Профессор Д.Мәсімханұлының Қазақстанда қытайтану ғылымын қалыптастырудағы еңбегі орасан зор болды. Ол тек еліміздің жоғары оқу орындарында студенттерге қытайтану мамандығы бойынша сабақ беріп, жас маман тәрбиелеумен ғана немесе қытайдың әйгілі ақын-жазушыларының шығармаларын аудару, оларды қазақ оқырмандарына таныстырумен ғана шектеліп қалған жоқ, ол ең бірінші кезекте қытайтануды отандық шығыстану ғылымының бір саласы ретінде қарастыра отырып, оның ғылыми негізін, концепциясын жасауға көңіл бөлді. Әрі сол жолда өзекті мәселелер бойынша іргелі зерттеулер жасады. Атап айтқанда, Д.Мәсімханұлы Отанға орала салысымен қазақ оқырмандары мен зерттеушілеріне Қытайдағы қазақтардың тарихы, саяси-әлеуметтік жағдайы, ондағы қазақ әдебиетінің дамуын таныстыру жолында тың ізденістер жасады. 1999 жылы академик Р.Нұрғали жетекшілігімен қорғаған «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт азаттық идея (1920-1920жж.)» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясында Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері,
А.Үлімжіұлы, Ә.Найманбаев, К.Маралбайұлы, Т.Жолдыұлы, Ш.Әлғазыұлы, А.Татанай, М.Разданұлы, Б.Тышқанбай, О.Айтанұлы қатарлы ақындардың шығармалары тұңғыш рет азат санамен, ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырылды. 2008 жылы «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр және жаңашылдық» (М.Әуезов пен Лу Шүн шығармалары негізінде)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұл – Қазақстан Республикасында «Салыстырмалы әдебиеттану» ғылымы бойынша қазақ тілінде қорғалған сондай-ақ ұлтымыздың тұлғалы қаламгерін миллиардтар елінің ұлы қаламгерінің шығармаларын ғылыми тұрғыдан салыстыра зерттеген алғашқы ғылыми еңбек болды.
Жастайынан ғылым мен білімге, өнерге құштар болып өскен
Д.Мәсімханұлы, Құдай берген таланты мен қажырлы еңбегінің арқасында бұл күнде ғылымның асқарына да, поэзияның биігіне де еркін көтерілді. Ол ғалым-ұстаз ретінде, ұзақ жылдардан бері Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, неше жүздеген шәкірт тәрбиелеп, Қазақстандық қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде Қазақстанның шығыстану саласындағы ірі ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатын Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында директор болып қызмет етеді.
Дүкен Мәсімханұлының ғылыми ізденістеріндегі бір бағыт – Қазақстаннан тыс, көршілес аймақтардағы Алаш азаматтарының тәуелсіздік үшін қүресін зерттеуде үлкен еңбек сіңірді деп айтуға болады. Өйткені ол алаштықтардың тек Қазақстан жеріндегі ғана емес, одан тыс Шығыс Түркістан аумағындағы ұлт-азаттық қозғалыс идеясының поэзиядағы үрдісіне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, ғалымның «Алаш азаттық идеясының Шығыс Түркістанға таралуы» деген зерттеуі еліміздегі алаштану ғылымындағы елеулі жаңалық. Бұл ізденістің маңызы алаштанудағы ақтаңдақтың бірі – ХХ ғасыр басындағы Алаш идеясы мен қозғалысының Қазақстан аумағында ғана емес, оның көршілес аумақтарда өркен жайып, жалпыұлттық қозғалысқа айналғандығын, соның нәтижесінде қытайдағы ағайындар өмір сүретін өңірде тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасы құрылғандығын дәлелдеп бергендігінде.
Дүкеңнің ғылымдағы айтулы жетістігі ретінде, оның ел тарихы мен мәдениетінің түркі кезеңіндегі «ақтаңдақтарын» қалпына келтіруде тындырымды жұмыстарымен өз үлесін қосып келе жатқандығын айтуға болады. Кейін қазақ халқын құруға атсалысқан түркі ру-тайпаларының поэзиядағы өкілдері шығармашылығын зерттеп және оларды бүгінде қолжетімді етуде Дүкен Мәсімханұлының еңбегі ерекше. Атап айтқанда ғалымның қытай тілінен тәржімалауы және тынбай зерттеуінің нәтижесінде бағзы замандарда шығармаларын қытай тілінде жазған, бұған дейін ғылымда беймәлім болып келген ондаған ежелгі түркі ақындарын ғылыми айналымға енгізді. Олардың арасында көне қытай жазбаларындағы қаңлы Бұқым ақын Қайранбайұлы, қарлық ақындары Кегменер ақын Үлгеұлы мен Найжан ақын және т.б. түркі ақындарының өмірі мен өлеңдері де бар.
Дүкеңнің көптеген зерттеуінің өзегі Қытайдағы қандастар арасынан шыққан тарихи тұлғаларға арналғаны белгілі. Бұл ретте, Құдайменде Тәйжі, Тазабек батыр, Қожеке күйші, Оспан батыр, Қалибек Хакім туралы зерттеулерінің жөні де, маңызы да бөлек. Жалпы қорыта келгенде, Дүкен Мәсімханұлының бұл бағыттағы жұмыстары отандық тарихтың түрлі кезеңдеріндегі рухани мәдениеттің дамуын жаңа деректермен толықтырып қана қоймай, оларға ғылыми жүйелі сипаттама берумен де айқындалады.
Шығармашылық жолын университет қабырғасында жүргенде бастаған Дүкен Мәсімханұлының бүгінге дейін «Жүрекке саяхат» (1991ж. ҚХР Үрімжі), «Семсер суы» (1998ж. Алматы), «Көкпар» (2003ж. Алматы) «Алтынның буы» (2007ж. Пекин), «Алкүрең арман» (2008ж. Астана) атты жеке жыр жинақтары, «Жыр-Жебе» (монография, 2000ж. Алматы), «Сарап» (ғылыми-зерттеу мақалалар жинағы, 2001ж. Астана) «Сөз – желкен» (монография, 2005ж. Алматы) «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» (монография, 2007ж. Алматы) «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» (монография, 2010 ж. Павлодар), «Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елдерінің рухани қарым-қатынасы» (ғылыми-зерттеу мақалалар жинағы, 2012ж. Астана) атты зерттеу кітаптары жарық көрді. Бұдан сырт 300-ден астам ғылыми-зерттеу мақалалары республикалық және шетелдік түрлі ғылыми басылымдарда жарияланды. Ғылыми еңбектері мен әдеби шығармалары ағылшын, қытай, орыс, түрік, ұйғыр, қырғыз тілдеріне аударылған.
Д.Мәсімханұлының отандық қытайтану мен еліміздің лексикографияға салған ең қомақты олжасы, қосқан тарихи үлесі, ол – «қытайша-қазақша үлкен сөздік» деп аталатын іргелі еңбегі. Ғалым өзінің өмірдегі де, ғылымдағы да серігі, доцент А.Әбиденқызы екеуі он жылдан астам уақыттарын, көз май, жүрек қандарын жұмсап теңдесі жоқ «үлкен сөздікті» (көлемі 120 баспа табақ, 1050 бет) құрастырып, баспадан шығарды. Онда қазіргі қытай тілінің қолданысындағы 70 мыңнан астам жеке сөздері мен сөз тіркесі қамтылған. 2018 жылы Астана қаласында аталған сөздіктің халықаралық деңгейде, салтанатты жағдайда тұсаукесері болды. Сөздіктің тұсаукесеріне қазіргі мемлекет басшысы, белгілі қытайтанушы-ғалым, сол кездегі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевтың арнайы құттықтау жіберіп, еңбектің құндылығы мен ауқымдылығына өте жоғары баға берді.
Қазір қытайдың тілі мен мәдениетін меңгеруге деген құлшыныс әлемдік ауқымға айналып келеді. Біздің елдің тұрғындары да бұл үдерістен сырт қалып отырған жоқ. Себебі қытай тілі – әлемде кең таралған тілдердің бірі. Бұл тілде тек қана Қытай Халық Республикасының тұрғындары (шамамен 1,5 миллиард адам) сөйлеп қоймай, оның сыртында көптеген мемлекеттің халқы қолданатын тілдер қатарында екені белгілі. Біздің елімізде көптеген жоғары оқу орнында қытай тілі мамандықтары ашылған, неше мыңдаған жастарымыз Қытайда білім алып, түрлі кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Елімізде де қытайдың біріккен кәсіпорындары аз емес. Сондықтан бұл сөздіктің еліміз үшін маңызы аса зор екенін тағы да айта кеткен жөн.
Ең бастысы, Дүкен Мәсімханұлы қазіргі қазақтың дарынды ақындарының бірі. Ақын ретінде Дүкеннің тілі шұрайлы, сезімі сергек, қиялы ұшқыр. Ол әдемі тіл кестесімен ойын оқырманға бүкпесіз, ашық жеткізеді. Оның поэзиясынан терең пайым, толғаныс, козғалыс, ішкі сезім арпалыстарын көруге болады. Оның өлеңдерінің алтын арқауы шекараның арғы бетінде қалған туған жеріне деген мәңгілік сағынышы мен бірге өзінің туған халқына, отанына деген шексіз сүйіспеншілігі десек қателеспейміз.
Отанына оралып, «қытайтану» ғылымымен айналысу жолына түскен Дүкеннің бұл саладағы елеулі еңбектерінің бір бағыты – көркем аударма болды. Дүкен Мәсімханұлының барлық аудармаларын алып қарайтын болсақ, ол өз алдына тағы бір мақалаға жүк боларлық әңгіме. Оның аудармаларының ішіндегі шоқтығы биігі де, көлемдісі де Қытайдың классик жазушылары Лу Шүннің «Повестері мен әңгімелері» мен Мао Дуннің «Түн», Ба Цзиннің «Әулет» романдары екені ақиқат. 2012 жылы Лу Шүннен жасаған аудармасы үшін Д.Мәсімханұлына Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.
Дүкен қытай тілінен прозалық шығармалармен, ғылыми еңбектерімен қоса, қытай ақындарының өлеңдерін де көптеп аударып жүр. Оның тәржімалауымен жарық көрген қытай ақындарының өлеңдері қазақтың төл өлеңдеріндей қабылданады. Оның да өзіндік себебі жоқ емес. Дүкен өзі қазақ әдебиетінде ойып алар орны бар, өз қолтаңбасы қалыптасқан көрнекті ақындардың бірі екенін айттық. Оған қоса қытай тілін өте жетік меңгерген. Сол себепті түпнұсқадағы ақынның поэтикалық сарынын аудармада да сол күйінде өте шебер өреді. Мысалы, Д.Мәсімханұлы қазақшалаған Қытайдың ұлы ақыны Ли Байдың, осы заманғы Қытайдың көрнекті ақын қызы Чжао Лихуаның, Тайван ақыны Юй Гуаньчжұңның және басқа да ақындардың өлеңдерін оқысаңыз, оларды Қытайдың ақыны деген ой санаңыздан шығып кетері хақ.
Қысқасы, Дүкен Қытайдың тарихтан белгілі әйгілі ойшылдары мен ақын-жазушыларынан Куң Фудзы, Ли Бай, Лу Шүн, Ба Жинь, Лау Шэ, Ай Чиң, Юй Гуаңжуң, Уаң Мың, Мо Янь, Те Ниң, Чжаң Чыңжи, Гу Чың, Чэн Дуңдуң, Чжао Лихуа, Диң Даң т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударып мерзімді басылымдарда жариялап, қазақ оқырмандарына үзбей ұсынып келеді. Бұның өзі де отандық қытайтануды жандандыруға, қытай жұртын танып-білуімізге салынған төте соқпақ екені даусыз.
Дүкеннің әкесі Мәсімхан – Жетісу өңіріне аты әйгілі шешен Нақысбек болыстың ұлы болған. Нақысбек Жалпетекұлы 1865 жылы бүгінгі Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Шәлкөде жайлауында өмірге келген. Әкесі Жалпетек – өзінің шешендігімен, көсемдігімен «Жалпетек би» атанып кеткен адам екен.
Нақысбек те әкесіне тартып ер жүрек, шешен болып есейеді. Нақысбек болыстың әділ билік жүргізумен бірге, тіліне сөз асылы ұйыған шешендік даңқы екі ел қазағына кеңінен танылған тарихи тұлға. Ал албандар кезінде түркі дәуірінде 200 жыл өмір сүріп, Орталық Азияда өркениетті Қарахандар мемлекетінің негізін салған, кейін қазақ халқының қалыптасуында зор рөл атқарған қарлық-түркілерінің басты бір тайпасы болғанын ортағасырлық деректер дәлелдейді. Сондықтан да шығар, Дүкеңнің ортағасырлық ата-бабалары болып саналатын қарлық ақындарының Қытайдағы шығармаларын тауып, зерделеп, бүгінгі күнгі оларды қазақ елінің рухани қазынасының асыл мұрасына айналдырып отырғандығы.
