АШМ жайылым жерді суаруға арналған субсидияны тоқтатпауы тиіс – AMANAT

АШМ жайылым жерді суаруға арналған субсидияны тоқтатпауы тиіс – AMANAT

АШМ жайылым жерді суаруға арналған субсидияны тоқтатпауы тиіс – AMANAT
ашық дереккөзі
50210
Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Нұржан Әшімбетов Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымдарды суару үшін берілетін субсидияларды тоқтатпауы тиіс деп санайды. Бұл туралы ол Партиялық бақылау комитетінің отырысында мәлімдеді. Халық қалаулысының айтуынша, ет өндіретін бес бірдей қауымдастық депутаттардан субсидиялаудың жаңа ережелеріне қатысты күмәндарын жеткізуді сұраған. Құжат жайылымдарды суару үшін ұңғымалар мен құдықтарды бұрғылауға арналған сорғылар мен электр стансаларын субсидиялауды тоқтатуды көздейді және дәл осы талапқа аграрлық компаниялар қарсы.
«Жемқорлық тәуекелдері жоғары болғандықтан алынып тасталды. Өйткені жабдықтың бағасы әртүрлі. Бірақ бұрын минималды бағамен есептеп, шартты түрде 1 сорғы үшін 200 мың теңге қарастырылды. Шаруа 1 млн. немесе 500 мың теңгеге сатып алуы мүмкін, ол маңызды емес. Бірақ ол  200 мың теңгені алып, жайылымға су жеткізетін. Тағы бір маңызды мәселе, өсімдік шаруашылығы, қант қызылшасына субсидияларды тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтқысы келеді. Бұл ретте, қант зауыттары тоннасына 20 мың теңгеден төлейді. Неге мемлекет жеке меншік иесінен артық төлейді? Саланы тек бюджет қаржысы есебінен дамыту керек пе? Мұндай тәсілмен бюджетте қаражат қалмайды ғой. Содан кейін бұл мәселеге қатысты АШМ-де сараптамалық кеңестің шешімі бар ма? Бәрінің бірауыздан қолдағанына өзім сеніңкіремеймін», - деді Нұржан Әшімбетов.
Бұған жауап ретінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев субсидиялау ережелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Бас прокуратураның ұсынымдарын ескере отырып жасалғанын атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен 171 ұсыныс түсті. Саланың мүдделеріне қайшы келетіндердің кейбірін біз қабылдамадық. Ұңғымаларды субсидиялау кезінде республикалық бюджеттен 50% бөлінсе, аймақ 30%-ын бере алды. Субсидиялау ережелерін министрлік бекітеді, өйткені сараптамалық кеңес емес, біз жауаптымыз. Аридті аймақтардағы бұрғылау жұмысына метріне 70 мың теңге, шахта құдықтарында – 50 мың теңге кетті. Қалғанының бәрі қымбат емес. Фермерлер бұл құдықтарды 20 млн. теңгеге қазып отырған кезде мұны өз ақшасына істесін, олар бизнеспен айналысып жатыр ғой», - деді министр.
Жиын барысында Нұржан Әшімбетов ветеринариялық қызметті цифрландыру саласындағы проблемаларға жеке тоқталып, барлық жаңа ақпараттық жүйені енгізуге асықпау керек деген пікір білдірді.
«Мұнда қателіктер бар. Айталық, ветеринар 3 күн ішінде жүйеге қан алу, оны талдау туралы ақпарат енгізуі керек. Зертханадан нәтижелер тек 7-10 күннен кейін келеді. Олардың айтуынша, белгіленген мерзімде үлгере алмаған, деректер енгізілмеген, соның салдарынан жүйесіздік орын алды. Олар біз қай жануар вакцина алғанын, қай малдан сынама алынып, талдау және т.б. жасалғанын білмейміз деп отыр», - деді депутат.
Цифрландыру ісінде асығыстыққа жол беруге болмайды деген оймен  Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Сергей Пономарев те келіседі.
«Шаруалардың жұмысы қиын. Күн-түн демей далада жұмыс істеп, барлығымызды тамақтандырып отыр десек те болады. Бірақ цифрландыру, қосымша құжаттама жасау – мұның бәрі олар үшін бас қатыратын үлкен шаруа. Әсіресе, шалғайда жатқан интернетті жоқ, компьютермен жұмыс істей алмайтын ауылдардағы фермерлерге оңай емес. Ірі шаруашылықтарға, әрине, оңайырақ. Олардың ондаған заңгері бар, миллиардтаған субсидия алады», - деді халық қалаулысы.

Серіктес жаңалықтары