50384
Эммануэль Макрон Франция Президенті болып қайта сайланды
Эммануэль Макрон Франция Президенті болып қайта сайланды
Францияның қазіргі Президенті Эммануэль Макрон сайлаудың екінші турында әсіреоңшыл бәсекелесі Марин Ле Пенді сенімді түрде жеңіп, Еуроодақтың екінші ірі елінің басында тағы 5 жыл билік ететін болды деп жазды turkystan.kz BBC NEWS-ге сілтеме жасап.
Сайлаудың қорытындысы бойынша, Макрон 58,55%, Ле Пен 41,45% дауыс жинады. Дегенмен, сайлаудың жалпы нәтижесі Макрон жақтастарының көңілін қалдырды деуге болады. Себебі бірінші турдағы дауыс беру кезеңі қоғамның жікке бөлінгенін және әсіреоңшыл және солшылдардың күшейгенін айшықтап көрсетіп берді. Бұл жағдай Макронды келешекте Ұлттық кеңестегі көпшіліктен және Үкіметті бақылауда ұстау мүмкіндігінен айыруы мүмкін.
Билікті ұнатпау бұрыннан ұлттық қасиетке айналған бұл елде 20 жыл ішінде бірінші рет француз Президенті өзінің бірінші мерзімінен кейін зейнетке шықпай, билікте қалды.
Бұл сайлау Макрон үшін ауыр тартыс болды. Себебі, біріншіден, француздардың 28%-ы сайлауға қатысқан жоқ – 1969 жылдан бері мұндай жаппай бойкот болған емес. Ал екіншіден, 5 жыл бұрынғы жеңіспен салыстырғанда екінші турда Ле Пенмен алшақтық екі есе азайды, бұған қоса бірінші турда сайлаушылардың 30 пайызы екі әсіреоңшыл кандидатқа дауыс берді.
Әсіреоңшылдар ешқашан мұндай күшті көрсеткішке жеткен емес, сондықтан Ле Пен өзінің жеңілісін «жарқыраған жеңіс» деп атады.
Макрон елдің екіге бөлінгенін мойындап, салтанатты сөзінде бүкіл ұлттың Президенті болуға уәде берді.
«Менің идеяларым үшін емес, әсіреоңшылдарды билікке жақындатпау үшін маған дауыс бергендерге айтарым – мен сіздерге қарыздармын. Мен енді бір лагерьдің кандидаты емеспін, мен барлығының Президентімін!» – деді Макрон.