Байсын жұртқа барғанда

Байсын жұртқа барғанда

Байсын жұртқа барғанда
ашық дереккөзі
1956
«Бабаларымыздың қиялын тербеген құтты қоныс, мәйекті мекен – Жиделі Бай­сын қай жерде болды екен?» деген сауалға қазақтың жауап іздегеніне қай заман. Жау шапқанда, жұт келгенде, ашаршылық жайлағанда, қысқасы, ел басына күн туған не­ғайбыл замандарда елтұтқа жандар көш­тің басын солай қарай бұратын. Бірақ азып-тозған жұрт оны таба алмастан, әр жерде тарыдай шашылып қала беретін. Халық санасында әдемі утопияға айналып кеткен сол өлкенің елжіреткен, емексіткен елесін көп зерттеуші Өзбекстан Республика­сы­ның Сұрхандария уалаятымен байланыс­тыра­ды. Сондықтан мінген ұшағым бұл уа­лаят­тың орталық қаласы – Термездің әуе­жайы­на қа­лық­тай қонып, топырағына таба­ным алғаш ти­ген сәтте бөлекше күй кеш­кенім рас. Алып-ұшқан көңілім әуелде біраз пә­сейіп қалғандай болды. Өйткені өзбек мем­лекетінің ең оңтүстік шаһары сана­ла­тын Термездің кескін-келбеті біз көксеген Жи­делі Байсынға ұқсай қоймайды екен. Жел­деуіт, шаңдауыт көрінді. Ерте көктем­нің өзінде күн әжептәуір қызынып тұр. Шіл­денің аптап ыстығында термометр көр­сеткіші алпыс градустан төмен түс­пей­тіні айтылды. «Ал, мықты болсаң, шыдап көр... Жерұйық емес, тамұқ қой мынауың...». Табиғаты қабақ аштырмағанмен, бұл – ішіне талай ғасырлардың сы­рын бүккен, 2500 жылдық тарихы бар «кәрі тар­лан» өлке. Термезді Александар Ма­ке­донский, Шыңғысхан, Әмір Темір және мәш­һүрлігі олармен таласа алмаса да, пәр­мені күшті небір әміршілер кезек-кезек би­леген. Оны әріде Ахеменилер, Грек-Бакт­рия, Құшан патшалықтары, Түркі қағанаты, Араб халифаты, беріде саманилер, ғаз­на­уи­лар, қараханлылар, селжұқтар, хо­резм­шахтар, шейбанилер, аштарханлылар, маң­ғыт­тар құзырына қаратып, әрқайсысы өзін­ше із тастаған. Патшалық Ресей мен Кеңес дәуірі шежіресі – өз алдына. Бүгінге кел­сек, қаланы іргелей ағып жатқан Әму­да­рияны ұзына бойлап тартылған сым те­мірдің ар жағы – Ауғанстан екенінен-ақ жай-жапсарды пайымдай беріңіз.  width= Мәдениеті мен руханияты қайт-қайта түлеген шаһардың археоло­гия музейінде зәрдөш, несториан, будда, ис­лам діндерінің жәдігерліктері көптеп қойылған. Ал жергілікті халық «Термиз Ата» деп қадірлейтін ортағасырлық атақты шейх әл-Хәкім ат-Термизидің кесенесі осы аймаққа жолы түскен әр мұсылманның ең әуелі маңдай тірейтін зиярат орнына ай­налған. Ол үрдісті мен де ұстандым. «Енді Жиделі Байсынды іздей берсек бо­латын шығар...». Бұқар жырау: «Сырдария суынан/ Көл­денең кесіп өтіңіз./ Үш жыл малды ту сақ­тап, /Жиделі Байсын кетіңіз./Кісісі жүзге кел­мей өлмеген,/ Қойлары екі қабат қозда­ған./Қатын, бала қамы үшін/Солай таман жетіңіз» дегенде, қай тұсты меңзеді екен? Аңыз бойынша, Олжабай батыр қойды қош­қарсыз, сиырды бұқасыз, түйені бура­сыз, жылқыны айғырсыз қылып, «Ауған елі» атанған жер шұрайы – Жиделі Байсын­ға соңындағы елдің бетін бұрмақшы бол­ған сәтінде дүние салыпты. Тобықтының Қа­­раменде биі руластарын Жиделі Бай­сынға қарай көшіріп бара жатқанда, қыс­тың қаһарына кезігіп, Балқаш көлінің маңын­да аялдап қалыпты. Ал желмаясымен жер шалған Асан Қайғы: «Ай, Жиделі Бай­сын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау! Қой үстіне боз­тор­ғай жұмыртқалайтын тып-тыныш ма­мыражай ел екенсің» депті. Бұлар – ел ау­зындағы әңгімелер. Хатқа түсіп, қағазға қатталған тарихи деректер де ұшырасады. Мысалы, Досмағамбет Қылышбайұлы деген кісі «Қазақ» газетіне (1914 жыл, 23 қаңтар) бы­лай деп жазыпты: «Басымызға да, ма­лымызға да таршылық келген соң, Бұқара жағында Жиделі Байсын деген бос жер бар деп ұзынқұлақтан естуімізше, 1912 жылы жаз күні 33 үй көшіп, желтоқсан айында Сырдария облысы, Ақмешіт уезі, Шиелі деген жерге құлап, дариядан өттік. Алты үйіміз түйелері өліп, көше алмай, әлгі Шие­ліде қалды. 27 үйіміз дариядан өтіп, қыс көшіп, Самарқан облысы, Жизақ уезі, Қы­зыл болысына қараған елге жеттік. Мін­ген ат, артқан түйе, айдаған қойларымыз мез­гіл­сіз ұзақ көшуге шыдамай арықтап, Қы­зыл­­құм ішінде жұтадық. Малымыздан айы­рылған соң, ішуге азығымыз болмай, ашар­шылыққа душар болдық. Қызыл елі айт­ты: «Әуре болмаңдар, Жиделі Байсында ел сиятын бос жер жоқ» деп. Соның үшін біз Сырдария бойына қайтпақшы болдық». Бұл мәліметтерде «Ауған елі», «Бұқара жағы», «Самарқан облысы» деген атаулар­дың ұшырасатыны қызықты. Кездескен бетте «Яхшимисиз? Зор­ми­сиз? Чарчамадизми?» деп амандық-саулығыңызға алаңдап, елпек қағатын мейірлі өзбек ағайынның қай-қайсысынан сұрасақ та, ол жөнінде хабары жоқ. «Жүз елу шақырым жерде Байсын шаһары бар, оны айнала қоршаған тау да солай аталады, бірақ Жиделі дегенді естіген емеспіз», – дейді. Әлбетте, Байсынның ба­рын білеміз. Интернет мәліметіне біршама қа­нықпыз. Бірақ сол Байсынның біздің Жиделі Байсынға қатысы бар ма, жоқ па, әйт­песе ол санамызда жаңғырған бейнеге ұқ­сай ма, ұқсамай ма – көзбен көргіміз ке­леді.  width= Сөйтіп жүргенде, шаһардың орталық көшелерінен «Бахшылар Отаны – Сұрхан Анам» («Baxshılar dıyorı – ona Surhanım») деген жазуы бар, өзбек тақиялы өнер­паздар бедерленген билборд наза­ры­мыз­ға бірден ілікті. Өйткені ғылыми са­пары­мыздың діттеген мақсаты сол – бах­шылардың шығармашылығын, Сұрхан еліндегі дастаншылық мектептің қазіргі хал-ахуалын зерттеп-зерделеу. Түбі бір сөз бол­ғанымен, өзбектің «бахшысы» мен қа­зақтың «бақсысы» екі түрлі мағынаға ие. Біздің бақсы – қобыз сарнатып, зікір салып, жын шақырып, бал ашатын, дерт қа­шы­ра­тын кәдуілгі шаман. Өзбектер «бахшы» деп жыраулары мен жыршыларын айтады. Бах­шылармен сұхбат құрмас бұрын Бай­сын­ға қарай бет түзеймін деу – жалаңқай тір­лік, құр далақпайлық. Оны да тез арада тү­сініп қалдым. Себебі билбордтағы сөздер бе­кер болмады – сұрхандықтардың бах­шы­лық өнерді айрықша бағалайтынына жә­не Байсынды киелі өңір тұтатынына кө­зім жетті. Мемлекет басшысы Ш.Мирзиеевтың арнайы жарлығымен Термезде рес­публикалық дәрежедегі бахшылық өнер мек­тебі ашылған. Мектеп директоры Діл­мұ­рат Чориев, оның орынбасарлары Ұлық­бек Бекназаров, Атабек Дәулетов мені құ­шақ жая қарсы алып, өз жұмыстарымен ег­жей-тегжейлі таныстырды. Білім ор­да­сының жеке оқу ғимараты, төрт қабатты жай­лы жатақханасы бар. Елдің әр түк­пірінен іріктелген отызға жуық талантты шәкірт бахшылық өнерді игеріп жатыр. «Өз­бекстан Республикасының халық бах­шы­сы» атағы берілген Шодмон Қо­жам­бер­диев, Бахшықұл Тоғаев, «Дустлық», «Шух­рот» орденінің иегерлері Зұлхұмар Шер­на­зарова мен Бахтияр Артықов, рес­пуб­ли­ка­лық фестиваль жеңімпазы Майсара Ра­химова балаларға шеберлік сыныптарын жүр­гізеді. Әрқайсысына жағдай жасалып, же­ке-жеке дәрісхана бекітілген. Сұрхан­дық­тардың түсінігінде бахшылық – жай ғана үйреніп шығатын өнер емес, екінің бірі­не қона бермейтін сирек қабілет, бы­лай­ша айтқанда, тәңірдің сыйы. Сондықтан болар, шабытты «илаһи» деп атайды. Бах­шы­лық ұстаздан шәкіртке, атадан балаға ми­рас болып, ізін жоғалтпай келе жатқаны аян. Мысалы, Өзбекстанның тұңғыш халық бахшысы Шоберді Болтаевтың ұлы Ро­зықұл, жоғарыда айтылған Шодмон бах­шының ұлы Шерәлі – әрі бахшылар, әрі осы мектептің ұстаздары. Мектепте үлкен мен кі­шінің қарым-қатынасынан инабатты сый­ластық, жарасымды әріптестік аңға­ры­лады. Көпшілігі өздерін «мілләтіміз – өзбек, ұры­ғымыз – қоңырат» немесе «Байсын қоңыраттар еліненбіз» дейді. «Әкә-үкәмен» қа­тар, тілдік қорында «аға, іні» сөздері сақ­тал­ған. «Йоқ» дегеннің орнына кейде «жоқ» ес­тіліп жатады. Ара-тұра қазақша мақал-мә­тел айтып қалсаң, оның ұқсас баламасы та­была кетеді.  width= Бахшылардың қазаққа бір жақын­ды­ғы домбырадан көрінетін секілді. Бұл аспапты олар пірінен кем санамайды. Өз­бек домбырасының біздікінен айырмасы: шанағында үш тесігі бар және мойнына пер­не тағылмаған. Сосын «домбыра тарт­тым немесе шерттім» емес, «домбыра шал­дым» деп сөйлейді. Шерәлі бахшы Егам­бер­диев: «Біз оқушы таңдағанда, ең ал­ды­мен музыкалық сауатына емес, құлағының ес­ті­лігіне қараймыз. Есті құлақ болмаса, яғни әуезді қалтқысыз еститін құлақ болмаса, сон­дай-ақ айтылатын сөздің ұйқасы мен пар­қын аңдамаса, жүректен жүрекке жет­кізе алмаса, бәрі зая», – дей отырып (сол сәт­те Абайдың «Есті құлақ ұғынар» дегені ой­ға оралды), әрі қарай: «Жігіт үйленбей ата болмайды, Биік тауларда бұта бол­май­ды, Бахшының домбырасында нота бол­май­ды» деген ел аузында қалжыңға айнал­ған қағиданы мысалға келтірді. Домбыра­ның жаңғақтан, өріктен, тұттан, ал ең са­па­лысы биік тауда өсетін алмұрт ағашынан жасалатыны сөз етілді. Байсын бахшыларының репертуа­рын­да «Көрұғлы», «Молла саудагер», «Ал­тын қабақ», «Сұлухан», «Айбарша», «Әуез­­хан», т.