751
Алаш қозғалысының Алматыдағы жаңғырығы
Алаш қозғалысының Алматыдағы жаңғырығы
1986 жылы желтоқсан айында Алматыда болған жұмысшы жастар мен студенттер көтерілісінің ХХ ғасыр тарихында алатын орны мен саяси мәні зор. Кәсіпқой тарихшылар арасынан өз ойын ашып айтып келе жатқан тарих ғылымдарының докторы, Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Мәмбет Қойгелдиев көтеріліс туралы ойын үнемі ашық айтып жүр. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Алаш қозғалысы мен Желтоқсан көтерілісінің сабақтастығы туралы пікір алысқан едік. Осы пікір алысуды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
− Міне, тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Бабаларымыз аңсаған бұл тәуелсіздікке жету жолымыз оңай болған жоқ. Кенесары ханның күресін былай қойғанда, ХХ ғасырда Ресей патшалығының билігіне, қала берді Коммунистік тоталитарлық билікке қарсы қаншама халықтық көтерілістер болды десеңізші. Алаш арыстары да сол тәуелсіздік үшін күрестің құрбаны болды емес пе?
− Өткен ХХ ғасыр қазақ елі үшін сын көпірі болды. 1905 жылдан бастап қазақ ұлтын ел ретінде құтқару әрекетіне көшкен шағын ғана зиялылар тобы артындағы жұрттың қолдауына сүйеніп, көп ұзамай-ақ, яғни 1917 жылы қазақ жері мен елін біртұтас мемлекет ретінде біріктіруге тиіс болған Алаш автономиясын, яғни мемлекетін құру ісін қолға алды. Олар бұл мақсатына жете алмады, объективті қалыптасқан жағдай мүмкіндік бермеді.
Осы жүзжылдықтың соңына қарай, 1986 жылы, яғни жетпіс жылдан соң қазақ қоғамында мемлекеттік дербестік мәселесі қайта көтерілді. Бұл жолы оны көтерген қазақтың жұмысшы және студент жастары еді.
Яғни, ХХ ғасырдың басында және соңында мемлекеттік дербестік мәселесі екі рет қойылды. 1991 жылы өмірге келіп, бүгінгі тарихи фактіге айналған қазақ мемлекеттігі ұлтымыздың алаштық және желтоқсандық буындарының мақсатты еңбегі мен қызметінің логикалық нәтижесі ретінде қабылданады. Басқаша болуы да мүмкін емес. Өйткені өмір ағымының негізінде табиғи ұрпақаралық сабақтастық жатыр.
− Ұлттың, жалпы алғанда қазақ халқының алмағайып тағдыры кезінде Алаш қозғалысын өмірге алып келсе, кейін Желтоқсан көтерілісін туғызды. Осы екеуінің сабақтастығы қандай деп білесіз?
− Ия, ғасыр басындағы Алаш қозғалысы мен ғасыр соңындағы Желтоқсан көтерілісі арасында өзара қандай логикалық байланыс бар? Жоқ әлде олар тарих толқынындағы кездейсоқ оқиғалар ма? Міне, осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Біздің кешегі өткен өмірімізде Алаш қозғалысы мен Желтоқсан көтерілістерін өз атымен атай алмаған күндеріміз де болған. Енді біз бұл тақырыптарды, Аллаға шүкір, емін-еркін зерттеу тақырыбына айналдырып, тиесілі тұжырымдар жасай аламыз. Бізге мұндай мүмкіндікті берген мемлекеттік тәуелсіздігіміз.
Осыдан тура 96 жыл бұрын, яғни 1917 жылы 12 желтоқсан күні Алаш автономиясын құру ісін қолға алған Алашорда үкіметі өмірге келді. Соған дейін қазақ елінің ұлттық мүддесіне тура осы Алаш қозғалысындай жақын келген ұлттық саяси қозғалыс болған емес-тін. Өйткені Алаш қозғалысы нақты бағдарламалық негізге сүйенген саяси қозғалыс болатын. Ұлт жадында терең із қалдыруы да оның осы қырынан туындайтын болса керек.
Алаш және желтоқсан қозғалыстары әлемдік тарихи контексте қарауды қажет ететін құбылыстар. Осы ретте Алаш қозғалысы кезінде әлемді өзгерткен Ұлы француз революциясының (1789) қазақ топырағындағы жалғасы болғандығын және оның бізге орыс демократиясы арқылы жеткендігін айтсақ қателеспейміз. Сол сияқты, орыс демократиялық мәдениетінің де бізді әлеммен жалғастырушы көпір міндетін атқарғандығын қалай ұмытарсың!
Бүгін біз, мәселен «Азаттық» деген сөзді жиі қолданамыз. Бұл ұғым біздің күнделікті өмірімізге енген. Ал кезінде Еуропаны, әлемді жарып жібере жаздаған бұл ұлы сөзді қазақ өміріне алып келіп, жанкешті қызметі арқылы орнықтырған Алаш зиялылары екендігін ескере бермейміз.
Алаштық зиялылар сондай-ақ өз қызметі арқылы Азаттықты нақты өмірлік шындыққа айналдыруға тиіс болған қоғамдық институттарды құруға күш салды.
Алаштық топ ұғымында Азаттық бұл өздігінен келіп орныға салатын нәрсе емес, ол тынымсыз ізденіс пен қоғамдық мақсатты қызметінің нәтижесі ретінде ғана шындыққа айналатын құндылық. Азаттық сондай-ақ бұл сыртқы күштерге тәуелділіктен құтылу ғана емес, сонымен бірге ішкі озбырлық пен әділетсіздікті де шектеу дегенді білдіреді.
Азаттық сондай-ақ жалпы қоғамның өзге жұрттармен тең болу мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге жеке тұлғаның бас бостандығы, өз қабілетін толық аша алу мүмкіндігі.
Алаш қозғалысы белгілі дәрежеде, еуропалық және ресейлік қоғамдық ой мен қозғалыстардың қазақ топырағындағы жалғасы екендігі рас. Сонымен бірге ол қазақ қоғамындағы қорланып қалған ең озық идея және ұстанымдарымен іштей сабақтас байланыстағы табиғи құбылыс болатын.
Алаш зиялылары қоғамдық ойдағы «Зар заман» ағымындағы ақын-ойшылдардың шығармашылығымен жақсы таныс болды. Дегенмен, олар сары уайым мен күйректікке бастайтын жолдан іргесін алыс салды. Олар нақты істің буыны еді. Сондықтан да өз елінің болашағын еуропалық ағартушылық және біліммен ұштастыру жолында тұрды. Бұл уақыт көрсетіп бергендей өзін-өзі ақтаған тура таңдау болатын.
Егер өздерінен бұрынғы буын – Шоқан, Ыбырай және Абай – ақын сөзімен айтқанда «өне бойы егіліп», аулақта жас ағызған саяқтар болса, алаштық буын жігерлі де мақсатты әрекетті мойындаған, заман талабына үн қоса білген бүтін бір жұлдыздар шоғырындай ұрпақ еді. Басқаша айтқанда, ХХ ғасырдың басы қазақ ұлтының болашағы жөнінде тебірене ойланып, осы ойын нақты іске ұластырған әрекетшіл тұлғалардың қаулап шыққан кезі болды.
Алаштық буынға тән тағы бір ерекшелік – олар қазақ мәселесіне жауап бере алатын шешімдерді өзгенің ақыл-кеңесінен емес, оны алдымен ұлттың өз өмір сүру ерекшелігінен, дара болмысынан іздеді. Ұлттық тәжірибені өзге мәдениетті жұрттардың өмір сүру салтымен салыстыра отырып, сын тезінен өткізуге тырысты.
Қорыта айтқанда, Алаш қозғалысы, ол ұсынған қазақ өмірін заман сұранысына лайық қайта түлету бағдарламасы – бұл советтік даму жолына балама жол, альтернатива болатын.
− Кезінде Орта Азия республикаларының бәрі коммунистік езгінің илеуінде болды. Олар да ара-тұра кеңестік билікке қарсы наразылықтарын білдіріп отырғаны тарихтан белгілі. Алайда сол республикаларда өзінің жеке ел құруға, қоғамдық өмірді өзгертуге арнаған бағдарламасы бар Алаш тобындай ұйымдары бола қоймағаны анық. Дегенмен кеңестік билік Алаштық буынды да күшпен тарих сахнасынан ығыстырды. Бірақ халықтың наразылық көтерілістері бірінен соң бірі жалғасып жатты.
− Алаштық саяси топты күшпен жойған кеңестік биліктің қазақ қоғамының өмірін жаңа сұраныстарға сәйкес бейімдеуге (реформалауға) байланысты негізгі бағдарламасы болды ма деген сауалды қою бүгін орынды сияқты. Бұл ретте А. Байтұрсыновтың 1920 жылы В.И Ленинге жолдаған хатындағы «Қазақ өлкесінің басына қойылған орталық билік өкілін қазақ өміріне қатысты белгілі бір көзқарастық тұжырымы жоқ, соған байланысты оның қолында нақты бір жұмыс жоспары да болмай отыр, мұндай жағдай мүмкін, қазақ мәселесіне қатысты орталық биліктің өзінде белгілі бір тұжырымдық көзқарастың жоқтығынан туындап жатса керек», − деген пікірімен толық келісуге тиіспіз. («Алаш қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 59-64 б.)
Мәскеулік билік қазақ қоғамын басқару, сондай-ақ оның қоғамдық өмірін түбегейлі қайта құру ісін бүтіндей өз міндетіне ала отырып, қолында ешқандай да негізді жоспары болған емес. Оның мұндай күрделі іске даярлықсыз кіріскендігін көп ұзамай-ақ өмірдің өзі көрсетіп берді. 1929-1932 жылдары Қазақстанда кеңестік реформалық шараларға қарсы 372 қарулы бас көтерулер, көтерілістер советтік биліктің негізсіз реформаларына қарапайым халықтың көрсеткен қарсылығы болатын.
Кеңестік билік мұндай қарсылықтан тиесілі қорытынды шығармады. Соның нәтижесінде қазақ елі 1931-1933 жылдары жүрген жаппай аштықтың салдарынан өзінің жартысына жуық бөлігінен айырылды. Бұған қосымша саяси репрессиялық шаралар қазақ ұлтының сандық тұрғыдан ғана емес, сапалық тұрғыдан да дағдарысқа ұшырауына алып келді.
Міне осы жоғарыда баяндалған Алаш қозғалысына тән белгілерді Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдарынан да байқауға болады.
Қазақ жұмысшы және студент жастарының желтоқсанның суық, аязды күндері мен кештерінде қазақ жері мен елінің өмірінен ешқандай да хабары жоқ Г.В. Колбин сияқты функционердің бірінші басшылыққа келуіне қарсылық көрсетіп, Алматыдағы «Брежнев» атындағы алаңға шығуы көтеріліске түрткі болған оқиға ғана еді. Ал оның түпкі себептері тереңде, яғни Советтік республика аталған қазақ жері мен елінің империя құрамындағы отарлық жағдайында болатын.
Қазақ елі аса үлкен жер байлығы мен адами-интеллектуалдық потенциалы бола тұра кедей жағдайда өмір сүрді. Советтік саяси жүйе қазақ елінің эканомикалық-әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыра алмады.
Француз ойшылы Ж.Ж. Руссоның пікіріне сүйенсек, кез келген билік жүйесінің жағымды немесе жағымсыз екендігінің негізгі өлшемі халық санының өсуі немесе кеміп кетуі болып табылады. Патшалық Ресей тұсында қазақтар өз жеріндегі тұрғындардың 81 пайызын құраған болса, 1962 жылы бұл көрсеткіш ең төменгі нүкте 29%-ға түсті, басқаша айтқанда 65 жыл ішінде 52%-ға кеміп кеткен. ( М.Тәтімов. «Халық-нама немесе сан мен сапа». А. 1992, 136-бет). Қазақтардың 70-80 пайызын құраған ауыл халқының басым бөлігі күн-көріс қамында өмір сүрді. Советтік идеологтар советтік билікті индустрияландыру саясаты үшін дәріптеді. Осы орайда 80-ші жылдарға тән мынандай демографиялық жағдайды байқаймыз. Мәселен, қазақтар Қазақстанның астанасы, өнеркәсіп ошағы атанған Алматы қаласы тұрғындарының 22 пайызын ғана құрады. Бұл көрсеткіш облыс орталықтарында бұдан да төмен болатын. Басқаша айтқанда, советтік кезеңде қазақтар Қазақстан қалаларының негізгі тұрғындарына айнала алған жоқ. Бұл процесс тек тәуелсіздік жылдарында ғана ерекше қарқын ала бастады.
80-ші жылдары жұмыс, оқу іздеп ауылдан қалаға келген қазақ жастары жатақханаларда тұрды, пәтер іздеп, жетім бұрыштарда жүрді.
Қорыта айтқанда, Желтоқсан көтерілісі советтік биліктің Қазақстан қоғамын терең дағдарысқа алып келгендігінің көрінісі еді. Араға бес-ақ жыл салып бұл өкімет тарих сахнасынан біржола кетті.
Оқиғалар ағымы Алматыдағы алаңға шыққан қазақ жастарының өкімет алдына қойған талап-тілектерінің негізді де дұрыс екендігін көрсетіп берді.
− 1986 жылғы жастар наразылығын журналистер мен қоғам қайраткерлері көтеріліс деп анықтама беріп жүр. Дегенмен, арамыздағы базбіреулер стихиялы түрде болған наразылық деп айтудан танар емес. Сіз кәсіби тарихшы ретінде осыған не айтар едіңіз?
− Иә, бүгінгі күнге дейін жастардың алаңға баруын мақсатты әрі саналы әрекет есебінде емес, кездейсоқ, стихиялы қадам ретінде бағалауға бейім адамдар кездесіп қалады. Әрине, кездейсоқ барған жеке адамдардың да болуы әбден мүмкін. Олар тіптен аз да болмаған шығар. Дегенмен, алаңда жиналғандардың абсолютті басым бөлігі оған саналы түрде, өз еркімен барғандығын барлық құжаттық материалдар растайды. Желтоқсаншыл К.Күзембаев: «18 желтоқсан күні таңертең мен жұмысқа бардым. Күнделікті киім ауыстыратын вагонға кірсем, онда жұмыс киімдерін кимеген күйде отырған жігіттерді көрдім. «Неге шешінбей отырсыңдар?» деп сұрауыма, олар алаңға баратындықтарын, студенттерге қолдау жасау керек екендігін айтты. Мен оларға райларыңнан қайтыңдар, бұл істің соңы жақсылыққа апармауы мүмкін екендігігн ескерттім. Бірақ бұл пікірімнің оларға әсері болған жоқ. Біз тысқа шығып, Саин көшесінен 66-автобусқа отырдық».
Мәскеулік билік қазақ ұлтының сана тереңінде болып жатқан өзгерістерді бағалауға келгенде адасты, қателікке ұрынды. Бұл мезгілде қазақ ұлты өзінің өткінші тірлігінен түпкілікті мүддесін ажырата алатындай деңгейге жетіп қалған еді. Қарқынды жүргізілген орыстандыру үрдісімен қатар, оған жауап реакция ретінде ұлттық сана тереңінде ұлттық құндылықтарды түгендеу, қастерлеу және оларды қорғауға әзір көңіл-күй де пісіп-жетіле түсті және бұл ішкі рухани процесс қоғамдағы барлық әлеуметтік топтарды қамтыды.
− Жастардың саяси белсенділігінің оянуына жазушылар мен ақындардың ықпалы болды дей аламыз ба?
− Империялық орталықтың өктемдігіне бұдан былай да мойынсұнып көне берудің ұлт болашағы үшін қауіпті екендігін алдымен жазушы және журналистер білдірді. Асқар Сүлейменовтің «Бесатары» және Олжас Сүлейменовтің «Азиясы» мен өлеңдері, Мұқағали Мақатаевтың «Реквиемі» мен өлеңдері, Ілияс Есенберлиннің «Қаһары», Әбіш Кекілбаев пен Шерхан Мұртазаның шығармалары және басқа да толып жатқан көркем туындылар осы қатардағы құбылыс болатын.
Осы арада мынадай тарихи жағдайға көңіл аударған жөн. Республикалық басшылық кезінде «білімді ұрпақ – адаспайтын ұрпақ» ұстанымында болып, Қазақстанда жеткілікті мөлшерде жоғары оқу орындарын ашып тастады. Бұл стратегиялық тұрғыдан өзін-өзі ақтаған іс еді. Басқаша айтқанда, бұл ұлт тағдырында болып тұратын аумалы-төкпелі жағдайларға білімді қарсы қою әрекеті болатын. 80-жылдардың екінші жартысында Орталық билік Қазақстан сияқты ұлттық республикаға мұндай мүмкіндіктің берілуі өзі үшін қате шешім болғандығын түсінгендей болды, бірақ кеш еді.
Анығырақ айтқанда саяси бюро Г.В. Колбинді Қазақстанға әкелу туралы шешім қабылдап қазақ қоғамындағы ұлттық сананың жаңа белеске көтерілгендігін есепке алмаған еді. Яғни, о бастан қарсы тұрған екі мүдденің (орталық империялық және жергілікті ұлттық) бетпе-бет келмеуі тіптен де мүмкін емес-тін. Алаңдағы жүз шайысу соның айғағы болатын.
Бұл екі күн, яғни 17 және 18 желтоқсан орыс отаршылдығының тепкісінде әбден жаншылған қазақы көңілдің бір сәтке бұлқынып, еш қаймықпай тәуекелге бел буып, қасқайып «мен әлі де болса бармын, тірімін, менің әлі де болса азат, саналы өмірден үмітім бар!», − деген жігермен сол кездегі ел астанасы Алматының орталық алаңына, аязды көшесіне шығуы болатын.
Шыққандар кімдер еді? Бүгінгі күні алаңға шыққандардың қарапайым халық, басым бөлігі студент және жұмысшы жастар екендігі кімге де болса аян. Олардың ұзын саны 17 желтоқсан күні кешке 25-30 мың адамға жетті.
Қайрат Рысқұлбековтің көрсетуінен: «18 желтоқсан менің басымда қоян терісінен тігілген қара құлақшын болды, ол Балғынбеков Армандікі еді. Үстімде Бинков Қайратқа тән қоңыр куртка болды. Мен бұл куртканы оның рұқсатымен бұрында кигенмін. Куртканың қалтасында Бинковтың қолғабы бар екен. Сол күні оларды киіп жүрдім. Мойнымдағы клеткалы көк бөкебай да Бинковтың заты болса керек, есімде жоқ. Бұтыма кигенім қоңыр түсті шалбар, аяғымда қою қоңыр түсті етік, бұлар өзімдікі».
Алаңдағы жастардың басым бөлігінің әлеуметтік жағдайы шамамен осындай күйде болғандығы жөнінде айтуға негіз бар.
Жастардың қойған талабын егер жинақтап айтар болсақ «Қазақ халқы өзін-өзі басқаратын уақыт жетті, ендігі уақытта Мәскеудің өктемдігіне көне алмаймыз!» – деген тұжырымға сайды. Алаш қозғалысынан кейін, яғни 70 жылдан соң бұл мемлекеттік тәуелсіздік мәселесінің қайта көтерілуі еді.
Алаңға шыққан жастарға қарсы тұрған күш. Қарулы әскер мен милиция (40 мың төңірегінде), сондай-ақ қарулы жасақшылар 10-15 мың. Бұған қосымша 15 БТР және 20 өрт сөндіретін машиналар, басқаша айтқанда, шеруді басуға шыққан күштің саны алаңдағы халықтан екі-үш есе артық.
17-18 желтоқсан күндері Г.В. Колбин бастаған билік органдары ашық түрде басым бөлігі еуропалықтардан тұрған жасақшыларды Алматының қазақ бөлігіне қарсы қаруландыру жолына түсті. Сол тұстағы Алматы Электроника зауытының директоры Еркін Қадыржановтың көрсетуінен: «17 желтоқсанда зауыттан жасақшылар жинап, оларды алаңға апару туралы Октябрь аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мещеряковтан бұйрық алдым. Алаңдағы қарсылықты басу үшін оларға арматурадан арнайы теміртаяқ беру ескертілді». Ал сол тұстағы Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Серхан Жақыповтың көрсетуінше «арматура, таяқ, темірмен қаруланған орыс «жасақшылары» түнде кездескен қазақ баласының барлығын қылмыскер ретінде ұрып-соғып, қамауға алды».
Сөйтіп, кеңес үкіметі 1916 жылғы патшалық биліктің қарусыз халыққа жасаған қиянатын 1986 жылы қайталады.
Орталық алаңдағы жағдай бiрден Мәскеудегi Бас хатшыға және басқа билiк орындарына баяндалды. Осы сәттен бастап республикадағы билiк толығымен орталықтың құзырына өттi. Алматыдағы саяси наразылықты өз билiгiне төнген қатер ретiнде қабылдаған Орталық оны күш қолдану арқылы басып-жаншу жолына түстi. Билiк бейбiт шеруге шыққан жастармен тең дәрежедегi диалогке баруды қажет санамайтындығын анық байқатты. Өз ретiнде билiк алдына қатаң талаптарын қойған бейбiт шеруге жиналушылар нанымды жауап алмайынша алаңнан тарамайтындықтарын мәлiмдедi. Сол күнi кешке Мәскеуден Алматыға ұшып келген топтың құрамында КСРО iшкi iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары, КСРО Бас прокурорының орынбасары, КСРО мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi төрағасының орынбасары, республика компартиясы Орталық комитетiнiң бiрiншi және екiншi хатшылары, республика Iшкi iстер министрi және мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы бар наразылықты басып, тарату штабы құрылды. Құрамында қазақ ұлтынан ешкiм де болмаған бұл штабтың жұмысын КСРО Iшкi iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары, генерал-полковник Б.К.Елисеев басқарды. Штабтың қарауына шамамен 20-25 мың адамнан тұратын Алматы гарнизонының, КСРО Iшкi iстер министрлiгiнiң Алматы облысында, сондай-ақ Фрунзе, Ташкент, Челябi, Новосiбiр, Уфа, Свердловск, Тбилиси қалаларында орналасқан, арнайы ұшақтармен Алматыға алдырылған әскери күштерi берiлдi.
Әскерилерге қарусыз шерушiлердi қуып таратуға қажеттi қару-жараққа қосымша 15 БТР, 20 өртсөндiрушi мәшине берiлдi. Милиция және әскер құрамаларына саны 10-15 мың шамасындағы темiр сойылдармен қарулаған “жасақшылар” көмектестi.
Алматыдағы қарусыз бейбiт шеруге шыққан жастарды қарулы әскер күштерi қуып тарату барысында 8,5 мың адам ұсталып, олардың 2401-i уақытша қамау орындарына жеткiзiлiп, қалғандары қала сыртына апарып тасталды, 1,7 мыңнан астам адам дене жарақатын алды, олардың бiрнешеуi сол жарақаттан қаза тапты. Сот үкiмiмен 99 адам түрлi мерзiмге, екi адам өлiм жазасына кесiлдi.
Дегенмен, өз әрекеттерінің дұрыс екендігіне сенімді жастар дүлей күшке бетпе-бет келе отырып, одан қаймыққан жоқ еді. Қайрат Рысқұлбековтің тергеу барысында берген жауабында: «Алаңда біз «қазақтар жасасын! деген ұран тастап, ән салдық. Алаңда ұзақ болған жоқпыз. Көшеде жүріп тағы да ән салдық» делінген.
Қайраттың курстас серігі Көпесбаев Ертай: «Жазушылар үйіне таяп келгенде сағат 14.00 шамасы еді. Осы жерде барлығымыз «Ілияс, Сәкен!», - деп айқайладық... Сонда Рысқұлбеков даусын көтеріп: «Олжас! Бізге тілек айт!», – дейді. Бірақ жазушылардан шыққан ешкім болмады... Тек автобус аялдамасы тұсынан өте бергенімізде орта жастағы қазақ әйелі: «Балаларым менің! Сендердікі дұрыс. Қазақ елінің намысы бар екендігін көрсеттіңдер. Рахмет! Тек қана қан төгілмесін!», – деді.
– Мәке, желтоқсан көтерілісінің сабақтары нені көрсетті деп білесіз?
– 17-18 желтоқсан күндері біз тағы бір нәрсеге көз жеткіздік: ұлттың түрлі әлеуметтік топтары қоғамның экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени өмірінде алатын орындарының сан алуандығына қарамастан өздерін тағдыры бір, ортақ өзекті жіпке байлаулы қауым екендігін сезінді.
Сонымен бірге мынадай бір жағдай да анық өзін байқатты. Ұлттың, әсіресе студент және жұмысшы жастардың аса күрделі де сын сәтте ортақ мүдде төңірегінде жұдырықтай жұмылып топтасуына ұйтқы болатын тетік (механизм) жоқ болып шықты. Кеңестік билік ондай тетіктердің болуына жол бермегендігі анық байқалды.
Тәжірибе, өмір мынаны көрсетті: қажеті сәтте ондай ортақ ұлттық мүдде төңірегіне тез арада біріге қоюға мүмкіндік бермейтін механизмді мәскеулік және қазақстандық отаршыл күштер, сорокалар мен мызниковтар үлкен ыждағаттылықпен жасап қойған еді. Олар тез арада «қазақ ұлтшылдығы бас көтерді», «алаштың идеологиясы әлі тірі екен» сияқты байбаламға басып, үрей тудырды. Репрессиялық аппарат мүдірместен іске қосылды.
Анығырақ айтқанда, желтоқсан күндері, оның артын ала басталып кеткен сот процестері советтік жүйенің қазақ ұлтының түпкілікті мүддесіне қарсы тұрған аса қауіпті билік екендігін көрсетті.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