Көгілдір экранның көзайымы еді

Көгілдір экранның көзайымы еді

Көгілдір экранның көзайымы еді
ашық дереккөзі
1797
Осыдан табаны күректей он жыл бұрын, алшаң ба­сып, асқаралы алпысқа толғанында, бабы кел­ген бүркіттей зар күйінде жүргенінде жарық көрген кіта­бы­ның соңғы бетінде «Бәріміз бай-қуатты болайық!» деген әй­гілі сөзі тұр екен. Елдің жадында қалған әлгі сөзді өзі жүр­гізген әр хабардың күрмеу түйінінде қолданушы еді ғой. Жалпақ жұртына айтатын ақырғы лебізі де осы бо­ла­рын, Нұртілеу Иманғали деген есім-сойдың осы бір ауыз сөзбен мәңгі тұтасып кететінін ол мына жарық жалғанды жал­пағынан басып жүрген кезінде білді ме екен? Бәлкім бол­жаған да болар? Қалай десек те, ет пен сүйектен жарал­ған ажалды пендеге түйсіктің терең қатпарында алдағы бо­латын жайттарды еміс-еміс болса да сездіріп тұратын бір құдіретті күштің бар екені анық. Бірақ оның жайын көзі тірісінде ешкім құнттамайды. Адамзат баласының та­биғаты осындай болса керек? Ақындардың өлім жайын­да айтқан сөзі кейін өмірінің түйініне айналатыны да содан. Қисын бойынша, әлгі сөз кіріспе ретінде, өмір өрнегін жасап берген фотошежіренің кө­шін бастап тұруы керек еді. Қалай болғанда да, әлгі беймағлұм тылсым түйсік ғұмырының мә­ні мен сәніне айналған бейнелі тіркесті хал­қына жолдаған «соңғы сөзге» айнал­ды­рыпты. Өйткені ол осыдан кейін, қара жерде ал­шаң басып жүрген күнінде өз шығар­ма­шылығы жайында кітап шығармайтынын біл­ген жоқ. Неге екенін қайдам, маған сыйға тартқан фотоальбомның алғашқы бетіне еш­теңе жазбапты. Әншейінде автор қолтаңба қал­дыратын. Бас аман, бауыр бүтін кезде көп нәр­сені елемейді екенбіз-ау. Асыл ағаның ал­пыс жасқа дейін жүріп өткен бұралаң өмір бе­лесін тануға септесетін қайталанбас, шы­рын сәттері таңбаланған әлгі дүниені қолыма ал­дым да, ерекше сағынышпен бауырыма бас­қан кезде жүрек шіркін алай-түлей болып, ат­ша тулап кетті. Жетпісінші белесіңді көр­мей­тініңді білгенде, екі күннің бірінде жа­ның­да болмас па едім? Қайтейін, мен аңырап қал­ғанда, екі күннің бірінде телефон соғып, көл болған көз жасымды ағалық көңіліңмен көп құрғатып едің. Енді, міне, өзің жайында есте­лік жазуға отырып, жанарымнан ырық­сыз төгілген моншақтарды сүртетін өзіңдей аға таба алмай отырмын. Ақмешітке қарай ауған аңсар Мен онымен өмірінің ақырғы беле­сін­де болмаса, былайғы уақытта қоян-қол­тық араласа қоймаппын. Оған себептер көп. Бастысы, біз албырттық деп аталатын алау­дың шылауында болдық, ал оның кө­гіл­дір экран саласындағы сан түрлі шаруалардан қолы босамады. Бірақ сол азғантай дидарласу барысында бір-бірімізді айнымай танып, жағ­даятымызды айтпай білдік. «Қайтеміз ен­ді, Құдай берген мінезді өзгерте алмаймыз ғой» деп күлуші еді жарықтық, кейде, бара жат­қан бағытынан шорт бұрылып, алмастай ке­сіп түсетін екеуара ортақ жайттарды ай­тып, сыр бөліскен сәттерімізде. Содан соң «Мен сені не үшін ерекше жақсы көретінімді біле­сің бе, бауырым?» дейтін, ерекше ағалық мейір­мен, ағынан ақтарылып. Мен әңгімені өзі­нің өрбіте түскенін қалап, «білмедім» де­ген­дей сыңай танытамын. – Менің әкем халық ақыны, әнші Иман­ғали бір заманда, Ақмешітте маңғаз Ма­нар­бек, ән еркесі Жүсіпбек, болат болмысты Ға­ре­кеңдермен қатар жүріп, ән салған, сол жердің ауасын жұтып, дәмін татқан, – дейтін де, содан соң «Егесте ерте иленген елтірімін, / Жігіттің жүрегі ашық, кең түрімін. / Бух­гал­тер қарт ақынның кенжесімін, / Он төрт құр­сақ көтерген кемпірінің» деп буырқанып, өлеңді бұрқыратып қоя беретін. Шынымен де, жігіттің жүрегі ашық, кең пішілген түрі еді. О, шырын дүние, ондай шақтағы, шабыт үс­тіндегі түрін тек көру керек. Әйтпесе, оны сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Сөйтіп, ол менің күрең топырағым мен өзінің түп негізінің арасынан бір ортақ байлам іздейтін. Сол тіннің бар екеніне риясыз сенетін. Кім біл­сін, бәлкім, біз де осы табиғаттан шығар­мыз? Болмысы бөлек ағатайым-ай, сенің кең-байтақ даладай, бейкүнә баладай көңі­лің­ді кезінде түсіне алдық па, жоқ па, ол жағы өзі­ме де бәймәлім. Мәлімі, мен де сені жа­ным­дай жақсы көрдім, өзім деп білдім, сыр айта­тын сырласыма, мұңдасыма баладым, арқа тұт­тым, шешендік өнердің алауы шарпыған тұ­ғырыңа бас идім. Бірақ соның бәрін көзің ті­ріде, шалқып жүрген шағыңда айтып үл­гір­меген шығармын. Енді, міне, Қойлыбайдың қо­бызындай жарым көңіл ерте жөнелген көш­тің соңынан сарнап, күңіреніп отыр­ға­нын көрмейсің бе? Бір ғажабы, көгілдір экран бетінен жарқ етіп шыға келгенде, ол пайдалан­ған заттарға жан бітіп, жасаған әрбір іс-әре­ке­ті тіріліп, сөзі дөдегелене түсетін. Мұндай ерек­ше болмыс иелерін біздің қазақ «арқасы бар» дейді ғой. Ал арқа дегенің тылсым күш­тер­мен байланысты, түстеп, түсіндіруге ке­лің­кіремейтін ерекше нәрсе. Оның сырын түсіне бермейтін былайғы жұрт мұны көбіне мі­незбен шатастыруға бейім келеді. Әрине, кей­де екеуінің бірігіп, кірігіп, жымдасып ке­тетін де жері көп. Экранның арғы бетіндегі кө­рерменге көзілдіріктің үстінен қарағаны мен керек кезінде оны шешіп алып, елеусіз тас­тай салатыны немесе құлаққа ілер жерін ері­ніне апарып, сөз ләміне орай сұхбат­та­сы­ның пікірін тосатын ойлы сәтін елестетіп көр­діңіз бе? Міне, Нұртілеу болмыс көгілдір экран­ды толық жаулап алып, осылайша мың құ­былатын. Мәселе сонда, осының бәрі кө­рер­менді баурау үшін әдейі жасалатын тәсіл ме әлде шынымен де, оның бар болмысы осын­дай ма еді? Өкінішке қарай, оның жағ­дая­тын көзі кетпей тұрып, сұрап алып қалған ешкім жоқ. Әлгі сыры өзімен бірге кетті. Міне, біздің қадір білмес «қасиетіміз», кімді болсын, көзі тірісінде зерттеу нысанына айналдырып, шығармашылық зертханасын бажайлай бер­мейтін бейқам әдетіміз – осы. Қалай десек те, әрі асқанда, оны әйгілі тележүргізуші, амери­кан-кеңес журналисі В. Познермен салыс­ты­рып, салғастырудан әрі аса алмадық. Ол ұқ­сас­­тықтың да ортақ тоғысатын тұсы мен да­ра табиғатын ашуға тырыспадық. Оның шаңырағының төрінде тұратын киелі мүлік – шағын, қалақ домбы­ра­сы болатын. Өзі асыл әкенің саусағы тиген осы бір затта қасиет барына шексіз сенетін. Анда-санда қолына алып, күйі түссе көсіп-кө­сіп, көкіректегі шер-шеменін тарқатып ала­тын. Онысы, үйіне барған сайын, үстіңгі қа­­батқа көтеріліп, жұмыс бөлмесіне бас сұқ­қан бойда махаббатпен аялап, «Берікжан, тарт­шы, сен түсінесің ғой...» деп маған ұста­та­тын әлгі домбыраға деген риясыз құр­ме­ті­нен аңғарылып тұратын. Жалпы, ол ұлттың арына, ұрпақтың бағына баламаған руханият үл­гісі жоқ. Ең бастысы, өзі соның үдесінен та­была білді. Жалған сөйлеп жәдігөй­лен­бей­тіні, не көрсе де ел-жұртпен бірге болуды қа­­­лайтын көргенді болмысы оның әр қи­мы­лы­нан байқалып тұратын. Бізді де жанына сол табиғатымен тартып, жақындата түсті. Мұ­ның ақыры қимас достыққа, іні мен аға­ның ілеуде бір кездесетін ерекше ілтипатына, екеуара соны сыр-сұхбаттарға, арадағы ба­рыс-келіске, кәдуілгі отбасылық сыйластыққа ұласты. Сүбелі сұхбаттың сүлейі еді... Қай нәрсе де тек салыстырмалы түрде сы­­­­­налып, жетістік атаулы соның аясында тіл­­дің ұшына тірек болады екен. Теле­жур­на­лист пен газет жұмысына бейім мамандар ара­сында үлкен керте бар. Бірі – көпшіліктің көз алдында, екіншісі – өзімен-өзі, оңаша жай­да байқалады. Алғашқысының сыңар сөй­лем түгілі, бір сөзден қия басып, табан тай­дыруға хақы жоқ. Екіншісінде он ойла­нып, мың толғанып, өшіріп, қайта өңдеуге мүм­кіндік бар. Әуелгісінің өмірі үнемі аттың үс­тінде жүретін жортуылшыны көзге елес­те­теді. Бұл екі мамандық иесінің алғашқысына қойылатын талап та өзгеше. Үнемі өз­геріп, құбылып отыратын қоғамдық ой-пі­кір мен тұтас дүниетаным қалып­тас­тыратын көр­кем публицистикалық қызметтің өзегін, ше­шендік өнерден бастау алатын сөйлеу мә­дениетінің түп тегін, түрлі шығармашылық әдіс-тәсілдер мен шеберлік шиырларын біл­мей, тележурналист атану оңай шаруа емес. Кім көрінген тележұлдыз болып жүрген кейін­гі кезеңді түсінбедік, ілгеріде, өзіміз шет-шепірін көрген Кеңес Одағы тұсында әрбір тәліптен әлгіндей талаптар талап еті­ле­тін. Осы аталғандардың үдесінен шық­па­дың екен, бұл саладан дәмеленбей-ақ қой. Нұр­тілеу аға әлгі айтылған жайттар бойынша ком­муникацияның барлық түріне төселген си­рек мамандардың бірегейі болатын. ХХ ғасырдың 90-жылдары те­ле­жур­на­лис­тика тарихында, бұл саланың менедж­мен­тінде күрт өзгерістер басталды. Жасы­ра­тын несі бар, қалыптасқан ескі дәстүрдің қай түрі болсын, заманнан қолдау таппады, жаңа жо­балар заманауи адамның жанына жақ­па­ды, танымына жатпады. Иә, тележурналистің түрлі топтардың арасына дәнекерлік жа­сай­тын алтын көпір екені рас. Десе де, қоғамдық үде­рістің өзгеруі, жаңғыруы, қайта түлеуі, ха­лықтың аңсарындағы түйткілді мәселелер де оның назарынан тыс қалмауы тиіс. Бірың­ғай ұлттық нақышқа негізделген таптаурын дүниелермен жұртты жалт еткізетін жасын дүние жасау тәсілінің аясы тарылып бара жатқан заманда Нұртілеудің жұлдызы жарқ ете қалды. Әрине, мұны тележурналистика та­ри­хындағы авторлық бағдарламалар ал­дыңғы қатарға шығып, қоғамдық ой-пікірді дәріптеуге негізделген жеке дәрежеге сүйену танымалдығымен байланыстырған жөн. Осы кезде Нұртілеу Иманғалидың да «миллион­дар­ды бір мезгілге біріктірген» өзіндік шы­ғармашылық мектебі мен бейнесі қалып­та­сып үлгерді. Әрине, оның негізінде алдымен от­басынан алған эпикалық білімнен бастау тарт­қан сауатты тележүргізушінің көп жыл­ғы тәжірибесі мен білім сапасы тұрғаны хақ. Иә, бұлардың қай-қайсысы да қазір ай­туға оңай болып көрінеді. Бірақ сол «мылтықсыз майданда» жүрген Нұрағаң не көрмеді дейсің? Билік басындағылардан қы­сым, басшыдан қоқан-лоқы, қатар жүрген әріптестерден қызғаныш, сыналғандардың жұдырық түюіне шыдам беріп, қызмет са­тысымен өрлеп, кәсіби жұмысынан қол үзбеу, ең бастысы ұстанымынан қайтпау, міне, есіл ер­дің жүріп өткен соқпағы осындай. Қазақ тілі, дәстүр, ұлт өнерін ашық насихаттауға тыйым салынған тұста ол осы күрестің бел ор­­тасында жүрді. Тіпті, тыйым салған нәр­се­лердің өзін тайсалмай айта бастады. Сол үшін оны жұрттың бәрі, әсіресе кеңестік идео­ло­гияның тұнығынан қанып ішкен қауақбастар жақ­сы көрді деп ойлайсыз ба? Жоқ, бұл үшін еш­кім Нұрағаңды басынан сипамады. Бірі шал­ғайынан тартты, екіншісі белін тал­ды­ра­тын міндет артты, сөйтіп талай рет шат­қая­тау­ға дейін апарды. Бірақ оның өзіне берген серті басқа еді. Кім, қандай қиянат жасаса да, ол со­дан тайған жоқ. Беріктігі мен берендігінің ар­­­­қасында өмірге бірінің ізін екіншісі басып, «Ал­тыбақан», «Көкпар», «Ақиқат», «Ой көк­пар», «Жас жігер», «Дидар», «Ашық әңгіме», «Ақи­қат пен аңыз», «Жадыңда ма, жолдас» сияқ­ты хабарлар легі келіп жатты. Қоғамдық ой­дың өрісі кеңіп, халық сөз бостандығы де­­ген ұғымдардың дәмін алып, сөлін татып, бір қадам болса да алға ұмтыла бастады. Осын­­дай саяси-әлеуметтік, қоғамдық ха­бар­лар­дың арқасында, ел есейіп, егемендікке қол арт­ты, ақыры азаттық туын көкке шаншыды. Шы­нын айтқанда, тап сол тұста саяси-әлеу­меттік салмағы жағынан, оның қоғамды тол­ғандырған өткір мәселелерді күн тәр­тібіне қойып, шындықты шыжғырып айтқан «Бет­пе-бет» бағдарламасына тең келетін жоба болған жоқ. Ондайлар қазірдің өзінде де көп емес. Әрине, мұның біразын біз елде, мектеп қабырғасында жүргенде, кейін Алматыда оқыған студенттік жылдары көріп, сонда кө­терілген идея негізінде қалыптаса бастаған идео­логияның аясында ой шынықтырып, па­расат, пайымымызды өсірдік. Бұл тарапта ол біздің саяси-әлеуметтік, рухани көзқара­сы­мыздың қалыптасуы жолында ұстаздық ет­ті десек жарасады. Міне, біздің арамызды жіп­сіз байлаған алтын арқаудың бірі – осы. Бір күні Нұрағаң мені «Бай, қуатты бо­лайық!» («Жетісу» телеарнасы, 2017) атты авторлық бағдарламасына шақырды. Осы­дан кейін екеуміз бір түрлі, қимас көңіл­мен тарқадық. Содан кейін ол маған, мен оған, кәдімгідей бауыр басып кеттік. Сол ха­бар арамыздағы ортақ ойды бір ар­наға то­ғыстырып, бізді біріктіріп жіберді. Мен аға тап­қаныма қуан­дым, ол інілі болды. Сол күн­нен бастап арамызды отбасылық дас­тарқан бөл­ді. Арада екі жылдай уақыт өткенде, қо­ғам­нан қаға­жу көріп жүрген ағасына Ләз­зат Та­­ныс­бай қарында­сы­мыз үл­кен сый жасады – ерен есі­мі­мен бай­ланыс­ты­рып автор­лық ха­бар ашып берді. Сол күнгі қуаны­шын көр­сеңіз ғой. Шір­кін, адамды бақыт­ты ету үшін көп нәрсенің ке­­регі жоқ екеніне сонда кө­зім жет­ті. Менің екінші қа­­тыс­қа­ным осы – «NUR TILEY» («Қа­зақ­стан» Ұлттық ар­на­сы, 2019) бағ­­­­дар­ла­масы. Екеуа­ра сыр-сұхбатымызды көп­ші­лік жақсы қабылдады. Несін ай­­тасың, есіл ер, сұхбаттасын сүбелі сөз­ге тартудың сү­лейі еді ғой. Шынымды айтсам, осы саналы ғұ­мырым­да көңілден шыққан, уақыт тауып, қайта айналып көргім келетін санаулы бағ­дарламалардың қатарында осы екеуін ерек­ше бөліп атаған болар едім. Әрине, бұл ха­барлардың кілті табылуының сыры менде емес, Нұртілеу ағаның өзінде еді. Жасыра­тыны жоқ, тележүргізушінің құбатөлдігінен біл­геніңді көрсете алмай қайтатын кездер бо­лады. Ал Нұрағаң бөлек еді ғой, жарықтық. Се­нің көкейіңде тұрған, әңгіме болып жатқан та­қырып аясымен байланыстырып, тап сол жер­ге сыналап салып жіберуге болатын нәр­сені ретін тауып, оп-оңай көмейіңнен шы­ға­рып ала қоятын. Содан соң, бір қарасаң, Нұра­ғаңның қалауымен, «Құмалақ шатасуды білген емес...» деп анекдот соғып отырғаның­ды да аңдамай қаласың. Ой, шіркін-ай десең­ші, Алланың берген шеберлігінде шек бол­май­ды екен ғой. «Біз екеуміз әлі талай нәрсе жа­саймыз. Сенің көкірегіңе қаттаған қазы­на­ны ретін тауып, жүйелі түрде жазамыз» деу­ші еді, айналайын, ағатайым. Ойға алға­ны­мыздың орындалмайтынын, әлгі айтыл­ған­дардың жазылмайтынын, екеуміздің ара­мызда дәнекер болып осы екі-ақ хабардың қа­латынын, кейін мен өзіңді іздеп, естелік жа­зып отыратынымды ол кезде қайдан бі­лейін?! Асылдың тұяғының ақырғы сөзі Айнала қым-қиғаш тіршілік, мың құбыл­ған заман, арпалысқан адам. Сырты сау бол­ған соң пенденің ішкі дүниесіне үңіліп жат­­­қан кім бар дейсің? Мен оның көптен бері сыр­қат­танып жүргенін Таразда жүріп естідім. Ес­тіген сәтте таңғалдым. Және онымды жа­сы­ра да алмадым. Екі күннің бірінде сөйлесіп тұра­мыз, сонда маған айтпағаны несі? Міне, менің кәллама келіп үлгерген алғашқы ойдың ұшқыны – осы. Содан Алматыға жеткен бой­да телефон соқтым. Жанға батқан науқасы жайында тіс жармады. Мен де түсіне қойдым. Бірақ бұрынғыдай емес, ішімді бір от жалап өтті де, жанымда алай-түлей бірдеңе ба­с­та­лып кетті. Әне-міне, айрылып, көз жазып қа­латыныңды алдын ала білген қандай қиын? Сөйтіп жүргенде, дүние шарқы-пәлек бол­ды. Ал Нұртілеу аға болса, өзі мынадай күй­де жүріп, мені жұбата бастады. Ол күн­дерді тілдің ұшына салуға болмайды. Айт­қан­мен, адам-пенде сенбейді. Өлместі Алла жа­рат­папты. Арада біраз уақыт өткенде, ол ме­нің отбасылық қуанышыма өзі келе ал­майтынын айтып, Қарлығаш жеңгей арқылы хат жазып жіберіпті. Міне, қайран ердің сондағы сөзі: «Қазақтың қара сөзінің қасиетін танып, киесін білетін кісінің қасында көсемсу мен шешенсу қаншалықты қисынсыз екенін ұғыну да қиын-ақ. Бірақ дәл бүгін, осы тойда үнде­мей қалу одан да қиын. Бел ортасында ба­та беріп, ықыласқа ұйып, ақ ниет пен пәк көңіл­ге шомылып өзім отырмасам да, бір ауыз сөзім жүрсін дедім. Айтарым аз емес екен, ағайын, бірін-бірі иығынан қағып, кеу­делеп келеді. Алдымен, ұзағынан сүйіндірсін, той – той­ға ұлассын! Ал мың жылдық қимас құда­лар, төрге озған қадамдарыңыз құтты бол­сын! Кіммен құда болғандарыңызды ба­ғам­да­дыңыздар ма? Гүлфайруз құдағи­ларыңыз­бен жақын танысу аса қиын емес, тіпті бол­ма­са, өзі аттас кітапты мұқият оқысаңыз­дар да жеткілікті, тектілікті көресіздер. Берік құ­­­­даларыңыз, меніңше, байырғы қазақ өнері мен мәдениетінің алтын жібін бүгінгі ғы­лымға сабақтаған, оның үлгісі мен өнегесін өмір­ге бейімдеген, қазақ шаңырағының құн­дылықтарын қайта тірілткен, саусақпен санар­лық аздың бірі, бірегейі. Ол – жаңашыл әрі ескішіл тұлға. Ескішіл болатыны – оның еш уақытта ескірмейтіндігі, ал жаңашыл бо­ла­тыны – ешқашан жалықтырмайтындығы. Жә, мен бүгін жиі айтатын бір сөз бар. Ол – бәрі бір Алланың қолында! Өзі жы­­­латады, өзі жұбатады. Ал алтын ұл – Нұр­саят ақылды болып шықты, осыны анық аң­­­ғара­­мын. Нұрсұлу келін екеуіне әрбір атар таң­дарының шуақты, махаббаттарының тұ­рақ­­ты, айналасы түгел бай-қуатты болсын дей­­мін! Берік, Гүлфайруз, ақылмен иірген асық­­тарыңыз қашан да алшысынан түссін, тек той­да жолығайық! Нұр тілеумен, Нұртілеу Иман­­ғалиұлы. Бесағаш – Қарлығаш. 07. 01. 2021». Иә, бәрі бір Алланың қолында. Ол ақыр­ғы айлары мен күндерінің, са­ғаттары мен сәттерінің таянып қалғанын сез­ді ме екен, білмедім, әйтеуір бұрынғы басы аман, бауыры бүтін кезде араласып, бүтінді бөл­ген, жартыны жарған дос-жаранның, та­ныс-тамырдың бірінің де жанына жақындап, өзінің науқас жеңген кескін-келбетін көрсеткісі келмеді, ол жайында тіс жарып, еш­кімге айтпады да. Тек үш жігіт – жанына жа­қын жүрген Амантай мен Ғабит үшеуміз ба­рып, көңіл жұбатып, жеңгеймен сөйлесіп, қайтып жүрдік. Сондай күндердің бірінде ол «Дә­рігер ішпе деген, ал мен ішемін», – деп, бір тос­тақ қымызды төңкере салды. Содан соң сөй­леп бір кетсін. Құдай-ау, ойдағы мен қыр­дағы, қайдағы мен жайдағы, айтылмаған нәр­се жоқ. Мысық бидің жұрағаты, бір ше­шіліп алған соң ымырт үйіріле тоқтады. Со­дан соң, баяғы сау кезіндегідей, бір жайнаң етіп, жалт қарады да, «Жігіттер, мен болдым!» де­ді. Менің көзімнен жас ыршып кетті. Ақыр­ғы рет көруім осы екен. Арада аз күн өткенде суық хабар сумаң ете қалды. Ол Жаратушыдан тағы бір мүшел жас сұраумен болды. Амал қанша, кең Алла ондай мұршат бермеді. Шөгеріп қойып, терісін сыдырып алсаң да қыңқ етпейтін, бүтін туған жампоздың сойынан емес пе? Оңай­лықпен ол да берілмеді. Соңғы демі, ақыр­ғы сағаты соққанша ажал сұммен арпа­лысумен жатыпты. Ал менің көз алдымда ол байырғының билерінше сайрап, мақамдап сөйлеп отырған, көгілдір экранның көзайы­мы күйінде қалды. Үні де, түрі де, тұлғасы да, сол баяғы. Міне, оның ақырғы сөзі: «Бәріміз бай, қуатты болайық!». Бай, қуатты болыңдар! Өйт­кені бұл оның еліне айтқан ақырғы, ақ­тық тілегі.

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы

Серіктес жаңалықтары