689
Оқытушы дәрістері цифрлық жүйеге ауысып жатыр
Оқытушы дәрістері цифрлық жүйеге ауысып жатыр
Еуразия ұлттық университеті өзінің 15 цифрлық сервисін қолданысқа енгізді. Жаңа технологиялық шешімдер «ЕҰУ – Digital University» бірыңғай экожүйесін қалыптастырады және ғылыми-білім беру барысын цифрландыруға, бизнес-процестерді автоматтандыруға, қызметкерлер мен оқытушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған.
ЕҰУ өзінің цифрлық сервистерін ендіруге басымдық береді. Соңғы екі жылда университеттің ІТ мамандары 15 өнім әзірледі. Барлық технологиялық шешімдерді ЖОО студенттері мен қызметкерлері сәтті қолданып отыр.
Цифрлық қызметтер күнделікті жұмыс үрдісін оңтайландырып, еңбек өнімділігі мен оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігін арттырды. Мәселен, қағазсыз құжат айналымы жүйесі жылына 20 млн теңгені үнемдеуге жол ашты. Электрондық сервис 1 миллионнан астам баспа бетін сақтауға, картридждер шығынын, принтерлердің тозуын және силлабустар мен оқу-әдістемелік кешендерге жыл сайын қағаз жүзінде қол қоюға кететін қызметкерлердің еңбек шығындарын азайтты.
– ЕҰУ-да 2021-2025 жылдарға арналған цифрлық экожүйе тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Осы бағдарлама аясында біз түлектерді жұмысқа орналастыру платформасын, білім алушыларға оқу процесі туралы қажетті ақпарат жарияланатын Smart. ENU мобильді қосымшасын, қағазсыз құжат айналымы жүйесін, талапкерлерге арналған электрондық кезек терминалын, жаппай білім беру курстары бар онлайн-оқыту платформасын құрастырдық. Біздің барлық ІТ өнімдеріміз жұмыс процестерін жеңілдетті, студенттер мен оқытушылар үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік берді. Қазір ЖОО-да қызметкерлердің цифрлық құзыреттіліктерін дамыту, студенттердің цифрлық бейіндерін әзірлеу жұмыстары қолға алынды. Бұл – цифрлық университетті дамытуға жасалған жүйелі қадам, – деп атап өтті ЕҰУ Цифрлық даму және қашықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманова.ЕҰУ-дың тағы бір бірегей цифрлық жүйесі «Ғылыми-зерттеу институттарының жоспарлары мен есептері». Ол жұмыс жоспарларын, ғылыми-зерттеу институттарының тоқсандық есептерін бекітуге, ғылыми-зерттеу институттарының қызметіне байланысты мәліметтерді жан-жақты талдауға және тапсырмалардың орындалуын онлайн тәртіпте бақылауға мүмкіндік береді. Диссертациялық кеңестердің онлайн дауыс беру жүйесі криптографиялық алгоритмдер негізінде жасырын дауыс беруді өткізуге арналған және университет докторанттарының диссертацияларын қорғауда қолданылады. Ол дауыс берудің анонимділігін, рәсімнің ашықтығын және есеп беруді автоматтандыруды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге университет өзінің платформасы негізінде онлайн-білім беруді белсенді түрде дамытуда және сертификаттау жүйесін әзірлеуді қолға алды. Бүгінде білім беру ресурсына 132 пән бойынша 2000 дәріс жүктелген. Екі жыл ішінде 40 мыңға жуық адам бейнематериалдарды тыңдады.