1577
Ұлттық мәртебесі бар мекеме – ұлт қазынасы
Ұлттық мәртебесі бар мекеме – ұлт қазынасы
Елімізде Ұлттық мәртебесіне ие санаулы мекемелер бар. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы. Оның құрылғанына биыл 85 жыл толғалы отыр. Елімізде басылып шыққан барлық мерзімді баспасөз, кітап өнімдерін тіркеп, олар туралы түрлі статистикаларды жүргізіп отыратын бұл мекеменің маңызы орасан зор. Осы мекеме арқылы күллі әлем Қазақстанда қандай газет-журналдар, кітаптар шығып жатқанын және олардың мән-мағынасын біле алады. Соңғы кезде еліміздегі мемлекеттік тапсырыс негізінде кітап шығару т.б. істерге басшылық жасау Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасына беріліп, аталған ұйымның мәдени-рухани өміріндегі маңызы арта түсті. Осы және өзге мәселелер жөнінде Кітап палатасының директоры Әділ Қойтановпен әңгімелескен едік.
– Әділ Қаженбайұлы, сіз басқарып отырған Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы – еліміздегі орны ерекше мекеменің бірі. Қазақстандағы күллі баспасөз, кітап істеріне қатысты деректердің бәрі осы жерде жасалады. Дегенмен көпшілік ол туралы біле бермеуі мүмкін. Сондықтан ең алдымен Кітап палатасының тарихына, мақсат-міндетіне тоқталсақ.
– Айтуыңыз орынды, мемлекетімізде белгілі бір салаға қатысты барлық деректердің жасалуына басшылық жасайтын мекемені былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда ол жалпы қоғам назарынан тыс қалып жатады. Ал біздің Кітап палатасына келсек, бұрын оны баспасөз, баспа саласында істейтіндер білсе, кейінгі дәуірде еліміз азаматтарының өз қаражатына кітап шығару, жекеменшік газет-журналдар ашуға байланысты азаматтарымыз бізбен түрлі байланыс жасау арқылы қоғамға кеңірек белгілі бола бастады. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс негізінде кітап шығару ісінде жүргізілген реформаларға орай да қаламгерлер мен халық арасында танымалдылығы артты деп айта аламыз. Сол үшінде аталған мекеменің тарихы туралы айтқанның артығы жоқ деп білемін.
Биыл құрылғанына 85 жыл толғалы отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы Қазақ КСР Мемлекеттік Кітап палатасы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1937 жылғы 19 шілдедегі «Қазақ КСР Мемлекеттік Кітап палатасын құру туралы» бірлескен Қаулысы негізінде ұйымдастырылған болатын. Оның мәртебесі туралы айтар болсақ, Кітап палатасы 1937-1945 жылдары Қазақстаның Оқу Халық Комиссариатына, 1945-1953 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мәдени-ағарту мекемелері басқармасына, 1953-1963 жылдары Қазақстаның мәдениет министрлігіне, ал 1963 жылдан бастап, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Баспасөз жөніндегі Мемлекеттік кабинеті қарауында жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Кітап палатасы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 6 сәуір 1993 жылғы №270 қаулысымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Мемлекеттік Кітап палатасы болып өзгертілді. Қазір Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің құзырындағы маңызды мекеме.
Кітап палатасы Қазақстанда шығатын басылымдардың жарыққа шығуына бағыт-бағдар беріп, халықаралық стандарт талабына сай тіркеуге алатын, баспа және баспасөз өнімдерін жинап, сақтайтын, статистикасын жүргізетін бірден-бір ғылыми-библиографиялық орталық. Ғылыми-библиографиялық көрсеткіштер шығару, баспасөз статистикасын жүргізу, жүйеленген каталогтар негізінде баспаларға, мекемелерге, жекелеген адамдарға ақпараттық-библиографиялық анықтамалар беру – Кітап палатасының негізгі қызметінің бірі. Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы баспаларға және баспа өнімдерін шығаратын ұйымдарға, штрих белгілер ISBN – (ағылшынша International Standard Book Number деген сөздің қысқартылған түрі) беруді жүзеге асырады. ISBN – кітапты сауда желілерінде тарату және басылыммен жұмысты автоматтандыру үшін қажетті кітап басылымының бірегей нөмірі. Осы белгімен шыққан еліміздегі барлық кітаптар әлем кітапханаларында тіркеліп, кітапқа қатысты барлық деректерді береді. Бұл стандарт Ұлыбританияда 1966 жылы Гордон Фостердің тоғыз таңбалы стандартты кітапты нөмірлеу коды (SBN коды ретінде қысқартылған) негізінде әзірленді. 1970 жылы шамалы өзгеріспен ISO 2108 халықаралық стандарты ретінде қабылданды. 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықаралық стандартты кітап нөмірі үшін жаңа стандарт – штрих-кодқа сәйкес келетін 13 таңбалы стандарт енгізілді. Бұрынғы Кеңестер одағы аумағында халықаралық стандартты кітап нөмірі 1987 жылдан бері қолданылады.
Кітап палатасы қызметінің мақсаты – Қазақстан Республикасының Баспасөз мұрағатын, мемлекеттік библиографияның, баспасөз статистикасының республикалық ғылыми орталығын құру, орталықтандырылған каталог жасау; республика аумағында шығатын барлық баспасөз туындыларын есепке алу және ғылыми тұрғыдан өңдеу, жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру, сондай-ақ кітаптарды халықаралық стандартпен нөмірлеу, штрих-кодтар беру, КБЖ (кітапханалық-библиографиялық жіктеу) жөніндегі функцияны орындау болып саналады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасында барлық мерзімді басылымдардың шығатын басылымдардың даналарын Мұрағатқа жинап, тіркеуге алу, Қазақстан Республикасының Баспасөз мұрағатындағы міндетті даналардың сақталуын қамтамасыз ету, мерзімді басылымдардың туындыларын сақталуын бақылауға алу да осы мекеменің міндетті жұмысы.
Бұдан әрі айта берсек, еліміздегі ғылыми мекемелерді, кітапханаларды, ғылыммен айналысатын орталықтарды библиографиялық ақпаратпен: жылнамалар және анықтамалармен қамтамасыз ету, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының Баспасөз мұрағаты қорында мерзімді басылымдарды толықтыру және сақтау; Қазақстан Республикасында шығатын баспа өнімдеріне халықаралық ISBN, ISSN, ISMN штрих-кодын беруді қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасында басылып шыққан жариялымдардың, материалдардың негізгі түрлерінің библиографиялық өңделуін жүзеге асыру; Қазақстан Республикасында шығатын мерзімді басылымдардың (газет, журнал, жалғаспалы басылым т.б.) статистикалық есебін жүргізу; Қазақстанда шығатын кітап пен журналдарға ӘОЖ (әмбебеп ондық жіктеу) индексін беру де Кітап палатасының міндетті жұмысы.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасында 1917 жылдан бері басылып шыққан жарияланымдардың, материалдардың барлық түрлеріне, Кітап палатасының қорында 1917 жылға дейін басылып шыққан әдебиетті қамтитын каталогтар мен картотека жүйесін жүргізу; Қазақстан Республикасы туралы шет елдерде шыққан материалдарды жинау; Қазақстанда алыс және жақын шет елдері туралы жарияланған туындыларды, материалдарды анықтау, есепке алу, библиографиялық сипаттама жасалған карточкаларды басқа кітапханаларға, ғылыми мекемелерге жіберу; Еліміздің мемлекеттік, қоғамдық орындардан, жеке тұлғалардан түскен сұраныс бойынша баспа өнімдерін алып беру; Баспасөз Мұрағатында сақтаулы басылымдардың электрондық көшірмесін жасау да Кітап палатасының атқаратын жұмысы.
Қазір Кітап палатасы елімізде мерзімді басылымдар туралы ғылыми-зерттеу, білім беру ісі туралы социологиялық зерттеулер жүргізу және ғылыми-практикалық семинарлар, конференциялар, «дөңгелек үстелдер» және кітаптарға көрмелер мен жәрмеңкелерді өткізуді ұйымдастырып отыр.
Кітап палатасы құрылған күннен бастап, Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын білікті және кәсіби түрде орындап келеді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы – 85 жылдан бері еліміздегі бірегей ұлттық библиографиялық орталығы. Қазірде Кітап палатасының Баспасөз мұрағаты қорында 1896 жылдан бастап шыққан 5 миллионға жуық баспа өнімдерінің міндетті даналары сақталуда. Аудандық газеттен бастап, барлық басылымдар бар қорымызда. Кейбір жекеменшік баспалар шығарған кітаптарын бізге тапсырмай, ізінен қуып жүретін де жағдайлар болады. Себебі бізден ISBN алғандар өздері шығарған кітаптарының бір данасын бізге өткізуге міндетті. ISBN Лондон кітапханасынан беріледі, біз соған делдал боламыз. ISBN белгісі – халықаралық кітап стандарты, ол белгісі бар кітаптар туралы мәлімет әлемнің барлық кітапханаларында тұрады.
– Соңғы жылдарда Мемлекеттік ұлттық Кітап палатасының жұмысы мемлекеттік тапсырыс негізінде кітап шығару ісін қолға алғалы қаламгер қауымы мен оқырмандардың назарына ілініп, қызығушылығын арттырғаны анық. Авторлардың кітаптарын мемлекеттік тапсырыс негізінде шығару процестерін қалай жүзеге асырасыздар?
– Былтырдан бері заң бойынша «Қоғамдық маңызды әдебиеттерді басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша алдын ала іріктеу ісі Кітап палатасына берілді. Бұрын ол Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіндегі комитеттің өзінде жүргізілетін. Бірақ мынаны білу керек, кітапты шығару біздің құзырымызға жатпайды, біз тек авторлар тарапынан ұсынылған кітаптарды саралап, іріктеп береміз. Ол жұмыс алғаш жүргізілгелі отырғанда пандемия басталып кетіп, біз істі электронды түрде іске асыруға көштік. Яғни, авторлар бізге шығармалары мен деректерін жібереді, біз ұсынған автор мен ұсынылған деректерді сайтқа орналастырамыз, оған оқырмандар электронды түрде дауыс береді. Содан кейін біз шығармаларды іріктеу жұмысын жүргіземіз.
Бұл жұмысты жүргізу оңай емес, өйткені кітаптарын ұсынатын авторлар көп, ал басып шығаруға беретін рұқсатта оның саны шектеулі. Мәселен, өткен жылы бізге сараптау, іріктеуге 800-дей автордан туынды келіп түссе, биыл соның ішінде 50-іне ғана кітап болып шығуына рұқсат берілмек. Өйткені мемлекет тарапынан бөлініп отырған ақша соған ғана жетеді. Екі жылға созылған ғаламдық пандемия біздің еліміздің экономикасына да әсер етіп, соның себебінен кітап шығаруға бөлініп отырған қаржы да азайып отырған тәрізді.
Іріктеудің алғашқы турын ашық түрде жүргізіп, оқырмандардың электронды түрде дауыс беруін ұйымдастыруымыз да біраз даудың тууына себепші болғанын білесіздер. Оны біз іріктеуді әділ жүргізудің бір жолы ретінде қарастырғанбыз. Бірақ біз сайтқа орналастырылған туындыларды тек дауыс берумен бағалап отырған жоқпыз, ол оқырмандардың қандай кітаптардың шығуын қалайтынын байқау еді. Әрине, оның ыңғайлы да, ыңғайсыз жақтары бар. Кейбір танымал авторлар шығармалары аз дауыс алып қалуы мүмкін, керісінше, жалпы әдебиетте танымал емес болғанымен әлеуметтік желіде белсенді жас авторлар көп дауыс жинауы мүмкін. Сондықтан біз тәуелсіз сарапшы комиссия құрдық. Олар көп дауыс жинаған туындыларды сараптайды, лайықтыларын шығаруға ұсынды. Сондай-ақ аз дауыс алған бірақ маңызды, құнды шығармаларды да басып шығаруға болады деп шешім шығарады.
Бізде тоғыз сала бойынша шығаруға ұсынылған кітаптар тіркеледі. Кітаптарды тіркеу маусымының 1-нен бастап автоматты түрде тоқтатылады. Содан кейін бір ай бойы дауыс беріледі. Электронды түрде дауыс беру аяқталған соң туындылар 15 адамнан тұратын тәуелсіз комиссияның (оның құрамына Мәдениет және спорт министрлігі мен Кітап палатасының қызметкерлері кірмейді) қарауына беріледі. Солар бізге келіп түскен барлық кітаптардың мән-маңызын саралап, шешім шығарады. Одан соң іріктеуден өткен кітаптар министрлікке жіберіліп, ол жақта ведомствоаралық комиссияның талқылауына түседі. Содан өткен кітаптар ғана басып шығаруға жол табады. Сондықтан жұртшылық бұл мәселеде шешуші орган біз еместігін білсе дейміз.
– Авторлар тарапынан кітаптар ұсынуда және оны қабылдауда бағдарламаларға байланысты қандай ерекшеліктер бар?
– Шынын айту керек, мемлекеттік тапсырыс негізінде кітап шығару ісінде негізінен жаңа шығармаларға мән беріледі. Ал біздің қаламгерлер көп жағдайда жаңа кітап ұсына бермейді, бұрын жарық көрген шығармаларының қасына бірді-екілі жаңа шығарма қосып кітап жасай салады, тіпті бұрын шыққан кітаптарының, оның ішіне енген кейбір шығармаларының атын өзгертіп қайта ұсына беретін жағдайлар да кездесіп қалады. Бұл енді ыңғайсыз нәрсе. Оқырманды да ойлау керек қой. Бірақ оның бәрін үлкен кісілер түсіне бермейді. Сондықтан кейінгі кезде көптомдықтарды шығару ісі де тоқтатылып жатыр. Министрлік тарапынан жаңа авторлар, жаңа шығармаларға басымдық беру көзделіп отыр. Бұл енді кітап басып шығарудың бір бағдарламасына қатысты мәселе.
Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарудың Қоғамдық маңызды бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидасы бойынша бұрын басып шығарылмаған әдебиетті шығару ісі – өз алдына бір бағдарлама. Ол бұрын кітап болып шықпаған туындыларды шығаруға бағытталған. Ол бағдарлама бойынша шығатын кітаптар авторлардан сатып алынып, қаламақысы төленіп, бес жылдың ішінде шығарылады. Яғни, бес жыл бойынша кітапты шығару, тарату құқы мемлекетке тиесілі болады. Бұл бағдарлама бойынша кітаптарды саралау мен сұрыптау құқы да алдағы кезде біздің мекемеге берілгелі отыр. Айта кету керек, осыдан 4-5 жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың таралымы 5 мың дана болса, қазір ол 3 мың данаға түсірілген. Оның бір себебі еліміздің кітапханаларында жыл сайын шығатын жүздеген кітаптарды сақтау қиындық тудырып отыр.
– Кітап палатасы елімізден шыққан кітаптарды, қаламгерлерді насихаттау мақсатында қандай мәдени шаралар өткізеді?
– Әрине, осы кезге дейін өткізген және жалғасып жатқан жобаларымыз баршылық. Соның бірі – Қазақстан Жаушылар одағымен бірігіп өткізген «Асыл сөз» жобасы. Бұл жоба бойынша елімізге белгілі қаламгерлермен, мәдениетімізге еңбегі сіңген тұлғалармен еркін форматта сұхбат өткіземіз. Осы кезге дейін Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовпен, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовпен, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Мырзатай Жолдасбековпен, Сәбит Досановпен, Бексұлтан Нұржекеұлымен, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовпен мазмұнды сұхбаттар жасадық.
Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің еліміздің барлық өңірлерінде орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жүргізіп отырған «Адалдық алаңы» атты жоба бар.
Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы мен «Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қоры «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары аясында жасалған Smart qalamger атты жобасы бар. Ол – мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Кітап палатасының электронды базасын жасауда серіктесіп жұмыс істеу үшін дайындалған әлеуметтік жоба. Енді ақылы ашылған сайтын әр жазушы өз өз контентімен толтырып, өз шығармашылығын ғаламторда қалың оқырманға ұсынып, насихаттай алады. Сондай-ақ онда авторлар өз кітаптарының қолжазбаларын орналастырып, баспалардың назарын аударуға мүмкіндік бар. Бұдан басқа bookfund.kz сайты еліміздегі кітапханалардың кітап қоры туралы мәлімет алуға болады.
Биылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағымен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен бірлесіп, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек айларының соңғы сенбісінде Абай даңғылының басындағы Абай ескерткішінің жанында кітап және өнер жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізіп отыруды бастамақпыз. Онда баспалар мен қаламгерлер, суретшілер мен қолөнер шеберлері өз туындыларын насихаттайды, сатады. Тұсаукесерлер жасалады. Сондай-ақ ақындарға өз өлеңін оқуға, әншілерге ән салуға, күйшілерге күй тартуға жағдай жасалады. Ол қазақтың өнері мен әдебиетін кең насихаттайтын шара болуы тиіс. Бұны дәстүрге айналдыру керек, бұндай шаралар өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап Лиссабон (Португалия), Мадрид (Испания) қалаларында жыл сайын тұрақты түрде өтіп тұрады.
– Кітап палатасы – елімізде Ұлттық мәртебесі бар санаулы мемлекеттік мекеменің бірі. Тіке өздеріңізге тиісті шешімін табуы қажет қандай мәселелер бар?
– Әрине, ұйым, мекеме болған жерде даму болады, уақыт өте өсіп-өркендей келе оның қызмет аясы кеңіп, маңызы арта түседі. Ал ондай жерде шешілуі тиіс мәселелер де болмай тұрмайды. Ал қазір 40-тан аса еңбек ететін қызметкері бар Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының да мемлекетіміз тарапынан қолдау табуы қажет басты екі мәселені айтар едім. Оның алғашқысы – Кітап палатасының өз ғимараты болуы қажет десек, екіншісі қызметкерлеріміздің айлық жалақысын өсіру дер едім. Кітап палатасының қазіргі тұрған ғимаратының асты-үсті, жан-жағы базар. Қанша дегенмен бұл жерге еліміздің барлық жерінен, шетелдерден қонақтар, ізденушілер келіп тұрады. Сондайда мына жерде отырғаныңа қысыласың. Бізде Ұлттық мәртебесі бар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Құрманғазы оркестрі, Ұлттық кітапхана секілді мекемелер бар, бәрінің жеке ғимараты бар. Ал біз біреулердің қуыс-қолтығында отырған сияқты ыңғайсызданамыз. Бұл мәселені, әрине, көтеріп жүрміз. Мемлекет оны жуық арада шешіп берер деген үмітіміз бар. Сол сияқты бұл жерде түрлі сала бойынша жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы жүз мыңның ол жақ бұл жағында. Онымен бала-шаға асырау оңай емес. Биылдан бастап айлықты жиырма бес пайызға көбейтіп жатыр, солай жайымен көтеріле бермек, бірақ айлықты аз-аздан көтерем дегенше қосылған қаражатты ақшаның құнсыздануы жеп қойып жатыр. Алдағы уақытта да бұл мәселе толық шешімін табады деп сенемін. Қалай десек те, Ұлттық мәртебесі бар мекеме ұлт қазынасы саналады. Тек сол мәртебе мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, оның жұмысының маңызды екені естен шықпаса дейміз.
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