51242
Омбы сапары
Омбы сапары

Жыл басында оқырманнан «TÚRKISTAN-ның Ресейдегі екі кейіпкері мемлекеттік «Шапағат» медалімен марапатталды» деп сүйінші сұраған едік. Олардың бірі – «Омбы қазақтары» ұйымының негізін қалаушы Торғын Әшенова марапат алған бойда: «TÚRKISTAN газетіне шыққан мен туралы сұхбат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына іліккен соң ол «Ресейде де қазақтың осындай батыр қыздары тұрады екен ғой» деп ой түйген секілді. Әрі Қазақстандағы ұйымдардан кем түспей, Ресейде туып-өссек те қазақ тілі мен ділін ұмыттырмау үшін атқарып жүрген қыруар шаруамыз туралы естіп-білсе керек. Қазақстан Президенті TÚRKISTAN газеті арқылы бізді таныды десем, артық айтпаймын. Расымен, TÚRKISTAN Президенттің бізді танып-білуіне үлкен септігін тигізді» деп ағынан жарылған еді. Біздің басылымның тұрақты оқырманы Торғын Омбы қазақтарының тұрмыс-тіршілігі және құрмалдық дәстүрімен танысып қайту үшін арнайы Омбыға шақырған болатын.
Құрмалдық туралы алғаш естігенде «Бәлкім құрбандық дегіңіз келген шығар? Әлде сіздерде құрбандықты солай атай ма?» деп қайта-қайта сұраған едік. Сөйтсек, арнайы мал сойып, туған-туыс, дос-жаранды бір дастарқан басына жинап, ізгі тілектер айту ғұрпын Омбы қазақтары құрмалдық деп атайды екен. Омбыға барған алғашқы күні «Арман» кафесінде жайылған дастарқаннан дәм татып, әр ауданнан келген қоғам белсенділерімен таныстық. Сондай-ақ жиылған жұртты қазақ әні мен күйіне бөлеген жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалап, «Қалташоу», «Жілік сындыру» дәстүрін тамашаладық. Қандастардың бізден жырақта жүрсе де, ұлттық құндылықтардан, тіл мен дәстүрден ажырап қалмағанына қайран қалып, «Жарайсыздар!» дестік. Ертесі Торғын Омбының қақ ортасында орналасқан «Омбы қазақтары» ұйымының кеңсесіне алып
барды. Торғынның былтыр жіберген суреттерін қарағанда ұйым мүшелері он жыл ішінде атқарған қыруар жобаларын екі-үш кабинетте отырып-ақ жүргізіп жүрген болар деп ойлаған едім. Сөйтсем, қала әкімшілігі ұйым иелігіне тұтас бір қабатты берген екен. Үш кабинетте жұмыс істеп отырған Торғындар қалған кабинеттерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ол ұзын дәлізді аралап келе жатып, жолай әр кабинеттің есігін ашып: «Мынау шеберхана болады», «Ал мынау би залы болады», «Мына жерде қазақ тілі кабинетін жасақтаймыз» деп кішігірім экскурсия жасады. «Бұйырса, екі-үш айда мынадай үлкен ғимараттың іші қыз-қыз қайнап жатады екен ғой» десем, Торғын «Дәл өзі. Біз сондай атмосфераның орнауын асыға күтіп жүрміз. Омбы қазақтары мұнда қалаған үйірмесіне қатысып, ғимараттың ішінен адам үзілмейтін болады. Бұйырса, аз қалды!» дейді көзі бал-бұл жанып. Байқағаным, Омбыда тұратын қазақтар бұл кеңсеге өз үйіндей кіріп шығып жүре береді екен. Торғын мен жолдасы Қуаныш та туысқанын көргендей жақын тартып, келген адамға төрін ұсынып, тәтті-дәмдісін алдына тосудан жалықпайды.
Бір ғана газельмен келемін. Біраз жер ғана жүремін. Былтыр қазан айынан бері сабақ жүргізіп келе жатқандықтан барлық жерді жаттап алдым. Еш кедергісіз жетемін» дейді Ханбатый аға киімін ілгішке іліп жатып. «Қоянбай ауылы мен Омбы қаласының арасы 75 шақырымдай. Қатынау қиын емес пе?» десем, «Мен Омбыдағы қазақ балаларына дүйсенбі, сейсенбі күні сабақ беремін. Ал қалған күні Қоянбайға барып, «Мерей» ансамбліндегілерге үйірме өткіземін. Омбыда үйім бар. Сондықтан аса қиын емес. Маған балаларға бірдеңе үйреткен ұнайды. Оған қоса, қазіргідей қаладағы ата-аналардың қызығушылығы арта түскен уақытта ауылдан басқа жерге бармаймын деп бұртиып отырып алу дұрыс емес. Домбыраны өскелең ұрпаққа біз танытпасақ, кім танытады? Бірақ біздің балаларды мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Мерекелік кештерде ән айтатын олар қонақтардың қалталарына ақша қыстырғанын көріп, мәз болады. Берген ақшалары кәмпитін, шоколадын алып жегенге жараса да жақсы ғой» дейді. Мені қатты таңғалдырған жайт, домбыра үйірмесіне қатысатын бір топ бала Ханбатый ағаға көмектесуге асығып тұрады екен. «Ата, тұра тұрыңыз!», «Ата, мен қазір ашамын!», «Ата, жүріңіз, мен ертіп барайын!» деп улап-шулаған олар Ханбатый ағаны қаумалап, домбыра сабағы өтетін кабинетке жетектеп апарды. Алмас уәде бергендей, олар бізге «Келіншек» күйін орындап берді. Бір қызығы, Ханбатый аға кабинетте кімнің қайда отырғанын біледі екен. «Шетте отырған Олжас сен бе? Олжас, сен күйді олай қатты аяқтама. Қане, менімен бірге қайтала!» дегені сол еді, Олжас ағаның қасына жетіп барып, екеуі бірге орындай бастады. Мұнда қала балаларының бірінен-бірі қалмай, жарысып тұрып домбыра шертуге деген ынтасын байқап бір таңғалсақ, олардың үлкенді айрықша сыйлап, құрметтейтініне куә болып, екінші рет таңғалдық.
Махаббат аға бұл істі соңына жеткізу оңайға түспегенін айтып. Ол бұл естелік тақтайшаны Президенттің әкесі болғандықтан орнатуды көздемегенін айтады. «Тағы да қайталап айтамын. Мен Кемел Тоқаев туралы дерек тауып, естелік тақтайша туралы ойластырып жүргенімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы болатын. Мен оның болашақта Президент болатынын қайдан білемін?! Көпшілік бұл істі Президентке ұнау үшін қолға алды деп ойлауы мүмкін. Бірақ біз Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тек бір ұлт емес, Кеңес одағын мекендеген көп ұлт жанкештілік танытқанын көрсеткіміз келді. Дегеніміз орындалды. Себебі естелік тақтайша ілінген әскери госпиталь маңында аялдама орналасқан. Әрі қала орталығы болғандықтан, мұнда көп адам жүреді. Естелік тақтайшаға еріксіз көзі түседі. Қызыққандары жақындап, тақтайшада жазылған деректі оқып тұрады» дейді М.Көптұров. Расында да, Омбы қаласы әкімшілігінің қасында орналасқан әскери госпиталь қабырғасында ілулі тұрған естелік тақтайшаны көруге барғанымызда жолай өтіп бара жатқан ерлі-зайыпты кідіріп, «Не деп жазулы тұр? Тоқаев деп тұр ма? Әдемі тақтайша екен» деп екеуара сөйлесіп тұрды. Махаббат аға әскери госпиталь ішіндегі музейді аралатқысы келген еді, бірақ музей ісіне жауапты маман орнында жоқ болғандықтан, ішіне кіре алмадық. Содан соң Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің корпусына қарай жол тарттық. «Сені ол университеттің ректорымен таныстырайын деп едім. Неге дейсің ғой? Жалпы, біз Омбы кадет корпусында үздік оқитын қазақ балаларға Шоқан Уәлиханов атындағы стипендия тағайындаймыз. Сол үрдісті жалғастырып, біз қазір бара жатқан университеттің ректорымен кездесіп, онда оқитын студенттерге Мағжан Жұмабаев атындағы стипендия тағайындау туралы ортақ мәмілеге келдік. Әрі Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған үздік жұмыстар арасында конкурс ұйымдастырмақ ойымыз бар. Қазір ректормен кездесе алсақ, жақсы болар еді» деді жолай Махаббат аға ағынан жарылып. Бірақ диссертациялық кеңесте отырғандықтан университет ректорымен кездесе алмадық.
Содан соң Омбыдағы орталық көшелердің бірі саналатын Шоқан Уәлиханов көшесін жаяу жағаладық. Осы көшеде орналасқан Омбыдағы Қазақстан Бас консулдығына қарай аяңдап келе жатқанымызда бозбала шағын Омбыда өткізген Шоқан Уәлихановтың ескерткішін көзіміз шалды. Шоқанның қолына кітап ашып ұстап отырған пошымы бейнеленген бұл ескерткіш 2004 жылы ашылған. Ескерткіштің артқы жағында тұрған тұрғын үйдің қабырғасында атқа мінген Манас батырдың граффитиі бейнеленген. Қабырғаға сурет салуға рұқсат алған суретші әлем жұртшылығына «Манас» жырын таныстырған Шоқан Уәлихановтың қасында дәл осы сурет тұрғаны жөн деп санаса керек. Сосын Торғын «Сізге мына жер қызық болып көрінуі мүмкін» деп Уәлиханов көшесінде орналасқан Skuratov кафесіне ертіп кірді. Үлкен қабырғада бейнеленген Шоқанның суреті мен Cho жазуын көрсетіп «Омбылық суретші Дамир Мұратов басына берет киген Шоқанның суретін Че Гевара стилінде осылай салған» деп сипаттай бастады. Өзі салған Чеховтың портретіне Сhe Khov, Чапаевтікіне Che Paev деп жазатын суретші Омбыда осындай ерекше стилімен танымал екен.
Айтпақшы, консулдықтың қасында Шоқан Уәлихановтың ескерткішінен басқа, Омбыда туған белгілі суретші Амангелді Шәкеновтің мүсіні орнатылған. Бір қызығы, жасыл түсті бұл ескерткіш бәрінен өзгерек. Орындықта ойға шомып отырған Амангелді Шәкеновтің мүсіні мен оның артына мольберт тұр. Тұғырында «Амангелді Шәкеновке - суретші және ұстазға» деп жазылған. «Бұл ерекше ескерткішті Омбыда өсіп-өнген, қазір Санкт-Петербургте тұратын жас мүсінші Мейрам Баймұханов қола мен граниттен жасаған. Мейрам – суретшілер династиясынан шыққан өнерпаз. Оның әкесі Гейрман Баймұқанов – танымал суретші. Омбы облысына қарасты Тогунас ауылының тумасы. Өте дарынды отбасы» дейді Торғын ескерткіштің қасына жақындап. «Кемел Тоқаевқа арналған ескерткіш тақтайшаны да әдемі етіп салған осы – Мейрам. Расында дарынды бала» дейді Махаббат аға Торғынның сөзін жалғап.
Ымырт түсе бастаған кезде әйгілі, кезінде ең таңдаулы, бірегей оқу орны саналған Омбы кадет корпусының алдына келіп жеттік. «Бұл жердің несімен ерекше екенін айтпасақ та білесіз» дейді Торғын мен Қуаныш. Келісерсіз, бірде-бір орысша сөз білмей келген Шоқанның ғылым мен өнер жолында дарынын ұштап, әлем есігін ашқан «Омбы кадет корпусы» дегенді естісеңіз сіз де елең етпей қоймайсыз. Мектепте тарих пәнінен сабақ берген мұғалімім «Ойлап қараңдаршы, Омбы кадет корпусына оқуға түскен кезде Шоқан нәбары 12 жаста болған. Оған қоса, әлгі кадет копусы – жабық әрі әскери оқу орны. Онда әскери сабақтарға ден қояды. Бірақ сөйте тұра, ол география, тарих, философия, физика, математика сабақтарын беске оқып, жан-жақты дамыған» дегенін естіген кезде бұл жердің әлдебір сиқыры болар деп ойлайтынмын. Расында, сонау 1847 жылы ауылдан келген бала Шоқанға шартарапқа жол ашқан еңселі ғимараттың алдында тұрып ерекше күй кешеді екенсің. Бір ауыз орысша білмеген Шоқанға корпус қабырғасында орыс тілін үйреткен жақын досы, шығыстанушы ғалым Григорий Потаниннің естелік жазбаларынан оның өз ғасырынан озып туғанын, сондай қағілез, елгезек жан болғанын талай рет оқыған боларсыз. «Бізден жасы кіші болса да, өзімізбен салыстырғанда, ол үлкен сықылды еді. Біз оған қарағанда бала тәрізді едік. Өзінің бізден артық білетінін не бізден білім жағынан жоғары екенін білдіруге тырыспаса да, жолдастардың арасында болатын жай әңгімелердің өзінде-ақ оның білімінің бізден артық екені білініп қалатын. Жалпы жолдастарына, соның ішінде маған, ол еріксіз «Еуропаға ашқан терезе» сықылды болды», деп еске алады Потанин бір жазбасында. «Көріп тұрсыз ба? Анау жерде Шоқанның досы болған Потанинге арналған тақтайша тұр. Ал мына жерде Шоқан Уәлихановке арналған тақтайша тұр. Жалпы, корпустың алдында осында әр жылдары білім алған мықтылардың құрметіне осылай қара түсті тақтайшалар ілінген» дейді Қуаныш.
Сосын «Омбы қазақтарының» кеңсесіне қайта барғанда Торғын 2014 жылдан бері шығып келе жатқан «Омбы қазақтары» газетінің тігіндісін көрсетті. «Сіздің қолыңыздағы тұп-тура тоғыз жыл бұрын 19 наурыз күні шыққан «Омбы қазақтары» газетінің бірінші номері. Ал мынау – өткен айда шыққан су жаңа номер. Былай қарасаңыз, бұл екі газет жай ғана қағаз ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ осы аралықта бұл басылым Омбы қазақтарының тілін, ділін, дінін, салт-дәстүрін сақтап қалуымызға үлкен септігін тигізген қуатты құралымыз бола білді. Құдай қаласа, бұл игі істі ары қарай да абыроймен атқарамыз деп сенемін» дейді Торғын газеттің тігіндісін орнына қойып жатып.
Тарихшылардың сөзіне сенсек, ХХ ғасырдың басында Омбы жерінде орналасқан қазақ ауылдарының саны 800 болған. Сол 800-ден қазір 40 шақты ауыл қалды. Торғынның айтуынша, Омбы қаласы мен сол 40 шақты ауылда жалпы саны 100 мың қазақ тұрады екен. Сол 100 мың қазақтың рухын көтеріп, санасын серпілтуді миссиясы етіп алған Торғын мен Қуанышпен қимай қоштасып, қол алысып, сәттілік тілестік.
Бұл жолсапардың мақсаты – Омбыдағы қазақтардың рухани, мәдени өмірімен танысып, қандай мәселелері барын біліп қайту болатын. Көрдік. Білдік. Таныстық. Жолсапар барысында Омбы қазақтарының рухани келбетінің сақталуына үлес қосып жүрген бірнеше кейіпкердің айрықша еңбегі жайындағы материалды газетіміздің алдағы сандарында оқи аласыздар.

Қазақ домбырасын хан көтеріп жүрген Ханбатый
Кеңсенің кіре беріс есігінен кіріп келе жатқанда жоғары қабатта әлдебіреудің күй шертіп жатқанын естіп, жүрегіміз аттай тулап сала берді. Сөйтсек, Омбыда тұратын 11 жастағы Алмас он минуттан соң басталатын домбыра үйірмесінде берілген үй тапсырмасын қайталап отыр екен. «Мен осында домбыра үйірмесіне қатысып жүрген балалардың өнерін тамашалаған соң олардың қатарына қосылғым келді. Әрі маған домбыраның үні қатты ұнады. Қазір «Келіншек», «Жастар» күйін тарта аламын. Қазір домбыра үйрететін ата келгенде бір күй ойнап береміз» дейді Алмас домбыра үйірмесі өтетін кабинетке бара жатып. «Домбыра үйрететін ата» деп отырғаны – Ханбатый Әбеуұлы. Ханбатый аға сонау 90-жылдан бері Омбы облысына қарасты Таврия ауданында Қоянбай ауылындағы орта мектепте домбыра үйірмесін жүргізіп келеді. 2000 жылы сол ауылда құрған «Мерей» ансамблі Омбы облысы бойынша бірнеше мәрте үлгілі ансамбль атағын алған. «Бір концертте Торғын маған домбыра үйірмесін ашқалы жатқанын айтып, соны жүргізуімді өтінген еді. Бірақ мен біраз ойландым. Себебі жұмыс пен үйдің арасында шапқылап жүріп, глаукоманы күшейтіп, көзіме қайдан зақым келгенін түсінбей қалдым. Дәрігерге кеш қаралып, ақырында байқап отырғаныңыздай көзім нашар көретін болды. Сондықтан алғашында ауылдан қалаға барып келуім қиындау болады деп ойлаған едім. Бірақ «Омбы қазақтарының» кеңсесі орталықта орналасқандықтан, маған келуге ыңғайлы.
Ұлтына деген құштарлығы ерекше Махаббат ағай
Кеңседе жайылған дастархан басында Махаббат Көптұровпен әңгімелесіп, Торғын секілді біраз игі істерге ұйытқы болып жүргенін білдік. Көп жыл бойы әскери қызмет атқарған Махаббат аға қазір Омбыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы орыс-қазақ достығы орталығының басқарма төрағасы қызметін атқарады. Осыдан екі жыл бұрын Омбы әскери госпиталінің ғимаратында Кемел Тоқаевқа арналған ескерткіш тақтаның орнатылуына мұрындық болған. Мұның бәрі кездейсоқ болғанын айтқан ол алғашында Кемел Тоқаевтың кім екенін білмегенін айтады. «Мен – Омбыда жұмыс істейтін «Қарулы күштер ардагерлері» қалалық қоғамдық ұйымының мүшесімін. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Омбыда 45 госпиталь жұмыс істеген. Онда майданда ауыр жараланған 200 мыңға жуық адам ем-дом алған. Әлгі ұйымның бір отырысында сол сұрапыл уақытта сарбаздардың жанын аман алып қалған дәрігерлердің еңбегін елеп-ескеріп, ескерткіш тұрғызайық деген бастама көтерілді. Бірақ бұл идеяны дәрігерлер кәсіподағы бізден бұрын іске асырып, Жеңіс саябағына ескерткіш орнатты. Біз бұл жобаны әзірлеу кезінде дәрігерлерден бөлек, жараланған адамдар арасында танымал болғандар туралы да деректер іздестірген едік. Архивті ақтарып отырып, Кемел Тоқаев деген есімге мән бердім. Ол кезде Сенат төрағасы қызметін атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаевтың фамилияласы немесе туысқаны болар деп ойладым. Сосын кеңес отырысында ақыры дәрігерлерге ескерткішті басқа кәсіподақ орнатты, онда біз осында жарты жыл емделген, кейін Қазақстанда детектив жанрының жолын ашқан, көрнекті жазушы Кемел Тоқаевқа естелік тақтайша орнатайық деген ойымды ортаға тастадым. Үстел басында отырғандар «Өзің ұсындың, енді өзің айналыс» деді. Ақырында бірнеше жыл бойы зерттеп-зерделегеніміз өз нәтижесін беріп, діттегеніміз іске асты» дейді


Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ, Астана-Омбы-Астана