50537
Алматы мектептерінде соңғы қоңырау барлық сынып үшін соғылмайды
Алматы мектептерінде соңғы қоңырау барлық сынып үшін соғылмайды
Мегаполисте 4, 9 және 11-сынып оқушылары үшін ғана оқу жылының аяқталуына орай салтанатты іс-шара өткізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтпаева мәлім етті, - деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу жылының мерзімі 2023 жылдың 31 мамырында аяқталады.
«Соңғы сабақ күні барлық мектептер бекітілген кестеге сәйкес өз сабақтарын өткізеді және оқу күнін сынып сағатымен аяқтайды. Сынып сағатының мақсаты – оқу жылын қорытындылау және жазғы демалыс кезеңіне балаларды дайындау», - деді Жанат Айтпаева.Спикердің сөзінше, сынып сағаттарының сценарийлерін педагогтер әр сыныптың жас ерекшелігін ескере отырып, өз бетінше әзірлейді.
«Сынып сағатында негізінен патриотизм, Отанды сүю, достық, татулық, ел тарихына, саяси репрессия мен аштық құрбандарының есімдеріне құрмет таныту тақырыптарына басымдық берілуі керек», - деді ол.Қалалық Білім басқармасы өкілінің айтуынша, 1 маусым күні 4, 9 және 11-сынып оқушылары үшін оқу жылының аяқталуына орай салтанатты іс-шара өткізіледі.
«Біз оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты іс-шараны өткізуге қатысты барлық мектеп дәстүрлерін қолдай отырып, мектептер салтанатты жиын өткізу туралы шешімді дербес қабылдайтынын хабарлаймыз», - деп толықтырды Жанат Айтпаева.