Жолдағы шұңқырларға ағаш екті: атыраулықтар жаңа челлендж бастады

Жолдағы шұңқырларға ағаш екті: атыраулықтар жаңа челлендж бастады

Жолдағы шұңқырларға ағаш екті: атыраулықтар жаңа челлендж бастады
ашық дереккөзі
50207

Атыраудың шұрық-тесік жолдарын жамауға тұрғындардың өздері кіріскенге ұқсайды деп хабарлады turkystan.kz AtyrauPress сайтына сілтеме жасап.

Осы орайда, Дамба ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Аслан Омаров тың бастама көтерді. Ол тасжолдағы ойықтарға тал егуді қолға алды. Әлеуметтік желіде оны қолдаушылар қатары да артып келеді.

«Біз осылайша жол мәселесіне жергілікті шенеуніктердің назарын аударғымыз келеді. Жауаптылар жол сапасына көбірек көңіл бөлсе, жауапкершіліктерін арттырса екен дейміз. Дамбаны былай қойғанда, қаланың қақ ортасында да жолдың жайы мәз емес», - дейді ол.

Сол сияқты Астрахан мен Атыраудың арасына жиі қатынайтын жүргізушілердің бірі Ринат Алпысбаев та жол сапасына көңілі толмайтынын айтады.

«Мен көршілес Ресейдің тақтайдай тегіс жолдарына қатты қызығып та, қызғанып та қараймын. Себебі ондағы жол өте сапалы. Мәселен, бізде жол жөндеу жұмыстары жыл сайын жүріп жатса да, жаңбыр суымен бір-ақ сәтте бүлініп шыға келеді. Өйткені сапасыз жасалған. Ал Астраханда жол 5-10 жылда бір жөнделеді. Біздегідей бір емес, бірнеше қабаттап төселеді. Сондықтан да болар, жарамдылық мерзімі де ұзақ. Ендеше, біз де солардан үйренсек екен», - дейді ол.

Атырау қалалық әкімдігінен білгеніміздей, биыл қаланың 13 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осы ретте қазір мердігер ұйымдарды анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алудың ашық электрондық конкурсы жарияланыпты. Ал 2023-2024 жылдарға жалпы құны 19,9 млрд теңгені құрайтын жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары