бірінші қиындықты ерлер көрді. Ахат­тардың сол кездегі көңіл күйін де түсінуге болады. Ал Шәкерімнің жауабына қарасақ, болашақ көзімен таразылып, ертеңгі күн­нің биігінен шешім қабылдапты. «...Арғы жағын, болашақты көздемей, бүгінгі күнді ғана көздегенсіңдер. Олай шолақ ойлау жарамайды, балам! Бұл уақыт әлі орнығып болмаған уақыт. Келешек алда. Ал хош делік, мен тарихты зерттеп отырармын, сон­да білген анық тарихты жазсам, ол осы уақытқа қайшы келер. Сол кезде олар ма­ған не айтпақ? Мынауыңыз бұл кезге сай кел­мейді, былай жазыңыз демей ме? Егер мен білген нақты тарихты бұрмалап, тек осы кезеңге сәйкестендіре жазсам, сонда мен кім болам? Кейін ақиқатты зерттеп аршу­шылар болмайды деп айта аласың ба? Сөзсіз болады! Тарихтың шындығы өш­пейді. Онда мен тарих алдында, арлы адам­дар алдында кім болып шығам! Бір өлмей, екі өлгенім болмай ма? Әлде сендерді сақ­тап, қатын-балаларымды асыраймын, со­ларды аман алып қалам деп барам ба? Жоқ, олай емес! Сендердің ырзықтарың өз алда­рыңда. Шын адал, қиянатсыз болсаңдар, аққа қара жұқпайды. Менсіз-ақ бастарың аман болады. Адал еңбекпен өмір сүре білің­дер! Және осы мені шақырып отырған азаматтар осы орындарда бекіп отырады деп айта аласың ба? Ақыры ақиқат табыла­ды. Бірақ ақиқатты табу жолы тура тарт­қан­дай жол болмайды, бұралаң кедергісі көп кездесетін жол болады. Қазір сол ке­дер­гілі жолда келеміз. Сендер осы уақыт­тағы кедергіге шыдамай, алдағыны болжа­май айтасыңдар! Жас уақытым болса бір бас­қа. Енді өлер шағымда, үйде болғаным жөн болар! Маған бармады деп басқалар да, сендер де өкпе етпей-ақ қойыңдар?!», – дейді ақын. Арада жарты ғасырдай уақыт өткенде Ахат бұл оқиғаны ризалықпен еске алады. Дер шағында түсінбеді емес, түсінді. Бірақ ақиқатты қабылдау ауыр еді. Ал әке болса, тарих алдындағы ұятын, ел алдындағы аза­маттық борышын ойлады. Бұндай кезде ел ішінен әсіре белсен­ділер де көп шықты. Олардың тау қопарар екпініне қарапайым халық шы­да­май, Абыралы, Шұбартау жұрты көтеріліске шыға бастады. Олардың ақыл сұрап бара­тын бір адамдары Шәкерім еді. Ендігі кезде Саят­қораға Бердеш, Зият бастаған көтері­ліс­шілер келе бастады. 1931 жылдың 3 қыркүйегіне қараған түні Бақанас маңындағы колхозда Шың­ғыс­тау жұрты қыспаққа шыдамай, ашық қар­сылыққа шықты. Көтерілісшілер мұға­лім Рамазан Әбішұлы мен әйелі Рәпішті өлтіреді. Көтерілісшілер жас мұғалімді ОГПУ тыңшысы деп санады. Әрине, Бердеш бастаған көтерілісшілердің кісі өлтіруі ел көңілін алаң етті. Үшінші қыркүйек күні таңертең кө­те­рілісшілер Қарауылға бет алады. Бақа­нас­тағы 200 адамға Шыңғыстаудан 100 шақты адам қосылып, Қарауылға жетпей Жұмыс­шы-шаруа инспекциясының бастығы Олжа­бай Шалабаевты өлтіреді. Бұл ашын­ған халықтың ызасы ма, әлде тобырдың ек­піні ме? Шәкерім мұндай істі әсте құп­та­майды. Көтеріліске шыққандар тек жүріп жат­қан қыспаққа қарсы күрескен жоқ. Олар билікті құлатамыз деп аудан орталық­тарындағы кеңселерді де басып алады. Көтерілісті басу үшін Абзал Қарасартов жіберілді. Ол ОГПУ-дың аудандық бөлі­мі­нің басшысы болып тағайындалды. Қара­сар­тов отряды Шұбартау, Шыңғыстау ай­ма­ғын түгел бақылауға алып, тінтиді. Осы тұста Абзалдың өзі Шәкеріммен жолығып сұхбаттасқанын айтады. Өйткені ол уа­қытта ел ішінде қажының беделі зор еді. 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне шық­қан Евней Букетов пен Қарасартовтың 1978 жылы магнитофонға жазып алған әңгімесі жарияланды. Онда қарт чекист бұлтаңға салып әртүрлі жауап береді. *** «А.Қ. Шауып жүр, 80-нің ішінде 88-де ме екен. Тор жорға атқа да, өзіне де оқ тиген. Оқ жақ жауырынының астына тиген. Сонсоң ана тор аттың сауырынына. Е. Б. Сіздің көзіңізге Шәкерім іліккен жоқ па? А. Қ. Шәкерім келе жатты. Күн жаңа шы­ғып келе жатқан. Жер аппақ, қар ғой. Анау тор жорға аттың шапшып тұрған қа­пы, жаңбырша жауып келеді. Теңселіп келе жа­тыр, теңселіп тауды өрмелеп келді де, ат­тан құлады. Е. Б. Кімнің оғы тигені белгісіз ғой. А. Қ. Белгісіз. Ол кезде қайсысының оғы ти­гені қайдан белгілі болады. Мына жақтан да атып жатыр, ана жақтан да атып жатыр. Е. Б. Ана өздері де атып жүр ме, олар Шә­­­керімнің адамдары. А. Қ. Олар да атып жүр, атып жүрген шы­ғар. Бірақ тор жорғамен алғашқы бір кө­рінгенде аттың жалынан бұрқылдаған көк түтін көрініп тұрды. Бірнеше рет атты өзі. Е. Б. Шәкерім бе? А. Қ. Өзі. Стволы үшеу, қайсымен ата­мын десе де ықтияр өзінде, ағылшын проис­хождениясы. Е. Б. Өзі ұстап жүр ме? Ойпыр-ай, қай­ратын-ай. А. Қ. Аттан жығылды, жығылғанда мен жү­гіріп бардым. Е. Б. Жанындағы адамдар кетіп қалған ба? Жалғыз тастап Шәкерімді. А. Қ. Кетіп қалған, аты билеп, бұрын алып кеткен ғой. Сонсоң қасында әлгі Шә­керім­нің өзі өмірі ертіп жүретұғын Жұма­ғали дейтін жігіт бар. Шәкерімнің өзі құс салғанда саятшы өзінің бір жақсы көретін адамы екен. Сол бар, сонсоң Халықов деген татар бар». «Білмедім Шәкерімді кім атқанын» атты жаз­бадан үзінді. *** Шәкерімді Қарасартов тобындағы Халитов деген әлде башқұрт, әлде татар чекистің атқаны туралы әңгіме әдебиетші қауымға белгілі әңгіме. Оны тұтас баяндап отырмайық. Негізгі оқиға Бердеш пен Зият бастаған көтерілісшілер 1931 жылы 3 қазан күні Шәкерімге барады. Ондағы ойлары Қытайға өтпек. Ақын өзі бармайтынын, бірақ тез жететін жолды айтады. Қолжазбаларын Зиятқа береді. Кейін Бердештерді шығарып салып, дөңнің ар жағында аңдып жүрген адамдар бар ма екен деп, қырға шыққанда, қарсы бетте тұрған ОГПУ отряды оқ атады. Оқ екі рет атылған. Ақын аттан құлайды. Қарап тұрсаңыз, Шәкерім қажы кө­тері­лісшілерді бастап, қарсы атысқа шыққандай айтылады. «Мен, ағам Мәнекеш, Зият, Сапа мен Мұх­тар Шәкеріммен шығып кеттік. Бұлақ­тың қасында намазымызды оқып алдық. Шәкерім тауға шығып, жақын арада кімнің бар, кімнің жоқ екенін көріп келетінін айт­ты. Оның артынан Мәнекеш те кете