Еуропада жаңа ұйым құрылмақ

Еуропада жаңа ұйым құрылмақ

Еуропада жаңа ұйым құрылмақ
ашық дереккөзі
305
Лондон Варшавамен достасудың амалын іздей бастады. Ұлыбританияның Еуропалық Одақ құрамынан шығу туралы шешімінен кейін корольдік маңайына жаңа жақтас жинау мәселесіне бас қатыруда. Польшаға да дос керек, әсіресе бес қаруы сай дос. Сондықтан ағылшын премьері Тереза Мэйдің польшалық әріптесі Беата Шидломен кездесуі жылы шырайда өтті. Жақтас іздеген мемлекеттер кімге қарсы бірікпек деген сұрақтың тууы заңды. ЕО құрамынан шығу туралы референдумнан кейін Ұлыбритания өз ортасына сүйкімі кетіп, кәрі құрлықтағы байырғы достарынан айрылды. Мемлекет Еуропалық Одақтың жылдар бойы қалыптасқан тәртібін бұзғаны үшін айыпталды. Брекситтің экономикалық және әлеуметтік салдары онсыз да ауыр болғанына қарамастан, бұрынғы одақтастары Ұлыбританияны тығырыққа тірей түспек. Бірақ Тереза Мэй алған бетінен қайтпайтынын, елдің таңдауын жүзеге асырмай тынбайтынын ашық айтты. Сондықтан оған жаңа одақтастар керек. Премьер ұйымнан шығу жөнінде келіссөздер басталғанша, яғни келесі жылдың көктеміне дейін бірқатар еуропалық көшбасшылармен бейресми кездесу өткізіп, олардың тамырын басып көрмек. Алғашқы таңдаудың Польшаға түсуі тегін емес. Поляктардың кәрі құрлықтағы саяси рөлі соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Шығысеуропалық мемлекеттер арасында ол – сөзсіз көшбасшы. Егер Варшаваның қолдауына қол жеткізсе, Лондон үшін Еуропалық Одақтан шығудың салдары аса ауыр бола қоймайды. Польшаның да өз есебі бар.  Ұлыбританияда миллионға жуық поляк өмір сүреді. Сондықтан корольдіктің ЕО азаматтарының еркін көшіп-қонуы жөніндегі келісім аясынан шығуы Варшава үшін тиімсіз. Бұған қоса, Польшаға НАТО құрамында Германиямен текетіресе алатын мықты одақтас керек. Өйткені НАТО мүшелерін Ресей тарапынан төніп келе жатқан әскери қауіптің алдын алу үшін шығыс жақ қорғанысты күшейту керегін ескерткен Варшаваның ұсыныстарын Берлин тарапы қолдамай келеді. Сондықтан премьер ханымдар, ең әуелі, 2017 жылдың сәуірінде ағылшынның 150-ге тарта әскерін әскери техникамен бірге Польшаның солтүстік-шығысына, Калининград облысымен шекараға орналастыру мәселесін талқыламақ. Тереза Мэй польшалық әріптесімен бірге шешуі тиіс өзге мәселелер де жеткілікті.

Серіктес жаңалықтары