1101
Еліне еңбегі сіңген Еркін Шажаұлы
Еліне еңбегі сіңген Еркін Шажаұлы
Ықылым замандардан бермен қарай қоғамның дамуына өз үлесін қосқан терең ойлы еңбегі адал, елдіктің туын тік ұстаған азаматтар қай кезеңде де қазақта аз болған жоқ. Кең байтақ қазақ елінің қай өлкесін алсаң да елім деп еңіреп өткен арда ұлдары баршылық еді. Ал енді Ақтөбе өңірін ауызға алар болсақ, ақын-жазушыларға, танымал тұлғаларға кенде болмағанына көз жеткіземіз.
«Қырымның қырық батырын» жырлаған Қазақбай, ірі эпик ақын Айса Байтабынов, «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» жырларын кең насихаттаған Әкімгерей Қостанов, заманында Есет Көтібарұлының сенімді серігі болған, тар заманда Бесқалаға ауған Ақпан Әйітбекұлы, онан бері жылжысақ Абыл Тілеуұлы, Алаша Байтоқ, алмас тілді Шернияз Жарылғасұлы, Нұрым Шыршығұлы, Жамбылдың сенімді серігі атанған Нұрпейіс Байғаниндай ақындар ауызға ілінеді.
Әлем жұртының жүрегінде қалған Кеңес Одағының Батыры, аяулы да қадірлі Әлия Молдағұлованы қалай айтпасқа. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Өтебай Қанахин ақын Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев, осылай тізбектеліп кете барады. Менің бүгінгі әңгімеме арқау болғалы отырған үлкен ғалым, асылзада азамат та осы Ақтөбе өңірінің перзенті. Бүгінде Президент жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының бірінші вице-ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Дүсіпов.
Ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Ойшылдың бұл сөзінің растығын өмірдің өзі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен ортасында көрген үлгі-өнегесінен де болатыны мәлім. Міне, осының бәрін салыстыра келе біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін о бастан-ақ сыналап айтып отырған. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие беру қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастырудың бастауы. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына. Жүсіп Баласағұнша айтсақ, «Алтын, күміс жинаған бай емес, білім жинап, сөз білген адам бай».
Мен Еркін Шажаұлымен әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде қызметте жүрген кезінде танысқан едім. Университет ректоры ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аты әлемге әйгілі ғалым, профессор Өмірбек Жолдасбеков болатын.
1985 жылы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың «Құқықтану» мамандығына оқуға түскен жас өреннің екпіні таудан тас домалатқандай еді. Еркін Шажаұлы қырық қыртысы күрделі оқу ордасында жүріп, болашақ оқытушының, ғалым-заңгердің бойында қандай ұлы қасиеттері болуы тиіс екенін зерделеуге тырысты. Зеректігімен қатар ізденімпаздығы қатарластарынан оқ бойы озық тұрған білімгерді университеттің тәлімгер ұстаздары сол оқу орнының азаматтық құқық кафедрасына жас маман етіп қалдыруды шешеді. «Ішкі жан дүниеңіз дұрыс болмаса, жарқыраған жүзіңіз ештеңе де шешпейді» деп Ник Вуйчич айтпақшы болашақ ғалымның бойындағы ізгі қасиеттері мен асқан жауапкершілігі, ұқыптылығы мен білімге құштарлығы оның дәрежесін арттыра түсті. Қолынан іс келетін ол бірер жылда заң факультеті деканының орынбасары лауазымына көтеріледі.
Жас маман өзі көріп отырған заң саласының қыр-сырын тереңдете зерттеуді мақсат тұтады. ҚазҰУ-дағы белгілі тәлімгер, құқық саласының майталманы, танымал заңгер з.ғ.д., профессор Юрий Басиннің сүйікті шәкіртіне айналады. Әркез ұстазынан қолдау тауып, ғылымдағы негізгі бағытын қалыптастырады. «Мәрттік жасап, халыққа барыңды бер, өзің қанағат ет» деген қағиданы ұстана отырып, нарықтық экономикаға өтіп, елімізде жекешелендіру науқаны басталған кезде 2002 жылы «Жерге жеке меншік құқығының негіздері» тақырыбында кандидаттық диссертация жазып, оны дәлел-дәйегімен нақтылап қорғап шығады. Білімі толықсып, мол тәжірибе жинақтаған жас ғалым министрліктің жолдамасымен 2002 жылы көне Таразға жол тартады. М.Дулати атындағы ТарМУ-дың заң факультетінде кафедра меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Араға жылдар сала өз ісінен жоғарғы көрсеткіштерге жеткен кәнігі маман заң факультетінің деканы болады. Түйінді мәселенің шешу жолындағы жаңашылдығымен ерекшеленетін халық игілігіне жарамды жүзден аса ғылыми мақала жазып, жариялады.
Барлық жақсы қасиеттің діңгегі әдептілік, білімділік десек, егемен еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға барынша өз үлесін қосуды алдына мақсат етіп қойды. Негізгі ғылыми зерттеулері заң ғылымдарының азаматтық, кәсіпкерлік, аграрлық және жер салаларына байланысты қалыптасып отырды.
Докторлық диссертацияны қолға алғаннан-ақ өз зерттеуінде алғашқы болып еліміздің ауылшаруашылық жерлерін жекешелендірудің құқықтық негіздерін зерделеп, оның қажеттілігін дәлелдей білді. Мемлекеттік тілде жазылып қорғалған алғашқы жұмыстың бірі – осы Еркін Шажаұлының еңбегі.
Ғалым, ауылшаруашылық мақсаттарына арналған жерлердің заңнамалық базасын қалыптастырып, жер ресурстарын құқықтық қорғау тетіктерін тұжырымдауды алға қойды. Бүгінде негізгі ұсыныстары ҚР-ның Жер кодексі нормаларында көрініс тауып, елімізде дамыған елдер секілді қажетті деңгейде жер нарығын қалыптастыруға септігін тигізіп отыр.
Ғылыми жұмыстарында – елімізді дамыған аграрлық аймаққа айналдыру, экономиканың қарқынды дамуына қажетті құқықтық ұсыныстар әзірлеп, аграрлық банк құру, агролизингті қалыптастыру мәселесін көтерді. Аграрлық кодекс қабылдау туралы заңның жобаларын да дайындады. Ол ұсыныстары да бүгінде өз нәтижесін беруде.
Халқының мүддесі үшін жасалған еңбектері оның есімі алғаш рет елімізде жарық көрген Қазақ ұлттық энциклопедиясында құқықтану бөлімінің ғылыми кеңесшілері қатарынан көрінуіне себеп болды. 2002 жылы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің тапсырмасымен қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми сөздіктері авторлар ұжымының қатарында белсенді еңбек етті.
2008 жылы Алматы облысы, Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-ға ауысып, жалпы экономикалық өндірістік сұрақтар жөніндегі проректор лауазымын, мемлекеттік және азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасында профессоры қызметтерін атқарды. 2014 жылы Мәдениет және спорт министрлігі тапсырмасымен қазақша-орысша терминологиялық сөздіктің авторлар ұжымымен бірлесіп еңбек етті.
Осы еңбектері бағаланып, 2016 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына жұмысқа шақырылды. 2009 жылы өзінің білім жолын бастаған ҚазҰУ-да «Қазақстан Республикасында ауылшаруашылық кәсіпкерлігін құқықтық қамтамасыз ету мәселесі» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, заң ғылымдарының докторы атанды.
«Адамдар әділ болса – өмір әрқашан әділ. Өзіне сенбейтін кісі төңірегіндегілердің бойынан ешқандай жақсы сипат, жақсы қасиет көрмейді» – деп Әбіш Кекілбай ағамыз айтпақшы, қазақи тәрбие көріп, ана уызына жарыған Еркін Шажаұлы көңілдері қорғасындай балқып, теңіздей толқып, баспанасыз жүрген Қазақстан теле-радиосындағы журналистер қауымына қамқор болғанын неге айтпасқа?!
Анасы Гүлжамал Дүсіпова – Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылдық округіндегі «Жаңа жол» орта мектебінде саналы өмірін жас ұрпаққа білім беру мен оларды тәрбиелеуге арнаған қадірлі ұстаз. 2017 жылы ол кісінің атына математика дәрісханасы ашылып, оны сол мектептің түлегі ретінде Еркін Шажаұлы өзі қамқорлыққа алып, 2018 жылы осы дәрісханаға қажетті күрделі жөндеу жүргізіп, керекті жабдықтармен жабдықтап, үздік оқушыларға бүкіл оқу жылы бойы анасы Гүлжамал Дүсіпова атындағы стипендия тағайындады.
Қазір Қазақстанда жоғары білім беру саласының ілгері дамуына өзінің зор үлесін қосып жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректоры ретінде еліміздің барлық аймағында мемлекеттік қызметкерлерге жоғары оқудан кейінгі білім беру, қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын сапалы және қолайлы түрде жүзеге асырып келеді. Жұмысының басты мақсаттарының бірі – елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құруды қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметкерлер халқымыздың тұрмыстық жағдайының өсіп өркендеуіне атсалысуды жүзеге асыруда ынталы еңбек жасау. 2017 жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама аясында «Цифрлық Академия» жобасын жүзеге асыру мақсатында да жүйелі негізде елеулі еңбек атқаруда. 2019 жылы елімізде өткен президенттік сайлауда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының сенімді өкілі болды.
Ғылымдағы еңбектері үшін 2014 жылы «Ресейдің атақты ғалымдары» энциклопедиясына енгізілді. 2014 жылы АҚШ-тың Калифорния штатындағы дүниежүзіне белгілі Беркли университетінде кәсіби тағылымдамадан өтті.
Білім және ғылым министрлігінің «Үздік оқытушы – 2014» грант иегері. Е.Дүсіпов 4 философия докторын (PhD) және бірнеше магистрлер дайындады.
Осы аталған жетістіктері үшін 2018 жылы Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қойшығұл Мұстафаұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері