«Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен..»

«Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен..»

«Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен..»
ашық дереккөзі
777
Қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Ай­мауытов «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөз­­дерін жинау науқанына атсалы­сыңыз­дар» дейтін мақаласында («Еңбекші қазақ», 1927 жыл, 18 қаңтар) «от жалындай заулаған, бо­лат қайрат, құрыштық жігердің, кекті жүрек­­тің ақыны еді» деп бағалап, «нағашы тегі – Қарауыл Шабар, Шаншар ауылдары. Бұл тұқыммен бұрыннан сүйек шатыс болған. Шоқпыттың апасын Шабардың Қанапия деген баласы алған. Кейін Шоқпыт сол апа, жездесінің қолында жылқысын бағып жүр­генде сүйек жаңғыртпақ болып, апа, жездесі Шан­шар баласы Жадайдың қызын айтты­рып әперген». Сұлтанмахмұт осы Жадайдың қызы Зүпләннән туған. Яғни, нағашылары­ның мекені, ақынның немере інісі, Орта Азия мемлекеттік университетінде білім алған Шәй­мерден Торайғыровтың көрсетуінше, Қы­зыл Ту ауданы. Қазіргі Солтүстік Қазақ­стан облысы, Уәлиханов ауданы. («Қызыл ту» газеті, 1945 жыл, 8 июль № 110). Сұлтанмахмұттың тарихи-генеа­ло­гия­лық тегіне келсек, Торайғыр Еді­геұлы (1772-1825) әйгілі әділетті би, ділмар бол­ған. Едіге Төлебай баласы Тәуке хан за­ма­нының биі екен. Отаршылдық саясатқа, езгі­ге қарсылық көрсеткен. Сұлтанмахмұт То­райғыров (1893-1920) бұрынғы Семей гу­берниясы Кереку уезі Баянауыл жеріндегі Ақ­беттау болысында дүние есігін ашқан. Азуы алты қарыс Торайғыр бидің немересі. Әкесінің аты – Шоқбыт (шын аты Әбубәкір). Бұ­ған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Құдай рах­мат қылсын Сұлтанмахмұт Шоқбыт ба­ла­сына!» дегені дәлел. Ақын сәбилік ша­ғын­да қарт әжесі Мұнтайдың қолында тәр­биеленеді. 1902-1908 жылдарда ауыл мол­дасынан, сонан соң 1912 жылға дейін Ке­реку (қазіргі Павлодар қаласы) шаһа­рында білім алады. Жеті жасынан бастап жас балғынның қиялы дүр сілкініп, аузынан дүр­лер төгіледі, кестелі ойлар өріледі. Өрелі туған жас берен өнер-білім іздеп, 1912 жылы Троицк қаласындағы Ахун Рах­ман­құлидың медресесіне түседі. «Айқап» жур­налының редакциясында әдеби қыз­мет­кер міндетін атқарады. 1914 жылы Бая­науыл­ға оралып, Шыңғыстай, Зайсан ел­дерін­де ұстаздық етеді. 1917-1918 жылдарда Се­мейдегі Алаш қаласына әлденеше рет ке­ліп, ұлт зиялылары Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлімхан Ермеков, Райым­жан Мәрсековтермен араласады. Алаш қайраткерлерінің істеріне қанығады. Қазақ комитетінде жұмыс жасады. «Абай» жур­налы мен «Сарыарқа» газетіне өлеңдері мен көсемсөздерін бастырады. Ол қазақ қо­ғамының көркемдік энциклопедиясы деу­ге лайық. «Айтыс» (1919) поэмасында Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейхан, Ах­мет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ха­лел Хаббасұлы, Жақып Ақбайұлы, Нұр­ғали мен Нәзипа Құлжановтар, Шәкәрім Құ­дайбердіұлы, Әлімхан Ермеков, Сатылған Сабатаев сынды ұлтжанды ерлердің еңбегін, ұлт тәуелсіздігі жолындағы патриоттық, қай­раткерлік, санаткерлік істерін әсерлі си­паттайды. Сұлтанмахмұт Торайғыров туындатқан шы­ғармалар 1913 жылдан бастап ұлт бас­пасөзінде жүйелі түрде жарияланады. Мысалы: «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» («Айқап», 1913, №19, 20-22), «Өлең һәм айтушылар» («Айқап», 1913, №13), «Ауырмай есімнен жаңылғаным» («Ай­­­қап», 1913, №17), «Өскемен. Елден» («Ай­қап», 1915, №15), «Басқармаға келген хат­тар» («Айқап», 1913, №15), «Түсімде» («Ай­қап», 1913, №1), «Бұлар кім?» («Айқап», 1913, №9), «Көңілді көндіретін тағдыр» («Ай­қап», 1913, №12), «Бір балуанға қарап» («Ай­қап», 1913, №21), «Міне, алақай!» («Қа­зақ», 1913, №4), «Социализм» («Абай», 1918, №3), «Неге жасаймын?» («Абай», 1918, №3), «Жас жүрек» («Сарыарқа», 1917, №15) дейтін ж­арияланымдары. Ұлы даланың дауылпаз жыршысы ұлт поэзиясы тарихында тұңғыш рет «Алаш ұраны» (1917) әнұранын шалқыта жаз­ған ақын. Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз! Енді ешкімнің Алашты, Қорлығына бермейміз! деп, мыңжылдық қайғының бұлты сейіл­ге­нін, халықтың күткен үміті жарқырап оян­ға­нын көсем көңілмен сипаттайды. Және де ол Алаштың алтын сақасы «Ғалиханның Се­мейге келуі» дейтін байыптамасында («Са­р­ыарқа», 1917 жыл, 13 қараша, №18) бы­­­лайша сүйсінген: «Көш бастаған еріміз! Алаш туын қолға алған, Қараңғыда жол салған, Арыстаным, келіңіз!» Қазақ елінің бақ жұлдызын, шамшырағын, Қыдыр ата­сын, Асан қайғысын, Бұқар жырауын көр­гендей сезінді-ау қара жұрт... 1922 жылы ақынның поэмалары «Адас­қан өмір» дейтін аталыммен Бернияз Кү­леев­тің (1899-1923) бастамашылдығымен Қа­зан­дағы «Татарстан» баспасынан жарық көреді. Тегінде, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың күй­лі-қуатты ақындық өнегесі, шеберлік үлгісі қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы, жаңашыл Абай мен Абай мектебі мен дәс­түрі­нің бөлек бітімді жемісі Шәкәрім Құ­дай­бердіұлы мен Мағжан Жұмабаев тұр­па­тындағы айрықша құбылыс деуге лайық. Ұлт ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қамар сұлу» романы (1914) мен «Кім жазықты» (1914-1915), «Таныстыру» (1918), «Адасқан өмір» (1918), «Кедей» (1919), «Ай­тыс» (1919) атты поэмаларында қа­­зақ қоғамындағы әлеуметтік қай­шы­лық­тар, көрікті һәм көріксіз суреттер, за­ма­на­ның хал-ахуалы, ұлт тағдыры, жарқын келешегі, дінбұзарлар мәселесі, қазақтың дүниетану болмысы, ортасы, тәрбиесі, білім, ғы­лым, өнер, оқу жайы, қазақ тілінің қа­сиеті, «Алашқа өрнек», «ұлтқа пайда» ой­лауы, «жақсылыққа бастауы, жамандыққа бас­пауы тұтастай» «жан-жүрегімен, көңіл-ті­легімен, сүйек сырқыратарлық буыр­қан­ған сезіммен түйдектете жырлады. Сондай-ақ ақынның лирикалық поэзиясында, өзі жаз­ғанындай, «жаңа рух, таза қан, түзу кеуіл­ді халқымыздың» елшілдік, мем­ле­кет­шілдік, мейірбандық ғажайып қасиеттері кө­рініс тапты. Асылы, Сұлтанмахмұт То­райғыровтың шығармашылық өне­р­на­ма­сы­на ұлттық рух, сыншылдық көзқарас, тра­­гедиялық сарын, психологиялық терең­дік, эпикалық серпін, лирикалық сипат, дра­малық тартыс, көркемдік пафос, сыр­шыл­дық, ойшылдық мәнер тән. Кемел жаратылған тоғыз қырлы, тоқ­сан сырлы біртуар кесек талант «ал­­тын­нан аяулы асыл өмірінде» ұшан-теңіз мін­сіз таза ақық сөздер, асыл ойлар қал­дыр­ды. Уақыт пен кеңістік тұрғысынан алғанда түр­кі дүниесін, ғұн заманының суреттерін, бағ­зыда ғұмыр кешкен тарихи тұлғалардың бей­несін айқын елестетті. Ол – Тұран мем­ле­кеті атынан дауылпазша қанат қағып, сұң­қарша саңқылдап сөйледі. Бұған: Ер түрік ұрпағымен даңқы кеткен, Бір кезде Еуропаны тітіреткен. Кіргені есік, шыққаны тесік болып, Күнбатыс, күншығысқа әмірі жеткен – де­генінде Ғұн империясының ұлы билеушісі, Ұлы даланың перзенті, заты –мадияр Атти­ла­ның қаһармандық істерін мәлімдейді. Ұлттық поэзия тарихындағы жойқын ақын­дықтың телегейі, жанартаудай жа­лынды Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сурет­керлік қолтаңбасы, шеберлік дәстүрі ай­рықша. Әсіресе, діни-философиялық және түркілік дүниетаным жүйесі. Ол поэ­зия тілінде адамның ішкі рухани тазалығын, араб-парсының діни дүниетанымындағы негізгі этикалық-гуманистік ұғымдарды қол­дана отырып, асқақтата суреттейді. Мә­селен, ақыл, ғылым, иман, ахуал, ақиқат, та­ғат, сабыр, тәсбиык, хадис, аят, жұмақ, то­зақ, бақ, ар, ұят, ырыс, уәзін, адам, әлем, за­ман, зат, медресе, мектеп, шариғат, дүр, гауһар, жүрек, рух, сыр, мағнауи, періште тә­різді философиялық-этикалық кате­го­рия­лар. Әрбір сөз-ұғымның «гүл самалға ма­лын­ған» діни, ділдік, имани нәзік қыры бар. Мен балаң жарық күннен сәуле қуған, Алуға күнді барып белді буған. Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін, Болмасам толған айдай балқып туған – деп, «жарып салма, жарық ойлы» ұлы мақсат иесі «Милләт қайда, дін қайда?» деп қазақ қауы­мының тағдыры не болар деп?» қан жұ­тады. Ақын «Зарландым» (1913) дейтін бая­нын­да «надандықтан болған ұлы апат­тар­дан сақтаса, ғылым, өнер үйреніп, алдағы күн­де халқымызға һәм миллетімізге пай­далы адам боламыз ба деген зор үміт пен тау­дай талабымыз да бар. Неге десең, бұл уақытта, бағымызға қа­рай үйретушіміз түзелді және тәртіптеліп ғы­лым да түзелді. Түзу ғылымнан, түзу мол­дадан оқыған шәкірт неғып түзелмесін?» дей­ді ақын. Діни терең, сапалы білім бе­ретін, адамшылықтың дәнін егетін жаны да, тәні де, көңілі де таза керемет көркемдік әсер­лерге бөлеп шабыттандыратын саналы ұс­тазды ардақтайды. 1912 жылы жазылған «Ма­ғынасыз мешіт» өлеңінде «қарғадай қар­қылдаған», «сырнайша құр әндеткен», «қу­лардай құрт жинайтын» жылпылдақ, суыл­дақ молдаларды аяусыз әшкерелегені де бар. Ірі сөйлейтіндік, турашылдық, әділ­дік, кесек турайтындық, сыншылдық – оның поэзиясының тарихи, көркемдік қыз­метін, азаматтық әуенін ажарлай түседі. Сұл­танмахмұт Торайғыровтың көкейкесті ұлы жоспары – қоғамды ізгілендіру, сәуле­лен­діру, дұрыстық жолына бағыттау. «Бір мағ­науи (рухани күш) күш түртіп» деп, өзі жаз­ғанындай, «әділдік қызметкері» болу үшін, ұлт ісін ілгері бастырып, көркейту үшін білікті-білімді болуды айтулы нысана етеді. Оллаһи! Ант етемін Алла атымен, Орыс тілін білемін һәм хатымен. История, география пәнін білмей, Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен. Келгенше осыларды отыз жасқа, Иншалла бәрін түгел ұғам басқа. Отыз жасқа келгенше ұға алмасам, Жер жұтсын, мәз болмаймын ішер асқа. («Өміріміздің уәдесі», 1914 жыл) Ұлт санаткерінің басты қағидасы, өнер-өмір­ге қойған негізгі шарты осы. Алланың барлығын, бірлігін және оны дін жолымен, білім-ғылым арқылы бір­тұ­тас­тықта тану, бақытқа жету жолы – Тәңірге ко­сылу екенін түсіну, діни-рухани жа­ғы­нан кемелдену, Жасаған Иеге ізет-құрмет көр­сету – Сұлтанмахмұт Торайғыров шы­ғар­машылығында орайлы жарасым тауып сәу­леленген. Бұл ретте «Шоң» серіктігін ашар­дағы тілек» өлеңінің ой-аңсарына ми­ға жүгіртелік. Баршаға мейірім салған, мейірбанды Тәңірім, Ісімізді өзің оңғарып, оңға бастыр! Қазағыңды ақ, түзу жолға бастыр! Әлемге шамшырақ болған, пайғамбар, Саған салауат айтып, жолыңды қудық. Құранда: «Біз адамға оның күретамыры­нан да жақынбыз» – делінген. Алла мен адам­ды іштей табыстыру – сопылық ілімнің бас­ты сипаты. Тәңірден ұлы тілек тілеу – адам­шылық парыз. Алла: «Құлым маған ің­кәрлікпен бір қарыс жақындар болса, мен оған бір құлаш жақындаймын...» дейді екен. Ғасыр басында жаңалықты құбылыстарға куәгер болған ақынның мына бір сыр-лебізі зейін аударарлық: Жиырмасыншы ғасыр басында, Міне Алланың панасы: Бір жағынан ай туып, Бір жағынан күн туып, Жарық көрді Алашы! Шолпаннан үміт тағы да: Біріксе елдің данасы; Бұл үшеуі тізілсе, Бейне қолдың саласы. («Міне, алақай!», 1913 жыл) Алланың кұдіретін, кереметін ақындық зер­демен, өткір түйсікпен түсіну бар. «Жеті қабат аспанды Алла екі күнде жаратты... Әр қабаттың жағдайын белгіледі. Ең төменгі көкті жұлдыздармен безендірді және оны қор­ғады». Немесе: «Жер бетіндегі жан ие­ле­рінің ризығын белгіледі. Осынау бәрін төрт күнде тәмамдады». (41 – Фуссилат сү­ре­сі). Сұл­танмахмұт Торайғыровтың діни-мұсыл­мандық көзқарасы бойынша, Алла – қорған, жаратушы, жарылқаушы. Я болмаса: Надандықта қор қылма, Миллетке бізді сор қылма, Микробтарды зор қылма, Рақым ойлап, Құдай-ай! («Бір баланың тілек батасы», 1912 жыл) Мәселен: Құдайдан сұрағаным бірліктерің, Бірліксіз түзетілмес тірліктерің. Оллаһи, өнер емес, анық өлім, Күжірейген бір-біріне іріліктерің. («Бұл баяндаманың арты мынадай сөз­бен тынады», 1914) Құранның түсіндіруінше, ізгілік деге­німіз Аллаға, періштелерге, пайғамбарларға, қиямет-қайымға нану, міскіндерге, биш­а­ра­ларға, кемтарларға рақымшылық жасау, мұ­сылманшылықтың мәнісін жүрегіңмен, ние­тіңмен, ісіңмен, жүріс-тұрысыңмен, кі­сілік қасиеттеріңмен көрсету. Осы орайда Сұл­танмахмұт Торайғыровтың сопылық ой-пікірлері «Айтыс» поэмасында әрі терең, әрі көркем пайымдалған. Ислам деп қазағымның айтсам дінін, Дос тұрсын, дұшпан таппас оның мінін. Негізі ақылменен сонша үйлесер, Мін іздеп қозғай алмас ешкім тілін. Мақсаты: адам ұлын бақты қылмақ, Дінімнің байқасаңыз ішкі сырын: Бұйырған пенделерге әділ бол деп, Әділдік бақыт үшін жалғыз жол деп. Асылы, дін өскелең ұрпақты салиқалы, са­бырлы, жетелі болуға жетектейді. «Сабыр – иманның басындағы тәж. Сондықтан са­быры жоқтың иманы жоқ» (Руми). Не­гі­зінде, сабырлы болу дегеніміз, мәдениет­ті­лік, зерделілік, ақылға байлық. «Ақылды адам­ға иман – парыз, Иманды адамға ғи­ба­дат – парыз» (Абай). Тілдің сұлулық сырларын, тағылым-ұлағатын, магиялық, философиялық, этнографиялық, тарихи-мәдени, танымдық қырларын тамыршыдай тап басатын, көңіл айнасында раушандай жарық мөлдіретіп сәу­лелендіретін озық ойлы шалқар шабыт­ты, сұңқар дауысты саңлақ: Сүйемін туған тілді – анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім — деп құштарлық отымен бастайды да: Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын, Сол тілменен дінді, әдетті мен жаттадым – деп түйінді тұжырым жасайды. Дінге жол ашқан, Хақ жолын аңсайды. Сопылық ілімде рухани кемелдену өрі­сінде, ой-парасат биігіне өрлеу сатыларында ұстазға, пірге сену дәстүрі бар. Ендеше, осы ойымызға лайық куәлік, көрсеткіш бар. Пірді сағынам үйреткен Құдай жолын, Надандарға танытқан оң мен солын. Әйтпесе: Даламның қандай еді абыздары, Диуана, ишан, қожа, ғазиздары. «...Біз, адамды ең көркем суретте жарат­тық...» делінген «Тин» сүресінде. «Адам – ме­нің сырым, Мен де оның сырымын» (хадис). Олай болса сұлу жаратылыс иесінің мей­лін­ше иманға бай болуы, оған шынайылығы, шыншылдығы, сабыры, төзімі, ақыл-ойы, ұяты сай болуы ләзім. Негізінде, адам баласы ба­қилық болатындықтан, Хақтың алдында ақтық сөзін айтатын куәгер иман екені ай­дан – жарық, күннен – раушан. Шын мә­ні­сін­де, иман – рухани адамгершілік қа­сиет­тердің бастауы. «Адамға еш нәрсе жоқ тектен тегін, Орарсың бейнеттеніп ексең егін: Адам ұлы – патшасы жер жүзінің, Еңбегің сал, пайдалан, шығар кенін». Ішті, тысты таза қыл дегені ғой, Ойласаң дәрет, намаз дегендерін Әуелі бір Аллаға иманды айтқан, Сорлысың деп, болмаса бір сенгенін. Осындай бақыт жолы – дін ислам, Сұрасаң наныс жақтан сүйенгенім: «Адам болсаң, басқаға пайдаңды шаш, Кәмілден соңға қалма, ілгері бас; Жоғарыда құдайылыққа жеткеніңше, Қартаймайтын, өлмейтін есікті аш!» Сұңқар үнді Сұлтанмахмұт «Күллі дін, бар философ айтқандарын» жіпке тізгендей жет­кізеді. Ақынның биік мұраты – ғаламзат пен адамзаттың біртұтас сұлулығын сақтау, қоғам өмірін гүлбақшаға айналдыру, бақыт­тың шамын жағу, адам баласының жоғары мәртебесі мен дәрежесін көріктендіру. Сұлтанмахмұт Торайғыров поэзиясы­ның сөздік-лұғаттық құрылымында: ақы­рет, ақырзаман, көк өгіз, әулие, періште, жұ­мақ, тозақ, пайғамбар, хор қызы тәрізді сөз-образдар мен сөз-символдар өзгеше көр­кемдік, эстетикалық қызмет атқарады. Айталық: 1. Он беске Гүләйімнің келген жасы, Жібектей үлбірейді маңдай шашы. Ақ торғын екі беті құлпырған нұр, Алланың бір жаратқан тамашасы («Гүләйім»). 2. Мен – ұжмақ періштесі, көңілім таза («Адас­қан өмір»). Я болмаса «Қазақ тіліндегі өлең кітап­тары жайынан» дейтін мақаласында «сай-сүйегің сырқырарлық ащы зарлы бебеулерін қа­ғып көңіл толғағын, жүрек түйінін тар­қа­татын», «анық ақ сүйек, оты жоғалмайтын өлең» жөнінде ой тербей отырып, Абай поэ­зиясын «пайғамбардың жүрегінен құйыл­ған Құрандай» бағалайды. Жинақтай айтқанда, ұлт ақыны Сұл­танмахмұт Торайғыровтың діни-сопылық дүниетанымында «Құдай – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген ұлы қағидат шы­найы суреттелген деуге толық хақымыз бар.

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары