Украинаның Житомир облысындағы Овруч қаласында ер адамды ұстау кезінде граната жарылып, бірнеше адам қаза тапты және жараланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Украин БАҚ-тарының жазуына қарағанда, жарылыс қала маңындағы пойызда болған.
Полиция жарылыс туралы ақпаратты растады.
«Оқиға орнында Житомир облыстық полициясының тергеу және жедел топтары, сондай-ақ Овруч қаласының №1 полиция бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», — деді Житомир облысы ұлттық полициясының баспасөз хатшысы Иванна Силецкая.
«Реальный Житомир» паблигінің мәліметінше, пойызда адамдарды жаралаған ер адам іздеуде болған. Ол әскери қызметкерлер құжаттарын тексермек болған сәтте гранатаны лақтырған.
Журналистердің хабарлауынша, жарылыстан бес адам қаза тауып, екі адам жараланған. Бірақ полиция бұл деректі әзірге растаған жоқ.
Оқиға орнында тәртіп сақшылары, дәрігерлер және құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр. Жарылыстың себептері анықталуда.