Кәріс жігіті ақын Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды

Кәріс жігіті ақын Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды

Кәріс жігіті ақын Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды
ашық дереккөзі
50498
Шымкент қаласының тұрғыны Тимур Пак есімді кәріс жігіті ақын Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды  деп хабарлады turkystan.kz.  Qazaqstan ұлттық телеарнасының мәліметінше, Тимур Абай өлеңдеріне мектепте жүргенде қызыға бастаған. Ұстаздарының арқасында ұлы ойшылдың өлеңдерін жаттап, қара сөздеріне қанып өскен. Ол ұлы ақынның қай шығармасын сұрасаң да мүдірмей айтады. Соның арқасында бірнеше рет Абай оқуларына қатысып, жүлдегер атанды.
«Абай Құнанбаевтың өлеңін оқығанда іштей рухым көтеріледі. Өзімді мықты сезініп, шабытым ашылады», - дейді ол. 
Ол бүгінде Шымкенттегі мектептердің бірінде ұстаздық етеді. Мыңнан аса бала оқитын білім ұясы - таза қазақ тіліндегі оқу ордасы. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген Тимурға әріптестері де таңданысын жасырмайды.
«Оны біз кейде кәріс ұлтының өкілі екенін де ұмытып кетеміз. Өйткені қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қазақтың өзінен артық біледі», - дейді мектеп директорының орынбасары Нұрсұлу Байқонысова. 
Тимур Түркістан облысы Мақтаарал ауданында туып-өскен. Оның атасы мен әжесі қуғын-сүргін жылдары осы аймақты паналап, көшіп келген. Анасы - қазақтың қызы. Көпбалалы отбасы бүгінде екі ұлттың да салт-дәстүрін тең ұстанады.
«Көп байқаймын. Қазақ пен кореялықтардың салт дәстүрі бір-біріне жақын. Үлкенді сыйлауы. Бізде де үлкендерді қатты құрметтейді», - дейді ол.
Тимур қазақ қазақ қызына үйленген. Бүгінде 4 перзент өсіріп отыр. Оларға Әсима, Әмір, Арсен, Ариф деген қазақы есім берген. Олар да ата-анасы секілді қазақ мектебінде білім алып жатыр.

Серіктес жаңалықтары