Асанәлі Әшімов жаңа жобада басты рөлді сомдамақ

Асанәлі Әшімов жаңа жобада басты рөлді сомдамақ

Асанәлі Әшімов жаңа жобада басты рөлді сомдамақ
ашық дереккөзі
465
Биыл мамыр айында 80 жасқа келетін КСРО және Қазақстан Халық артисі Асанәлі Әшімов жаңа фильмде бой көрсетпек. Бұл туралы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі хабарлайды.  Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Беткейдегі бұталар көлеңкесінде» (шартты атауы) атты  жаңа толықметражды көркем фильмінің өндірісі басталды. Фильмнің режиссері − «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (2010 ж.) фильмімен танымал Қуат Ахметов. Фильмнің режиссері Қуат Ахметов: «Идея авторы – Асанәлі Әшімов. Ол 2014 жылы маған елден шалғай тұратын жалғыз басты қарт туралы фильм түсіруді ұсынды. Асанәлі ағаның ойы бойынша қария – дала философы, түрлі ғылымға қызығатын адам», –  дейді. Қазіргі таңда картина дайындық кезеңінде, яғни, актерлер таңдау, реквизиттер дайындау және декорация тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр. Түсірілім жұмыстары үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларына жоспарланған. Фильмнің сценариін Қуат Ахметов пен ресейлік кинодраматург Одельша Агишев түркі халықтарының аңыз-әңгімелері негізінде жазған. Ал кинотуындыдағы басты рөлді сомдайтын Асанәлі Әшімов жобаға қатысты: «Бұл жобаны іске асыру туралы ұсыныс айтқалы бері түрлі жанрдағы талай сценарий жазылды. Алайда ол сценарийлерде менің көрермендерге айтар ойым дұрыс жеткізілмеген болатын. Сондықтан да Қуат екеуміз драматургты көп іздедік. Ақыры драматург табылып, бұл мәселе оң шешімін тапты. Қазір түсірілім жұмыстарын асыға күтіп отырмыз», –  деген ойын білдірді. «Қазақфильм» баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, фильм ешбір жақыны жоқ Ағатай есімді қарияның өміріне арналған. Басты кейіпкер өз ортасынан безіп, жапан далаға барып тұруды көздейді.  Әйтсе де данагөй, пәлсапашының жолында балалар үйінен қашып шыққан Бөбек деген кішкентай, елгезек бала кезігіп, оның бастапқы жоспарын бұзып кетеді.

Серіктес жаңалықтары