248
Алматы оқушыларының ақпанда демалуы орынды ма?
Алматы оқушыларының ақпанда демалуы орынды ма?
Он күннен кейін Алматы қаласында 28-ші қысқы Универсиада ойындары бастау алады. Халықаралық байрақты бәсекеге орай алматылық мектеп оқушыларына арнайы демалыс берілмек. Осылайша, Алматы қаласының оқушыларына Универсиаданы тамашалауға мүмкіндік туды. Универсиада кезінде оқушыларға неліктен демалыс берілмек?
Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы:
– Менің білуімше, мұндай шара әлемнің барлық елдерінде қолданылады. Әлемдік маңызы бар дода кезінде мектеп оқушыларына ғана емес, жоғары оқу орындарының студенттеріне де демалыс беретіндігін естігенмін. Ал бұл өз кезегінде жастарымыздың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыруға сеп болмақ. Одан бөлек, бұл балаларымыздың қауіпсіздігі үшін де тиімді. Ауқымды шара кезінде түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Сондықтан, білім саласына жауапты азаматтардың мұндай шешім қабылдауы құптарлық жағдай.
Баян БЕКБОСЫНОВА, балабақша әдіскері:
– Алматы қаласында көптен күткен Универсиада ойындары басталатыны қуанышты жайт. Айтулы додаға орай қаламыздағы барлық мектеп оқушыларына арнайы демалыс берілді. Бұл қосымша демалыста оқушылардың әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылардың бәсекесін тамашалап, тиімді өткізулеріне мүмкіндік бар. Сондай-ақ, жас балалар қысқы спорттық ойын түрлерімен жақынырақ танысады. Оқушылар жазғы спорт түрлерін жақсы білгенімен, қысқы спорт ойындарын көп біле бермейді.
Руслан МЕДЕЛБЕК,спорт журналисі:
– Мұндай жайт көптеген елдерде кездесетін секілді. Мысалы, Сочи олимпиадасы кезінде де қаладағы мектептерде, университеттерде сабақ тоқтаған. Балалардың қауіпсіздігі үшін бұл дұрыс шығар. Балаларға тегін билет беріп, жарыстарға апарса, оны да құптаймын. Мұндай жарыстар балалардың болашақта спортпен айналысуына септігін тигізер еді.
Рахат ИСАҚҰЛОВА, психолог:
– Балаларға үлкен халықаралық дода кезінде демалыс беруі қалыпты жайт секілді. Есесіне, оқушылар спорттық сайыстарды тамашалауға мүмкіндік алады. Бұл бүгінгі жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Оның үстіне, Алматыдай алып шаһарда әлемнің көптеген елдерінен жүздеген спортшылар, жанкүйерлер келіп жатқанда, балалар қауіпсіз болуы үшін де оларды уақытша демалысқа жіберу орынды шешім болған тәрізді.
Әділет МАҚСАТҰЛЫ, студент:
– Универсиада кезінде мектеп оқушыларына демалыс бергені дұрыс шешім болды. Олардың сабақтарына алаңдамай, спорттық жарыстарды емін-еркін көруіне мүмкіндік туды. Еліміздің спортшыларына қолдау көрсетіп, шетелдік ойыншылардың өнеріне баға бере алады. Студенттерге де Универсиаданың барлық ойындарын еркін тамашалауға мүмкіндік бермегені өкінішті. Дегенмен, алдағы Универсиадада қазақстандық спортшыларға жанкүйер боламын. Олар үшін сәтті сын болады деп сенемін.
Нұрдидар ЖҰМАҒАЛИЕВ, 10-сынып оқушысы:
– Бізге Универсиада кезіндегі спорттық жарыстарға барып, тамашалауға мүмкіндік берілгеніне қуаныштымыз. Оның үстіне, бұл күндері қалада сырттан келген адамдардың көп болатындығы түсінікті. Сондықтан, бұл біздің қауіпсіздігіміз үшін де маңызды. Бұл шешімді ата-аналарымыз қуана құптады. Ал өзім Универсиада ойындарындағы барлық жарыстарды көруге тырысамын. Қазақстандық спортшылар үшін жанкүйер болатын күнді асыға күтіп жүрмін.
P.S. Жалпы, халықаралық ірі әрі маңызды жарыстар кезінде мектеп оқушыларына демалыс беру әлемде қалыптасқан жайт. Ондағы мақсат – оқушыларға спорттық жарыстарды тамашалауға мүмкіндік беру. Сол арқылы жас ұрпақты салауатты өмір салтына үйретіп, спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік туады. Алматылық оқушыларға Универсиада уақытында демалыс беру әлемдік үрдістің жалғасы деп айтуға әбден негіз бар.