11538
Зейнелхан МҰХАМЕДЖАН: Бұл – төзімділікті қажет ететін өнер
Зейнелхан МҰХАМЕДЖАН: Бұл – төзімділікті қажет ететін өнер
Қазақ халқында ұмыт бола бастаған қолөнер түрлері көп. Солардың бірі бізбен кесте тігу өнері болатын. Суретші Зейнелхан Мұхамеджанұлы – халқымыздың осы бір дәстүрін қайта түлетіп, заманауи көркем өнермен ұштастырған өнер иесі. Ол Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. 1992 жылы атажұртқа біржола қоныс аударған соң, өнердегі өзі ұстанған бағытты барынша дамытып, қазір біз кесте өнерін халық арасында насихаттап жүр. Зейнелхан біз кестемен тоқылған туындылары арқылы әлемнің көптеген еліндегі көрмелерге қатысып, көрермендер мен өнердегі әріптестері тарапынан жоғары баға алған. Қазір Қазақстанның әр өңірінде кесте тігу өнеріне бейім жастарға дәріс беріп жүрген суретшіге хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Зейнелхан мырза, сіз халқымыздың байырғы дәстүрлі қолөнері біз кестені қайта жаңғыртып, заманауи бейнелеу өнерімен ұштастырған маман екеніңізді білеміз. Басқа да сурет және бейнелеу өнерімен салыстырғанда бұл бағыттың қандай құндылығы бар? Артықшылығы мен қиындығы не?
– Иә. Осы жерде сәл шегініп, өткенімізге бір көз салайықшы. Қазақ халқының тарихында бейбіт тіршіліктен гөрі ат жалы мен түйе қомында, арпалыста өткен кезеңі көп болыпты. Сондай күрделі кезеңдерден өтіп, бүгінге жеткенше салт-дәстүр, өнер, мәдениеттен жоғалтқанымыз аз болмағаны белгілі. Заман ағымына қарай салт-дәстүріміз де өзгеріске ұшырады, кейбірі ұмытылды дегендей. Сол киелі өнеріміздің бірі де бірегейі – біз кесте өнері. Соңғы уақытта біз кесте Қазақстанда жақсы сұранысқа ие болып келеді. Кесте – дәстүрлі қолөнер түрінде және бейнелеу өнері саласында, сосын көркем кесте жанры ретінде қалыптасты. Мен бұл кесте өнерімен айналысқаныма 30 жылдан асып барады. Біз кесте өнері өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қазақ елінде күнделікті қолданыстан шығып, ұмытыла бастады. Сол кездегі саяси жүйе ұлтсыздандыру, дәстүрлі құндылықтарды жоспарлы түрде жою сияқты жүйелі жұмыс жүргізді. Бір көңілге демеу болары ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүріміздің біразын шетелдегі қандастарымыз сақтап қалды. Соның бір көрінісі – осы біз кесте өнері. Бірақ осы біз кестемен тігілген тұскиіз, алашалар Қазақстанның музей қорларында көптеп сақталып қалған. Бұл бұйымдар ою-өрнекпен кестеленген, көздің жауын алар шеберліктің шыңы, қолөнердің классикалық үлгілері. Бір ғана әттегенайы осы жауһарларды көрген қара көздеріміз басын шайқап, бір тамсанып алып, кете береді. Бұл қандай техникамен орындалған дүние екеніне бас қатырмайды. Себебі қазіргі адамдардың түсінігінде «біз кесте» деген ұғым жоқ. Бұл өнер түрі аз уақыт ішінде санадан өшіп үлгерген. Мен бұл жерде өзіме жақын біз кесте өнері жайлы ғана айтып отырмын.
Алғаш 90-жылдардың ортасында Алматыдағы көрмелерге кестемен жасалған еңбектеріммен қатыса бастадым. Сонда көбісі қазақта мұндай өнер болған жоқ, сен моңғолдардың бірдеңелерін алып келіп, көрсетіп жүрсің деген. 90-жылдардың ортасы 2010 жылдары аралығында Алматыда көрмелер жиі болушы еді. Ол кезде Алматыда галереялар өте көп болды. Күніне демейін, аптасына 4-5 суретшінің жеке немесе топтық көрмелері болатын. Соның бәріне барып үлгеретін едік. Бас қосып, пікір алысып талқылайтын едік. Сол қиын кезеңдердегі абыр-сабыр ортадан көптеген суретші шынығып шығып, қазір тәуелсіз еліміздің бейнелеу өнеріне үлесін қосып жүр. Қазақпен бірге жасасқан күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылған көркемөнеріміздің көбі санадан өшіп, қолданыстан шығып, музей экспонатына айналды. Араға уақыт салып біз кесте қазақпен қайта қауышты. Енді ол күнделікті тұрмыстағы безендіруші емес қазіргі заман бейнелеу өнерінің қай саласымен болсын иық тіресе алатын «Көркем біз кесте» деген жаңаша келбетпен оралды. Ойлы да күрделі терең мағыналы шығармалар жасауға болатынын дәлелдеп, жаңа тынысын аша келді. Қазақтың белгілі өнер зерттеушісі, өнертану ғылымының докторы Райхан Ерғалиева менің жұмыстарыма арналған зерттеу мақаласында «ХХ ғасырдағы өнердің барлық ізденістерінен кейін сыналған, шыңдалған мына уақытта, тапталған көп жолдардың арасынан өз шығармашылық жолыңды табу, қазіргі заманғы мәдениетке жаңа ағым, бағыт жасау іске аспайтын сияқтанып көрінеді. Десек те бүгінде Зейнелхан Мухамеджанұлының кесте өнері – ең сирек кездесетін өнердің бірі және суретшімен көне дәстүр байланысы, ең бір қайталанбас үлгі. Суретші халықтың көне қолөнер үрдісін қазіргі заманғы бейнелеу өнер әдіс-тәсілдерімен шебер ұштастыра білді. Ең негізгісі автордың шығармашылық ізденістері, бейнелеу өнер деңгейінде кестемен сурет салудың негізін қалады, кестенің жаңа мүмкіндіктері мен тынысын ашты» деген болатын.
– Шетелдегі көптеген көрмеге туындыларыңыз қойылған екен. Өзіңіз қайта түрлендірген біз кесте өнерін әлем жұрты қалай бағалайды?
– Әртүрлі көрмелермен шет елдерде болдық. Бірақ көпшілік ойлайтындай бәрі жақсы болады, алып барған затыңның бәрі өтіп, қалтаң толып келеді деу артық болар. Бұл жерде біраз дүниені айқындап алу керек. Мемлекетаралық мәдениет күндері, мәдениет өнер алмасу суретшілердің біріккен және жеке көрмесі, халықаралық өнер фестивальдары, конкурстарға қатысу – әрбір суретшінің арманы, мақсаты. Жолың түсіп шетелге шығып жатсаң ел, жер көресің, басқа елдің өнерімен, өркениетімен танысасың, өзіңнің болмысыңды, мүмкіндігіңді бағамдайсың. Сенің өнерің өз еліңде сараланып, бағаланып, өнер зерттеуші, сарапшылардың тезінен өткен соң өнеріңе басқалар мойын бұра бастайды. Шетелге шығу дегеніміз негізінде тәжірибе жинақтау, алдыңғы қатарлы өнер жетістіктерімен танысу, біліміңді кеңейту, шеберлігіңді арттыру. Еуропалықтар дейміз, Америка дейміз, Азияның көптеген дамыған елдеріндегі суретшілерінің өмірі бізден әлдеқайда жоғары. Көптеген артықшылығы бар. Ең бастысы, оларды мемлекеті қорғайды, мүмкіндіктер жасайды дегендей. Бізде де таланттарымыз жетеді. Мақсатың үшін тер төксең, шыққан биігің айқындала береді.
Бір сүйем ғана біз кергіштегі матаның бетінде өрнектер кестелеп, өнердің шексіздігін көрсетті. Кестеленген тұскиіздің әдемілігіне, шеберлігіне таңданып, көзі шарасынан шығып кеткен талай шетелдікті көрдім. Сонымен қатар бұл өнерге сенімсіздікпен қараған шетелдіктер де болған. Мәскеуде өткен көрмеде менің жұмыстарымды көріп, мұндайды тек қана қолмен тігу мүмкін емес, станок немесе машинамен орындалған дегендер болды. Мен ренжіп дәлелдемекші болғанымда қасымдағы суретшілер басу айтып, «сен мақтануың керек, бұл таңғалулар сенің шеберлігіңнің қандай екенінің көрсеткіші» деген еді.
– Біз кесте кезінде қазақ әйелдері тұрмыста қолданатын заттарға арналып салынатын бедерлер жиынтығы болатын. Сіз мұны күнделікті тұрмыстық деңгейден биік өнер деңгейіне көтердіңіз. Біздің елімізде өнеріңіз қай деңгейде бағаланып отыр?
– Қазақ шебер халық қой. Иә, әрине, кестемен тек әйелдер айналысты. Үй іші тұрмыстық заттары, киім-кешектерді кестемен түрлендіріп отырды. Кейбір керемет дүниелеріміз уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, негізгі рөлінен ауытқып, орын ауыстырды. Мысалы, тұскиізден бастап, қазақ үйдің ішіне сән беріп, түрлендіріп тұратын төсек жапқыш, кестелі шымылдық тағы басқа асыл жауһарларымыз музейге экспонат болып орнықты. Кейбірі мүлдем ұмытылып, көзден таса болды. Осы дүниелеріміз тұрмысымызға жаңғырып қайта оралғанда басқаша көрініс берді. Міне, сондай өнеріміздің бірі – біз кесте. Қазақтың қыз-келіншектері бір сүйем ғана бізді кергіштегі матаның бетіне жібек жіппен іліп тартып, сан алуан өрнектер кестелеп құлпыртады.
Бұл кесте өнері маған кішкентай кезімнен таныс. Бала күнімізде ауыл болып бірге жайлауға шығатын едік. Одан соң күзеу, қыстау деп ағайынның іргесі сөгілмей, бірге болатын. Қай үйге барсаң да қолдары босай қалса жиналып ән шырқап, кесте тігіп отырған қыз-келіншектерді көретін едік. Есейдік. Оқыдық, өнер жолын қудық. Шығармашылық жолында әртүрлі ізденіс жасадық. Сондай кезеңдердің бірінде біз кесте есіме оралды. Қызығушылығым қарқынды басталды. Алдымен кестелеп үйрену керек болды. Біраз уақыт алды, біртіндеп үйрендім. Алғашқы тырнақалды туындым кішкентай көлемде натюрморт болды. Оны 1986 жылы республикалық жас суретшілердің көрмесіне жібердім. Бір ай өткенде жұмысымды республикалық көрме дирекция қоры сатып алғаны жөнінде хабар келді. Жас суретшінің жаңа бағыты, сәтті қадамы деп өнер зерттеушілер баға берді. Сол сәттен бастап өнердегі шығармашылық жолым айқындала бастады. Кестенің бұрынғы даңғыл жолымен ескіні қайталап, жақсы дүние жасай алмайтынымды түсіндім. Жауһарлар жасалып қойған, олардан асып, жақсы дүние жасау мүмкін емес сияқты. Сондықтан өз жолымды, өз бағытымды жасаймын деп шештім. Бір-екі жылдан кейін атамекенге көш басталды. Алғашқы көшпен келіп, осында қоныстандық. Біз кесте өнері атамекен топырағында қайта мәуелеп, «Көркем біз кесте» болып жаңарып, қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орнын алды.
«Біздің елде өнер қандай дәрежеде бағаланады?» деген сұраққа жауап айту да қиындау. Алдымен өзім араласып жүрген бейнелеу өнері туралы аздап пікір айтуға болатын шығар. Өнерді тудыратын және қалыптастыратын сол мамандығына жан-тәнімен берілген аз ғана топ суретшілер. Ал солардың еңбектері ары қарай қанат жайып кең көлемде таралуы, насихатталуы, айналымға түсуі, авторларға қамқорлық, демеушілік көрсетілу жұмыстары үкімет тарапынан атқарылуы керек. Бірақ іс жүзінде тәуелсіздігіміздің 30 жылында бейнелеу өнеріне деген жылылықты сезе алмадық. Бірақ сонда да суретші қауым өз күштерімен қазақ өнерін алға сүйреп келеді. Еңбегінің жемісін көре алмай қанша таланттар өмірден озды.
– Сіз өзіңіз ұстанған өнер бағытымен тұрақты айналысып қана қоймай, оны үйренгісі келетіндерге шеберлек сабағын өткізіп жүрсіз. Бұл өнерді игеруге ынталы жастар көп пе?
– Әрине, кесте өнерін жетілдірумен қатар Қазақ қолөнер шеберлері одағы демеуімен жан-жақты үйрету ісі қолға алынып келеді. Шеберлер одағы құрылғалы он шақты жылдың көлемінде жүздеген шеберге үйреттік. Демеушілер көмегімен облыс орталықтары, оқу орындарына бір апталық шеберлік сабағын өткізу арқылы үйретеміз. Өкінішке қарай, барлығы кестеші болып кетпейді. Қазір адамдардың ішкі жан дүниесі, менталитеті қатты өзгерген. Көбісі көз майын тауысып, қиналып шаршап ақша тапқысы келмейді. Ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүріп, әп-сәтте бірден қарық болғысы келеді. Енді бәрін кінәлай алмайсың. Бірақ та осындай түсінік қалыптасқаны шындық. Күнделікті рухани нәр алатын телеарна саласы даңғырлаған айқай-шу мен шоуға айналды. Ұлттық құндылықтар ысырыла бастады. Соған орай адамдардың ой-санасы да бейімделіп кетті. Дегенмен көп болған соң жақсыға ұмтылып, келешегіне үміт, сеніммен қарайтын жастар да бар. Кесте өнерімен шығармашылық жұмыстар атқарып, республикалық көрмелерге тұрақты қатысып танылып жүрген жастар баршылық. Олардың қатары күннен-күнге молайып, өсіп келеді.
– Туындыларыңыздың ішінде ең қымбат бағаға сатылған қандай еңбекті атай аласыз? Жалпы, өте көп уақыт жұмсап жасаған туындыңыз қаржылық тұрғыдан өзін-өзі ақтай ма?
– Туынды, шығарма дейміз, өнер иесінің ішкі жан дүниесінің қиналысымен пайда болатын құбылыс. Бір шығарма үшін өнер иесі уақытын, қажыр-қайратын жұмсайды. Шаршап-шалдығып, қиналады. Сондай арпалыспен келген туынды өз бағасын алып, қомақты қаржыға сатылып жатса, бұл керемет қой. Өкінішке қарай, өмірде олай емес. Талай автордың керемет туындылары арзан бағамен шетел асып кетіп жатыр. Автор материал алу керек, отбасын асырау қажет дегендей. Кейде кейбір еңбектер амалсыздан күнкөріс үшін арзанға сатылады. Ол шеберге де қаржы қажет дегендей. Мемлекет ондай құндылықтарға ақша бөлмесе, жылы шырай танытпаса, суретші не істейді? Тиынға сатады, басқа амал жоқ.
Ең қымбат бағаға сатылған жұмысым болды. Бірақ ол өз елімізде емес. Осыдан көп жыл бұрын еліміздегі балаларға арналған беделді қорлардың бірі Лондондағы Кристи S аукцион үйінде қазақстандық суретшілердің қайырымдылық көрмесін ұйымдастырды. Қатысқан суретшілердің барлығының жұмыстары жақсы бағаға сатылды. Сол көрмеде менің бір жұмысым 35.000 фунт стерлингке сатылды. Өкінішке қарай, ол ақшаның бәрін қор алып қойды. Маған тигені 300 000 теңге болды. 300 000 теңгеден артық сатылған ақшаны қорға береміз деп алдын ала келісімшартқа қол қойдық. Бұл жерде біз аукцион тәртібін білмегендіктен алдандық. Негізінде қандай жағдай болмасын, авторға сатылған бағаның қанша сомасы төленуге тиіс екенін соңынан білдім. Уақыт өтті, кетті. Сол адамдар әлі арамызда жүр. Шебердің әрбір жұмысын толық аяқтауына уақыт керек. Мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап «Ұлы дала» атты туындымды 9 ай жасап бітірдім. 9 ай көтеріп толғатқан ана сияқты. Ол еңбек ойымдағыдай шықты. Қазір өзімде сақтаулы. Негізінен суретшінің өзінде жұмыстарының таңдаулы бөліктері сақталуы керек. Ол бір жағы ұрпағыңа инвестиция, екінші жағынан ішкі жан дүниеңді толықтырып тұрады.
– Сіздің көптеген туындыңызда далалық мәдениеттің ұшқыны сезіліп тұрады. Еңбектеріңізге идеяны қайдан аласыз?
– Әрине, жұмыстарымда далалық мәдениеттің сарыны бары рас. Себебі мен өзімді сол ұлы далалықтардың жалғасы, мұрагері сезінемін. Жастайымнан қазақтың зарлы да мұңлы сағынышқа толы қара өлеңін тыңдап өстім. Сол ұлы даладан ата-бабаларымыздың жанкешті арпалысының ізін көрдім. Тау-тастағы таңбаларымен сырластым. Сол далада жүріп ойға шомып, өткенді елестетуге ұмтылдым. Сонымен қатар қазақтың жыр-эпостарын тыңдап өстім. Сондықтан да менің жұмыстарым дала өмірінен сыр шертеді. Көптеген туындымның далалық мәдениетпен, ондағы шексіздік және тазалықпен тығыз астасып жататыны сондықтан.
Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