783
Жақсылыққа жаны жақын Елгезек аға
Жақсылыққа жаны жақын Елгезек аға
Сүлеймен Мәмет ағамен «Егеменге» қызметке орналасқан 2004 жылы таныстым. «Жақсыда жаттық жоқ» деген емес пе, Сүкең мені бірден өзімсініп, өзінің ақпейіл, елгезек мінезімен тез баурап, екеуміз бірден шүйіркелесіп кеттік. Ержұман Смайыл аға бас редактор болып жүргенде менің Желтоқсан оқиғасы туралы жазылған «Бітеу жара» атты кітабымды Сүкеңе беріп, пікір жазуға нұсқау берген екен. Ол кезде «Егемен» елдің аға басылымы, халықтың жанашыры ретінде әлеуметтің барлық жылт еткен жақсылығына назар аударып, қолдау білдіріп отыратын. Сол үрдіспен Ерағаң марқұм Сүкеңе менің кітабым туралы жылы пікір жазуды жүктеген ғой...
Сүлеймен аға ол жолы пікір жазған жоқ, өйткені сол кезде Қызылжардың пединститутынан Самал Жәметқызы деген филология ғылымының кандидаты, әдебиетші қыздан ұзақ пікір келе қалып, сол материал жарияланып кетті. Бірақ Сүкең жергілікті баспаханада жарық көріп, сырт сапасы нашар болған сол «Бітеу жараны» үнемі айтып жүретін еді. Сөйтіп, «Бітеу жараның» сылтауымен біз тез жақындасып, пікірлес, жан дүниеміз үндес болып кетті.
«Бітеу жарадан» басқа «Өзгеленді бұл ғалам», «Жылдар жылжып барады», «Күзде гүлдеген алмалар» және т.б. кітаптарыма ол өзінің пікірін білдіріп, «Егеменнің» «Жаңа кітап» айдарына жариялап отырды. Бәрінде өзінің әділетті сөздерін айтып, кітаптардың ойлы оқырманға берер пайдасы мен көркемдігіне назар аударатын. Сүкеңнің өзі әлеуметтік маңызы зор, іргелі тақырыптарға үнемі қалам тартып, сұхбаттасқан адамының аузына өткір мәселелерді салып отыратын еді. Әлі есімде, ол бірде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтен дін мәселесіне байланысты сұхбат алып, оның аузына «ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөз салған. Шынында дін мәселесі бір кезде бізде қатты күйіп тұрды. Құранды тереңнен ұқпай, оның талаптарын үстірт танып және содан айнымаймыз деушілердің дауысы қатты шығып, қоғамда асыл дініміздің өзін әр түрде танытушылар көбейіп, пікір таластары өрістеп бара жатты. Ішінара тартысқа да жол беріліп, Ақтөбе облысында қан төгілгенін де білеміз. Осындай кезде абыз ақсақалдың аузымен өрттің өрістеуіне жол берілмей, қуа өшіріліп, ақыры бықси сөніп, тартыс біртіндеп жойылған. Сүлеймен Мәметтің осы сұхбаты еліміздің барлық түкпірінде талқыланып, ол туралы оң пікірлер қаулап айтылып жатты.
Гендерлік саясат, баланың құқы деген сияқты мәселелермен де сырттан келген «ақылшылар» ежелден бұл мәселелерде толеранттығы қалыптасқан, әйелді ешқашан кем тұтпаған, баланың құқын шектемеген қазақ еліне келіп, болмайтын әңгімелер айта бастаған кездер де болды. Соның желдетуімен желегін желпілдетіп, ар-ұяттан безіп бара жатқан бір әйелдер әлі де анда-санда көшеге шығып, желігіп жүр. Батыстың адам құқының бұзылмауын қадағалаушылары оның сақталуын алдымен бізден үйренсе керек еді. Қазақ «қыздың жолы жіңішке» деп ұятты алға қойғанымен әйелдің орнын ежелден «қыз бала – қонақ» деп құрметтеп, төрден берді емес пе? Ақылды болса әйелдің би болатын құқын да шектеген емес. Ел билеп, билік айтқан, талас-тартысқа төрелік берген әйелдер қаншама? Ал баланың азамат болып, адам болып қалыптасуының барлық кезеңіне көңіл бөліп, ата көріп оқ жонған, шеше көріп тон пішкен жастың қалыптасуын қадағалаған қазақ тәрбиесі емес пе еді. Соның бәрін ескермей «Азия болса болды, әйелдің, баланың құқы бұзылады» деп ұрандатып бізге жеткен «ақылшылардың» қылықтарына, біздің нормаларымыздан ауытқымаңдар деген талаптарына күйіп-піскен жанның бірі – Сүкең. Ол ауызекі әңгімеде де, қаламының ұшымен де ұлтымыздың ұстынына іріткі салатын осындай «ақылдарды» қатты сынап жүретін. Жалғыз өзі емес біз сияқты пікірлес інілері мен қарындастарын да қосып алатын. Сүкеңнің сөздері талай жанға ой салып, желікті басқанына өзіміздің де көзіміз жеткен.
Сүкеңнің жаны шырылдап араласқан дүниесінің
бірі – қазақ тілінің тағдыры. Бір кезде ол Алматыда, Шона Смаханұлының соңынан еріп қазақ мектептерінің ашылуына ұйытқы болса, кейін Астана қаласында да жаңа қазақ мектептерінің ашылуына тер төкті. Еліміздің астанасы Ақмола қаласына көшкенде қазақша бір-ақ мектептің бар екеніне ол қатты намыстанып, өзіндей патриот жандармен бірлесіп бірнеше мектептің ашылуына ұйытқы болды. Сонымен бірге басқа білім ордаларының қазақылануына, тілдің тереңдетіп оқылуына үнемі назар аударып отыратын. Астананың шенеуніктер қаласы емес, қазақтың рухани астанасы болуы керек екенін ол қаламы талмай жазып жүрді. Өзінің істерін ешқашан бұлдамайтын Сүкең тек оңаша әңгімелерде ғана талай есіктерге кіріп, талай көзқамандардан ауыр сөздер естігенін де айтып жүретін. Бірақ ұлтқа деген жанашырлық, бойдағы мызғымайтын берік діңгек Сүкеңді алған бетінен қайтара алған жоқ. Ол әлі күнге ұлттық істердің жанашыры, күйіп-пісіп жүретін жанкүйері.
Бір жылдары ол германиялық неміс Ганс Цольман дегеннің қымызға авторлық құқық бекіттіріп, ие болғанын естіп, қатты намыстанды. Сөйтсе өзімізде, Алматыда тұратын биология ғылымдарының докторы Зұлқарнай Сейітов деген ақсақал қымыз дайындаудың әлемдегі бірінші патентін тіркеткен екен. Тіпті, құрғақ қымыз ұнтағының, қойытылған қымыздың, саумалдың патентін де алыпты. Бірақ соның бәрін өзіміздегі Стандарттау, метрология және сертификаттау комитеті берген. Ал енді халықаралық деңгейде патент алайын десе біздегі Үкімет жұмыстарының басында отырған безбүйрек шенеуніктер ақша бөлуге баспай қойыпты. Сөйтіп жүргенде немістер халықаралық дәрежеде тіркетіп алып, барлық қымыз өндіретін кәсіпорындарға патентін қолдануға рұқсат беріп, ақшасын күреп алып отыр. Сүкең профессор Зұлқарнай Сейітов ағамыздан сұхбат алып, осыны елімізге күйінішпен жеткізген еді...
Қазақтың ұлттық дүниелерін жаны шырылдап қорғайтын, қолынан келіп жатса талмай қолдайтын Сүлеймен Мәмет ағамыз бүгінгі таңда 70 жасқа толып отыр. Ол – қазақтың алғыр ойы мен патриоттарының ұстаханасы ҚазМУ-дың түлегі. Оның курстастары күні бүгінге дейін бір-бірінен ажырамайтын қызу қарым-қатынаста. Осы қатынастың негізгі ұйытқысы Ержұман Смайыл аға болғанда оның жанынан Сүлеймен Мәмет, Қуаныш Жиенбай және т.б. інілері табылатын. Бірін-бірі іздеп, туыстарындай қолдап, қорғап жүретін оларға қызығып қарайсың. Елдің қай шетінде болса да олар бір-бірінен көз жазбай, хабар алып, қуаныштарын бөлісіп жүреді. Осылардың ішінде біздің жерлес ағамыз, ақын, рәмізтанушы Ербол Шәймерденов те болды. Өмірден ерте кеткен Ерекеңнің барлық жабдықтарында жастары алпыстан асқан курстастары жас жігіттердей қызмет етіп, аяқтарының ұшымен жүрді. Әрқайсы бір-бір үстелдің басында шіреніп отырса да жарасатын халыққа танымал жазушы, ақын, журналист, баспагер адамдардың тізе бүкпей, жас жігіттердей қызмет көрсетіп жүгіріп жүргеніне қалай таңғалмассың, қалай риза болмассың?.. Бұл – олардың арасында туыстықтан да ыстық сыйластықтың, құрметтің қалыптасқандығының белгісі. Және сондай қасиетті бәрінің бірдей бойларына сіңіргеніне де таңғаласың. Сүкең солардың ішіндегі де бір елгезегі болып көзге түсетін. Оның кішіпейілдігі, адамға үнемі құрметпен қарайтын сыпайылығы да ерекше. Өзінен әлдеқайда кіші өзімізді де ол тура атымызбен атамай, үнемі «Жәкелеп» тұрады. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей осындай ағаларды қалай сыйламассың...
ҚазМУ-ден кейін Сүкең өзі туған Нарынқол ауданындағы ауылында жеті жыл бойы мұғалім болған. Қолы қалт еткенде өлең, әңгіме, эсселер жазып, оны аудандық, облыстық республикалық газеттерге бастырып тұрады. Нарынқол ауданында жүріп Алматыны алған таланттар легі көп екенін білеміз. Мұқағали Мақатаевтан басталған ақындар мен жазушылар санын атап шығудың өзіне біраз уақыт керек болар еді. Бұл жағынан Нарынқол да Торғай өңірі сияқты қазақтың ақын-жазушыларын жүздеп ұшырған құнарлы топырақ. Соның бірі болған Сүлеймен ағамыздың да барған сайын ұштала түскен қаламы астанаға тартып, ол республикалық «Жалын» баспасына редактор болып орналасады. Баспагер қызметінің қаламгердің ішкі тынысын тануға қол жеткізетін құдіреті бар. Кез келген ақын-жазушының поэзиясы мен прозасының іске татырлығын олар анадайдан біліп отырады. Сүкең де осындай шеберлікке жетіп, баспада бірнеше жыл қызмет істегеннен кейін, 1990 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке ауысады. Осы қызметте ол зейнет демалысына шыққанша ширек ғасырдай еңбек етті.
Сүкең өзінің журналистік қызметінде, жоғарыда айтқанымыздай, ұлтына қызмет етуді арттыра түсті. Әсіресе, өзі бөлім меңгерушісі болған білім мен мәдениет саласының проблемаларын көтеруде оның жазбаған тақырыбы жоқ шығар. Шетелдіктерге берілген асыраушысы жоқ балалардың тағдырына дейін араласып жүрді. Осы балалардың жағдайын көру үшін АҚШ-қа іссапармен барып, олардың ешқандай ауру балалар емес екенін, тамақтары тоқ болса да көздерінде мұң бар екенін жазып, «Ар алдында» атты кітап шығарды. Бұл талай жанның жүректерін толқытып, қоғамдық резонанс тудырып, ақыры шетелдіктерге асырап алуға берілетін балалардың тек аурушаң, туғаннан емдеуді қажет ететіндіктер ғана болу керек екеніне мән берілетін болды.
Сүкеңнің еңбегін Үкімет пен «Егеменнің» басшылары да жоғары бағалады. Ол – «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Мәдениет қайраткері. Оның ұшқыр қаламынан «Жыр бесік» атты жыр жинағы, «Ана суреті», «Перзент парызы» «Бейбаян тірлік» сияқты прозалық кітаптары, «Абай бол, қазақ», «Уақыт үні», «Ар алдында», «Көңіл көзі» секілді хикаят, әңгімелерден, публицистикалық сыр-сұхбаттардан тұратын кітаптары жарық көрген. Бірнеше кітабына өзіміз де пікір жазып, «Егеменнің» бетіне жариялап жүрдік. Ол – Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Нұр Сұңқар» сыйлығының иегері.
Өздерінің кейбір мәселелеріне қызу араласып, жанашырлық білдіріп, олардың шешілуіне қолқабыс тигізіп жүрген соң жерлестері де Сүкеңді қатты құрметтейді. Ол – Алматы облысының Райымбек, Нарынқол, Еңбекшіқазақ аудандарының Құрметті азаматы.
Жетіп, пісіп отырған жасында біз Сүлеймен ағаға әлі де ұзақ ғұмыр, ұрпақ қызығын көруді және шығармашылық табыс тілейміз. Аңқылдаған ақ көңілімізбен әлі де арамызда аттай шауып, ұзақ жүруіңізге Алла нәсіп етсін.
Жақсыбай САМРАТ, жазушы
Қызылжар