497
САДДАМНЫҢ АЛТЫНЫ ҚАЙДА? (жалғасы)
САДДАМНЫҢ АЛТЫНЫ ҚАЙДА? (жалғасы)
"Түркістан" газетінің өткен санында осы тақырыпта біраз әңгіме қозғаған едік. Оқырмандар өтініші бойынша соны жалғастыруды жөн көріп отырмыз.
2003 жылы 29 шілдеде таңғы сағат 6.25-те Ирак елшілігінің бір қызметкері Мәскеудің қалалық милициясына телефон шалып: «Бізді тонап кетті, тез жетіңіздер», − дейді жан-дәрмен аптыға сөйлеп. Қалалық ішкі істер бөлімінің офицерлері «Погодинская» көшесіндегі №12 үйге сол сәтте-ақ жетіп, қылмыс болған жерде куәгерлердің түсініктемелерін алады. Дипломаттардың айтуына қарағанда, түнде елшілікке үш белгісіз адам сыртқы есікті бұзып-жарып кірген де, есепші Махмуд Маджибаны соққыға жығып, сейфтің жасырын нөмірі мен кілтін тартып алған. Олар сейфті ашып, 3 миллион доллар, тіпті одан да көп валютаны алып, елшілік үйінен тез шығып, ізін жасырады. Бухгалтер милиция қызметкерлеріне бетіндегі екі көк теңбіл таңбаны көрсетті. Офицерлер таңбалардың қаскөйлік соққыдан емес, әдейі айлакерлікпен түсірілгенін сезсе де, күмәнін ашып айтқан жоқ. Елшіліктегі бұл жағдай Саддам Хусейн тағайындаған елшінің Мәскеуден кетіп қалып, ал оны ауыстыратын адамның әлі келе қоймаған кезі еді. Ирактың жаңа елшісі Абдель-Карим Мұстафа 2004 жылы 22 желтоқсанда ғана сол жолы түнгі қаскөйлер сейфтен 7 миллион долларды алып кеткені туралы мәлімдеген. Алайда сейфте және елшіліктің жер асты төлесінде қанша АҚШ долларының болғанын ешкім де нақты айта алмаған.
Ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінің пайымдауынша, бұл қолдан жасалған қылмыс секілді. Ирак орталық банкісінің бұрынғы қызметкері Хамид Сейданидің баспасөзге берген сұхбатында: «Бұл Саддам Хусейннің шетелдердегі өкілдеріне олай-бұлай жағдай бола қалған жағдайда өзінің миллиардтарын қорғап қалу үшін алдын ала жасаған құпия жоспары болуы әбден мүмкін», − деген еді. Оның сөзіне қарағанда, Ирактағы соғыстан екі тәулік бұрын елшілікке Еуропа елдеріндегі Саддамның ақшаларын банкілерден алып қою жөнінде бұйрық түскен. Сол бұйрық бойынша банктерден алынған долларларды елеусіз түрде елшіліктерге жеткізіп, жерасты төлелерде сақтаулары керек.
Ал сол жасырылған ақшалар табан астында қайда жоғалып кетті?
Бағдатты АҚШ пен Еуропа елдерінің құрама әскерлерінен қорғаған Саддам армиясы талқандалып, оның билігі құлағаннан кейін, елде үш айға жуық үкімет болмағаны анық. Шетелдердегі елшіліктердің бұрынғы қызметкерлері өз өкілеттіктерін тоқтатқан, ал жаңалары әлі келіп орныға қоймаған шақ. Бұл жымысқы әрекеттерін іске асырушылар үшін өте қолайлы сәт еді.
Ирактың бұрынғы елшісі Аббас Халафтың қазір Ресейде тұратынын өткен жолғы мақалада айтқан едік. АҚШ үкіметі №13315 жарлығымен «Саддам Хусейннің қаражатын талан-таражға салуға қатысы бар» деген айыппен оны жауапқа тартпақ болған. Бірақ ол тергеуге барудан бас тартып, Ресейде «Аббас инвест групп» деп аталған компаниясын құрып, өз бизнесін ойдағыдай, алаңсыз жүргізуде. АҚШ-тың мемлекеттік қаржы орталығының қаржы барлаушылары: «Ирак диктаторы ақшасын Мәскеуге 1997-1999 жылдардан бұрын-ақ аудара бастағаны анықталып отыр», − дейді. Сонда Саддамның «алтынын» алатындай оның Ресейдегі сенімді адамы кім? Арнайы зерттеу орындарының пайымдауларына қарағанда, Бағдаттан Мосул қаласына ақшаны доллар түрінде жеткізген Ресей бизнес құрылымдарының қызметкерлері болуы мүмкін. Сондай-ақ, Иракқа келіп-кетіп жүрген кейбір саяси партиялардың Саддамға сенімді өкілдері деп топшылайды.
Сол ақшаны іздеушілердің бірі БААС партиясының қаржы бөлімінің қызметкері Мұхаммед аль-Амар 2002 жылы: «Ол кезде Иракқа самолетпен келіп-кету мүмкін емес еді. Жол қатынасы тек жердегі жолмен жүретін көліктерге қарап қалған. Нақты ақша әрқалай жолдармен тасылды. Майда ақша түрлерін чемодандармен, ал ірілері автомобиль есіктерінің ішкі қабаттарына салынды. Олар бір бағытта жүріп отырды. Әуелі − Сирияға, содан соң – Кипрге, сол жерден – Мәскеуге». Көліктерде 10 мыңнан 20 миллионға дейін АҚШ доллары болған және Бағдаттан жиі қатынаған. БААС-тықтар бұл тасымал түрін «түйешілер» деп атап кетті.
«Ирак – нақты ақшаның елі. Біздің Мосулде бірде бір банкомат жоқ. Ал Эрбилде бар-жоғы біреу-ақ, − дейді Мұхаммед аль-Амар. − Оның өзі де қонақжайда. Ақшалар бір банктен келесі банкке жәшіктермен тасылып жататын».
Газеттің өткен жолғы санында Саддам Хусейннің ұлдары Удей мен Кусейдің 2003 жылы 22 шілдеде атылғанын айтқан едік. Олар АҚШ әскерлерінің мұрын астында іздестіруде жүріп, Мосулдағы Зейдан шейхтың вилласында екі ай жасырынып, Сирияға қашып кету жолдарын жоспарлаған. «Неге олар қашу жағын ұзақ ойластырумен болды?». Зерттеушілер көпке дейін осы сұрақтың жауабын таппай, әлекке түсті. Ал Мосулдағы қаржыгерлер: «Ағайындылар екі ай бойына 5 миллиард долларды шекарадан алып өтуге көмектесетін «маңызды» адамды күтсе керек», − дейді. Бірақ олар күткен адам да басын қатерге тігуден тайсалып, бұл қауіпті істі қолына алмаған. Сөйтіп жүргенде ағайынды екеуі де қолға түсті.
Мұхаммед аль-Амар бұрын Удеймен де, Кусеймен де жақсы қарым-қатынаста болған. Ол: «Зейдан шейхтың айналасындағылардың берген мәліметтеріне қарағанда, ағайындылардың күткені үлкен саясаткер немесе Ресейдің белгілі бизнесмендерінің бірі болуы ғажап емес, − дейді. – Олар ұзақ уақыт күтсе де «маңызды» адам келмеді». Оның орнына Саддамның ұлдары қайда жасырынып жатқандары туралы америкалықтарға жасырын хабар жеткізушілер табылған. Америкалықтар оларды тұтқындағанмен вилладан көк тиын да ақша таба алмады. Ағайындылар тергеу кезінде қанша қинаса да, ақшаны қайда тыққандары жөнінде ауыз ашпай ақыры көз жұмды.
Ал Саддам Хусейннің өзі 2003 жылы желтоқсан айында америкалықтардың қолына түсіп, 2006 жылы 30 желтоқсанда соттың өлім жазасына кескен үкімі орындалды.
Саддамның байлығын іздеушілер соңғы бес жыл бойына қаржы аздаған көлемде әртүрлі елдерге дипломаттардың және сенімді саясаткерлер, бизнесмендердің көмегімен жеткізіліп отырылғанын айтады. Олар сол ақшаны діттеген жеріне жеткізіп беруге тәуекел еткені үшін сол ақшадан 10 не 30 пайыз мөлшерінде сыйақы алып отырған. Оларға сол ақшаны шетел банктеріне жеткізу де оңай болмағаны анық. Ирактағы қаржыгерлердің айтуына қарағанда, Саддам сондай қитұрқы жолдармен бір ғана Ресейдің өзіне 10 миллиард доларға дейін аударыпты-мыс. Ал сол ақшаның бәрі елшіліктің жерасты төлесінде жатқан ба? Сенімнен гөрі күмән басым.
Қаржы сарапшысы Мишель Сафир: «2001 жылы Ливанның «Ан-Нахар» газеті «Саддам Бейруттегі жылжымайтын мүліктерге құпия түрде үлкен суммада ақша аударуда» деп хабар таратқан. Ливан арабтардың Швейцариясы саналады. Жергілікті банктер құпияны жария етпейді. Бейрутке Саддамның екінші әйелі Самира Шахбандардың жиі-жиі келіп тұрғанын ондағылар жақсы біледі. «Ан-Нахардың» сол хабары бойынша Хусейн өзінің миллиардтарының бір бөлігін Бейруттегі элиталық тұрғын үйлер мен казиноларға салған», − деді. Саддамның одан басқа да жобалары болған. Солардың бірі деп Дубайдағы қозғалмайтын мүліктерді айтуға болады.
Ой деген жүйрік қой. Егер Ирак диктаторының қалтасынан шыққан доллар «түйешілер» жолымен әуелі Кипрге келіп, содан соң Мәскеуге жетіп жатса, сонда ол ақша қайда жұмсалған деген сұрақ туындайды. Мәскеудегі құрылыстың қарқын алған және қымбаттаған кезі сол 2002 жылдан басталған болатын. Сол жыл Саддамның миллиардтарын шетелдерге жайғастыра бастауымен тұспа-тұс келеді. Ал оның Ресейге сонша қаражат аударғаны ақшаның чемоданмен қолма-қол жеткізілуіне байланысты деп топшылау көңілге қона ма? Еш мүмкін емес секілді. Иә, сол уақытта Ресейде ақша тапшылығы орын алған еді. Сонда да 2008 жылы Хусейннің 12 миллиард долларын алып, кейін ол қайтыс болған соң Иракқа қайтармағаны қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Ресейден Саддамның қыруар қаржысының ізі шығып жатқан жағдайда ше... Ия, әуелі оны бұлтартпайтын дәлелдермен дәлелдеу керек.
P.S. 1968 жылы Иракта болған мемлекеттік төңкерістің нәтижесінде билік басына «БААС» партиясы келді. Партияның айтулы мүшесі Саддам Хусейн вице-президент қызметіне тағайындалды. Ол елдің ішкі қауіпсіздігі мен арнайы әскери қызметтерді және армияға жауапты болды. 1979 жылы аль-Бакр президенттіктен бас тартып, оның орнына Саддам Хусейн сайланды. Жоғары билікке қолы жетісімен партиядағы өз жауларынан құтылу үшін «БААС» партия мүшелері мен елдің 68 жоғары лауазымды адамын «қаскүнемдікпен айналысқаны үшін» деген айыппен тұтқындатып, солардың 21-ін өлім жазасына кесті. Ол елге ақпарат құралдары арқылы: «Біз қазір Сталиндік дәуірді бастан кешіп жатырмыз», − деп жариялаған. Содан бері Саддамның режимінің құрбаны болған адамдар саны миллионға жете қабыл.
Саддам Хусейн Ирак билігінің басына келген кезде халқы үшін адал қызмет етуге ант берді. Алғашқыда елінің экономикалық әлеуетін көтеріп, халқының тұрмыс-тіршілігін біраз жақсартты. Әскери күш-қуатын арттырды. Әлемге әйгілі Ескендір патшаның: «Мен әлемнің жартысын жаулап алып, өз билігімді жүргіздім. Бірақ ана дүниеге жалаңаш қолыммен кетіп бара жатырмын» деген өсиетінен сабақ алмаса амал қанша. Қасиетті «Құранда» да қулықпен келген байлық, дүниеге тойымсыздық ешкімді де ұшпаққа шығармайтыны, қайта өзіне қасірет әкелетіні айтылған ғой. Биліктегі баршалар осыны естен шығармаса шіркін.