50350
«Бір партада үш бала отырады»: Қосшы мектебіндегі мәселе қашан шешіледі?
«Бір партада үш бала отырады»: Қосшы мектебіндегі мәселе қашан шешіледі?
Осы аптада аманаттықтар Ақмола облысының Қосшы қаласында партиялық бақылау бекетін ашып, мектеп құрылысының барысын тексерді. Бұл қалада тұрғындар саны жыл санап артып жатыр. Есесіне, мұндағы білім ошақтарында орын тапшылығы анық байқалып отыр. Бүгінде қала халқының жалпы саны 70 мыңнан асады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір партада үш баладан отырады.
«Қалада баспана құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Көппәтерлі үйлердің өзі көптеп салынуда. Алайда білім ошағы туралы ойланып жатқан ешкім жоқ. Балалар үш ауысымды мектепке баруға мәжбүр. Әсіресе қыс мезгілінде балақайлар қары күрелмеген жолмен жүріп қатты қиналады», - деді Наргиз Айсұлтан есімді көпбалалы ана.
Партияның сайлауалды уәделерін орындау аясында 2022 жылы қалада 1200 орындық мектеп салынды. Биыл тағы бір білім ошағы ашылады. Оның құрылыс жұмыстарын «AMANAT»-тың Целиноград аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясы қадағалауға алды.
«Жаңа оқу жылының басталуына 4 ай уақыт қалды. Бүгінде мектеп құрылысының дайындық деңгейі 70%-ды құрап отыр. Білім ошағының ішкі әрлеу жұмысы жүріп жатыр. Желдету жүйесі тартылуда. Биыл 1 қыркүйекте ғимаратты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мектеп екі ауысымда 1200 баланы қабылдай алады. Сайлауалды бағдарлама аясында осы және өзге де нысандарды ерекше бақылауға аламыз. Қосшыға қала мәртебесі жақында ғана берілді. Алайда тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуы тиіс», – деді қалалық мәслихат депутаты, партиялық бақылау бекетінің басшысы Руслан Айтжанов.
Осы күні аманаттықтар жергілікті емханаға барды. Бұл мекеменің құрылысы былтыр партияның жіті бақылауға алуымен аяқталған еді. Мұнда 8 мыңға жуық адам ем-дом алады. Олардың арасында тек Қосшы қаласының ғана емес, сондай-ақ Тайтөбе және Қызылсуат кенттерінің тұрғындары да бар.
Айта кетейік, «AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасы аясында ел аумағында салынып жатқан нысандарда партиялық бақылау бекеттері ашылып жатыр. Әрбір нысанда шағым немесе өтініш жіберуге болатын жауапты тұлғаның байланыс нөмірлері көрсетілген техникалық паспортқа ұқсас тақтайша орнатылады. Жұртшылықты көптеп тарту және партиялық бақылау бекеттері жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның құрамына мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, блогерлер, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері кірді.