бар­ды. Он-он бес минуттан кейін екі рет оқ атылғанын естідік. Мәнекеш жанталасып жүгіріп келіп, Шәкерімді өлтіргенін айтты. Біз қаша бастадық», – дейді Бердеш Құнан­баев кейін өзінің түсініктемесінде. Осы сияқты Қарасартов тобында бол­­­­ған Зейнел Оспанов, Әбдірәйім Шәрібаев, Айтмырза Түңлікбаев сияқты адам­дарда түсініктеме берген. «Қарасартов тас­а­дан атты, ат құлады. Екінші оқ атылды. Оқ ат үстінде отырған адамның иығына тиді. Біз қасына жүгіріп барғанда Шәкерім Құдайбердиев екенін білдік. Шәкерім маған тимеңдер деді. Бірақ ОГПУ облыстық бас­қар­масынан іссапарға жіберілген Халитов ме­нің көзімше Шәкерімді атып өлтіріп тас­тады. Қарасартов Шәкерім оқ атуды бас­таған соң, екі жақ атысуға мәжбүр бол­ды деп айт деп мені көндіре бастады. Шын­ды­ғында жағдай олай болмаған, Шәкерім жақ­сы аңшы, мерген болған, бәрімізді атып тас­тар еді» дейді Әбдірайым Шәрібаев. Ал Айтмырза Түңлікбаев болса, оқты Ха­литов атты деген. Бұл Шәкерім өлімінің көп­ке белгілі нұсқасы. Қарасартов Шәке­рім­ге күйе жаққысы келді. Ол атысты бірін­ші Шәкерім бастады дегенін танбайды. Оның қолында ағылшын винчестері жоқ еді. Абай сыйлаған винчестрді ОГПУ қыз­мет­керлері атыс болған күнге дейін тәр­кі­леп алған болатын. Зейнел Оспановтың айтуынша, Қарасартов хаттамада солай көр­сету үшін ОГПУ бөлімінен винчестрді ал­дырып, Шәкерім сүйегінің жанына қоя­ды. Ал қажының сүйегі Бақанас маңындағы Құрқұдыққа тасталады. Шәкерімнің сүйегі Құрқұдықта отыз жыл жатты. Оның шығармаларын да тәр­кі­леп алған Қарасартов ақынның сүйегін ға­на емес, сөзін де Құрқұдыққа жауып тас­­­таған­дай еді. Өйткені қажының атымен қоса, шығармалары да еш жерде айтыл­май­тын­дай болды. Жазушы Мұхтар Мағауин Шәкерім қазасының бұл нұсқасына мүлде сенбейді. Бұл Абзал Қарасартовты ақтау үшін, кейін шығарылған әңгіме деп есеп­тейді. «Шәкерімге қатысты үш дерек» деген ма­­қаласында жазушы бүй дейді: «Шәке­рім­нің ұлы Ахат бұл кезде Семей түрмесінде отыр­ған. Әке өлімі туралы ұзынқұлақ әңгі­менің әуелгі нұсқасын ғана естиді, қаралы жыр жазады. Ал отыз жылдан соң жаңа бір тол­ғауында ақынды «аңдып жүріп атты» деп нақтылап айтады. Және қанды оқиға Саят­қора іргесінде болғанын аңғартады. Шә­керімнің қызы Гүлләрдің, тәрізі, кейінде өзгеріс, өңдеуге түскен жоқтауында да қо­ра­да жалғыз отырғанда оққа ұшты деген бай­лам бар. Шыңғыстың сырты, Шоша­ла­мен іргелес Байқошқар, Бақанас атыра­бы­ның байырғы тұрғындарының арасында қалыптасқан пікір де осы түйінге тірелетін. Қаш­қын бандылармен бірге жүріп, Кере­гетаста ажал табуы – кейінде ғана таралған әңгіме» деп тоқтам жасайды. Ахат әкесі қайтыс болғанда түрмеде жа­тып, «Қарт өлімі» деген өлең жазады. Ахат­тың ақындығы әжептәуір. Жалпы, қа­жы балаларының ішінде бәрінің өнері бол­ған. Әсіресе, Қабыш сөзге шешен, суы­рып-салма өлеңге жүйрік еді деп еске ала­ды. Кенже қызы Гүлләрдің да әкесіне ар­на­ған жоқтауы бар. Тар қапаста жатып, жүрегі езілген ұлдың аза жырында: Арсыздың ары жоғынан, Қайырымсыз, қанды қолынан, Қазасы жетті кәрінің, Адамның атқан оғынан. Мұны бекер демеңдер, Сендер уайым жемеңдер. Сүйтіп өтті жалғаннан, Терең ойлы кемеңгер. Береді дәуір кезегін, Өлмейді ақын, сеземін. Тек, ойласам сол хәлін, Өртенер жүрек – өзегім!, – деген шер­менде хәл бар. Ахат әкесінің сүйегін 1961 жылы Құр­құ­дықтан қазып алып, Жидебайда жатқан Абайдың қасына жерлейді. Кейін өзі де сол аяулы өлкеден мәңгілік жай табады. Ол әке алдындағы перзенттік парызын өтейді. Отыз жыл бойы жанын жеген, жүрегін жан­шыған азаптан арылады. Әкесінің сүйе­гін жалаң қолмен екі күн бойы қазға­нын өзі де әсерлі жазды. Ол кезде де Ахат жү­ре­гіндегі сезімін жырмен өрнектеді. Ахаттың бұл қызметі сөзсіз әке алдын­дағы ғана емес, ұлт алдындағы да азаматтық борышын өтегені еді. Қажының өзі қандай аяулы болса, ұлы да одан бір мысқал кем соқпайды. *** Шәкерім оққа ұшардан бір жыл бұрын қыстың күні қатты нау­қас­танып қалады. Жетпістен асқан қарт­тың Саятқорада жалғыз тұруы да оңай емес еді. От жағуға әлі болмағандықтан үйі суып, айналасын қырау басады. Қажының жал­ғыз екенін білетін жұрт келіп-кетіп хә­лін біліп тұратын. Балалары да қатынасып тұрған. Тек, сол кезде ауа райының құбылуынан әрі жолдың қатқақ мұз болғандықтан қатынай алмай қалады. Бірақ көтерілісшілерді іздеп, аңдып жүрген орыс отряды тап болып, отын жағып, үйді жылытып кетеді. Бұл күндер туралы Ахат: «Шақпаққа дейін жазық, қар, мұз атымның аяғын қиып тастады. Аяғынан қанды сары су шығып, дірілдеп, аттың жүргісі келмеді. Аттан түсіп, жаяу жетектедім. ...Қоңыр аттың ширыққан, жер тар­пы­ған, пысқырған дыбысы түк естілмейді. Жым-жырт, жүрегім дірілдеп, аузыма ты­ғыл­ды. Әкей өліп қалды ма деген ой бойым­ды мұздатып жіберді. Шарбақты арлы-бер­лі қозғадым, ашылар емес. Терезеге баруға дәтім шыдамай тұр. Қараңғы түсіп барады. Мен терезеге бардым. Тірі болса шам жағар деп. Жарық жоқ» деп жазады. Ахат барған соң, әкесіне тамақ береді. Қажы әлденіп, ерте­сі әрең тұрды. Бірақ қолына алып өлең жазды. Сонда ақын Қоңыр атына сырын айтып, елге жетіп, хабар бер деп жырлайды: Өлмеген сөздің мысалы: Көк өсірген жауындар. Жауынның нәрі – асыл шөп, Ағаш пен бұта, гүлдер көп. Бәрін де жауын өсірсе, Жауынды айтпа «өлді» деп. Сөзімді ұғып ойланып, Сырымды сынап, толғанып, Орнымды басса жаңа жас, Мен өлдім бе, табыңдар?! *** Расымен, Шәкерім өлді ме? Өлген жоқ. Біздің санамызды үнемі ақыл-пара­сатымен, елде жоқ адалдығымен қоз­ғап тұрады. Оның өлеңдерін, қазақ әдебие­ті­нің бағасыз нұсқасына айналған поэ­ма­ларын күнде жата-жастана оқымайтын шы­ғармыз. Бірақ ақынның өмір жолын біл­сек, Шәкерімнің кім болғанынан бұрын, өзіміздің кім екенімізді бір бағамдап қалар едік-ау. Міне, қажы өлмепті. Ал біз тіріміз бе?

Бағашар Тұрсынбайұлы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері