Салтанат құрған сұлтан Бейбарыс

Салтанат құрған сұлтан Бейбарыс

Салтанат құрған сұлтан Бейбарыс
ашық дереккөзі
1306
Тарих деген қария кітап бар. Біз Бейбарыс есімін бұрын анық білмейтін едік. Морис Си­машконың «Емшан» атты хикаятында, со­сын әйгілі Нұрмұхан Жантөрин сомдаған «Бей­барыс» фильмі арқылы ғана еміс-еміс бей­несін таныдық. Қатпар-қатпар тарих па­рақтарында есімі алтын әріппен жазылатын ұлы тұлға туралы тек Тәуелсіздік тұсында кө­бірек біле бастадық... Былтыр Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев 20-21 ақпан аралығындағы Мысырға сапары ба­ры­­­сында әл-Азһардың жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайебпен және Мысырдың Уақыфтар ми­нистрі Мұхамед Мұхтар Жұмамен кездесулер өт­кізді. Кездесуде Қазақстан тарапы бұған дейін Каир­дегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына кел­тіруге қаржы бөлгенін айтты. Сенат Төрағасының Египетке жасаған ресми сапары кезінде Бейбарыс, Қалауын, Қайтбай сұлтандардың басына барып, зиярат еттік. Сол сапардан келген соң Серікбай Тру­мов екеу­міз сол кездегі Премьер-Ми­нистрдің орын­басары Е.Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдаған едік. Де­путаттық сауалда Мысыр елін 17 жыл би­леген Бейбарыс сұлтан туралы Араб та­рих­­шылары Бейбарыс сұлтан басқарған ке­зеңді – «алтын жылдар» деп атайтынын, та­рих­шы Виль­гельм Тайпольский: «Бей­ба­рыс – жауынгерлігі жағынан Гай Юлий Це­­­зарьмен терезесі тең тұра­тын қаһарман» де­ген баға бергенін айттық. Бей­барыс әлем­нің 54 елімен дипломатиялық қарым-қа­ты­нас жасаған. Ол өз заманында Мекке мен Иерусалимнің қауіпсіздігін қамтамасыз еткенін айтсақ та жеткілікті. Шын мәнінде, теңдесі жоқ тарихи тұлға.Қазақстан мен Мысыр арасындағы қа­рым-қатынас жақсы дамыды. Қазақстан мен Мысырды байланыстыратын тарихи тұлғалар бар. Солардың ішінде Сұлтан Бей­барыс­тың есімі ерекше аталады. Бейбарыс би­лігі тұсында салынған тарихи ескерт­кіш­тер күні бүгінге дейін Каир қаласының сәнін келтіріп тұр.  width= Каир қаласында Бейбарыс сұлтан сал­дырған мешіт бар. Бұл мешіт осы елдегі ең көрнекті әрі тарихи жәді­гер­лер­дің бірі. Зәулім ғимараттың аумағы 10 мың шаршы метр, ал тас қабырғаларының биіктігі – 11 метр. Қайта қалпына келтіру жөніндегі жұ­мыс­­тарды Мысырдың Араб ескерткіштерін қор­ғау комитеті 1960 жылдары қолға алған екен. Алайда тиісті қаражаттың жетіспеуі сал­­дарынан мешітті бастапқы қалпына кел­­тіру жұмыстары көбіне тоқтап қалып отыр­ды. Соңғы реставрациялау жұмыстары 1993-1996-жылдардың кезеңінде Мы­сыр­дың белгілі «Сад әл-Әли» және «10-рамадан» ат­ты құрылыс компанияларының қа­тысуы­мен өткізілді. Қос елге ортақ тарихи мә­дени мұраны қалпына келтіру жұмыс­та­рына Қазақстан тарапы белсене араласты. 2006 жылы Мысыр президенті Хосни Мү­бәрак­тың елімізге ресми сапары Қазақстан-Мы­сыр қатынастарындағы нағыз бір бет­бұрыс жасады. Өйткені Мысыр басшысы Мәскеуден басқа посткеңестік елде, оның ішінде Қазақстанда алғаш рет болды. Ке­ліс­сөздер кезінде Каирдегі Сұлтан Аз-Захир Бей­барыс мешітін қалпына келтіру жоба­сын бірлесіп іске асыру туралы уағдаластық жа­салды. 2007 жыл мешітті қалпына кел­тіру­дегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазақстандық тарап қайта­рым­сыз негізде 4 миллион 500 мың доллар бөл­ді. Көрсетілген сома 2007-2009 жылдар ішін­де тең мөлшерде бөлінеді. Мешітті қал­­­пына келтіру жөніндегі шығыстардың қал­ған бөлігін мысырлық тарап жапты. Ме­шітті қайта қалпына келтіру жұмыстары 2011 жылы қазанда аяқталуы керек еді, алай­да екі революция салдарынан Мысыр­да­ғы саяси және экономикалық дағдарысқа бай­ланысты жұмыс тоқтатылды. Ғимарат құры­лысы араға 7 жыл салып, 2018 жылы қай­та жанданды. Былтыр Мысырдың Уа­қыф­тар министрі Мұхаммед Мұхтар Жұ­мамен кездесуде осы жағдайға назар ау­да­рып, қайта қалпына келтіру жұмыстарына басымдық беру мәселесі қозғалды. Мысыр тара­пы бұл жұмысқа қосымша 2 миллион АҚШ долларын бөлетінін айтты және жо­ба­ның аяқталуын өз бақылауында ұстай­тынын жеткізді. Депутаттық сауалда Бейбарыс сұлтан­ның туғанына 800 жыл толуын халық­ара­лық дәрежеде атап өту үшін 2023 жылдың бюджетіне арнайы қаражат салуды; 1989 жылы совет-египет елдерінің «Совэкспорт­фи­льм» және «Эль Аламия» киностудиялары бір­лесіп түсірген «Сұлтан Бейбарс» теле­филь­мін араб және ағылшын тіліне ауда­рып, Мысыр елінде көрсетуді; Президент тап­сырмасына сай әзірленіп жатқан шет­ел­діктерге арналған тарих оқулығына Бей­барыс бастаған қыпшақ сұлтандары тур­алы деректерді қосуды; Египет елінің Бейбарыс сұлтан туралы 30 сериялық ки­но­сын қазақ тіліне аударып, халыққа та­ныс­тыруды; жазушы-драматург Р.Отар­баев­тың «Бейбарыс сұлтан» пьесасын Мысыр сах­насына қоюды; екі елдің Ұлттық кітап­ха­­наларында Бейбарыс өмірінен сыр шертетін кітап және сурет көрмелерін ұйым­дастыруды; Астана және Каир қала­ларында Бейбарыс ескерткіштерін тұрғызу мәселесін қарастыруды талап еттік. Сондай-ақ Бейбарыс бабамыз жайлы бір жылдары еліміздің арналарынан сирия­лық­тар түсірген телехикая көрсетілді. Бұл телехикая көпшіліктің көңілінен шыға қой­мады. Қазір еліміздің ұлы тұлғаларына ар­нап телехикая түсіру үрдісі жақсы жолға қойы­лып келеді. Осы бағытта араб және қа­зақ режиссерлері бірігіп, Бейбарыс баба­мыз­дың өмір жолы мен қайраткерлігі жайлы телехикая немесе фильм түсіргені дұ­рыс. Атырауда Бейбарыс сұлтанның ескерт­кіші бар екенін бәріміз білеміз. Сол се­кілді Қалауын, Қайтбай сұлтандардың да ең­селі ескерткіші бой көтерсе, құба-құп бо­лар еді деген ұсыныс жасадық. Дешті Қыпшақ даласынан әлемге жайыл­ған жауынгер қыпшақтар Үндістан, Иран, Мысыр елдерінде бірнеше жыл билік құрды. Сондықтан Қазақстан тарихы оқу­лығына осы елдерді билеген, соның ішінде Мысырды үш ғасыр бойы билеген мәмлүк сұлтандары туралы арнайы тарау енгізу ке­рек. Біз көбіне Бейбарыс сұлтанды ғана біле­міз. Қалған сұлтандарды да қазаққа та­ныту қажет. Сол арқылы жас ұрпақтың бойы­на тарихқа деген құрмет, ел-жеріне деген отаншылдық, ұлтына деген сүйіс­пен­шілік қасиеттерді сіңіре аламыз. Бұл бірі­ні­шіден, отаршылар идеологиясына қарсы күшті дәлел болмақ. Екіншіден, діни ради­ка­лизмнің де алдын алады. Себебі Бейбарыс бастаған мәмлүк сұлтандары мұсылмандар­дың қос қасиетті мекені – Меккедегі Қағба мен Мәдинадағы Пайғамбар (с.ғ.с.) меші­ті­нің шырақшысы болып, Ислам дінінің ай­бынын асырған болатын. Біздің баба­лары­мыз сонау Араб түбегінде Исламға қыз­мет еткенін жастарға жеткізу арқылы олар­ды жат ағымдардың идеологиясынан сақтап қала аламыз. Мысырдағы мәмлүк сұлтандары сал­дырған, қазақ тарихы үшін маңызы жоғары, тозығы жеткен ғимарат­тарды, атап айтқанда, қыпшақтар салдыр­ған мешіттер, медреселер, көпірлер, субұр­қақ­тар т.б. қайта қалпына келтіруге мем­ле­кет тарапынан жәрдем беру керек. Мысырдағы қыпшақтарға қатысты жаңа­ша көзқарас қалыптастыру қажет. Кей­бір тарихшылар оларды сатылған құл­дар емес, жалдамалы жауынгерлер деген пі­кір айтып жүр. Олар Мысырда түрлі лауа­зымды қызметтер атқарды. Бірқатары сұлтан дәрежесіне дейін көтерілді. Олар­дың жанкешті ғұмыры мен ерлігі жас ұр­пақ­қа жігер беретіні анық. Сондықтан олар­ды халыққа көбірек таныту бағытында насихат жұмыстары жүргізілуге тиіс. Атап айт­қанда, тарихи кітаптар, әдеби шығар­малар, соның ішінде кино мен театрға ар­налған шығармалар көптеп жазылуы тиіс. Осы бағытта Мысырға арнайы тур ұйым­дастырып отандық ғалымдар мен қа­лам­герлердің ізденісіне дем беру маңыз­ды. Еліміздегі музейлерде Мысырдағы мәмлүк сұлтандарына арналған бірде-бір бұрыш жоқ. Сондықтан қыпшақ сұлтан­дары­ның жәдігерлерін сатып алып немесе кө­шірмесін алдырып, еліміздегі негізгі му­зейлерден Бейбарыс бастаған сұлтандар­дың бұрышын дайындағанымыз абзал. Атап айтқанда, Ұлыбританиядағы Британ музейінде Бейбарыс сұлтанның алтыннан жасатқан динарлары, Британ кітапхана­сын­да өзі жасатқан көне Құраны бар. Сол секілді АҚШ-тың Метрополитен музейінде Қайтбай сұлтанның тостағаны, Түркияның Топқапы сарайында сауыты, Вашингтон музейінде кілемшесі сақталған. Осы экс­понаттарды немесе олардың көшірмелерін елге әкелу бойынша нақты жұмыс жүргі­зілсе, бұл шара ұлттық идеямызға серпін берері анық.  width= Мысырдағы қыпшақ сұлтандарына қа­тысты жазылған сирек кездесетін кітап­тар мен қолжазбалардың көшірмелерін, электронды нұсқаларын алдырып ғылыми айналымға енгізу керек. Мәмлүктер ке­зеңінде жазылған қазақ тарихы үшін маңызы зор араб және қыпшақ ғалым­дары­ның еңбектерін қазақшаға аударып кітап етіп шығару маңызды. Кейбір араб тарихшылары мәмлүктерді кав­каздықтар деп біледі. Алайда Барысбай, Бел­бай, Қайтбай, Жанболат, Тұманбай се­кіл­ді сұлтандардың есімінің өзі көп нәрсені дә­лелдеп жүр. Мұндай қазақи есімдер кав­каздықтарда бұрын да болмаған, қазір де жоқ. Сондықтан араб-қазақ тарихшылары бірі­гіп, Мысыр мәмлүктерінің Дешті Қып­шақ даласынан барғанын дәлелдеп, бұл таласқа нүкте қойғаны дұрыс. «Қазақ­стан­ның Египеттегі елшілігі ұсынып отырған бас­қа да бірқатар ұсыныстарды зерделеп, Бей­барыс сұлтанның 800 жылдық мерей­тойын өткізудің кешенді жоспарын тезірек жасауды сұраймыз» деген едік. Депутаттық сауалымыздың нәти­жесінде осы айтылған мәселелер Үкімет тарапынан қолдау тапты. Мешіттің ашылуын мысырлықтар мен қазақ елі көп­тен күткен еді. 8 ғасыр бұрын негізі қа­лан­ған «Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс» мешіті қай­та қалпына келтіріліп, салтанатты түр­де ашылды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев қазақ елінің делегациясын бас­тап барды. Делегация құрамында сена­тор­лар, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов және зиялы қауым өкі­лдері болды. Салтанатты рәсімге Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед Ат-Тайеб бастаған көрнекті дін өкілдері, мемлекет қайраткерлері және жергілікті жа­мағат қатысты. Алдағы уақытта мешіт елде­ріміз арасындағы байланыстың алтын ар­қауына және екі халықтың ортақ игілі­гіне айналатыны анық. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Қа­зақ даласында туып, Мысырда ел билеген әй­гілі бабамыз Бейбарыс сұлтанның туға­ны­на биыл 800 жыл толып отыр. Бұл – екі ел үшін де маңызы зор оқиға. Сондықтан Қазақстан осы мерейлі датаның жоғары дең­гейде аталып өтуіне ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл бағытта 600-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың бірқатары Мы­сыр жерінде ұйымдастырылды. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұлы тұл­ға­ның есімін ұлықтайтын айтулы шаралар­ға қатысу үшін Мысырға арнайы келдік. Бейбарыс сұлтан өз дәуірінде ержүректі­гі­мен және әділдігімен дараланған қолбасшы. Крестшілер жорығы мен моңғол шапқын­шы­лығына тойтарыс беріп, бүкіл ислам өркениетін күйреуден құтқарып қалды. Мешіт, медреселер салдырып, Мысыр жерінде ғылым-білімнің дамуына даңғыл жол ашты. Каирдегі «Сұлтан Аз-Заһир Бей­барыс» мешіті ұзақ уақыт пайдаланылмай, қиран­ды қалыпта жатыр еді. Қалпына келтіру жұмыстарынан Қазақстан тарапы да қалыс қалмады, жан-жақты қолдау көр­сетті. Сұлтан Бейбарыс 1266 жылы мәмлүк сәулет өнері үлгісінде «аз-Захир Бейбарыс» ме­шітін салуға әмір береді. Мысыр билеу­ші­сінің мақсаты – Мысыр тарихында Қыпшақ мәмлүктерінің орнын тайға таңба бас­қандай етіп қалдыру. Мысыр мен Шам елі­нің төрт құбыласы түгел әрі біртұтас мем­лекет болатынына үмітпен қарап, пі­шіні төрт бұрышты мешіттің іргетасын қа­лауға бұйрық береді. Жергілікті халық бұл мешітті қамал деп те айтады. Айту­ларын­­ша, мешіт жобасы жергілікті тұр­ғын­дарға соғыс жағдайына да ыңғайлы етіп салынған. Бейбарыстың өмір тарихы ғы­лым үшін аса маңызды. Сол себепті оны зерт­­теу, дәріптеу қашанда өзекті. Осы ретте бұл конференция бейбарыстану ілімін іл­герілетіп, осы бағытқа тың серпін беретіні сөзсіз», – деді. Шын мәнінде, Бейбарыс сұлтан ме­шітінің қайта ашылуы Қазақстан мен Мысыр тарапы және екі елдегі мұсыл­ман қауымы ұзақ күткен жаңалық.  width= Сенат Төрағасы сапар барысында Бей­барыстың 800 жылдығына арналған ха­лы­қаралық ғылыми-тәжірибелік кон­ферен­цияға қатысып сөз сөйледі. Мысыр басшы­лы­ғы мен халқына Президентіміздің ал­ғы­сын және жылы лебізін жеткізді. Со­нымен қатар Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед Ат-Тайебпен және Мысыр Араб Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенатының Төра­ғасы Абдель Вахаб Абдель Разекпен екіжақ­ты кездесулер өткізді. Мәртебелі шейхпен сұх­бат кезінде дінаралық және конфес­сияара­лық диалогты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Сенат Төрағасымен бол­ған әңгімеде парламентаралық ынты­мақтастықты нығайту жөнінде сөз қозғады. Осы сапар алдында Мемлекет бас­шы­сының Жарлығымен екі елдің байланысын арттыруға зор үлес қосып келе жатқан жә­не Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын атап өтуге атсалысқан Мысырдың бір топ мемлекет, қоғам және дін қайраткері Қа­зақ­станның мемлекеттік наградалары­мен марапатталған болатын. Олардың қата­рын­да бірінші дәрежелі «Достық» орденімен наградталған шейх Ахмед Ат-Тайеб және екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған Сенат Төрағасы Абдель Разек бар. Барлық наградалар марапат ие­ле­ріне салтанатты түрде тапсырылды. Бей­барыс сұлтан мешітін қалпына кел­тіру­де белсенді жұмыс істеген Мысыр елі­нің бес азаматына «Шапағат» медалі табыс­талды. Бейбарыс бабамыздың 800 жылдығына орай Мысырда Қазақстанның мәдениет күн­дері ұйымдастырылды. Каирдың Опера театрында керемет концерт қойылды. Сұлтан Бейбарыс – қазақ үшін ғана емес, күллі мұсылман әлеміне ортақ көр­нек­ті тұлға, қаһарман қолбасшы, данагөй билеуші. Ол Мысырды билеген жылдарда оның экономикасын күшейтіп, әскери әлеуетін көтеріп, білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Осы себепті батырдың есімі жүздеген жыл­дар бойы тарих бетінде сақталып, ерекше құрмет пен айрықша ілтипатқа бөленуде. Көрнекті тұлғамыз сегіз ғасыр бойы Дешті қыпшақ даласы мен Мысыр арасындағы рухани байланыстың алтын көпірі болып келеді. Мерейлі іс-шара аясында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Осындай алқалы жиын арасында мәм­лүктанушы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мә­дениеті университетінің Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қыз­меткері Қайрат Сәки мырза мәмлүк­танушы ретінде қыпшақ перзентінің өмір жолына қатысты пікір білдірді. «1250-1382 жылдар арасында Египет, Сирия және Хиджаз жерін қамтыған түркі мемлекетiн 132 жыл басқарған Қыпшақ динас­тиясының негiзiн қалаған Рукнуддин Байбарыс бин Абдулла әл-Бундуқдари ас-Салихи ан-Наджми әл-Айуби әл-Ханафи ат-Туркидің шыққан тегi жөнінде орта­ғасырлық тарихшылар бірауызды, ала­бө­тен таластары жоқ, бәрі оның түркi, қып­шақ екенін жазады. Ортағасырлық тарих­шылар Египеттегі Бейбарыс билігін өте жоғары бағалаған. Мәмлүктер сол кезде апат­­тың алдында тұрған мұсылман өрке­ние­­тін күйреуден құтқарып, оның дамуына жаңа серпін берген. Оны бір ғасырдан астам уақыт Египет пен Сирияны билеп-төс­теген қыпшақ әулетінің көрнекті би­леу­шілерінің бірі