Сыртқы қарыздың сыры көп
Сыртқы қарыздың сыры көп

Биылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша, еліміздің мемлекеттік қарызы 26 418 миллиард теңгеге жетті. Қарыз жыл аяғындағымен салыстырғанда 1 101 миллиард теңгеге немесе 4,3 пайызға өскен.
Қоғамда ең жиі талқыланатын түрлі эмоция, соның ішінде үрей мен ыза тудыратын тақырыптардың бірі – осы мемлекеттің сыртқы қарызы немесе жалпы мемлекеттің қарызы мәселесі. Тақырып төңірегінде жағымсыз нарратив, түрлі миф пен болжам көп. Соның ішінде, біздің көп мемлекетке, мәселен Қытайға қарыз екеніміз, ол қарызды жан басына шаққанда, бір адамның мойнына қыруар қарыз ілінетіні сияқты қауесетті көп естиміз. Жалпы, мемлекеттің қарызы деген не? Ол неден туындайды? Мемлекет неге басқа елге қарыз болады? Оны расымен халық төлей ме? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.
Қазақстан қанша қарыз?
2023 жылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздің мемлекеттік борышы 58,9 миллиард АҚШ долларына жетті. Өткен жылдың соңымен салыстырғанда мемлекеттік қарыз 4,3 пайызға өскен, ал 2022 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 21,8 пайызға көбейген. Қарыз деген сөз, әлбетте құлаққа жағымды естілмейді, бірақ, негізінен сыртқы қарызды әдеттегі қарызбен бірдей деп есептеу сыңаржақ пікір тудыруы мүмкін. Мәселен, «мемлекет басқа елдерден қыруар қарыз алып жатыр, оны кейін біз төлейміз» немесе «қарызды төлемесек, жерімізді алады, еліміздің тәуелсіздігіне қауіп төнеді» деген сияқты сөздерді жиі естиміз. Дегенмен бірден айтып өту керек: сыртқы қарыз – бюджеттің немесе халықтың қаражаты есебінен төленбейтін борыш. Мемлекет өз шығынын негізінен Ұлттық қордан түсетін салықтық және салықтық емес түсім мен трансферт есебінен, ал қалған бөлігін қарыз есебінен жабады. Негізінен, бұл қаражат экономика мен инфрақұрылымның негізгі секторларын дамытуға бағытталады. Сондай-ақ қарызға алынған ақша денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік көмек және қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалады. Бұл жерде басты нәрсе қарыздың мөлшері емес, елдің сол қарызды қайтара алуында деп есептеледі. Құрылымы бойынша мемлекеттік қарызды екі бөлікке бөлуге болады: ішкі және сыртқы. Басқа елдер, шетелдік ұйымдар және жеке инвесторлар алдындағы қарыз – сыртқы қарыз, сәйкесінше, отандық компаниялар мен отандық инвесторлар алдындағы қарыз – ішкі қарыз. Сыртқы қарыз өз ішінде Үкіметтің борышы, Ұлттық Банктің борышы, жергілікті атқарушы органдардың борышы болып бөлінеді. Сыртқы қарыздардың ішінде фирмааралық қарыздар да бар. Бұл – елге сырттан тікелей тартылып отырған инвестициялар. Шетелден келетін компаниялар елімізде құрылып жатса, олар жұмыс орындарын ашады, өз капиталымен келеді. Біз қолымыз жетпейтін кейбір өндірістік тауарларды сол қаражаттың есебінен өндіруге мүмкіндік аламыз. Олар да қарызға есептеледі. Одан бөлек, екінші деңгейлі банктердің қарызы бар. Бұл бірақ, қатты мән беретін, алаңдатарлық жағдай емес, тек банктердің қосымша сырттан қарыз алуға белгілі бір дәрежеде мүмкіндігі бар дегенді білдіреді. Сырттан қарыз алатын тағы бір сектор – өзге де секторлар деп аталады. Оның ішінде квазимемлекеттік сектор бар. Ұлттық компаниялардың, оның ішінде «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» сияқты компаниялардың қарыздарын айтамыз. 2023 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша, Үкіметтің борышы – 22 717 миллиард теңге немесе мемлекеттік борыштың 86 пайызы, Ұлттық Банктікі – 2 632 миллиард теңге немесе мемлекеттік борыштың 10 пайызы, жергілікті атқарушы органдар сыртқы кредиторларға 1 069 миллиард теңге қарыз, бұл – мемлекеттік борыштың 4 пайызы. Осылайша, Үкіметтің ғана емес, Ұлттық Банк пен жергілікті атқарушы органдардың да қарызы өсіп жатқаны байқалады. Кейінгі кезде, әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде ел үкіметі қарыз алуды көбейткенін байқауға болады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің мемлекеттік борышы 15,2 пайызға өсіп, 25,3 триллион теңге болған (немесе 54,7 миллиард доллар) еді. Осы жерде нақты айта кетелік, Қазақстанның мемлекеттік қарыздарының басым бөлігі – яғни 66 пайызы, орта есеппен соңғы 5 жыл ішіндегі ішкі қарыздан құралған. Ал сыртқы борыштың мөлшері 7,8 триллион теңгеге жетті (16,9 миллиард доллар). Қарыз ақшаның жартысынан көбісі еурооблигациялар шығару арқылы алынған. Бұл халықаралық ұйымдар да Қазақстанның экономикасына қаржы салып жатқанының белгісі. Мемлекеттік борыш өскен сайын оны өтеуге кететін шығындар да (пайызын төлеу) өсетіні белгілі. 2022 жылы ол 1,3 триллион теңге болған, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 32,7 пайызға жоғары. Соңғы 5 жылда борыштарды өтеуге кетіп жатқан шығындардың үлесі жалпы борыш сомасының 5,2 пайызы болған. Бұған қарап, қарыз ақшалар айтарлықтай арзанға алынған деп айтуға болады. Сарапшылардың сөзінше, Қазақстанның мемлекеттік қарызы көп деп айтуға келмейді, тіпті, кейде қарызы көп елдің экономикасы да қуатты деген қорытынды шығаруға болады. Түсініктірек болу үшін басқа мемлекеттердің ахуалымен салыстырып көрейік.
Өзге елдердегі ахуал
Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сүйенсек, мемлекет борышының мөлшері ЖІӨ-нің 77 пайызынан асатын болса, ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Соған қарамастан, көптеген елде мемлекеттік борыштың деңгейі айтарлықтай жоғары. Экономикасы дамыған елдерде жиынтық мемлекеттік борыш сонау 2011 жылы-ақ ЖІӨ-нің 100 пайызынан асып кеткен. Қазір экономикасы дамып жатқан және нарығы да енді қалыптасып келе жатқан елдерде мемлекеттік борыш шамамен ЖІӨ-нің 60 пайызынан асады. Яғни әуелде айтып өткендей, мемлекеттің қанша қарыз екені маңызды емес, қайтару әлеуеті, қауқары маңызды. Мәселен, дамыған елдер арасында ең көп мемлекеттік борыш – Жапонияда (ЖІӨ-нің 229,1 пайызы), Сингапурде (ЖІӨ-нің 167,8 пайызы) және АҚШ-та (129,1 пайызы) тіркелген. Кредиторлар бұл елдерге «қарыз беруге» бейім. Өйткені қайтарып алатындарына күмәні болмайды. Бұл елдер жыл сайын бюджет шығындарының шамамен 10 пайызын сыртқы қарызын төлеуге жұмсайды. Ал Аустрия 39 пайызын, Чехия 36 пайызын, Чили 26,1 пайызын, Сауд Арабиясы 25,9 пайызын төлейді екен. Мемлекеттік борышы 100 пайыздан асатын 2-санаттағы елдер қатарына Италия, Португалия кіреді. Бұл санаттағы елдер арасында мемлекеттік борышы ең төмен ел – Қазақстан (ЖІӨ-нің 24,9 пайызы). Ал борыштарды өтеуге кететін шығындарының көлемі бойынша алдыңғы орында Перу мен Үндістан тұр. Жалпы, бұл топта борыштарды өтеу шығындарының орташа көрсеткіші – 12 пайыз. Біздің еліміздің шығыны – 7,3 пайыз. Үшінші санаттағы елдер арасында мемлекеттік борышының көлемі бойынша бірінші және соңғы орынды алатын елдер – Грекия (178,2 пайыз), Нигерия – (20,2 пайыз). Бұл елдердің кредиттік рейтингі төмен саналады. Сәйкесінше оларға мемлекеттік қарызды өтеу қымбатқа түседі – орта есеппен бюджет шығындарының 23 пайызындай болады. Бұл санатта бюджет шығынының жартысынан көбісі қарызды өтеуге кететін бір ел бар. Ол – Мысыр (54 пайыз). Бразилия, Бангладеш және Колумбияда бюджет шығындарының 30 пайыздан астамы сыртқы борышты өтеуге кетеді екен. Таяуда S&P Global Ratings-тің Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «Жағымсыз» сипаттан «Тұрақты» сипатқа өзгертті. Бұл отандық экономикадағы ахуалдың біртіндеп тұрақталып келе жатқандығын білдіреді дейді сарапшылар. Бұл елге инвесторлардың назар аударуына және қажет кезде қарыз ақшаны анағұрлым тиімді шартпен алуына септігін тигізеді екен. Экономист сарапшы Асылхан Аңдашев та төлем қабілеті төмен елдерде сыртқы қарыз да төмен және өмір сүру деңгейі де төмен екенін айтады.
Асылхан АҢДАШЕВ, экономист:
Төлем қабілеті төмен елдердің сыртқы қарызы да аз болады
– Сыртқы қарыз – мемлекет пен елде тіркелген заңды тұлғалардың өзге елдер мен сонда тіркелген заңды тұлғалар алдындағы қарызы. Сыртқы қарызды адамдар арасындағы қарызбен бірдей деп түсінбеуіміз керек. Өйткені мемлекеттер қарызды артық шығындарын жабу үшін ғана емес, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту сияқты жобаларға жұмсайды. Оны неліктен алады? Мемлекет шығыны табысынан аз болып, бюджет тапшылығы байқалғанда қарыз алуға мәжбүр болады. Ал әлемдегі барлық елдің бюджеті тапшы (дефицит) болып бекітіледі. Профицитті бюджет өте аз елде тіркеледі және ол – ақшаның тиімді жұмыс істемей жатқанының белгісі. Ірі инфрақұрылымдық жобаларға қаржы инвесторлардан немесе халықаралық қаржылық ұйымдардан тартылады. Мысалы, үлкен жол торабын салу үшін бірден бюджеттен бірнеше миллиард теңге таба салу оңай болмағандықтан, оған қарызға ақша алып, ұзақ жылдар бойы бөліп төлеген ыңғайлы және тиімді болады. Жеке компаниялар сырттан қаржыландыру көзін іздегенде жеке компаниялар арасында фирмааралық қарыздар пайда болады. Қалай алады? Екіжақты келісімшарттар арқылы қаржыландыруға қолжеткізуге болады. Мемлекет немесе компания құнды қағаздар (облигациялар, евробондтар) шығару арқылы өзіне қажетті сомма жинап, оны керегіне жарата алады. Құнды қағазды сатып алушы кредитор құнды қағазда көрсетілген шарт бойынша бірнеше уақыт аралығында ақшасын қайтарып алады. Бұл – олар үшін инвестицияның бір көзі. Мемлекеттің кредиттік рейтингі жоғары болған сайын, ол елдердің құнды қағаздарына сұраныс көп және пайыздық мөлшерлемесі аз, ал мемлекет кредиттік рейтингі төмен елдердің құнды қағазын алушылар аз, пайызы да жоғары болады. Осылайша, дамыған елдерде қарыз көп және кредиторлар оларға ақшаларын беруге әрқашанда дайын екендігін көреміз. Ал дамушы елдерге кредитор табу қиын, тапқанда да пайызы жоғары қарыз алуға мәжбүр. Сол себепті дамыған елдерде қарыз көп, дамушыларда қарыз аз. Дегенмен бастысы мемлекетте қанша қарызы бар емес, оны қаншалықты төлей алу-алмауы маңызды. АҚШ, Жапония, Сингапур сияқты елдер сыртқы қарызы ЖІӨ жоғары деңгейде. Бұл аталған елдер бір жылда шығаратын тауарлары мен қызметтері сыртқы қарызының сомасына жетпейді дегенді білдіреді. Алайда ол елдерде қазір экономикалық мәселелер жоқ. Керісінше, дамушы, төлем қабілеті төмен елдерде сыртқы қарыз да төмен және өмір сүру деңгейі де төмен. Қазір еліміздің 2023 жылғы сыртқы қарызы – 160 миллиард доллар. Бұл ЖІӨ-нің 70 пайызға жуығы. Салыстыру үшін айта кетейін, АҚШ-та ЖІӨ-нің 129 пайызы болса, Өзбекстанда – 57 пайызы. Оған қоса, сыртқы қарызды мемлекеттік немесе фирмааралық қарыздар деп бөліп қарастырған дұрыс. Мысалы, Қазақстанның сыртқы қарызы 160 миллиард доллар болса, оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы (Қазақстан үкіметі немесе мемлекеттік компанияларға тиесілі қарыз) 54 миллиард доллар. Ал қалған 100 миллиард доллардан астам қаржы Қазақстанда тіркелген компаниялардың қарызы және ол біз үшін ешқандай мәселе туындатпайды. Мемлекеттік қарыз Қазақстан ЖІӨ 24-25 пайызы ғана болады. Яғни, Қазақстан сыртқы қарызының көп бөлігі фирмааралық қарыздар және мемлекеттің қарызы аз. Негізі, бастысы қарыз көлемі емес, оны төлей алу-алмау қабілеті. Оны әлемдік рейтингтік агенттіктер есептеп шығарады. Қазақстан рейтингі –«ВВВ». Ол жақсы және қауіпсіз көрсеткіш (ААА – ең жақсы, D – ең төмен). Салыстырмалы түрде айтсақ, Өзбекстан кредиттік рейтингі «BB-». Жалпы, Өзбекстанда сыртқы қарыз көлемі 46 миллиард доллар болса, оның ішінде мемлекеттік қарыз – 29 миллиард доллар. Бұл сыртқы қарыздың ішінде фирмааралық қарызға қарағанда мемлекеттің қарызы көбірек дегенді білдіреді. Ал ЖІӨ шаққандағы мемлекеттің қарызы Өзбекстанда 36 пайыз (Өзбекстан үкіметі өзгелерге Өзбекстан бір жылда шығарған тауарлар мен қызметтердің 36 пайызы болатын ақша қарыз. Ал Қазақстанда ол – 24-25 пайыз).
Қорыта айтқанда, мемлекеттің сыртқы қарызы туралы ақпарат оқи қалсаңыз, эмоцияға ерік беруге асықпаңыз. Саралай келе, Қазақстанның мемлекеттік қарызының мөлшері әлемдегі ең аз борыштардың бірі екеніне көз жеткізуге болады. Халықаралық валюта қоры еліміздің мемлекеттік борышы 2027 жылға қарай ЖІӨ-нің 30.3 пайызына жетеді деп болжап отыр. Сарапшылар мұның ешқандай, жағымсыз салдары болмайтынын, шартты түрде бәрібір төмен деңгей екенін айтады.