601
Әдебиеттану ғылымының шандозы
Әдебиеттану ғылымының шандозы
Айтматов Академиясының және Жоғары мектеп Ұлттық Академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қансейіт Әбдезұлы – ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері араласып жүрген ұстазымыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ғылым жолындағы алғашқы қадамыма ақ батасын беріп, кандидаттық диссертацияма ресми сарапшы болып еді.
Содан бері отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында қаншама басшылық қызметтер атқарды. Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің проректоры, Қыздар педагогикалық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің деканы, университет жанындағы Диссертациялық кеңестің төрағасы болған ұзақ жылдарда алғашқы көрген қалпымнан әсте өзгерген емес. Оның негізгі себебін ғалымның туа біткен болмысынан іздеуге болады. Жеміс ағаштары піскен сайын жемісін көтере алмай, жерге қарай иілетіні тәрізді, адам баласы да ақыл-парасаты толығып кемелденген сайын иіліп қарапайымдала түседі. Осы тұрғыда астындағы тағын, уақытша қызметін көтере алмайтындарды жемісі жоқ ағашқа балауға болады. Қансейіт ағамыз – болмысынан бекзат, адам баласына тек жақсылық тілейтін жаны жомарт жан. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді атам қазақ тегін айтпаған болар, елге жақсылық тілеген жанға Алланың берері де мол болары анық. Осы тәмсілге сүйенетін болсақ, ағамыз – төңірегіндегілерге тек ақ тілегі мен жақсы сөзін арнайтын аузы дуалы жан.
Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан бері өзі де ұстаздарының жолын қуып жоғары мектепте шәкірт тәрбиелеумен айналысып келеді. Осы жылдар аралығында ұстаздық пен ғылымды бірге ұстап, білім мен ғылым саласына бірдей үлес қосуда. Өзімен қатар оқыған ақын Өтеген Оралбайұлы «қатарлас қаламгер, қанаттас дос, санаттас сыншы, аббаттас әдебиетші» деп бағаласа, жазушы Қуандық Түменбай ағамыз Төле бидің ұрпағы «Қансейітте қасиет бар» дейді. Замандастарының берген бағасының астарына ғалымның зерттеу еңбектері арқылы үңілуге болады.
Қазақ әдебиеттану ғылымында жекелеген қаламгерлердің шығармаларын зерттеген монографиялық үлгідегі зерттеулер қатары жеткілікті. Осы қатарды ғалым жазушы Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығы туралы «Ел мен жер» зерттеуімен толықтырды. Жазушы шығармашылығы туралы оған дейін жекелеген мақалалар мен шолу тарауларда айтылып келсе, мұнда жазушының шебер суреткерлігі кешенді түрде зерттелді. Т.Әлімқұлов Қорқыт, Ықылас, Сейтек, Сүгір, Төлеген Момбеков, Әбікен Хасенов, Жаппас Қаламбаев, Генерал Асқаров сынды күйшілердің болмыс-бітіміне үңіліп, олардың тағдыр-тауқыметін шығармалары арқылы сөйлетсе, зерттеуші осы тақырыпты зерттеуде қазақ әдебиетіндегі өнер және өнер адамдары деген тақырыпты дендете зерттеуге бет бұрды. Ол – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында академик С.Қирабаевтың басшылығымен жүзеге асқан «Қазақ романы: өткені мен бүгіні» атты ұжымдық монографиядағы «Өнер адамдары – роман кейіпкерлері», «Өнер адамдары тәуелсіздік әдебиетінде» тарауларының авторы. Бұл зерттеулер Тәкен арқылы қазақ романдарындағы өнер тақырыбын ғылыми саралауға жол ашты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының дәстүрлі жалғасы болып табылатын Д.Әбілевтің «Сұлтанмахмұт», С.Жүнісовтің «Ақан сері», Ә.Әбішевтің «Найзағай», «Жаралы сұңқар», З.Ақышевтің «Жаяу Мұса», «Шынардың шыбығы», Ә.Әлімжановтің «Махамбеттің жебесі», К.Оразалиннің «Абайдан соң», А.Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі», О.Сәрсенбаевтың «Шамшырақ», С.Досановтың «Екінші өмір» романдарындағы өнер адамдарының көркем бейнесін сомдаудағы жазушылардың суреткерлік шеберлігі қарастырылды.
Ұлттық әдебиеттегі өнер адамдары туралы романдар тәуелсіздік тұсында заңды жалғасын тапты. Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесінің «қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің өмірбаяндық тағдырына, қаламгерлік, ұстаздық қызметінің үлкен бір белесіне негізделгенін» баса айтса, Дүкенбай Досжан «Алыптың азабы» атты романында құпия сақталған деректерді сөйлеткеніне, ұлы суреткердің тағдыр белестерінің тартысты, трагедиялық тұстарына тиянақты тоқталғанына назар аударды. Бұл романда Мұхтардың бастан кешкен азабы мен қиянаты бүкпесіз баяндалғаны да зерттеуші нысанына ілікті. Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романы жөнінде: «бір қайраткерге, өнер адамына арнап бірнеше шығарма жазуға болатын әлемдік тәжірибені ескеріп, ол Абай өмірін қайта бір ақтара-төңкере, өз көзқарасын, өз танылымын танытады» десе, Нәбиден Әбуталиевтiң «Наркескен» романында Исатай-Махамбет көтерілісі мен Исатай мен Махамбет туралы ілгерінді-кейінді жазғандары жинақталғанына көңіл аударды. Илья Жақановтың «Ықылас» романында қазақ күй өнерінің тарихы Ықылас Дүкенұлының өмірбаяны төңірегінде өрбіді. Аталған романдардың көркемдік кестесін бағамдай отырып: «Бұл романдар қазақ әдебиетінде М.Әуезовтен басталған өнер адамдарының өміріне арнап эпикалық көркем проза жазу дәстүрін жалғастырады. Сонымен бірге оларда өнер мен өмірдің бірлігін, ұлы тұлғалардың туған халқымен байланысын ашатын терең арна сақталады. Тәуелсіздік алған елдің көңіл күйі мен әдеби, мәдени мұраны жаңаша тануға ұмтылысы да көрінеді», – деген тұжырым жасады.
Ғылым – ұшы-қиыры жоқ шексіз мұхит тәрізді. Бір шетіне малтып қалсаң, тереңіне қалай бойлап кеткеніңді өзің де байқамай қаласың. Қансейіт Әбдезұлының зерттеулеріне қарап отырып, әдебиеттану деп аталатын түпсіз терең мұхиттың асау толқындарын қалай бағындырғанын көруге болады. Әр жылдары жарық көрген «Қазақ әдебиетіндегі өндіріс тақырыбы», «Кейіпкер және тартыс», «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы», «Т.Әлімқұлов және 60-80 жж. қазақ әдебиеті», «Әдебиет және өнер», «Жазушы және заман шындығы», «Тарих және тағдыр», «Таным көкжиегі» еңбектерінде ұлттық әдебиеттің түрлі мәселелері зерттелді.
Кеңестік дәуірдегі әдебиеттану ғылымының өзекті тақырыптарының бірі – өндіріс тақырыбы болғанын еске алатын болсақ, ғалымның «Қазақ әдебиетіндегі өндіріс тақырыбы» еңбегінің зерттеу нысанына ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы аталған тақырыпты қаузаған шығармалар ілікті. С.Сейфуллиннің «Айша», «Жер қазғандар», «Жемістер», І.Жансүгіровтің «Жолдастар», Ә.Әбішевтің «Завал», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Ғ.Слановтың «Арман ағысы», «Жанар тау», «Асау арна», Ғ.Мұстафиннің «Өмір не өлім», «Қарағанды», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке», З.Шашкиннің «Теміртау», І.Есенберлиннің «Айқас», «Алтын құс» шығармалары – өз дәуірінің ауыр жүгін көтерген айтулы туындылар. Осы шығармалар жөнінде өзіне дейін жазылған пікірлерге сүйене отырып ой қорытты, ғылыми айналымға түсірді. Ғалым қаламына тән ғылым мәдениетін сақтау – қазір ұмытыла бастаған құндылық. Қазір тарихты өзінен бастағысы келетіндер қатары көбейіп келеді. Ғылымда қалыптасқан осы игі дәстүр ғалымның негізгі жетістіктерінің бірі болып саналмақ.
Ғалым жоғарыдағы зерттеу нысанын «Тарих және тағдыр» еңбегінде дәстүрлі түрде жалғастырып, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиеттен орын алған тарихи тұлғалар туралы жазылған романдарға талдау жасады. Ұлт көсемдері өмір сүрген дәуір шындығы, қоғамдық-саяси ахуал, әлеуметтік-рухани өмірдің бейнеленуі, жазушылардың суреткерлік шеберлігі, психологиялық талдау мәселелерін назарда ұстай отырып, қазақ прозасының бір дәуірдегі туындыларына сараптама жасау оңай шаруа емес. Ұлттық әдебиеттегі хандар мен билер, ұлт көсемдері, өнер қайраткерлері, ақын-жыраулар, ғалымдар мен қайраткерлер туралы шығармаларды зерттей жүріп осы тақырыптың кәнігі маманына айналды.
«Таным көкжиегі» зерттеуін қарап отырсаңыз, ғалымды қоғам өміріндегі кез келген айтулы мәселе толғандыратынын көруге болады. Солардың бірі – кітаптың беташары ретінде берілген «Ұлттық намыс және Желтоқсан көтерілісі». Ұлттық әдебиеттің тарихына қарасаңыз, қазақ тарихынан орын алатын айтулы оқиғалар ақын-жазушылардың назарынан тыс қалған емес. Әдебиет тарихында тарихи тақырыптағы шығармалардың көптеп жазылғаны да сондықтан. Күні бүгінге дейін Желтоқсан оқиғасы деп айтылып жүргеніне наразылық танытқан ғалым оны көтеріліс деп бағалайды. Бүгінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ әдебиетінен өз орнын алды. Қаламгерлер қазақ жастарының отаршыл империяға қарсылығын көркемдеп те, әсірелеп те суреттегені көркем шығармалардан белгілі. Ол жөнінде Қансейіт Әбдезұлы: «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін, ең алдымен қазақ жастарының ұлттық намыс жолындағы жанайқайы, жан дауысы, керек болса тоталитарлық жүйе мәжбүр еткен, соның астамшылығына қарсы кемерінен асып төгілген ашу-ызасы деп қабылдауымыз қажет. Бұл көтеріліс, бұл ереуіл, біріншіден қазақ халқының ұлы халық, намысты ел екенін айдай әлемге танытты», – деген пікірін ұсынады. Шын мәнісінде, Желтоқсан екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жауынгер қазақ халқының батырлығын, ерлігін, өрлігін әлемге паш еткен еді. Ғалым оны азаттық, теңдік жолындағы Сырым Датұлы, Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманов, Кенесары Қасымов, Бекболат Әшекеев, Амангелді Иманов, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов бастаған ұлт-азаттық көтерілістермен ұштастырады. Желтоқсан – ұлт-азаттық көтерілістердің заңды жалғасы екеніне ешкім дау айта алмас.
Қансейіт Әбдезұлы – ұлттық әдебиеттің арғы-бергі тарихын тұтас зерттегендіктен, әдебиетке қатысты үлкен жиындардың тұрақты баяндамашысы. Соңғы төрт-бес айдың ішінде қаншама тұщымды баяндамалар жасады. Олардың қатарында Жазушылар одағының жылдық қорытындысында әдебиеттану мен сын жөніндегі баяндамасын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық, жазушы Рахметола Райымқұловтың 110 жылдық, балалар әдебиетінің бағбаны М.Әлімбаевтың 100 жылдық, З.Қабдолов, З.Ахметов, Ә.Нарымбетов, Ж.Ысмағұлов, А.Нұрқатовтардың 95 жылдық, жазушы, журналист Серік Әбдірайымұлының 80 жылдық мерейтойларына арналған конференциялардағы баяндамаларын атасақ та жетіп жатыр. Аталған баяндамалардың көпшілігі Egemen Qazaqstan, «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» сияқты бас газеттерде, конференция материалдарының жинақтарында жарияланды.
Әдеби процесске арласып, өз үнін білдіріп жүретін ғалымның әдеби сынға еркін араласуын ерекше атаған жөн. Сонымен бірге қоғам және мемлекет қайраткері
А.Асқаров, әдебиеттанушы-ғалымдар З.Қабдолов, Т.Кәкішұлы, С.Қирабаев, З.Ахметов, Ә.Дербісәлі, А.Қыраубаева, Ғ.Есім, Б.Жұмағұлов сынды ұстаз-ағаларының мұрасын насихаттау ісінде үнемі белсенділік танытып келеді. Жуырда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ұйымдастырған академик Зейнолла Қабдоловтың 95 жылдық мерейтойына арналған конференцияда «Қабдолов және Махамбет тұлғасы» деген баяндама жасады. Бұл қатарға аға буын ақын-жазушылардың шығармашылығына қатысты республикалық, халықаралық конференцияларды қоссаңыз, ғалымның әдебиет майданындағы еңбекқорлығын, үлкендерге құрмет жасаудағы ізеттілігін жазбай тануға болады.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған «Семсер» атты сын мақалалар мен әдеби портреттері жинақталған кітабында қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері әр тұрғыда қарастырылған. Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқыған академик М.Әуезовтің мазмұнды дәрістерін тарата сөз етуде ұлттық әдебиеттің негізгі мәселелеріне назар аударған. Әдебиет теориясының білікті маманы, академик З.Қабдолов пен ежелгі дәуір әдебиетінің білгірі Н.Келімбетов зерттеулерін ғылыми саралауда, қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының жетістіктерін бағамдайды. Әдеби сынға құбылыс алып келген Төлеген Тоқбергенов пен Сайлаубек Жұмабекұлының мұрасына шолу жасауда, қазақ әдеби сыны жүріп өткен жолға баға береді. Ғалым сыншылардың қазақ әдебиетін биік белеске көтерудегі тынымсыз еңбектері сыни мақалаларымен тұжырымдаған.
Сонымен бірге автор ұлттық әдебиетке құбылыс алып келген көркем шығармаларға талдау жасағанда М.Х.Дулатидың «Жаһан наме» дастаны мен С.Елубайдың «Ақ боз үй» романына ерекше көңіл бөлген. Қазіргі қазақ дастандары туралы сөз еткенде, Абай дәстүрін жалғастырған ақындардың шығармаларындағы дәстүр сабақтастығы мен жаңашылдық мәселесі қарастырылған. Ұлттық әдебиеттегі дәстүр сабақтастығын Т.Ізтілеуов дастандарындағы жыр үлгілерімен сабақтастыра зерттеуі құптарлық. Ғарифолла Есімнің прозалық шығармаларын қарастыруда, философиялық қазақ прозасының көркемдік жетістігі сараланған. Аталған зерттеулерден ғалымның әдебиеттің сан қырын ашуға, оны оқырмандарға насихаттауда өлшеусіз еңбек етіп жүргені анық көрінеді.
Барға асып-таспайтын, жоққа жасымайтын ағамыздың әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбектері алыс-жақын елдің ғалымдарына бесенеден белгілі. Талай қызметті атқарып жүргенде өзіне емес, елге болсын деген ол Ғылым күні қарсаңында «Қазақстан Республикасының Ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапатты ұстазымыздың университет қабырғасынан кеше шыққан шәкірттері алып жатқанын көзіміз көріп жүр. Осы жасқа келгенше еңбегі мемлекет тарапынан бағаланбағанмен, ел алдындағы, ғылымдағы абырой беделі жоғары екенін көзі қарақты жан жақсы біледі. Осы сәтті пайдаланып айтарымыз, жазғанынан жазары көп ғалымның жазары көп болуына, еңбегі дер шағында бағалануына, ағамыздың төсбелгісі мемлекеттік үлкен марапаттарға ұласуына тілекшіміз. Соңғы кітабын «Семсер» деп атаған Қансейіт Әбдезұлына әдебиет майданындағы алдаспаныңыз жарқырап, алдыңғы шептен табыла беріңіз деген тілек айтамыз.
Гүлжаһан ОРДА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі.