Қара жол үшін қару кезенгендер

Қара жол үшін қару кезенгендер

Қара жол үшін қару кезенгендер
ашық дереккөзі
245
Жолға таласып, жаға жыртысатындар, мәміле емес, ілік іздейтіндер көбейіп барады. «Жолға таласты...» дегенді нағашының жолы, жеңгенің жолы дегендей ата қазақтың жоралғысымен шатастыра көрмеңіз. Бүгінде белі ауырмай көлік мінетіндер кәдімгі қара жолды бөліске салатын болған. «Жол менікі» деп бір-бірінің алдын кес-кестейтін, қан қызуымен боқтасып, қала берді жұдырық сілтейтін жүгенсіз жүргізушілер өз өмірін ғана емес, жолдағы көп жолаушының өмірін қатерге тігетінін ойламайтыны өкінішті... Өткен сенбіде Алматыда жол бойында болған жанжалдың салдарынан ер адам қаза тапты. Мерт болған жігіттің әпкесі Зарина Лазареваның айтуынша, оқиға Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылысында болған. «Достар, Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылысында көлікпен келе жатқан белгісіз ер адам жол бермегені үшін менің ағама аң аулайтын қарумен оқ атты. Сондықтан да абай болыңыздар, жолда ешкіммен жанжалдаспаңыздар», – деп жазды марқұмның бауыры Facebook желісіндегі парақшасында. Жол бойындағы оқыс оқиға кезінде ер адамның қаза тапқанын Алматы қалалық ІІД өкілдері растады. «Осы қылмысты жасады деген күдікпен жергілікті екі тұрғын ұсталды. Олардың арасында жанжал туып, салдарынан 1982 жылғы ер адамды аң аулайтын қарумен атып өлтірген. Ұсталғандар қамауға алынды», –  дейді тәртіп сақшылары. Көлік қозғалысы бір сәт саябыр таппайтын Алматыдай алып мегаполисте жол үстіндегі «марафон» күн сайын болады десек, артық айтқанымыз емес. Жол бермегені үшін бір-бірін жерден алып, жерге салып жататын ұрдажық жүргізушілердің кесірінен жазықсыз жолаушылар да жиі жапа шегеді. Жолға шыққандар діттеген жеріне аман-есен жеткенше жанын шүберекке түйіп отыратыны сондықтан. Осыдан екі жыл бұрын Алматыда автобус жаяу жүргіншіні қағып кеткені есте. Қатты соққыдан ер адам оқиға орнында бірден көз жұмды. Кейін белгілі болғандай, Сүйінбай көшесінің бойымен солтүстікке бағыт алған екі автобус жолда жарысып келе жатқан. Олардың бірі жаяу жүргінші жолына тоқтаған кезде жарысып келе жатқан екіншісі тежегішті басып үлгермеген. Жол бойында «ерлік» көрсетуге құмар кей жүгенсіздер қаны қызғаны соншалық, көлігінде бала-шаға отырғанын да естен шығарады. Мәселен, өткен жылы Алматы көшелерінің бірінде жолға таласқан жүргізушілердің бірін-бірі қарумен қорқытқан сәті түсірілген видео желіге жүктелді. Елді дүрліктірген бейнежазбадан көлік иелерінің дөрекі сөз айтып, кішкентай балаларының көзінше суық қару ұстағандары анық көрінеді. Видео астындағы пікірлерге сүйенсек, оқиға Райымбек даңғылының бойында болған. Екі көліктің де тізгінінде отбасылы азаматтар. Бір-біріне жол бермей келе жатқан жүргізушілердің бірі екіншісінің алдын кес-кестей бергенде көліктері соқтығысады. Артынша автокөліктерінен түсіп, қақтығыса жөнеледі. Видео авторы олардың біріне соққы тиіп, мұрны сынғанын жеткізіпті. Күйеуі жараланған сәтте оның әйелі мен балалары дауыс көтеріп жылағанын да жұрт көрді. Алайда одан әрі оқиға қалай өрбігені, кикілжіңнің қалай шешілгені белгісіз.

