50236
«Не, саған туысың көмектеспей ме?»: новосібірлік Зеленский аштық жариялады
«Не, саған туысың көмектеспей ме?»: новосібірлік Зеленский аштық жариялады
Украина президентінің 45 жастағы аттасы Сергей Зеленский журналистерге тегіне байланысты жұмысқа орналаса алмай жүргеніне шағымданды деп жазды turkystan.kz NGS.RU порталына сілтеме жасап.
Сергей Зеленский 45 жаста. Ол Новосибирскіде туып, бүкіл өмірін сонда өткізген. Ата-бабасынан қалған тегін Сергей әрқашан мақтан тұтатын. Бірақ, арнайы операция басталғаннан кейін ол оның жеке қарғысына айналды десе де болады.
«Мен қай жерге барсам да, осы сұрақты естимін. Қазір ғана біздің губернатордың әкімшілігінде болдым. Сондағы күзетші маған «украиналық нашақормен» фамилияңыз бір екен. Туысыңыз ба?» деген сұрақ қойды», – деп күрсінді Зеленский.Оның айтуынша, сұхбатқа келген бойда саясат туралы әңгіме басталады. Бұл 2022 жылдың ақпанынан көп бұрын басталды.
«Бірінші қалалық ауруханаға электрик ретінде жұмысқа тұру үшін бір жыл бұрын барғанмын. Ондағы бас инженер менен туысым неге көмектеспейтінін сұрады», – деді ол.Енді жұмыс табу, тіпті, қиындап кетті – Сергейге жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылып, оған 3-топтағы мүгедектік берілді. Біраз уақыт жұмыс істемей, зейнетақы алып, емделді. 2022 жылдың ақпан айында өзін жақсы сезінгендіктен, жұмысқа қайта тұру керек деп шешті. Бірақ, тез арада Сергей Зеленский екі мәселеге тап болды: біріншіден, мүгедектерге квота бойынша жұмыс орындары ашылған жердің өзінде оларды қабылдауға ешкім асық емес екен. Екіншіден, оның әдемі тегі қазір өзіне шығарылған үкіммен бірдей болып отыр. Сергейдің айтуынша, ол Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс іздеп жүр. Бірақ бұл жайт та оны аталған мәселеден құтқарып тұрған жоқ. Соңғы бір жарым айда Зеленский үш сұхбатқа қатысқан. Ол «РЖД-Техсервис» ЖШС-не, Батыс Сібір темір жолының авариялық-қалпына келтіру нысандары дирекциясына жұмысқа тұруға тырысты. Сонымен қатар, Новосібір метросында қоймашы да болғысы келді.
«Мен менеджерге жүгінсем болды, ол паспортты ашып, танымал Зеленскиймен туыстығымды сұрайды. Бюджеттік ұйымдардың басшылары тіптен қиын. Олар өз орындары үшін қалтырап, мені жұмысқа алса, тақтарынан айырылып қалатындай қорқады», — дейді новосібірлік жарымжан.Амалы таусылған Сергей өзінің Владимир Зеленскийдің туысы ма, жоқ па екендігін анықтау үшін Ресей ФҚҚ-ға (ФСБ) да жүгінді. Олар әзірге үнсіз. Бұдан былай, Зеленский мәселесінің жалғыз шешімі ретінде аштық жариялау ғана қалғанын айтады. Ол, алдымен, үш күн тамақтан бас тартады. Егер бұл көмектеспесе, сенімді болу үшін тағы он күн аш отырмақ.
«Мен бұл туралы Новосибирск облысының губернаторына және БАҚ өкілдеріне хабарлаған болатынмын. Мәселем оңынан шешіледі деген үміттемін», – дейді Сергей Зеленский.