Әлем чемпионаты: Куба, Өзбекстан, Қазақстан боксшыларының қарқыны қандай?

Әлем чемпионаты: Куба, Өзбекстан, Қазақстан боксшыларының қарқыны қандай?
Ташкентте (Өзбекстан) бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты болып жатыр. Осы орайда, Turkystan.kz жарыстың екінші күніндегі нәтижені назарыңызға ұсынады.
Әлем чемпионатының екінші күні Қазақстан құрамасының атынан екі боксшы рингке шықты. Бірінші болып өнер көрсеткен Сағындық Тоғамбай 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 1/16 финалда Натан Нланду Мбелимен (Конго ДР) кездесіп, оны үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Содан кейін 63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі боксшымыз Санатәлі Төлтаев 1/32 финалда израильдік Ахмад Стивимен жекпе-жек өткізіп, төрешілер шешімімен жеңді.
Ал Өзбекстанда үш спортшы өнер көрсетті. Шохжахон Абдуллаев (86 кг) төрешілерінің бірауыздан шешімімен қырғызстандық Еркин Адылбекуулуды жеңді. Енді ол Сағындық Тоғамбайдың қарсыласы болады. Ал Руслан Абдуллаев (63,5 кг) пуэрто-риколық Мануэль Фебусты сенімді түрде жеңіп, келесі кезеңге өтті. Сонымен қатар Жасүрбек Юлдашев (80 келі) алжирлік Юнес Немощимен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті.
Куба құрамасына келетін болсақ, жарыстың екінші күні екі боксшысы шаршы алаңға шықты. Нельсон Уильямс (86 кг) доминикандық Даниэль Гузманды жеңсе, үш дүркін әлем чемпионы Лазаро Альварес (63,5 кг) мексикалық Сесар Моралесті еш қиындықсыз жеңді.