1160
Конституциялық реформа – жаңа Қазақстанды құрудың алғышарты
Конституциялық реформа – жаңа Қазақстанды құрудың алғышарты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында саяси реформалардың бағдарламасын ұсынған болатын.
– Бізге Қазақстан дамуының саяси моделін қайта құру бойынша сындарлы қадамдар қажет. Мұнда ең алдымен, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу туралы айтылып отыр. Мұндай жүйе билік институттарының қолайлы теңгерімін қамтамасыз етеді және елдің орнықты дамуына ықпал ететін болады. Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз, – деген еді Президент.Сол кезде Мемлекет басшысы еліміздегі суперпрезиденттік басқару жүйесі бастапқы кезеңде орынды болған деген пікір айтты. Дегенмен қазір мұндай басқару формасы заман талабына сай келмейтінін де айтып өтті.
– Тек бастапқы кезеңде ғана емес, 30 жыл бойы белгілі бір деңгейде орынды болды. Бірақ біз бір орында тұрмаймыз. Қоғам өзгеруде, ел өзгеруде. Оған біздің саяси жүйеміз де бейімделуге тиіс. Қазір бәрі Президентке келіп тіреледі, бұл дұрыс емес. Мұндай тәжірибеден біртіндеп кету керек. Мемлекеттің ұзақмерзімді мүдделері мен үшін биліктің қосымша тетіктерінен және ситуациялық ықпалдан да маңыздырақ, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.26 наурызда өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде Президент Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын дайындау жөнінде ауқымды жұмыс басталғанын, онсыз жоспарланған саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты. Конституциялық реформаның мақсаты – елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалау екеніне тоқталған Президент өткен аптада Конституциялық кеңеске түзетулер жобасы жолданғанын мәлімдеді. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүлде жаңа үлгісін – Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталғаны айтылды. Президент суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тартып, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтетінімізге тоқталды. Ал Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов баспасөз алаңында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Тұңғыш Президент туралы заң күшін жоятынын айтты.
– Конституцияға енгізілетін өзгерістер қазір конституциялық кеңесте. Президент арнайы жиын өткізгенін білесіздер. Сол жиында бәрін талқылап, жұмыс тобының есебін тыңдады, содан кейін Конституциялық кеңеске жіберді. Конституциялық кеңес сол жобаны жариялады. Жұмыс тобы қандай баптар ұсынып отырғанын жақсы білесіздер. Бұл жерде Елбасының мәртебесі, артықшылықтары алынып тасталды. Тек қана осы мемлекеттің негізін қалаушы деген тарихи рөлі ғана сол Конституцияда қалды. Ал бұл норма қабылданғаннан кейін Тұңғыш Президент туралы конституциялық заң күшін жояды, – деді Қошанов.«Конституциядағы экс-президент туралы норма бұрынғы президентке қандай құзыреттер береді?» деген БАҚ өкілдерінің сұрағына Мәжіліс төрағасы
«Біріншіден, ар-намысы мен абыройын қорғауға құзырет береді. Екіншіден, әлеуметтік жағынан қорғау, зейнетақысы бар, көлігі бар, күзеті бар, осы мәселелерді қамтамасыз ету мемлекет тарапынан. Осындай құзырет беріледі» – деп жауап берді.
Зәуреш БАЙМОЛДИНА, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры:ЖАҚЫНДА КОНСТИТУЦИЯДА 31 БАП ӨЗГЕРТІЛІП, 2 ЖАҢА БАП ЕНГІЗІЛЕДІ – Біз қазір жаңару және модернизация жолымен жүруіміз қажет. Президент Қазақстан халқына жолдаған жолдауында он басты бағытты айқындап берді. Қазір аз уақыт ішінде сол он бағыттың бесеуіне қатысты түбегейлі өзгерістер болып жатқаны баршаға мәлім. Суперпрезиденттіктен президенттік билік жүйесіне ауысып, «күшті Президент – ықпалды парламент – есеп беретін Үкімет» жүйесіне өтеміз. Мемлекет басшысының ең жақын туыстарына саяси мемлекеттік лауазым атқаруға, квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерде жұмыс істеуге тыйым салынуы, оның облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін тиісті аумақтағы барлық мәслихаттың қарауынан, мүмкін таңдауынан кейін тағайындауы секілді өзгерістер енгізілді. Бірте-бірте саяси жүйені демократияландыру процесі жаңа негіздер арқылы іске асырылатын болады. Жақын арада Конституцияда 31 бап өзгертіледі, сондай-ақ 2 жаңа бап енгізіледі. Осылайша, біз демократиялық нормаға қарай бағыттап келеміз. Ал бірінші Президент туралы заңға өзгерістерді сөз ететін болсақ, бізде Президент бар. Конституцияға сәйкес Президент – Мемлекет басшысы ретінде ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі бағыттарды анықтайтын жоғары лауазымды тұлға. Ал 46-бапта Президентпен қатар, бірінші Президенттің мәртебесі ел Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалған. Сонымен қатар 91-баптың 2-тармағында жазылған Елбасының мәртебесі 46-бапта айтылған заңмен тығыз байланысты. Әрине, бұлай болмау керек. Біз бұл кезеңнен өттік. Бірінші Президентті тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы ретінде мәртебесін сақтап, ал қалған нормаларды алып тастау көзделіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның жеке мемлекет болып қалыптасуының басы-қасында жүргені, тәуелсіз Қазақстанның ары қарай өркендеуіне үлкен үлес қосқаны – тарихи факт. Оның ерен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Сол себепті оның егемен елдің негізін салушы ретінде мәртебесін сақтап қалғаны дұрыс. Өзіміздің тарихымызды сыйлай білуіміз керек. Тарихымызда қандай оқиғалар болды, қандай тұлғалар болды, олардың атқарған рөлі қандай екенін халық ұмытпауға тиіс. Бұл – зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып. Алдағы уақытта ғалымдар мен зерттеушілер бірінші Президенттің мәртебесін жан-жақты зерттеп, көпшілікке біз білмейтін қызық деректер ұсынады деп ойлаймын.