«Болған оқиғаға өкінбеген күнім жоқ»

Биылғы жылдың басында осындай мазмұндағы тағы бір бейнежазба желіні шулатты. Сейфулин мен Жансүгіров көшелерінің қиылысында жолға таласқан жүргізушілердің төбелесі олардың артында келе жатқан көліктің видеотіркеуішіне түсіп қалған. Видео авторының айтуынша, артқы көліктен түскен 4 жігіт өзге көліктегі екі жігітті жерге құлатып алып, соққыға жыққан. Олардың бірі сол жерде есінен танып қалады. Тәртіп сақшылары болған оқиға жайлы әлеуметтік желі арқылы білген. «Бұл қылмыс туралы әлеуметтік желілерден білдік. «102» нөміріне ешқандай арыз келмеді. Анықталғандай, екі көлік біріне бірі жол бермеген. Оның арты төбелеске ұласып, салдарынан бір адам қатты соққыға жығылған», – дейді Жетісу аудандық ІІБ басшысы Рамиль Түсіпов. Кейіннен сол зардап шегуші тәртіп сақшыларына арызданған. Төрт бұзақы ұсталып, ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлімі (бұзақылық) бойынша жазаға тартылды. Жолдағы бұзақылығы үшін қыл­мыстық жауапкершілікке тартылған алматылық Бақытжан Бопатаевтың әрекетін де жұрт ұмыта қойған жоқ. Өйткені бұл 2013 жылы әлеуметтік желілер арқылы қоғам назарына ілінген сирек оқиғалардың бірі болды. Көлік ішінде отырған қарт кісіні және оған араша түсуге ұмтылған әйел адамды аяусыз соққыға жыққан жас жігіт бір-ақ күнде «жұлдызға» айналып шыға келген еді. YouTube желісінде жарияланған видео-жазба қызу пікірталас пен қоғамдық айыптауға түрткі болды. Қалалық ІІД қызметкерлері жүгенсіз жігіттің «зардап шеккен азаматпен жолға таласып, сөзге келіп қалғанын» айтты. Көпшіліктің наразылығына ұшыраған Бақытжан Бопатаев қызбалықпен істеген ісіне әлі күнге дейін өкініп келеді.  «Болған оқиғаға қатысты өкінбеген күнім болған жоқ. Дегенмен мен қазір не айтсам да, көпшілікте мен жайлы негативтік пікір қалыптасты. Интернетте де аз айтылып, аз талқыланған жоқ. Шындығына келсек, бұл секілді оқиғалар күнара болып тұрады. Ал мені автокөліктің видеотіркегіші түсіріп алған. Ол бейнежазба интернетке шығып, БАҚ менен «антигерой» жасап шығарды», – деген еді Бақытжан Бопатаев «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында. «Қала көшелерінде, әсіресе Алматы жолдарында жүргізушілер осы сынды жайттарға күніне тап болатыны рас» дейді oselparking.kz сайтын құрастырушыларының бірі Роман Слегин. Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сайтқа  кез келген азамат дұрыс қойылмаған көліктер, жол жүру тәртібін бұзған жүргізушілер жайлы фото және бейнежазба жүктей алады. Слегин олардың ішінде тіпті қылмыстық оқиғаларды түсіріп алған жазбалар да бар екенін айтады. «Жол-көлік апаттары мен адамдарды қағып кеткен бірнеше жазба бар. Бірақ менің білуімше, олардың бір де біріне қатысты іс қозғалған жоқ. Жол полициясы басшылығының телеарна арқылы берген соңғы түсініктемесінде «нақты уақытын анықтау мүмкін болмағандықтан видеотіркегіштегі жазбаны оқиғаның куәлігі ретінде қабылдай алмайтынын» айтты. Видоетіркегіштегі мәліметтерді өзгертуге болатынын меңзеп отырған болуы керек. Бірақ ІІД-нің бір фактіні тіркеп, ал кейбірін тіркемейтіні түсініксіз», – дейді Роман Слегин. Алайда Алматы қалалық ІІД өкілдері видеотіркегіштегі заңбұзушылықтар жарияланса, тіркеуге алып, іс қозғайтындарын, іздестіру бөлімі оларды іздестіре бастайтынын алға тартады.

Жолға таласқан бізбикелер

Жол үстіндегі жаға жыртысулар Алматыда ғана емес, еліміздің барлық қаласында  орын алады.  Мәселен, қазан айының соңында жолдағы ерегістен басталған кикілжіңнің соңы қырғын төбелеске ұласты. Жергілікті тәртіп сақшыларының дерегінше, 40 жастағы такси жүргізушісі мен 33 жастағы Toyota автокөлігі жүргізушісі бір-біріне жол бергісі келмей, қақтығысып қалған. Такси жүргізушісінің айтуынша, Toyota автокөлігінен екі адам шығып, оны соққыға жыққан, содан кейін көлігінің терезесін сындырып, қашып кетпек болған. Сол кезде жүргізуші оларды қуып жетіп, көмекке достарын шақырып, төбелес ұйымдастырыпты. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген. Тәртіп сақшылары дер кезінде жетпегенде өліспей беріспеуге бекінген бұзақылардың бірі майып болар ма еді, кім білсін? Бұлай деуіміз негізсіз емес. Осыдан екі жыл бұрын  Шымкентте жол үстінде болған осындай оқиға салдарынан жас жүргізушінің өмірі қиылды. Денесіне пышақ сұғылған 18 жастағы бозбаланың мүрдесі Қарабастау ауылынан табылған. Кейін полицейлер тағы бір жас жігіттің пышақ жарақатынан облыстық ауруханаға түскенін анықтады. Тәртіп сақшылары іске уақыт өткізбей кіріседі. Нәтижесінде осы оқиғаға қатысы бар деген күдікті көп ұзамай қолға түсті. Ол 25 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны болып шығады. Қолға түскен жігіттің айтуына қарағанда, ол сол түні туысымен бірге «Ауди» көлігінде келе жатады. Дәл сол кезде бұлардың жолын «Ваз-21099» көлігі кесіп кеткен. «Білгенің осы болса, амал нешік?!» деп үндемей кете салу қайда? Тоқтайды. Жолын кескендерді де тоқтатады. Сосын «разборка» басталған. Жүргізушінің айтуынша, әлгі көліктің ішінде ішімдікке сылқия тойып алған төрт жігіт отыр екен. Бұлар екеу, олар төртеу. Содан екі топқа бөлінген жігіттер кімнің кімге жол беруі керек екендігін анықтауға кіріскен. Күдікті «разборканы» тура ортасынан үзіпті де, туысымен бірге ары қарай жүріп кетіпті. Алайда екінші көліктегі жігіттер бұларды қайтадан қуып жеткен. Төбелес кезінде күдікті қайтыс болған бозбаланың арқасына бірнеше рет пышақ сұғып, тағы бір жігітті жарақаттайды. Осыдан кейін көліктеріне отырып, оқиға орнынан із суытады. Бірақ көп ұзамай қолмен істегенін мойнымен көтеруге тура келді. Ең сорақысы, қара жолға қожайын болғысы келетіндердің ішінде қыздар қауымы да бар. Осы жылдың сәуір айында Алматыда екі бойжеткен басқарған көліктер жолға таласып, бір-бірінің үстіне шығып кеткен еді. Екі көлік те Абай көшесімен шығысқа бағытталып келе жатқан. «Паджеро» көлігі «Тойотаның» алдын кесіп, жол сыртындағы қоршауға соғылған. Артқы бөлігі көтеріліп тоқтаған кезде жүйткіп келе жатқан «Тойота» «Паджероның» астына сүңгіп кеткен. «Паджероны» тізгіндеген ару полиция бөлімшесіне, ал «Тойота» мінген бойжеткен көлігіндегі жолаушысымен бірге ауруханаға жеткізілген болатын.

4 адамға – 1 көлік

Адам өмірі – Алла аманат еткен басты құндылық. Ендеше оны қызғыштай қору парызымыз. Айтып келмейтін апаттардың алдын ала алмасақ та, адамның өз салғырттығынан, жауапсыздығы мен қыңыр-қырсық мінезінен болатын оқиғаларды болдырмау өз қолымызда. Өкінішке қарай, жол үстіндегі оқыс оқиғалардан қаза тапқан қазақстандықтардың саны жыл өткен сайын еселеніп барады. Темір тұлпар тізгіндегендердің қатары артқан сайын, қара жолдағы тәртіпсіздік пен берекесіздік те кең етек жайып бара жатқандай. Жол апаттарының еліміз үшін өзекті мәселелердің біріне айналғанына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше көңіл аударып, алаңдаушылығын бір емес, бірнеше мәрте білдірген болатын. 2013 жылдың соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті: «Әлем бойын­ша біз жүрек-қан тамырлары ауруларының өлім көрсеткіші бойынша бірінші орындамыз, ал жол-көлік оқиғалары бойынша екінші орынды иеленіп отырмыз. Өткен жылы республика жолдарында 2 мың 145 адам қайтыс болған екен. Ал осы жылдың 9 айындағы көрсеткіш – 2 мың 273 адам. 22 мың адам түрлі жарақат алған.  9 айдағы жол-көлік апаттарының көрсеткіші Сириядағы адамдардың қайтыс болуы деңгейімен сәйкес келеді», – деген еді. Одан бері көрсеткіштер өспесе, төмендеген жоқ. Өткен жылдың қараша айындағы  деректер бойынша, 2015 жылдың тоғыз айында ғана 14 мыңға жуық жол-көлік апаты  орын алып,  1,7 мың адам көз жұмған. Тағы  17 000 адам түрлі деңгейдегі жарақаттар алған.  Халықаралық бағалау бойынша Қазақстан жол-көлік оқиғалары туындауының жоғары қаупі бар және жолдарда қайтыс болған адамдар саны жөнінен алда келе жатқан мемлекеттердің бірі. Осы орайда елімізде жол апаттарының адам шошытарлық көрсеткішке жетуіне не себеп деген сауалдың туындауы заңды. Бұған ең әуелі мемлекетте  көлік санының арта түсуі, қазақстандық көлік жүргізушілерінің көлік басқару мәдениетінің төмендігі, сондай-ақ еліміздегі автокөлік жолдарының тозығы жетіп, әбден ескіруі себеп болып отыр. Деректерге сүйенсек, еліміз бойынша 2002 жылы  10 қазақстандыққа 1 автокөліктен келген екен, қазіргі күні төрт адамға бір көліктен келеді. Соңғы деректерді сөйлетсек, 1991 жылы Қазақстанда барлығы 1,4 млн ғана көлік болса, бүгінде еліміздегі автомобильдер саны  4 миллионға жеткен. Оның ішінде жеңіл автокөліктер саны 3,5 миллионға жуық. Бұл дегеніңіз әрбір жүз адамға шаққанда 23,5 көліктен келеді деген сөз. Яғни, көлік саны жөнінен біз АҚШ-пен теңесуге сәл ғана қалып тұрмыз: Америкада әрбір жүз тұрғынға шаққанда 30 көліктен келеді. Алпауыттардың сандық көрсеткіштеріне емес, сапалық көрсеткіштеріне ұмтылсақ, жолдағы жүгенсіздіктер тыйылар ма еді, кім білсін. «Асыққан – шайтан ісі» дейді халқымыз. Қай істе де жылдамдықты емес, өнімділікті арттырудың жолын іздейік.

Серіктес жаңалықтары