50224
Алматы облысының мешіттерінде ұрлық жасаған қылмыскер ұсталды
Алматы облысының мешіттерінде ұрлық жасаған қылмыскер ұсталды
Алматы облысында полиция қызметкерлері мешіттерде бірнеше мәрте ұрлық жасаған ер адамды ұстады деп жазды turkystan.kz. Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Ақпан айының аяғынан бастап, Тұздыбастау, Гүлдала, Қызыл Ту және Панфилов ауылдарындағы мешітке келушілерден Талғар ауданының полицейлеріне көптеген арыздар түсе бастаған. Үнемі бетперде киіп жүретін қылмыскердің әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
«Күдікті қылмысын құптан намазының уақытында жасап отырған. Ол мешітке келушілердің ақшасын, ұялы телефондарын және бағалы заттарын ұрлаған. Қылмыскер мешіт ішінде де, сыртында да әрекет етіп, тұрақтағы көліктерді бұзып ашқан. Ол болат ұшы бар арнайы балғамен көліктердің терезесін сындырған. Ер адам бұған дейін ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты. Ол – Есік қаласының 25 жастағы тұрғыны. Қазір ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да ұрлық әрекеттеріне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деп мәлімдеді Талғар аудандық полиция бастығының орынбасары Андрей Бурянский.
Қылмыстық іс материалдарына айғақ ретінде тәркіленген бейнежазбалар, ұрланған телефондар мен қылмыс қаруы тіркелген. Тергеу барысында күдіктіге қатысты «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.