Бейбарыс сұлтан жүзеге асырды. Ортағасырлық мұсылман тарих­шыларының iрiсi әл-Мақризи: «Қорытып айтқанда, Бейбарыс исламның ең ұлы патшасы едi», – деген тұжырымы өте әділ баға. Сонымен қатар тарихшылар Бейбарыс 1261 жылы халифат туын Каир қаласында көтеріп, ислам дүниесiнiң қорғаушысы атағын алуға ұмтылған билеушiлердiң iшiн­д­е мақсатына жете алған жалғыз сұл­тан деп көрсетедi. Сол кезден бастап мәм­лүк­тер ислам қоғамында өте биiк мәртебені иемдене бастайды», – деді. Тұғырлы тұлға туралы тағылымды жиында баһадүр Бейбарыс сұлтан туралы кітаптың тұсауы кесілді. Белгілі ғалым Мехмет Түтінжі құрастырған ағылшын тіліндегі бұл кітап «Sultan Baybars, King of Arabs, non-Arabs and Turks. From the great steppe to the great sea» (Арабтар, ға­жам­дар және түріктердің патшасы – Сұлтан Бейбарыс. Ұлы даладан ұлы теңізге дейін) деп аталады. Жаңа кітапта сол кез­дегі тарихи жазбалар мен ескерткіш­тер­дегі тасқа басылған құнды дүниелер, тың де­рек­тер жинақталған. «Бейбарыстануға» қо­сылған үлкен ғылыми еңбек. Баһадүр Бейбарыс бабамыз – ислам әле­мінің қорғанына айналған араб-ғажам және түрік сұлтаны, қос құбылаға бірдей қыз­мет қылған асыл дініміздің қорғаны. Бейбарыс сұлтан құлау қаупі төнген Мәдинадағы пайғамбар мешітін жаңғыр­тады, Иерусалимдегі жартас күмбезін қал­пына келтіреді. Аджлун, Рамала мешіт­терін және Хомстың ұлы мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізген. Иерихон маңын­дағы Мұса пайғамбар қабірі, Ябнадағы Әбу Хурайра, Керак маңындағы Жапар ибн Абу Талиб қабірлерін қалпына келтіріп, Барғас, Антиохия және Қара шіркеулерінің оры­нына мешіттер салады. Қайрат Саки мырзаның «Қазақ дала­сы­ның перзентi – сұлтан Бейбарыс түркiнiң қара шаңырақ иесi Қазақстан үшiн бұл күн­дерi беймәлiм Бейбарыс емес, өз зама­нының және кейiнгi тарихшылардың ең­бек­терiнен өзiне лайық орын алған, дін жо­лында күрескен, тарихта терең iз, арты­на мол материалдық мұра қалдырған даңқ­ты тарихи тұлға. Сондықтан сұлтан есімін дұрыс айту және жазу – тарихи шындықты қайта қалпына келтiру ғана емес, оның аруа­ғына деген құрмет пен тағзым белгiсi деп санаймыз», – дейді. Бізге осыған дейінгі «Бей­барыс» немесе ғалым ұсынып отырған «Байбарыс» есімі де жат емес. Халық қалай қабылдайды, солай болады. Жыл басында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Бейбарыс сұлтан және оның түркі тари­хындағы орны» атты ха­лық­­аралық ғылыми-практикалық кон­ферен­ция өтті. Астанада Сұлтан Бейбарыс атын­дағы үлкен көше ашылды. Жыл соңы­на дейін үлкенді-кішілі алты жүз іс-шара өткізіледі. Соның бәрі ұлы тұлғаны ұлық­тауға арналған. Бір сөзбен айтқанда, талай депутаттық сауал жасап жүрміз. Бірақ осындай нәти­жеге жеткен, жауабы нақты мемлекеттік іс-шаралармен өрнектелген, мешіті қал­пына келтіріліп, салтанаты Мысыр елінде Қазақстанның мәдени күндерін өткізуге ұласқан сауал да сирек шығар деп бір мар­қаятын жөніміз бар сияқты...

Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты

Серіктес жаңалықтары