1117
Мейірімді мекеннің тұрғындары
Мейірімді мекеннің тұрғындары
Алматы қаласында көпбалалы аналар мекендейтін «Мейірім мекені» атты орталық бар. Олар қашан үй алып кеткенше осында тұрады. Қазақстанда әзірге жалғыз бұл жобаның авторы – белгілі кәсіпкер, «АлматыМетроҚұрылыс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Рейімов.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Қайрат Рейімовтің басына бұлт үйірілгені мәлім. Республикалық БАҚ бұл оқиға жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат таратты. Кәсіпкердің бизнесін тартып алмақ болған дүмді күштер оның үстінен қылмыстық іс қозғатып, тергеу изоляторына қаматты. Бірақ негізгі мамандығы – заңгер, өз ісін бес саусағындай білетін білікті маман Қайрат Ниетбайұлын бопсалағандар дегеніне жете алған жоқ. Ол заң аясында өзін қорғап, ақталып шықты. Бизнесін де сақтап қалды.
Жә, бұл басқа әңгіменің тақырыбы, жоғарыда аталған орталыққа оралайық. Алты ай темір тордың ішінде отырғанда Қайраттың байқағаны, бұнда түсетіндердің 80 пайызы – жастар екен. Тағы бір аңғарғаны, бәрінің дерлік әкесі жоқ. Әкесі жоқ дегенде, «айналайын баладан, тауып алған даладан» дегендей, «тауып алған» балалар емес, біреудің кіндігінен жаралғаны хақ, бірақ әлгі «әкенің» қайыры жоқ. Рас, асыраушысы қайтыс болған отбасылар да бар. Үйсіз-күйсіз, біреудің есігінде жүріп, тапқанын бала-шағасының аузына тосатын байғұс әйелдің бір қолын екі ете алмай жүргенін ұлы көріп өседі. Толық емес отбасында өскен оның жарытып білім алмайтыны да анық. Көбіне шешесіне, бауырларына қарайлайды. Анасына көмектескісі келеді. Бірақ жұмыс табыла бермейтіні тағы бар. Ал сол кезде бірдеңеге шұғыл ақша керек болып қалады. Шешесі ауырады, бауырына киім керек деген сықылды. Өсіп қалған бала не істейді? Амалсыздан ұрлық жасайды немесе белгілі бір топтың нысанасына ілігіп, есірткі сатады. Міне, осы кезде құқық қорғау органдарының қолына түседі. Жастайынан түрмеге түскен оның арғы тағдыры қандай болатыны айтпаса да түсінікті...
Осыны көрген Қайрат Ниетбайұлы мықтап ой түйді. Жастарды қалайда бұл жолдан арашалап қалу керек. Сол үшін де түрмеден шыққасын, бірден «Мейірім мекені» атты қоғамдық қор құрды. Сосын үй тұрғызатын орын іздеді. Әрине, кез келген жер учаскесін сатып алып, құрылысқа кірісіп кетуге болар еді, бірақ ол болашақ тұрғындарға жайлы бола ма? Жайлы болу дегеніміз, ең біріншіден, оның жұмысы болуы керек. Екіншіден, жан-жаққа қатынауға оңай болуға тиіс. Яғни, тым шет болмауы керек. Осыны ескеріп, Алматыдағы «Қайрат» шағын ауданынан 2 мың шаршы метрге жуық жер сатып алды. Өйткені мұнда «Жетісу» базары бар. «Жетісу» – әмбебап базар. Самса сатсаң да, өлмейсің. Тәшкі сүйресең де, нәпақаңды айыруға болады. Әсіресе, әйел затына жұмыс мол. Бірдеңе сатсаң да, ыдыс-аяқ жусаң да тиын-тебеніңді айырасың. Таңертең шықсаң, кешке күнделікті ішіп-жеміңнен бөлек, бірнеше мың теңге тауып қайтуыңа болады. Базарға жақын маңнан жер таңдаған себебі – сол.
Көмекшісімен ақылдасып отырып жатақхана үлгісіндегі 2 қабатты 50 пәтерлік үйдің сызбасын өзі сызды. Әр бөлменің аумағы – 32 шаршы метр, ішінде киім ілетін шкаф, екі кереует бар. Әжетхана, душы ішінде. Ыстық су, суық су үзілмейді. Тамақ істейтін газы бар. Екі кереуетті жайғанда төрт адам жатуға болады. Келген адам пәтерақы төлемейді, коммуналдық қызметке де бір тиын жұмсамайды. Тек таза тұрып, балаларына қарауы керек. Мүмкіндік болса, артылған тиын-тебенін жинап, үй алуға ұмтылуға тиіс.
Қазір орталықта 18 отбасы тұрып жатыр. Негізінен көпбалалы отбасылар. Мысалы осында 7 балалы отбасы бар. Бес немесе одан да көп баласы бар отбасының бір бөлмеге сия қоюы қиын. Ер жетіп қалған ұлы мен бой жетіп қалған қызы бар ананың да көңілі алаң болатыны анық. Осында көшіп келгеннен кейін тұңғышы студент атанып жатқандар да бар. «Мейірім мекені» қоры мұндай отбасылар үшін бірнеше екі бөлмелі пәтер әзірлепті. Яғни, олар 64 шаршы метрді иеленеді. Қазір үйге тұру үшін 1 мыңға жуық өтініш тіркелген. Оны арнаулы комиссия қарайды. Ең мұқтаж отбасы таңдап алынады. Жағдайы өте төмен, ағайын-туысы жоқ, ешкімнен көмек алмайтын, сосын, әрине, көп-
балалы отбасыларға басымдық беріледі. Бұл – оңай жұмыс емес. Өйткені мұқтаж жандар өте көп. Бір деректерде Қазақстанда 540 мың отбасы дәл осындай күйде делінеді. Оның басым бөлігі Алматыда екені тағы рас. Сондықтан да әрбір өтініш мұқият зерттеледі. Қайрат Ниетбайұлының көмекшісі Нұрсұлтан әрбір отбасының жағдайымен өзі барып танысып, видеоға түсіріп, комиссияға ұсынады. Комиссия жіті зерттеп, ең мұқтажына ғана баспана ұсынады. Бұл жерде тамыр-таныстық жүрмейді. Пәленшенің өтініші, түгеншенің қолқасы деген болмайды. Қайрат Рейімовтің басты ұстанымы – осы.
Осы арада ерекше назар аударатын тағы бір дүние бар. Бұл жобаға қолдау білдіргісі келетіндер болыпты. Бірақ олардың коммерциялық бағыттағы ниетін байқағасын Қайрат Ниетбайұлы жолатпапты. Яғни, бұл жерде тұрғындардан бір тиын алатын пиғыл мүлде болмауға тиіс. Сосын тағы бір қағида бар. Көмектескісі келетін адам мұндағы қорға қатысты адамдардың қолына ақша беруіне болмайды. Бәрі есепшот арқылы өтуі керек. Сондай-ақ, қазір «Мейірім мекенінде» тұратын 58 баланың біреуіне бір кәмпит ұстата алмайсыз, егер, ондай ниетіңіз болса, бәріне бірдей ұстатасыз. Бір баланың емес, 58 баланың басынан сипайсыз. Әзірге дәл осы ережеге сай келетін ұсыныс болмағасын, үйді ұстауға кететін, коммуналдық қызметке төленетін шығындардың бәрін қор, дәлірек айтқанда, Қайрат Рейімовтің өзі төлеп отыр.
Комиссиядан өтіп, қоныстанған отбасы осында тіркеледі. Сол арқылы жақын маңдағы емханаға да тіркеледі. Тек мектеп жағы қиындау болып тұр екен. Қазір осы мәселені шешу үшін қор басшылығы Түркісіб ауданы әкімдігімен жұмыс жүргізіп жатыр.
Қор басшылығы үйге кірген адамға «Осында 5 жыл тұрасың» дейді екен. Бұл – осы жылдар ішінде үй алып кетуге ұмтылса екен деген ниет. Әйтпесе, қашан баспаналы болғанша ешкімді орнынан қозғамайды. Айтпақшы, жобаны қолға алған сәтте мұнда орналасқан адамның үй алып кететініне сенгендер аз болыпты. Қайрат Ниетбайұлына: «Бір кірген адамнан құтылмайсың. Олар енді «мәңгіге» жайғасады» деп мысқылдағандар да болған. Бірақ мұның ниетінің дұрыстығы шығар, бір жылдың ішінде 4 отбасы үйлі болыпты. Қалай дейсіз ғой? «Мейірім мекені» «Харекет», «АсарҮме» қорларымен тізе қосып жұмыс істеп отыр. Олар өз критерийлеріне келе бермейтін мұқтаж жандардың тізімін бұларға ұсынады. Бұлар да өздерінде бар деректерді оларға көрсетеді. Міне, осындай қарым-қатынастың арқасында жоғарыда аталған қорлардың критерийіне сай келетін 4 отбасы қоныстойын тойлап үлгеріпті. «Мейірім мекені» олардың қуанышын бөлісіп, өз сыйлығын жасаған. Бұдан бөлек, осында тұрып, үйге қаржы жинап жатқандар да бар екен. «Біз үй алып кетсек, мұнда тағы бір аса мұқтаж отбасы орналасып, ес жинап алар еді...» деген сөздерін естіп, қуанып қаламын...» – дейді Қайрат Ниетбайұлы. Дәл сондай жандардың қолтығынан демеп жіберуге әзір. Тағы бір қуанатыны, балалардың ықыласы. Олардың құлшынысы керемет. Арасында: «Біз де өскенде осындай үй салып, мұқтаж жандарға беретін боламыз» деп жүргендер де бар екен.
«Мейірім мекені» де балаларды үнемі қолдап отырады. Мұнда Жаңа жыл мерекесі мен Наурыз мейрамын тойлау дәстүрге айналған. Жаңа жылда Аяз ата әр балаға дәл керек дүниені «біліп», ұсына қойса, Наурызда әртүрлі жарыстарда көзге түскен балаларға арнайы сыйлық беріледі. Оны және қоғамда орны бар аға-апалары ұсынады. Елімізге белгілі эстрада жұлдыздары осы үйдің тұрғындарының алдында өнер көрсетеді. Соның арқасында жетістікке жеткен балалардың саны күрт өскен. Бұрынғыдай тапқанын пәтерге беретін күннен құтылған ана да балаларына жиі көңіл бөле бастаған. Республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген жеткіншектер бар екен.
Жақында Наурыз мейрамы атап өтілген тұста олардың бәріне арнайы сыйлық берілді. Айтпақшы, мейрамды тұрғындар өздері ұйымдастырыпты. Тек қаржы жағын қор бөлген.
Осы үйде тұратын Жанар Қылышованың 4 баласы бар екен. Тұңғышы 15-те, кішісі 2-ден енді асқан. 2 бөлмелі үйде тұрады. Қызы Аянат Ерболат таэквондодан республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Ұлы Азамат қазақша күреспен шұғылданады екен. Кіші қызы би өнерімен шұғылданып, жақында Қытайда өтетін бір байқауға шақырту алыпты. «Осы үйге құжатымды, киім-кешегімді ғана алып кірдім» дейді ол.
Тағы бір тұрғын Жеңіскүл Айдарханова – 1 топ мүгедегі. Пәтерден пәтерге көшіп жүргенде инсульт алып, осындай күйге түскен. Сосын осы орталық туралы естіп, құжат тапсырып, комиссияның шешімімен орналасқан. Қызы Ақниет көркем гимнастикамен, дзюдомен айналысады екен. «Қайрат ағаның көп жақсылығын көрдім. Мен өзім анда-мында жүре алмайтын болғасын ол маған азық-түлік жағынан да көмектеседі. Үкіметтен жәрдемақы аламын. Үй кезегінде тұрмын. Болып қалатын шығар. Құдайға шүкір...» дейді ол.
Екі қабатты ғимараттың іші тап-таза. Үйдің тазалығына тұрғындардың өздері қарайды. Кезекші болып, дәліз бен кіреберістің бәрін мұнтаздай етіп жуып шығады. Осындағы тәртіпті реттеп отыратын комендант бар.
Бір сөзбен айтқанда, «Мейірім мекенінде» аяққа тұрып кетуге барлық мүмкіндік бар. Үлкен қалалардағы ең басты мәселе – баспана ғой. Сол баспана мәселесі шешілсе, оның коммуналдық қызметін біреу төлеп отырса, алға ұмтылуға не кедергі? Тек жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, мұндағылардың көбінде арнаулы білім жоқ. Сондықтан да бәрі дерлік базарда істейді. Ал базар үйдің іргесінде тұр...
Іргесінде демекші, «Мейірім мекені» орналасқан ғимараттың артында үлкен жер телімі бар. Қайрат Рейімов қазір оның иесімен келіссөз жүргізіп жатыр. Сатып алып, тағы бір осындай үй тұрғызбақ. Демек, мейірімді мекеннің тұрғындары алдағы уақытта тағы да көбейе түседі. Қылмыс жасауға ұмтылатын балалар саны да біршама азаяды деген сөз...
Қазақстанда қалталы азаматтар аз емес. Көбінің мұқтаж жандарға жәрдемдесіп жүргеніне де күмән келтіруге болмас. Бірақ әдетте бір реттік көмек «жұтылып» кетеді. Ертеңіне ол тағы да қол жаюға мәжбүр болады. Соны «кәсіп» қылып алатындар да бар. Ендеше, мұқтаж жанға «балық емес, қармақ берген» дұрыс-ау. Сондықтан да Қайрат Рейімовтің бастамасын іліп әкететін кәсіпкерлер болса, кәнеки?!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