Штамдар «эстафетасы» – «омикронда»

Штамдар «эстафетасы» – «омикронда»

Штамдар «эстафетасы» – «омикронда»
ашық дереккөзі

6 қаңтар күні елімізде алғаш рет анықталған коронавирустың омикрон штамы аз-ақ уақыт ішінде күш алып, эпидахуал қайтадан ушықты. Қызыл аймақтағы өңірлердің қатары көбейіп, карантин шектеулері күшейтілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың бұл мутациясы басқа штамдарға қарағанда тез таралатынын, қарқыны қатты әрі қауіпті екенін әу баста айтып, дабыл қаққан болатын.

Індет жұқтырғандарсаны миллионнан асты Елімізде омикрон штамы 6 қаңтарда анық­талды. Алматыда 7 адам, Нұр-Сұлтанда 1 адам індет жұқ­тыр­ғаны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мә­ліметінше, бір тәулікте сырқат­тан­ғандар көрсеткішінің 60 пайыздан аста­мы үш аймақта (Нұр-Сұлтан қаласы, Ал­ма­ты қаласы, Қарағанды облысы) тіркелген. Бүгінде ел бойынша эпидахуалдың нашарлауына байланысты жаңа қаулы мен шектеулер қабыл­данды. Эпи­дахуал­ды бағалау матрицасында «сары ай­мақ­та» Түркістан облысы тұр, қалған өңір­лер «қы­зыл аймақта». Ресми статистикалық дерек­терге сүйен­сек, 11 қаңтардан бастап елі­мізде індет жұқтырғандар саны күрт өс­кені байқалады. Көп ұзамай Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі эпиджағдайға болжам жа­сады. Болжам бойынша жағдайға оп­ти­мис­тік көзқараспен қарасақ, тәулігіне 17 мың­нан аса адам індет жұқтырады, шынайы сце­нарийде – тәулігіне 25,5 мың, ал пес­си­мистік сценарийде тәулігіне 40 мыңдай адам­нан анықталуы мүмкін. Бұл туралы Ден­саулық сақтау министрі Ажар Ғиният мә­лімдеген еді. «Омикрон» штамын жұқ­тыр­ғандар ауруды көп жағдайда жеңіл және симптомсыз өткізетінін айтқан министр стационарларға аурудың орта және ауыр дәрежесімен ауыратын пациенттер түсіп жатқанын, және олардың ішінде жағдайы ауыр және өте ауыр пациенттердің үлесі 5 пайыз екенін де айтты. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 1 миллионнан асып кетті. Ержан БАЙТАНАЕВ, Денсаулық сақтау министрлігі санэпидбақылау комитетінің ресми өкілі: Алаңдайтындай ахуал
– Елдегі эпидахуал алаңдатарлық. Бір тәу­лікте коронавирус жұқтырған адам са­ны 11 мыңнан асып кетті. Вирус жұқ­тыр­ған­­дар ең көп тіркелген қала – Нұр-Сұлтан. Түркістан облысынан басқа өңірдің бар­лығы – «қызыл аймақта». Елімізде «омикрон» штамы цир­куля­ция­да жүр және аздап «дельта» шта­мы да бар. Осы жағдайды ескере отырып біз ха­лықты карантин талаптарын сақтауға ша­қырамыз. Өйткені «омикрон» штамы – өте қауіпті штамм. Бір уақытта ондаған адам­ға жұғуы ықтимал. Басты белгілері – бастың, тамақтың қат­­ты ауыруы. Шаршау, әлсіздік, мұрын­ның бітелуі сонымен қатар иіс, дәм сезу қабілеттерінің жоғалуы. Оған қоса аяқ-қол­дың сырқырауы, бас айналу, тамақтың ісінуі де «омикрон» жұқтырғаныңыздың бел­гісі болуы әбден мүмкін. Сол себепті де тұмаумен ауырып жатқан, тұмаудың немесе жаңа ғана айтып өткен белгілердің біреуін байқаған кез келген адам міндетті түрде учас­келік дәрігерге хабарласуы керек. Ауру­ды таратпас үшін міндетті түрде дәрігерді үйге шақырған абзал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның мәліметі бойынша ауруды жеңудің, жұқтырмаудың немесе жеңіл өт­кізу­дің бірден-бір жолы – вакцина алу. Байқағанымыздай, қазір вирусты бала да, жас та көп жұқтырып жатыр. Ін­дет­­тің таралуына тосқауыл қою үшін бас са­нитар дәрігердің қаулысы бойынша жұ­мыс істейтін азаматтардың 70 пайызы қа­шық­тан жұмыс істеуге көшті, ал оқушылар мен студенттер онлайн оқу форматына ауыс­тырылды.
Әлемдегі дүрбелең Оңтүстік Африка республикасының Инновациялар және эпидемиямен күрес орталығының ғалымдары 9 қарашада алын­ған сынамадан вирустың жаңа шта­мын анықтады. 24 қарашада ел үкіметі бұл ту­ралы ресми түрде хабарлаған еді. Алғаш­қы анықталған үлгілерді GISAID базасына жүк­тегенде, ұқсас изолят Оңтүстік Африка­дан келген Гонконгтегі науқастан табылған. Қара­шаның аяғында көптеген шетел ба­сы­лымы коронавирустың жаңа штамы анық­талғанын жарыса жазды. Ал Еуропада бұл штамды жұқтырған ал­­ғашқы адам 11 қараша күні Бельгияда тір­­келіпті. Daily Mail басылымы 24 қарашада ал­ғаш­қылардың бірі болып ақпарат беріп, оның Ботсвана, ОАР мен Гонконгте табыл­ға­нын және «дельтадан» да қауіпті екенін хабарлады. 26 қарашада жаңа штам Израиль, Ұлыб­ри­тания, Нидерланд, Гонконгта анықталған. Сол күні Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы шұғыл жиын өткізіп, жаңа штамды «омикрон» (о) әрпімен бел­гіледі. Ұлыбританияның вирусолог маман­дары штамның қаупін мутацияға көп ұшы­рауы­мен байланыстырды. Вирус 60-тан ас­там мутацияға ұшыраған, оның 32-сі – S ақуызда. 11 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы алдағы 6-8 аптада Еуропаның тең жартысы «омикрон» штамын жұқтыруы ықтимал екенін айтып, мәлімдеме жасады. Германияда індетке байланысты қойыл­ған шектеулерге халық нара­зылық білдірді. Алдымен Дрезден, Карлсруэ бас көтерді. Апта соңында көшеге Гамбургтің 13 мың тұрғыны шықты. Францияда да бей­біт шеру өтті. 17 қаңтар күні италия­лық­тар да шектеулерді құптамайтындарын біл­дірді. Түркияның денсаулық сақтау ми­нистрі Фахреттин Коджа да Twitter-де елде «омикрон» штамын жұқтырғандар са­ны өскенін жазды. Түркияда осы айда ауыр­ғандар саны желтоқсанмен салыс­тырғанда төрт есеге артқан. Оған қоса «омикронның» өзі әрі қа­рай мутацияланып жатыр. Мәселен, Израильде «омикронның» жаңа түрі анықталды. BA2 деп аталатын штам бірнеше елде бұған дейін де анықталған және «омик­ронға» қарағанда қосымша мутацияланған. BA2 алғаш рет Қытайда бірнеше апта бұрын анықталған және ол Үндістанда пайда бол­ған деген болжам бар. Ол Дания, Аустралия, Ка­нада және Сингапурде де анықталыпты. Ресейде де жағдай алаңдатарлық. Ел билігі екі аптадан кейін індеттің та­ғы бір толқыны басталатынын және бұл жо­лы әлдеқайда күшті болатынын ескертіп, да­был қақты. Ал АҚШ-та пандемияның бесінші тол­қы­ны басталып та кетті. Мұнда күн сайын шамамен миллион адам індет жұқтырып жатыр. Омикронмен пандемия аяқтала ма? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның өкілдері 6 қаңтарда Же­нева­да өткен брифинг кезінде «омикрон» коро­на­вирустың соңғы штамы болуы екіталай еке­нін мәлімдеді. Ұйым басшысы Тедрос Адха­ном Гебрейесустың айтуынша, оған себеп – вакциналау қарқыны. Яғни «Альфа», «бета», «дельта», «гамма» және «омикрон» штамдары вакциналау қарқыны өте баяу болғанының салдарынан анықталғанын алға тартады. Сонымен қатар ұйым «дельта» мен «омик­рон» салдарынан жағдай ушығуы мүмкін екенін де ескертті. Дегенмен олар «омикрон» штамы өмірге аса қатты қауіп төндірмейді деп мәлімдеді. Бірақ сарап­шылар мен мамандар Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының бұл мәлім­демесімен келісе қоймады. Берлин дегі Сharite клиникасының виру­со­логия бөлімінің басшысы Крис­тиан Дростен «омик­рон» штамы коро­навирусты пан­де­мия­дан эндемияға «өзгер­те­­тініне» сенімді. Энде­мия, пандемия сияқ­ты бүкіл әлемде емес, бел­гілі бір ай­мақта ғана тарал­ған ауру. Крис­тиан Дростен жаңа штамның қар­қынын ба­ғам­дай келе барлығы коро­навируспен ауыра­тынын, ал өмір қалыпты ырғаққа ора­латынын айтады, яғни осы ар­қылы ұжымдық иммунитет табиғи жолмен қа­лыптасады. Алайда бұл вакцина сал­дырудан мүлде бас тарту керек де­генді біл­дір­мейді. Себебі Дүниежүзілік ден­саулық сақ­тау ұйымы да пандемияның эндемия фа­засына ауысу мүмкіндігін жоққа шығар­май­ды, дегенмен ұйым бұл үшін әр ел халқы­ның 80-85 пайызын иммундау қажет деп мәлімдеді. Адамзаттың індетпен текетіресе күн кешіп жатқанына да біраз уақыт болды. Бірінен-бірі түрленіп, бірін-бірі жалғастырған штамдар «эстафетасы» қажытқаны соншалық, мән беруді, сақтануды да доғара бастағандаймыз. Мамандар босаңсуға әлі ерте екенін айтады, сол себепті шектеулер мен ережелерге бағыну қоғам саулығы үшін керек.