587
Берлинге жеткен жауынгер
Берлинге жеткен жауынгер
Соғысқа бастан-аяқ қатысып, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған маңғыстаулық Асан Аймағамбетов айтары көп ақсақалдардың бірі. Асекеңнің де ғасырлық ғұмыры өз замандастарының пешенесіне жазылған небір нәубеттермен айшықталған.
Ол Маңғыстаудың Елеғажы-Ешкіқырылған деген жерінде 1925 жылы туған. Әкесі үш ағайынды жігіттің бірі. Аймағамбет, Ыбыраш, Ыбырайымжандар – мал баққан шаруа адамдар болған. Аймағамбет үлкені, оның Әбдеш деген баласы болыпты. Ыбыраштың Асан, Үсен деген егіз баласы болып, Үсені жастай шетінеп кетеді. Асанның екі жасында әкесі қайтыс болып, шешесін қайнысы Ыбырайымжанға атастырады. Одан Түркіс, Өрік деген екі балалы болады. 20-жылдардың аяғындағы жұт қоянда бұл әулеттің бас көтерген азаматтары Аймағамбет те, Ыбырайымжан да қайтыс болып, шиеттей үш баласын ертіп, шешесі күнкөріс қамымен Бесқалаға кетеді.
«Ең соңғы солдаттың денесі жер қойнына берілмей тұрып соғыс бітті деуге болмайды!» Г.Жуков
Асекең сол бір зар заманды еске түсіріп, былай деп әңгімелейді: – Бес жастағы баламын ғой, түйенің қомында келе жатқаным әлі есімде. Түйенің екінші жағындағы кебеже ішінде інім мен қарындасым да қарындары ашып, жылап келе жатыр. Қанша уақыт жүргенімізді қайдан білейін, әйтеуір, өзегіміз талып, өлім халіне жеткенімізде ел шетіне келдік. Шешеміз үйді жабасалма қылып тікті де өзі әлдебір жаққа барып, жүгері ме, тарының сөгі ме, әйтеуір, қалтасына салып дәнді-дақыл алып келді. Сөйтіп, жедеғабыл ас қамдап, түйенің сүтімен араластырып көже-қатық жасап берді... Шешесі Бесқалада, Ташауыз маңында тұратын бір жігітпен тұрмыс құрады. Бір күні Маңғыстаудан ағасы Әбдеш келеді. Аштық пен жұт жайлаған зар заманда күнкөріс қамымен жан-жаққа бытырап кеткен ағайын-туыстарын осы Аймағамбеттің Әбдеші ел-жұртымен табыстырып жүреді. – Әбдеш ағам келгесін үй ішінде өзара даурығысып, әлденеге келісе алмай жатқанын білемін. Содан шешем мені шақырып алып: «Мына ағаң сені Маңғыстауға алып кетпекші, барасың ба?» – деді. Мен: «Барамын», – дедім. Сөйтіп, Әбдеш ағам мені өзімен бірге Маңғыстауға алып кетті. Көліктері – түйе. Маңғыстаудың халқын небір зұлмат дәуірлерде жол азабынан да, шөл азабынан да құтқарған осы Ойсыл қара тұқымы, Адай аруаналары ғой. Ұлы қырдың үстінде қараш Бейнеубай қазған құдықтардан шөл басып, араға екі қонып ел шетіне жетеді. Бұлар Сенек, Бесоқты жерінде ұйымдасып жатқан колхозға кіріп, Асанды ауылдағы сауат ашу мектебіне береді. Фамилиясын Аймағамбетов деп жазғызады. Асанның 13-14 жасқа келген шағында, Әбдеш ағасы Ташауызға барамыз деп қасына ертіп алады. «Шешең қайтыс болыпты, соған барамыз»- деген. Ташауызға келгесін, бауырлары Түркіс пен Өрікті көріп, көңіл жұбатқасын, ертесіне шешесінің қабірі басына барады. Әбдеш Құран оқып, басына белгі қойып кетеді. Сол сапарында Түркіс пен Өрікті де ала қайтады. Әбдештің Қағаз, Назым деген екі әйелі болған. Қағаз бен Назымнан Гүлбаршын, Дәмелі, Дәметкен есімді үш қызы болады. Асан мен іні-қарындасын да осы екі кейуана баласындай бағып өсіреді. 1940 жылы Сенек, Сұмса мен Бесоқты, Тоңаша жерлерінде ұйымдасқан бес колхозды Жаңғақтының ойына көшіру туралы жоғарыдан ұйғарым келеді. Осында отырған ызғындай ел мал-жанымен енді Жаңғақтың ойына көшеді. Әбдештің әулеті де елмен бірге Қошоба деген бұлақтың басына қоныс тебеді. Қошоба баурайында он екі бұлағы бар, малға да, жанға да жайлы қоныс болады. Осындай жайлы қонысқа енді жайласа бастаған шақта Ұлы Отан соғысы басталып, ел тағы да дүрлігеді. Желкілдеп өсіп келе жатқан өрімдей жастар тізімге алынып, соғысқа әзірлік шаралары барлық жерде басталып кетті. Асанды 1942 жылы 17-ге толған бойда-ақ армия қатарына алып кетеді. Бір айдай пулеметші-атқыштар курсынан өткізіп, Асандарды Воронеж майданының 21-армиясы құрамында Белгород қаласын жаудан тазарту айқасына жібереді. Генерал-полковник Н.Ватутиннің қолбасшылығымен бұл майдан жауынгерлері Украина жеріне алғашқылар қатарында кірген болатын. Асан Украинаның Харьков, Полтава қалаларын жаудан азат ету айқастарына қатысады, иығынан жеңіл жарақат алады. 1943 жылдың қазан айында Воронеж майданы 1-Украин майданы болып қайта жасақталып, Киевтің түстік бетіндегі жаудың ең көп шоғырланған отты нүктелерін, қару-жарақ базасын талқандау міндеті жүктелді. Житомир-Бердичев операциясы кезінде Асан бүйірінен ауыр жарақат алып, майдан даласында ес-түссіз жатып қалады. Шабуылдаушы армияның соңын ала жүретін тыл бөлімшесі қансырап жатқан жауынгерді жанына санитар қызды қосып, ат жеккен арбамен дала госпиталіне жөнелтеді. Асан есін жияды. Жедел операция жасалып, екі ай бойы емделеді. Сөз арасында айта кетелік, Бердичев-Ровно қалалары аралығындағы қан-қасап айқастардың бірінде майдан қолбасшысы Н.Ватутин де санынан ауыр жарақат алады. Қолбасшыны жаудан тазартылған Киевтегі әскери госпитальге жеткізіп, аяғына күрделі операция жасалады. Алайда оны ажалдан алып қала алмайды. Ержүрек қолбасшы Н.Ватутин Киев қаласындағы орталық алаңға жерленеді. Госпитальден шыққан соң Асанды 2-Беларусь майданы құрамындағы армияға жібереді. Бұл жауды ел шебінен әрі қуып, енді Еуропа елдерін азат ету айқастары басталған кез еді. 2-Беларусь майданы басшылығына 1944 жылдың қыркүйек айында Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшыларының бірі К.Рокоссовкий келді. Бұл майданның басты бағыты Польшаны, Балтық жағалауы елдерін, Шығыс Пруссияны жаудан тазартып, Берлинді солтүстік беттен қоршауға алу болатын. Осы бағыттағы немістің Ландсберг, Эберсвальде, Бранденбург деген кішігірім қалаларын жау әскерлерін талқандау кезіндегі айқастардың бірінде дәл жанынан жарылған зеңбірек снарядының жарқыншағы тиіп, Асекең басынан жарақат алады. Біразға дейін құлағы бітіп, басы айналып қалады, дала госпиталінің дәрігерлері басындағы жарақаты жеңіл, бас сүйегі аман деп, контузияға ұшырағанын анықтайды. Сөйтіп, екі аптадай емделген соң бөліміне қайтарады. Бұл кезде кеңес армиясы жаудың отты ошағын толық құрсауға алып, жан алып, жан беріскен айқастар Берлин қаласы түбінде жүріп жатқан еді. Орталық Еуропадағы мамыражай көктемнің шырқын жер тітіреткен зеңбірек үні мен ерсілі-қарсылы зуылдаған ажал оғы, қираған ғимараттар, өртке оранған үйлер, жалын ораған танктердің үйіндісі бұзып тұрды. Асандардың бөлімі Берлин қаласына түстік бетінен кірген болатын. Қираған үйлердің тасасымен жауынгерлер атыса жүріп, қала көшелеріндегі от шашып, оқ боратып тұрған ұяларын өшіріп, алға жылжыды. Жау Берлинді қолдан бермеуге қанша тырысып, жанталаса қарсыласқанымен үш жақтан қыспаққа алған Қызыл армияның тегеурініне шыдай алмады. Рейхстаг төбесіне қызыл жалау ілінгенін көргенде қуаныштарында шек болмады. Бұл 1945 жылғы 2 мамыр күні еді. Жауынгерлер уралап Рейхстагқа қарай жүгіре жөнелді. Талай күндерден бергі жойқын жарылыстар, шуылдаған оқтың даусы сап тиылған. Рейхстаг алдындағы алаңда бірін-бірі құшақтап, құттықтап жатқан жауынгерлерде есеп жоқ. Бірқатарлары Рейхстагтың қабырғаларына штыктарының жүзімен, бормен есімдерін, туған жерлерін жазып жатыр. Асан да бір бұрышына «Асан, Маңғыстау» деп ойып жазды. Майдангер қарт Асан Аймағамбетов Ұлы Отан соғысындағы ерлік әрекеттері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», Жуков медальдерімен, Бас Қолбасшы И.Сталиннің Алғыс хатымен, Жеңістің мерекелік даталарына орай берілген медаль-төсбелгілерімен марапатталды. Асекең Берлин үшін болған ақтық айқасқа қатысып, Жеңістен кейін Украина жеріндегі соғыстың ауыр зардаптарын жою, қирап, бүлінген қалаларын қалпына келтіру жұмыстарына жіберіледі. Елге 1948 жылы оралады. Соғыста үш рет жараланса да, елге келген соң Красноводск қаласы маңындағы Ақтас поселкесіндегі құрылыс материалдарын өндіретін комбинатқа жүргізуші болып жұмысқа тұрады. Бұл құрылыс материалдары комбинаты Батыс Түркменстандағы үй құрылысының негізгі тірегі күше тас өндірісімен айналысатын бірден-бір өндіріс орны еді. Соғыстан кейінге ауыр жылдар, тас кесетін комбайнның шықпаған кезі. Комбинатта мыңдаған жұмысшылардың жанқиярлық еңбегімен, кесіліп дайындалған ақ маржан тастардан талай ғимарат бой түзеп, ел игілігіне берілді. 1948 жылғы 6 қазанда Түркменстанның астанасы Ашхабад қаласы жойқын зілзаладан жермен-жексен болып құлады. Қаланы қайта тұрғызып, қалпына келтіру жұмыстарына осы Ақтас карьерінен өндірілген күше тастар пайдаланылды. Құбатау бөктеріндегі Гюша (атауы осы карьерде өндірілген күше тасынан алынған) стансасынан Ашхабатқа күндіз-түні толассыз күше тас жөнелтіліп жатты. Зеңбірегі зіркілдеген майдан даласынан келген Асекең енді еңбек майданының иен ортасында жүрді. Сұрапыл соғыстың соңғы солдаты, ғасыр жасаған майдангер қария қазір Ақтау қаласында ұлы Есенқос пен Зоя келінінің қолында бақуат өмір кешіп жатыр.Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ, Ақтау қаласы