Астанада кітап көрмесі өтіп жатыр

Астанада кітап көрмесі өтіп жатыр

Астанада кітап көрмесі өтіп жатыр
ашық дереккөзі
51238
Мәдениет және спорт министр­лі­гінің қолдауымен елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығында Eurasian Book Fair-2023 Еуразиялық ха­лықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл – ТМД, Еуропа мен Азия ел­дерінің баспа ісі, кітап саудасы, ғы­лыми-білім беру және полиграфия ком­панияларын үлкен зияткерлік алаңға бі­ріктіруге мүмкіндік беретін Еуразия кеңістігіндегі ірі мәдени-ағартушылық іс-шара. Биыл тұңғыш рет қаламгерлерге ел Президентінің әдеби сыйлығы табысталады Дәстүрге айналған ауқымды іс-шара биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Халық­ара­лық кітап көрме-жәрмеңкесінің негізгі мақ­саты – кітап оқуды насихаттау, қатысушы ел­дердің әдеби мұрасын қолдау, әлеуетті оқыр­мандар мен сатып алушыларға жетекші бас­палардың кітап өнімдерінің заманауи ас­сортиментін, кітап шығару және полиг­ра­фия саласындағы жаңа технологияларды ұсы­ну; әлемдік кітап шығару және баспа ин­дустриясының тәжірибесін зерделеу, әр­түрлі халықтардың ұлттық әдебиеттерімен та­ныстыра отырып, достық пен өзара ынты­мақ­тастықты нығайту, байланыс орнату жә­не баспа саласындағы жетістіктерді көр­сету. Жәрмеңкеге 40-қа жуық елден баспа ісі жә­не кітап бизнесінің өкілдері, жазушылар мен кітапсүйер оқырман жиналды. Жиынға қатысқан Мәдениет және спорт ми­нистрі Асхат Оралов бұл іс-шара еліміздің кі­тап ісі саласының кәсіпкерлеріне жаңа се­­­­ріктестер табуға, авторлар үшін жаңа ауди­то­рия жинауға жақсы мүмкіндік екенін айтты. «Бұл – оқырмандар үшін кітапсүйер қауым­мен әдеби ұсыныстарымен бөлісіп, әр­түрлі шеберлік сабақтарына қатысуға, жаңа кітаптармен танысып, қолтаңба сес­сия­лары мен дәрістерге қатысудың тап­тыр­мас алаңы. Мәдениет және спорт министрлігі түрлі жанрдағы кітаптар басып шығару, мемлекеттік кітапханалардың қорын толық­тыру, жас жазушылар мен ақындардың кон­курстарын өткізу, әдеби фестивальдар мен форумдар ұйымдастыру сынды осы бағытта аянбай еңбек етіп жатыр. Мысалы, «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы ая­сында, тек 2022 жылы ғана ҚР МСМ қол­дауымен 506 мың дана тиражбен 188 жаңа кітап жарық көрді», – деді Асхат Оралов. Министр биыл тұңғыш рет қаламгерлерге ел Президентінің әдеби сыйлығы табыс­та­латынын жеткізді. Сонымен қатар кітап көр­месін Астанада ғана емес, Қазақстанның бас­қа өңірлерінде де өткізу жоспарланып отыр­ғанын жеткізді. Көрме-жәрмеңке аясында кітаптарды бас­па бағасымен сатып алуға, кітапсүйер қауым­мен кездесіп, жаңа кітаптардың та­ныстырылымын тамашалауға болады. Сон­дай-ақ ақын-жазушылардан қолтаңба алып, түрлі шеберлік сабақтарына қатыса аласыз. Абай баспасынан жарық көрген 24 кітаптың таныстырылымы өтті Көрмеде «Абай» баспасынан шыққан кітап­тардың таныстырылымы өтті. Бұл кітап­тардың ішінде қазақ әдебиетінің негі­зін қалаған Абай хәкімнен басталып, әр ке­зең­нің классик қаламгерлерінің шығар­ма­лары топтастырылған кітаптар, сондай-ақ оңай­лықпен қолға түсе бермейтін, іздегенге таптырмас академиялық зерттеу еңбектері де бар. «Абай» баспасының құрылтайшысы Ақ­берен Елгезек 2016 жылы құрылып, екі жыл бұрын жұмысын бастаған баспаның қазір атқарып жатқан жұмысына тоқталды. «Біз әлем бойынша кітап индустриясын­дағы барлық озық үлгілерді қазақ оқыр­ман­ның қолына ұстатқымыз келеді. Тартымды дизайн, сапалы түр мен өлшем, ыңғайлы фор­матта ұсынамыз. Әр кітапты шын ықы­лас­пен және махаббатпен жасауға тыры­са­мыз. Себебі баспада жұмыс істейтін қыз-жі­гіттердің бәрі әдебиет саласында жүргендер. Өзіміз кітап оқимыз, жазамыз. Сондықтан шы­ғаруға да хақымыз бар деп есептеймін. Баспа тек көркем әдебиет шығарумен ай­на­лысады. Мақсат – көп ақша табу емес. Қазір кітапты қалай шығару керек деген көз­қарасымызды көрсету», – деді ол. «Абай» баспасы 24 кітаптың ішіндегі 15 көр­кем әдебиетті әлемдік сұраныстағы кітап деңгейінде жасаған. Яғни, заманауи үлгіде, минимализм дизайнда көркемдеп, қазақ ба­лаларының қолына тигенде сөз құдіретін се­зініп оқи алуы үшін қолайлы. Осы тұста оқырманның көзқарасы мен жаңашылдығын ескере отырып, «Абай» баспасы бұл кітаптар­ды өз қаржысына басып шығарған. Қазақтың бас ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының артында қалған рухани мұ­расы «Жүректің көзі ашылса…» деген ат­пен, қазақтың ұлы ақыны, Алаш қозға­лы­сы­ның қайраткері Мағжан Жұмабаевтың өмір­шең, рухты өлеңдері «Тұран» атты атау­мен басылды. Қазақтың ақиығы, ғасыр ақыны Мұқа­ға­ли Мақатаевтың жинағы «Отан», ұлы ақын Төлеген Айбергеновтің кез келген жырын­дағы сағынышы «Сағыныш» деген атпен жарық көрді. Қазақтың аса көрнекті ақыны, қазақ поэ­зиясына өзгеше леп әкелген Жарасқан Әб­діраш та осы жинақтардың салмағын арт­­тырып тұрса, ҚР Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның иегері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Ша­ха­нов бастаған буын Исраил Сапарбай, Не­сіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин есімді қаламгерлермен жалғаса береді. Солардың ішінде бүгінгі күннің бестселлеріне айналған Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашы» кітабы мен Ақберен Елгезектің «Болмаған ба­­лалық шақ» туындысы мүлде бөлек ди­зайн­да, жаңаша форматта жарық көріп отыр. Одан бөлек, Алматы қаласы әкімдігінің қол­дауымен «Абай» баспасынан жарық көрген 9 жинақтың тұсауы кесілді. Олар – «Көзім­нің қарасы» (Е.Шүкіман), «Ұлттың ұлы ұстазы» (ұжымдық жинақ), «Әуезов әлемі» («Қазақ әдебиетінің» кітапханасы» атты жаңа топтаманың тұңғыш томы), «Эпикалық жыр­шылық» (Б.Жүсіпов), «Әуестік әлемі» (Қ.Мұқаш), «Ақын жары» (С.Айбергенова), «Қараш батыр» (З.Әбдешев), «Құт» (Қ.Мұқа­мет­қали) және «Волшебник» (О.Әубәкіров). Eurasian Book Fair-2023 кітап көрмесіне Қазақстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан 70-тен астам баспа, кітап саудасы, ғы­лыми-білім беру ұйымдары және полиг­рафиялық компаниялар қатысады. Тағы бір айта кетерлігі, көрме барысында 6 номина­ция бойынша «Жылдың ең үздік кітабы» анықталмақ. Eurasian Book Fair кітап көрмесі 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне дейін жалғасады.

Серіктес жаңалықтары