18 наурыз – Ұлттық киім күні

/
18 наурыз – Ұлттық киім күні
istockphoto.com

Бүгін – Ұлттық киім күні. Бұл – халқымыздың мәдениетін дәріптеп, ұлттық киімнің мәні мен маңызын түсінуге арналған айшықты күн, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақтың ұлттық киімдері ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Әрбір ою-өрнек пен әшекейдің өзіндік тарихы, терең мағынасы бар. Шапан мен камзол, сәукеле мен тақия, белбеу мен етік – бәрі де халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, талғамы мен дүниетанымын айқын көрсетеді.

Бұл – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, өз болмысымызды айшықтауға үндейтін ерекше күн.

Аталған күнге орай Ұлттық орталық музейінде дәстүрлі киімнің ерекшеліктері көрініс тапқан «Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі» атты көрме өтіп жатыр. Мәдениеттерді жақындастыру орталығында ұлттық киімді насихаттауға бағытталған «Ұлттық киімдерді ұлықтайық» атты тақырыптық іс-шара ұйымдастырылды.

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде этнодизайнерлік сән көрсетілімі өтіп, онда дәстүрлі костюмнің заманауи үлгілері ұсынылуда. Алматы қаласында Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының қатысуымен Оқушылар сарайында ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шаралар ел өңірлерін де қамтыды.

Әртүрлі жастар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен қалаларда ұлттық киім шеруі, челлендждер, тақырыптық акциялар мен флешмобтар өтуде. Ақтөбе облысында ұлттық киім көрсетілімдері мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылса, Ақмола облысында дәстүрлі киімді насихаттауға арналған челлендж өтуде, Қарағанды облысында тақырыптық фестивальдер мен байқаулар, ал Маңғыстау облысында ұлттық костюмді цифрлық форматта таныстыруға бағытталған заманауи технологияларды қолданатын жобалар іске асырылуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар