50513
ШҚО-да жасөспірімді аяусыз ұрған қыздың анасы қызметінен кетті
ШҚО-да жасөспірімді аяусыз ұрған қыздың анасы қызметінен кетті
Өскеменде жасөспірімді соққыға жықты деген күдікке ілінген қыздардың бірінің анасы қалалық білім бөліміндегі жұмысынан кетті деп хабарлады turkystan.kz.
Жасөспірім қызды соққыға жыққан видео көпшілікті бейжай қалдырмаған болатын. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанда, оқиғаға қатысы бар деген күдікті қыздардың бірінің анасы жұмыстан шығып кеткен. YK-news.kz жазуынша, әйел Өскемен қаласының білім бөлімінде қызмет атқарған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде бұзақылық жасаған күдіктілер жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін деген пікірлер көп айтылды. Өйткені олардың кейбірінің ата-анасы «жоғары қызметтерде», соның ішінде ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте және Өскемен қалалық Білім басқармасында жұмыс істейтіні айтылған болатын.
Алайда оқиғаға қатысы бар қыздардың бірінің туысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте істейді деген ақпаратты ведомство өкілдері жоққа шығарды. Ал қыздардың бірінің анасы Білім басқармасында істейтіні расталған.
«Ол шынымен Өскемен қалалық білім бөлімінің қызметкері болған, бірақ өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш білдірді. Қызы заңсыз әрекет жасағандықтан, қазір мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға моральдық құқығы жоқ екенін ауызша түсіндірді», - деді Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.
Айта кетейік, жақында Өскеменде жасөспірім қыздардың өз қатарласын аяусыз соққыға жыққан видеосы тарады. Осы оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.