419
Түзету мектебінің тағдыры тартысқа түсті
Түзету мектебінің тағдыры тартысқа түсті
Республикадағы аса ауыр қылмыс жасаған балаларды оқытуға арналған арнайы мектеп Білім және ғылым министрлігінің құзіретіне өтуі тиіс. Мұндай ұсынысты жуырда ғана Әділет министрі Марат Бекетаев жасады. Алайда Білім министрлігіндегілер бұл ұсынысты мүлдем қолдамайды. Ішкі істер министрлігінің қарауындағы мектепті өзге ведомствоға тапсыру туралы ұсыныс алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет Үкімет талқылауына түскен.
Министрдің ұсынысы қолдау таппады
Елімізде аса ауыр қылмыс жасаған балалар жеткізілетін жалғыз ғана мектеп бар. Қазақстанда колониялар жағдайына теңестірілген жалғыз арнайы мектеп Шығыс Қазақстан облысындағы Белоусовка ауылында орналасқанын атап өтті. Онда аса ауыр қылмыс жасаған 14-18 жас аралығындағы балалар тәлім алуда. Бұл республика бойынша жалғыз мектеп болғандықтан, барша өңірлерден аса ауыр қылмыс жасаған балалар осында жеткізіледі. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалар құқығын қорғау комитетінің деректеріне сүйенсек, бұл мекемеге баратын балалардың саны бұрынғыға қарағанда едәуір азайған. Мәселен, 2015 жылы мектепте 197 бала болса, 2016 жылы 22 бала тәрбиеленді. Сонымен қатар, біраз жыл бұрын бұл мектепті жабу туралы да ұсыныстар болған. Тіпті, 2016 жылдан бастап Шығыс Қазақстандағы арнайы түзету мектебі жабылады деген жоспар да бекітілді. Мұның себебі – мектептің бюджеттік шығындарының тым көп болуы. Мектепке Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарынан бөлек, Қазақстанның әр аймағынан келген балалар орналастырылады. 2015 жылғы деректер бойынша, балалардың әрбіріне облыс бюджетінен 2 миллион 580 мың теңге жұмсалады. 2002 жылға дейін республика қазынасынан қаржыландырылған мектеп кейін облыстық бюджетке өткен көрінеді. Десек те, қылмыс жасаған балаларды оқытатын арнайы мектептің жұмысы тоқтаған жоқ. Мектепке қатысты бүгінгі дау министрліктерге келіп тірелді. Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің тәртібіне жауапты мектепте отряд бастықтары жиі ауысады. Яғни, бүгін ересектермен жұмыс істеп жүрген мамандар келесі күні балалардың тәртібіне жауапты болып шыға келеді. Ал Білім және ғылым министрлігі тәрбие ісіне белсене араласып, түзету мекемесін өз бақылауына алу керек. Министрдің балалар колониясын Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне өткізу туралы ұсыныс білдіруінің себебі де осында жатса керек. «Түрлі деңгейлерде ұстанымымды бірнеше рет айтқан болатынмын. Жалғыз балалар колониясын Ішкі істер министрлігінен ҚР Білім және ғылым министрлігіне беру мәселесін тағы ойластырудың уақыты жеткен сияқты. Түрме жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Балалар колониясында жұмыс істеген қызметкер ары қарай мансабын жалғастырып, ересектер колониясына басшылыққа барады. Отряд бастықтары ересектер мекемесінен балалар колониясына ауысып жатады және керісінше ауыс-түйістер жалғасуда. Яғни, ересектермен жұмыс істегендер келесі күні балалардың тәртібіне қарап жүреді. Бұндай қадамдар дұрыс емес секілді. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі тағы да бір рет осы мәселені ойластыруы керек деген ұсыныс бар», – деп атап өтті Марат Бекетаев. Десек те, Бекетаевтың ұсынысын Білім және ғылым министрлігіндегілер қолдай қоймады. Олардың да айтар өз уәждері бар. «Онда аса ауыр қылмыс жасаған балалар отыр. Бақылауды босаңсытуға мүлдем болмайды. Біз бұл туралы талай мәрте айтқанбыз. Біз оны өз құзыреттілігімізге алғанымызбен, қадағалай алмаймыз. Уысымыздан шығарып алсақ, сұмдық сонда болады», – дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Забира Оразалиева. Ал сарапшы мамандар мектепті Ішкі істер министрлігіне қалдыруға шешім шығарды. Жалпы, дамыған мемлекеттерде 18 жасқа толмаған балаларға арналған колония деген түсінік мүлдем жоқ. Мұндай елдерде әрбір ата-ана баласының әр қадамы үшін басымен жауап береді. Қылмыстық әрекетке барған баласы үшін ата-ана айып төлеп, жұмысынан қуылады. Тіпті, кәмелетке толмаған баласын ұрған ата-ана да жауапқа тартылады. Ал біздің елде мұның бәрі басқаша қалыптасқан. Елімізде қылмыстық әрекетке барған балалар арнаулы мектептер мен ерекше режімдегі түзету мекемесіне орналастырылады. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген қазақтың даналығына сүйенсек, кәмелеттік жасқа толмаған баланың жаза басқан адымы үшін ата-ананың жауапты болуы заңдылық. Бірақ бүгінгі күні ата-ананың сөзіне құлақ аспастан, қылмыстық әрекеттерге баратын балалар аз емес. Сондықтан, бізге қазіргі уақытта қылмыс жасаған балаларға арналған мекемеге жауапты ведомствоны таласқа салғаннан гөрі, жасөспірімдерге дұрыс тәрбие берудің жолын іздеген дұрыс секілді. Балалардың арнайы түзету мекемесінде тәрбиеленгенінен, шаттыққа толы шаңырақта ата-анасының тәлімін алғаны аса маңызды емес пе?Қатыгездік қайдан келді?
Қазір ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана баласы оқуға кеткенде жанын шүберекке түйіп, перзентінің шалт баспауын тілеп отырады. Өйткені буыны қатпастан, жаға жыртысып, жұдырықтасуға дайын жасөспірімдер жөнінде жиі құлағымыз шалады. Ал мұндай қатыгездіктің қоғамда жиі орын алуына не түрткі? Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, елімізде орын алған әрбір бесінші қылмыс жас балалардың үлесінде екен. Ата-анасының қамқорлығында жүрген баланың қылмыстық әрекетке бой алдыруының себебін қайдан іздеу керек? Мамандар мұның сырын көбінесе отбасындағы тәрбиемен байланыстырады. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі тегін айтылмаса керек-ті. Яғни, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырған ата-аналар ертеңгі күні баласының қалайша қылмыскерге айналып шыға келгенін түсінбей қалуы әбден ықтимал. Сондықтан бала үшін алғашқы және негізгі тәрбие бастауы – әкенің қатқыл мінезі мен ананың аялы алақаны. Өкініштісі, мұны бүгінде көптеген отбасылар назардан тыс қалдыруда. Баласына бар ойыншық пен киім-кешекті әперіп, «тамағын тоқ, көйлегін көк» қылдым деп, жұмыстан бас алмайтын ата-аналар да жоқ емес. Сол ата-аналар балалар үшін басты қажеттілік – ата-ананың назары мен мейірімі екенін жиі естен шығарып алып жатады. Сондай-ақ, отбасында ата-ананың мейірімін сезінбей, үнемі айғай-шу мен ұрыс-керістің арасында өскен балалардың қылмыстық әрекетке жиі баруы мүмкін. Жасөспірімдердің қылмыстық әрекетке баруының тағы бір сыры – компьютерлік ойындарда. Ғаламтордағы қатыгез ойындар мен фильмдердің адам психикасын бұзатындығын батыс ғалымдары әлдеқашан дәлелдеп қойған. Сондықтан, балалардың кішкентай кезінен компьютер алдында отырып, түрлі ойындар ойнап, ғаламтордан сан алуан бейнежазбаларды көруіне рұқсат беруде ата-ананың ойланғаны жөн. Мамандардың айтуынша, компьютерлік ойындарды үздіксіз ойнайтын балалар шынайы өмірден алыстап, виртуальді әлемге еніп кетеді екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Америкада орын алған жантүршігерлік жағдай көптің есінде болар. Америкада 18 жастағы Коди Метцкер-Мэдсен компьютердегі ойындарға еліткені соншалық, өзінің 5 жасар інісі Доминик Элкинсті «гоблин» (компьютер ойынындағы жауыз) деп ойлап, кірпішпен ұрғылап өлтіріп, суға батырып жіберген. Сот барысында Метцкер-Мэдсен өзі аса әуес болған компьютерлік ойындардың кесірінен «виртуальді әлемге еніп кетіп, көзіне түрлі дүниелер елестейтінін» айтқан. Ол інісін кірпішпен соққылап өлтіріп жатқанда «жексұрын жасыл гоблинді» өлтіріп жатырмын деп ойлаған. Ал Ресейде 12 жасар бала әкесі қанша ескертсе де атыс-шабыс ойындар ойнап, компьютер алдынан тұрмай қояды. Ескертуге құлақ аспаған соң әкесі ашуланып, сымдарды пышақпен кесіп, компьютерді желіден ажыратып тастайды да төр үйге барып демалып жатады. Әкесінің әрекетіне ызаланған бала компьютер үстелі үстінде қалған пышақты алады да, диванда шалқалай жатқан әкесінің жүрек тұсына қадайды. Ер адам сол жерде жан тәсілім етеді. Мұндай жайттың бетін ары қылсын. Десек те, сақтансаң ғана сақтайтындығын есте ұстағанымыз ләзім. Кез келген ата-ана баласының не көріп, қандай ойын ойнап отырғандығын да бақылауда ұстап отыру қажет. Компьютерлік ойындардың бала денсаулығына кері әсерін білген Өзбекстан мұндай ойындарға тыйым салған жөн деп тапты. Жыл басында Өзбекстанда тыйым салынатын компьютерлік ойындардың тізімі әзірленді. Бұл тізімге қатыгездікті, зорлық-зомбылықты, діни экстремизмді насихаттайтын құмар ойындар мен порнографиялық көрсетілімдер кірген. «Компьютерлік ойындар бүгінде балалардың нерв жүйесі мен өмірлерін жұтып жатыр. Құмар ойындардың балалар психикасына қаншалықты әсер ететіндігі жөнінде қоғамда үнемі даулар болып тұрады. Сондықтан сарапшылар балаларға ойнауға болмайтын ойындарды бөліп, сараптады. Біз бұл жұмысты үнемі жүргізіп, тізімді жаңартып отырамыз», – деп мәлімдеді Өзбекстандағы «Камолот» жастар ұйымы. Өзбекстанның бұл тәжірибесін бізге де қолданып көру артық болмайтын тәрізді.Арнайы мектептер қажет пе?
Қылмыстық әрекетке барған балаларды арнаулы мектептерде тәрбиелеп, оң жолға түсіру қаншалықты дұрыс? Бұл сауалға келгенде түрлі пікірлер бар. Психологтар қылмыс жасаған балаларды оқшаулаудың дұрыс еместігін үнемі тілге тиек етеді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, қылмыс жасаған баланы бірден оқшаулап, арнайы мектепке жібермей, ата-анасы, психолог бақылауға алып, бірігіп жұмыс істеуі қажет. Жас баланың тез бейімделгіш келетіндігі белгілі. Сондықтан, балалар көбіне-көп айналасындағылардың ықпалына жиі еріп кетеді. Ал өзгелерге еріп, аңдамай жасаған қадамы үшін қоғамнан оқшауланып, арнайы мектепке жөнелтілсе, бұл жағдай баланың психологиясына кері ықпал етуі әбден мүмкін. Сонымен қатар, қылмыстық әрекетке барған балаларды оқшаулап, арнайы мектепте оқыту қажеттігін қолдайтындар да табылады. Себебі бұл мектептерде балалармен арнайы мамандар жұмыс істейді, олардың әрбір әрекетін бақылап отырады. Бүгінгі күні көпшілік қауым кәмелет жасқа толмағандардың құқықтары мен міндеттерімен таныс емес деп айтсақ қателесе қоймаспыз. Мәселен, кәмелет жасқа толмаған құқық бұзушылардың психикасы мен жасының ерекшеліктерін ескеріп, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1985 жылы «Пекин ережесі» деген атпен белгілі «Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының ережелерін» бекітті. Аталмыш Ереже әрбір елдің заңдарында ескерілуі тиіс. Онда кәмелет жасқа толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қосымша кепілдіктер қарастырылған. Бұл нормалар қылмыс жасаған сәтте 18 жасқа толмаған адамдардың істеріне қолданылады. Ал мұндай ережелер мен балалардың құқықтары туралы жасөспірімдер түгілі, ата-аналардың өздері де біле бермейтіні өкінішті-ақ. Сондықтан, ата-аналар ең бірінші, балаларына олардың құқықтары мен міндеттері туралы кішкене кезінен түсіндіргені абзал. Көбінесе ата-аналар «әлі бала ғой, көп нәрсені түсінбейді» деп баланың тәрбиесіне, оның көрген фильмдері мен ойнаған ойындарына бейжай қарап, немқұрайлылыққа жол береді. Мұның дұрыс еместігін бүгінгі жас балалар арасындағы қылмыстық әрекеттер дәлелдеп отырғандай. Баланың болашағын ата-анасы сәби шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ойлауы керек. Ал балалар арасындағы қылмыстық оқиғалардың жиі қылаң беруіне ата-анадан бастап, бүкіл қоғам жазықты. Осы орайда, бұл мәселенің шешімін табуға тек қана білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдарының өкілдері ғана жауапты емес. Балалар арасындағы қылмыстық әрекетті болдырмауға бүкіл қоғам болып күш біріктіруі қажет.