б. көптеген дастандар бар. Бір­ақ олар үшін ең маңызды эпостық шығарма – «Алпамыс». Кез келген тойға бахшы ша­қы­рылып, ол міндетті түрде «Алпамыстан» бір үзінді айтады. Бұл ғажайып фольк­лор­лық туынды өзбек, қазақ, қарақалпақ – үш ха­лыққа ортақ; әрқайсысының өз вер­сия­лары, варианттары кездеседі. Бала күні­міз­де «Алпамыс» жыры жазылған екі үлкен күй­табақты атамыздың жанында отырып, қайта-қайта айналдырып тыңдайтынбыз. Сон­да: «Бұрынғы өткен заманда, Дін мұ­сыл­ман аманда, Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде, Байбөрі деген бай боп­ты, Төрт түлігі сай бопты...» деген жол­дар сәби қиялымызды алыс бір жақтарға жетелеп әкететін. Ал былтыр ғана дүниеден озған сұрхандық атақты бахшы Әбдіназар Пайонов жырлаған «Алпамыс» дастаны: «Өткен қадым заманда, Қоңырат деген таманда, Елі-жұрты аманда... Ұлытаудан әр­менде, Көкшетаудан берменде, Байсын-Қоңырат жұртында, Алпыс алты рулы қоңырат елінде...» деп басталады. Содан т­ағы сұрау салдық: «Бұл дастанда айты­ла­тын Ұлытау, Көкшетау бізде бар, сізде жоқ. Сондай-ақ Байсын бар, Қоңырат бар, ал Жи­делісі қайда сонда?». Жергілікті тарих­шы, Термез университетінің оқытушысы Таш­кенбай Пардаев: «Жиделі Байсын Қа­рақалпақстанда бар деп бір жерден оқыдым және жұрттың айтуынша, Арал теңізінің астында бір Байсын қаласы қалған» деген бол­жамын бөлісті. Бірақ, жан-жақтағы бас­қа білімпаздардан сұрастыра келгенде, екі долбар да расталмады. Сонымен, Байсын ауданына (өзб. tuman) баруға жиналдық. Бахшылар мек­тебінің әрі баспасөз хатшысы, әрі шаң­қобыз шебері, әрі оқытушысы Данияр Шау­хатұлы өзінің құйтақандай, пропан газы­мен жүретін «Матиз» көлігін алыс жол­ға сайлады. Бұл шаһардан тау-тасты аралап кететін ірі бітімді машинаны шырақ алып іздесең де таппайсың. Содан Ешбай бахшы­ның елгезек те епті немересінің темір тайы­на «Байшұбар» деп ат қойдық. Данияр­дың университетте бірге оқыған досы, атал­мыш мектептің дәстүрлі ән мен музы­ка бөлімінің меңгерушісі, Байсында туып-өскен Ерәлі Аманов қатарымызға қосылды. Ол – біз үшін тегін «гид», өйткені өзі туған ай­­мақтың ой-шұқырын жатқа біледі. Жиыр­­маның жетеуіндегі екі құрдас таңғы са­­ғат алтыда мені мейманханадан жолға алып шықты. Жаңбыр сіркіреп тұр еді, Да­нияр: «Уайымдамаңыз, мына шөліркеген Тер­­мездей емес, Байсын – таулы аймақ, бұлт­­­тың төнуі де, тарқауы да тез», – деді. Қа­ла­­дан шыға бере басталған тақтайдай те­гіс жолдың үстінде «Матиз» әдемі бүл­кіл­ге басып, ұзақ шақырымдарды көзді ашып-жұмғанша артқа тастады. Ертегілерде көзге қо­раш қотыр тай ақырында жел жетпейтін тұлпарға айналушы еді ғой. Тура соның ке­бі. Жолшыбай Ангор, Шерабад аудан­да­рын басып өтіп, Байсын тауларының қой­науы­на еніп бара жатқанымызды байқамай қалыппыз.  width= Несін айтасың, Байсын десең – Бай­сын... жоқ, біздің қиялымыздағы Жи­делі Байсын. Біріне-бірі ұласқан ғажап тау көріністері. Сөзбен суреттеуге тек Ілияс Жан­сүгіровтың тілінің бояуы ғана жететін бо­лар. Расы, өз заманында соқыр Бекетбай ақын көзбен көргендей жырлапты ғой: «Асан Қайғы бастаған/ Жиделі Байсын жері бар/ Шаңырағына мың түйе,/ Жылына үш қоз­дайтын/ Қой біткен құтты елі бар,/ Қу­лы, нулы көлі бар./Өзеннің ұзын кені бар./Жал­ғыз түп қана шиінде/ Айғыр үйір жыл­қы ығар./Сондай шүйгін шөбі бар,/Көшудің со­ған жөні бар». Ерәлі мен Данияр жарыса сөйлеп келеді: «Бұл арада жеміс-жидектің түр-түрі өседі: жаңғақ, арша, шынар, тұт, ал­мұрт, алма, жүзім, анар...»; «Жақында газ­дың кені табылды, көмір мен тұз бұрыннан бар...»; «Қазір өзіміз баратын Аманхана қай­­­нарының суы барлық дертке шипа...»; «Осын­­дағы Тесік тас үңгірінен неандер­та­ль­дық сәбидің сүйегі табылған...»; «Тау аң­ғарындағы даңқты Темір қақпа арқылы өте­тін керуен жолы Бұқара мен Самарқанды Үн­ді елімен жалғап жатқан...»; «Жартастарда таңбаланған ежелгі суреттерді көрсеңіз ғой..». Аңызы мен ақиқаты араласып кеткен әң­гімелер. Байсын тауының бір жықпы­лын­да Алпамыстың садағы жасырулы жа­тыр, оны тапқан адам бақытты болады-мыс. Даңқты саяхатшы Марко Полоның асыл қазынасы, Әмір Темірдің қылышы да қап­таған сансыз үңгірлердің бірінде көз­ден тасаланған. Тауып алсаң, байлыққа ке­­­нелесің. «Жиделісі қайда?..» демекші, мұн­дағы кісілерден естуімізше, бұрынғы кез­де әр үйдің иесі өз ауласына жиде аға­шын егіпті. Пиғылы бұзық әлдекім боса­ға­сы­нан аттаса, ол жарықтық бүкіл теріс энер­­­гияны өзіне тартып алып, көп ұзамай бұтақтары қурап қалады екен. Әлбетте, ар­хаикалық танымнан ажырамаған бұл Бай­сынға қандай әпсана да жарасып тұр. Оның 2001 жылы ЮНЕСКО-ның «Адам­зат­тың ауызша және материалдық емес мұра­сының жауһарлары» тізіміне енгізілгені бекер емес болды.  width= Көлікті тізгіндеген Данияр «отқа сал­са жанбайтын, суға салса батпай­тын» Алпамыс бабасына тартып туған қай­сар жігіт екен. Астымыздағы «Бай­шұ­бары» асудан асуға ыңырана көтеріліп, құз-қиядан еңіске қарай жүйтки құлдилап, Бай­сынның талай мүйісін түгендеп шық­тық. Мысалы, Сайроб қышлағындағы сирек та­биғи жәдігер есебінде мемлекеттің қам­қор­лығына алынған мыңжылдық шы­нар­ды тамашалағанның өзі – бір ғанибет. Биік­тігі 26 метр бұл кәрі дарақтың діңінің жуандығы сондай, ішіне бөлме жасалып, сыр­тына есік қондырылған. Патша зама­нын­да мектеп, большевиктің кезеңде қыш­лақ кеңесінің кеңсесі, сосын атты әскер полкінің кітапханасы, кейін сауда дүкені ор­наласқан. Қазір туристерге арналған көр­­ме орны. Бұл шынарға халық «Алпа­мыс», ал қасында өскен екі шынардың шет­кісіне «Баршын», ортаңғысына «Жә­ді­гер» деп ат қойыпты. Сөйтіп, дастанның кейіп­керлерін тірілткен шынарлар «әке – ана – бала» боп сап түзеген. Сапар барысында Байсын шаһарын­дағы Ерәлінің үйіне соғып, әкесінің қолынан шай іштік. Абдулла замандасымыз осын­дағы хұнармандардың (қолөнер­ші­лер­дің) басшысы екен. Ол бізге Байсында ға­на өсетін, былтырдан сақталып қалған ал­мадан дәм татқызды. «Қона кетсеңіз­дер­ші» деп меймандостық танытты. Мәдениет үйіне барып едік, оның бастығы да ақжар­қан кісі екен, бізді түнемелікке қалдырғысы кел­ді. Ертеңіне қыр төсінде көкпар (өзб. кupkarı) тартылатыны тілге тиек етілді. Уақы­тымыздың тығыздығына сүйеніп, қай-қайсысына да Алла разы болсын айт­тық.  width= Қайтарда, Моншақ қышлағының кіре бе­рісінде, көлігінің жанында бізді домбыра­сын қолына ұстаған күйі Орал бахшы Рах­и­мов күтіп тұрды. Тойдан босап қайт­қан беті екен. Бір байқағаным, қай бахшы да мейманды бірінші рет көрген бетінде қо­шығын (өлеңін) төгілте жөнеледі. Және кіріспе мадақ сөзін көбіне домбырасына ар­­­найды. Бұл әдеттен Орал бахшы да ай­ныған жоқ. «Аршалардың астынан аршып ал­ған домбырам,// Пістелердің астынан пі­шіп алған домбырам...// Домбыра сені ба­ғайын, //Мойныңа тұмар тағайын.//Сөй­ле, менің домбырам...//Қош келіпсіз Байсын қоңырат еліне!» – деп лекіте жырлап, біраз жер­ден қайырды... Өркениет өрісінде өзінің байырғы бі­тім-болмысын жоғалтпаған, жыл сайын көктемде өтетін «Байсын бахоры» фес­тиваліне Англиядан, Франциядан, Гер­ма­ниядан, Жапониядан, Оңтүстік Кореядан өнер­паздар ағылып келіп қатысатын Бай­сын жұртының ашылмаған тылсымы көп. Немістің танымал түркологі Карл Райхл осын­да айлап жатып, бахшылар өнерін ізер­леп зерттесе, француз өнертанушысы Жан Дюринг қадірменді бахшы Шоберді Бол­таев хақында толықметражды деректі фильм түсірген. Ал 1997 жылы ЮНЕСКО ма­мандары келіп, Сұрхандария мен Қаш­қа­дария алқабын қамтитын Шерабад дас­тан­шылық мектебінің негізін қалаған Шер­на бахшының әулетінен өрбіген атақ­ты Мардонақұлұлы Құшбақ бахшының аузы­нан «Алпамыс» дастанының бір нұс­қа­сын таспаға жазып алыпты. «Ұстаздардың ұстазы» атанып, Қызырық ауданының Азан қышлағында тұрып жатқан сексеннің сең­гірін­дегі қазыналы ақсақалдың шаңы­ра­ғы­на арнайы ат басын тіреп, шежірелі әңгі­ме­сін көкейге түйдік. Бәндіхон кентіне бар­ғаны­мызда, «Алпамыс» дастанын тоғыз сағат бойы тоқтамай жырлайтын Өзбек­стан­ның халық бахшысы Сафар Шойды­лов­тың шеберлігіне тәнті болдық.  width= Сұрхан елі бахшылық рухымен ты­ныс­тап тұр. 2019 жылы ел президен­ті­нің тікелей бастамасымен Термезде тұң­ғыш Халықаралық бахшылар фестивалі ұйым­дастырылыпты. Оған әлемнің 74 елі­нен 160-тан астам өкіл қатысқан. Тіпті, қиян шеттегі Африка құрлығының дәстүрлі жыршылары да арқаланып келіпті. Осы үлкен өнер сайысында қазақ қызы Ұлжан Байбосынованың Бас жүлдені жеңіп ал­ғаны – біз үшін зор мәртебе. Әр екі жыл сайын өтетін бұл дәстүрлі фестиваль келесі рет­те – 2021 жылы Нөкісте болса, үшін­ші­сін биыл сәуір айының соңында Сырдария уалаятының кіндігі – Гүлістан шаһары қар­сы алады. Дүбірлі думанға Байсын бах­шы­лары да қызу дайындық үстінде. Оның барысын белгілі мәдениет қайраткері Үміт Норбоев басқаратын Термез қаласындағы Республикалық бахшылық өнер орталығы үйлестіреді. Термездің аумағы ат шаптырым ор­та­лық саябағына Алпамыстың аты беріліп, қақ ортасына ескерткіші орна­тыл­ған. Байсын қоңырат елінің тіршілігін, ты­ныштығын қорыған рәмізі іспетті. Бір қы­зығы, біз Жиделі Байсынды іздеп жүрсек, мұн­дағы жұрттың аңсарына айналған өз жерұйығы бар екен. Ол – Көроғлы билік құр­ған-мыс «Шәмбіл» деген қоныс. Бірақ оның қай жер екенін ешкім дәл нұсқап көр­сетіп бере алмайды. Әйтеуір, шамамен түрік­мен жаққа сілтей салады. Міне, қайда барсаң да, жоқ іздеген адамзат. Сірә, бахшылар жырлаған Байсын баяны жуық арада түгесілмек емес.

Амантай ШӘРІП, арнайы «Түркістан» газеті үшін, Астана – Термез – Астана

Серіктес жаңалықтары