Дүкеннің анасы Дәмеш Тұрлыбайқызы да қазақтың ертегілері мен қисса-дастандарын, шежіресін жақсы білетін кісі болыпты. Өзі өлең-сөзден де қара жаяу емес, кезінде айтыскер ақын болыпты.
Дүкен 1982 жылы туған ауданынан орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы мемлекеттік емтиханнан ең жоғары балл жинап, Қытайдың астанасы Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетіне оқуға түседі.
1987 жылы аталған оқу орнының филология факультетін аудармашы-филолог мамандығы бойынша үздік бағамен және «оқу үлгілісі» деген атақпен (бұл атақ Қытайда университетті үздік бітірумен бірге, студент шағында әдеби немесе ғылыми шығармашылықпен танылған шәкірттерге дипломмен бірге беріледі екен) тәмамдайды. Сол жылы жолдамамен Үрімжі қаласындағы ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясына барып, Әдебиет институтының ғылыми қызметкері болып еңбек жолын бастайды. Мұнда қытай, ұйғыр халқының әйгілі ғалымдарымен бірге, Нығмет Мыңжанұлы, Жақып Мырзаханов қатарлы есімдері Алаш жұртына кеңінен танымал белгілі қазақ ғалымдарымен әріптес болып, ғылыми-зерттеу, әдеби шығармашылық, аударма салаларында өнімді еңбек етеді. Атап айтқанда, 1987 жылдан 1993-жылға дейінгі қысқа ғана бес жылда ҚХР-ның іші-сыртында 30-дан астам ғылыми еңбек жариялап, ондағы қазақ оқырмандарына «Жүрекке саяхат» атты жеке жыр жинағын ұсынады. Бұдан өзге осы жылдарда «Жер шарының қызыл белдеуі» (роман), «Шынжаңда өткен тарихи қайраткерлер» (зерттеу мақалалар жинағы), «Құлтемір Л.М.» (фантастикалық әңгімелер жинағы) секілді көлемді шығармаларымен бірге, көптеген қытай және шетел ақындарының өлеңдерін, көп сериялы телефильмдерді қытай тілінен қазақ тіліне аударма жасайды.
1990 жылы оның «Оғызнама туралы зерттеу» атты еңбегі ҚХР аз ұлт әдебиетін зерттеу саласындағы үздік шығарма сыйлығына ие болады. Ал 1991 жылы Д.Мәсімханұлына әдебиет пен ғылыми-зерттеу саласындағы көрнекті нәтижелері үшін Бүкілқытайлық жастар сыйлығы беріліп, 1993 жылы ҚХР жазушылар одағының «тың талант» сыйлығымен марапатталады.
1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық Университетінің арнайы шақыруымен атамекенге оралған Д.Мәсімханұлы аңсап жеткен отанында ғылым саласының өркендеуі үшін осы күнге дейін аянбай қызмет етіп келеді.
Туған елге деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік ізбасарларын тәрбиелеу жолында білікті де іскер ұйымдастырушы қырынан көрініп келеді. Қазақ елі үшін 100-ден астам қытайтанушы маман тәрбиелеп шығарған болса, сол шәкірттерінің дені қазір ҚР Президенті аппараты, СІМ, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, Білім және ғылым министрлігі, Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі мен консулдықтарында, қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындарында, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде жемісті еңбек етуде.
Дүкеннің қазақ руханиятының жан-жақты дамуына сіңірген еңбегі, қызметтің қызықты да қиын салаларында атқарып отырған абырой-беделі еленбей қалған жоқ. Ол әр жылдары Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымының «Жібек жолы» сыйлығымен (алтын медаль), 2013 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, 2022 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.
Дүкеңнің еліне бергенінен әлі де берері мол. Оның алдында әлі талай асулар мен белес-беделдер тұр деп сенеміз.
Сатай Сыздықов, ҚР ҰҒА құрметті академигі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Еуразия тарихы және мәдениетін зерттеу» орталығының директоры