977
Миниатюр кітап музейі
Миниатюр кітап музейі
Әлемде кітаптың неше бір түрі бар. Бұл жерде мазмұны емес, сыртқы пішіні, яки көлемі мен салмағы жағынан айтып отырмыз. Бүйірінен түрегелтіп қойса, кісі бойынан асатыны, тіпті екі қабат үйдің биіктігіне жететіні... Көлденеңінен салса, дәу шамаданның ішіне сыймайтыны... Артса, атан түйеге жүк болатыны... Қолыңды кере созсаң, қалыңдығы қос құлашқа жететіні... Түстеп-түгендеп жатпай-ақ қоялық, әлбетте, сол кітаптардың бәрінің басы құралып, бір-ақ Гиннесс рекордтар кітабына сыйып кеткен. Ал енді алақанға салғанда, сіріңке қорабындай ғана тұрқы бар кітаптар жинақталған әлемдегі жалғыз музейге бас сұқсаңыз, тіпті ғажап күй кешесіз. Ол Кавказ аймағындағы ең үлкен қала – Бакуде орналасқан және әлгі Гиннесс кітабына сол құйтақандай кітаптарымен бөле-жарғысыз бірге енген.
Былтыр Әзербайжан астанасында өткен Түркі әлемінің әдебиет және кітап фестиваліне жолымыз түскен. Алғаш ұйымдастырылған ауқымды шараның сәнін конференциялар, кездесулер, концерттер ғана келтіріп қойған жоқ, Баку мемлекеттік университеті бас ғимараты алдындағы кең алаңда ұзына бойы созыла жайғасқан кітап көрмесі де айналаны ерекше шырайға бөледі. Күллі түркінің рухани әлемі ортақ қазанда қайнады. Волонтер болып шапқылап жүрген әзербайжан жастарының тек өз ана тілінде ғана сөйлейтінін көріп, бәріміз де түркілік қарым-қатынасты «бөтен сөзбен былғамауға» тырыстық. Түрік, қырым татары, өзбек, тағы басқа ағайындар бір-бірімізді аса қиналмастан түсінісіп жаттық. «Шайырлар шаһары» атанған Бакудың кітап киесін білетін қала екеніне де бара-бара көзіміз жетті.
Бағдарламадан тыс уақытта, Фузулиді қазақша сөйлеткен алымды да, арынды ақын Кәдірбек Құныпияұлы, әзербайжан елінен алған әсерін сол сәтінде түйдек-түйдек өлең шумақтарына айналдырған сезімтал сөз иесі Саят Қамшыгер, Түркі академиясы шығарған кітаптарды қалың жұртқа таныстырып бәйек болған жүрдек журналист Жандос Бәделұлы, бір сөзбен айтқанда, қазақстандық делегация құрамындағы осы сапарлас серіктеріммен бірге Бакудің көрнекті жерлерін аралап қайтуды ұйғардық. Бет алған бағытымыз – әсем қаланың ескі бөлігі, яғни Ішкі шаһар (әзербайжанша – İçərişəhər). Онда Ширваншахтар сарайы, «Қыз қаласы» мұнарасы, Қос қала қақпасы, Керуен сарай, ортағасырлық мешіттер, моншалар, сонымен қатар бүгінгі бірқатар елдің елшіліктері, мейманханалар, дүкендер ірге тепкен. «Гауһар тасты қол» көркем фильмінің кең танымал кадрлары түсірілген көше қайырылысы туристердің аяғы үзілмейтін тұсқа айналған. Сонымен, Ішкі шаһардың тарихын түгендеп, қазіргісіне қанығып келе жатқанымызда бір шағын ғимараттың (Ғәср көшесі, 67 үй) маңдайындағы «Миниатюр кітаптар музейі» деген латын қаріпті жазу назарымызды аударды. Табалдырығынан аттадық. Кіру тегін. Қызметкер әйел құрақ ұшып қарсы алып, Қазақстаннан келгенімізді білгеннен кейін, музейдің шежіресін баяндай бастады. Біз аң-таңбыз...
Бас-аяғы отыз тоғыз шыны қоршаудың ішіне дүние жүзінің 82 елінен жол тауып келген 9 мыңға таяу кіп-кішкентай кітапшалар қойылған. Әр кітапшаның көлемі – ең әрі кеткенде 10 мм х 10 мм шамасы. Тіпті, үлкейткіш әйнекпен ғана оқылатындары да бар. 1672 жылы жарық көрген Құран Кәрім, орыс әдебиетінің классигі Пушкиннің көзі тірісінде басылған кітапшалары – сирек басылымдар қатарында. Батыстың да, Шығыстың да мәшһүр көркемсөз шеберлерінің аты-жөндерін көзіміз шалды. Кітапшалар тақырып бойынша жіктеліп, әрқайсысы тиесілі орнын тапқан.
«Бұл мемлекеттік музей емес, жеке адамның меншігіндегі қазына», – деді гидіміз. Шынында да, оның иесі Әзербайжанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Шоһрәт» («Даңқ»), «Шәрәф» («Құрмет») ордендерінің иегері, жасы тоқсанды төрлеген Зарифа Теймурқызы Салахова болып шықты. Ол 1982 жылы өзі қызмет істейтін кітап әуесқойлары қоғамының жұмысымен Мәскеуге барып, сол арада көрнекті мысалшы Иван Андреевич Крыловтың 1835 жылы көзі тірісінде баспа жүзін көрген кітапшасын 23 сомға сатып алады. Бұл кеңес заманында аз ақша емес еді. Ал Крыловты түрік халықтарының тіліне алғаш аударған әзербайжан ағартушысы Аббасқұлы аға Бакиханов болатын. Осының ықпалы тиді ме, Зарифа ханым сол уақыттан бастап мини-форматтағы кітаптарды жинауға шындап кіріседі. Жылдар озып, жиған-тергені үйге сыймай кетеді. Жұртта жоқ кітабының көптігі арқасында «ең бай әйел» деген атаққа бөленеді. Сәтін салып, өзі сөз сөйлеген бір алқалы жиынға Мемлекет басшысы Гейдар Әлиев қатысып, оның игі талпынысынан хабардар болады. Нәтижесінде, болашақ музей иесі Ішкі шаһардан өзіне ұнаған орынды таңдап алып, Баку қаласының атқарушы билігі үш жыл ішінде осы ғимаратты салып береді. Музей 2002 жылғы 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастаған. Ел президенті жаңа руханият ошағын қамқорлығына алып, оған зор маңыз артқан. Г.Әлиев бір кітабында: «Зарифа Салахова өзінің лайықты еңбегін қалай мәртебе көрсе, біз Әзербайжанды әлемнің ең алыс түкпіріндегі мемлекеттерге танытқан бұл ғажап әйелдің өз елімізде өмір сүретінін мақтан тұтамыз», – деп жазыпты. Расында, музейдің Австралияда, Англияда, Ауғанстанда, Бангладеште, Беларусьте, Германияда, Израильде, Кубада, Қытайда, Моңғолияда, Ресейде, Сауд Арабиясында, Түркияда, Украинада, Францияда өткен көрмелері – соның айғағы. Бері қарай да жалғасын тапқан жүйелі қолдаудың арқасында музей қанатын кеңге жайып, Нахичевань, Гәнжә, Шәкі қалаларында филиалдары құрылған.
Кітап сөрелерінің үстінде басқа мемлекеттердің рәміздерімен қатар тұрған Қазақстан Республикасының жалаушасы көзімізге ә дегенде жылы ұшыраған. Сөйтсек, музейге кітап тарту еткен елдерге ғана осындай ілтипат бұйырады екен. Тіпті, мынадай жағдай болыпты. Бұл орынға талай жұрттың басшысы ат басын бұрған ғой. Солардың бірі – Хорватия президенті келгенде, өз елінің туын әлгі қатардан көре алмай күмілжіп қалыпты. Мән-жайды ұққасын, ізінше төрт миниатюралық кітапты сыйлық ретінде жолдап, жанына туын қоса беріп жіберіпті. Сөйтіп, мәселе шешілген. Міне, бұл музейдің даңқ-дақпырты осындай.
Біз музейден Абайдың «Қара сөздерінің» бірі қызыл, екіншісі қара мұқабалы – екі түрлі басылымын көрдік. Мұхтар Әуезовтың екі томдық шығармалар жинағы оның сүйікті шәкірті – қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Атадан қалған тұяқ» атты кітапшасының жанына жайғасыпты. Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасының сөреден табылғанына да көңіліміз шалқыды. Бұлардың қай-қайсысы да – орыс тіліне аударылған нұсқалар. Тек ақ күріштің атасына арналған «Ыбырай Жахаев» атты кітапша екі тілде – қазақша және орысша шыққан.
Букинистік өнімдердің сатып алынғаны, тегін келгені бар – музей қоры әртүрлі жолмен жасақталған. Мысалы, белгілі орыс поэтессасы Римма Казакова өз коллекциясындағы 45 кітапшаны жомарттықпен тарту етіпті. Қолтаңбалы кітапшалар да едәуір баршылық. Атақты ақынымыз Мұхтар Шаханов «Қымбатты Леонид Александровичке достық белгісі ретінде. 30.04.1981 ж.» деп автограф жазып, сый етіп ұсынған Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарь» атты Лондонда ағылшынша басылған сонеттер жинағы да осында тұр. «Леонид Александрович деген кім болды екен?» деген сауал қойылғанда, өзі мен әкесінің аты осыған сәйкесетін, «Латынин» фамилиялы орыс ақыны ең алдымен ойымызға оралды. Ол тап сол 80-жылдары түркі халықтары ақындарының өлеңдерін аударумен айналысқан. М.Шахановтың «Жароков көшесіндегі кездесу», «Жаңғырық», «Шыңғысханның қателігі немесе жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны», «Рух мектебіндегі мұң», «Туған күн кешінде...» секілді өлеңдерін тәржімалаған. Оның үстіне, 1988 жылы Бакуде аударма өлеңдер жинағы жарық көрген Л.А.Латынин бұл кітапты Зарифа ханымға өз қолымен табыстауы әбден мүмкін.
...Сөйтіп, Бакудегі миниатюр кітап музейі керемет сырларға толы. Кішкентай кітаптар арқылы үлкен әлемді тануға жол ашатын, санаға сәуле түсіретін сиқырлы бір мүйіс іздесеңіз, сол арадан табасыз.
Амантай ШӘРІП