Алмастырылмайтын адам

Алмастырылмайтын адам

Алмастырылмайтын адам
ашық дереккөзі
1041
Жоспарлары, мақсаттары көп еді... Орыста «Незаменимых не бывает» де­ген сөз бар. Қазақшаға аударсақ, «Ал­мас­тырылмайтын адам болмайды» деген ма­ғына береді. Яғни «орнын ешкім баса ал­майтын ерекше тұлға жоқ, ерте ме, кеш пе, бәрі­бір ол ұмытылып, оны алмастыратын, оны жоқтатпайтын біреу табылады» дегенге сая­тын сөз тіркесі. Ал қазақ олай кесіп айт­пай­ды, тек «Орнында бар оңалар...» деп, сол тұл­ға қалдырған іздің, дәстүрдің, ұрпақтың ке­лешегінен үміт күтеді, қайғыра отырып, ал­дағы күннен жұбаныш іздейді. ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Тәуел­сіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лау­реаты, театр сыншысы, профессор Әшір­бек Сығайдың дүние салғанына да жеті жыл­дан аса уақыт өтіпті. Қабырға қайыстырар қара­лы хабарды естігелі, есіл ағаны ел болып жоқтап, көздің жасы сел болып жоқтап, қимай-қимай жер қойнына тапсырғалы, жал­пы қазақ Әшірбек Сығайсыз өмір сүріп ке­ле жатқалы сонша уақыт өткеніне көз ила­нып, көңіл сенбейді-ақ. Өйткені айтқан сөзі, шерт­кен сыры, жазған кітабы сәт сайын ал­дыңнан шығып отырады. Театрға барсаң, ал­дыңнан кездескен екі адамның бірі сол кі­сі­нің шәкірті немесе үзеңгілесі, тіпті бол­маса әйтеуір лебізін тыңдаған, бағасын есті­ген, ақыл-кеңесін алған адам болып шығады. Бас­пасөзді шолсаң, «шіркін, Әшекең болғанда мы­наған былай деген болар еді, ана қойы­лымды солай деп сойып салар еді...» деген сыңай­дағы өкініш табы, сағыныш сазы сезі­ліп тұратын мақалаларға кезігесің. Кітап­ха­на­ға кіріп, өнер тақырыбында ізденбек бол­саң, қарсы алдыңда самсап Әшекеңнің ең­бектері тұрады. Біреу емес, екеу емес, 18 кі­тап! «Іңкәр шақ» (1978), «Сыр сандық» (1980), «Сахнаға сапар» (1990), «Жарнама алдындағы ой» (1993), «Сахна саңлақтары» (1998), «Театр тағылымы» (2003), «Толғам» (2004), «Талдықорған театры» (2005), «Театр поэ­зиясын пір тұтқан» (2006), сондай-ақ кейін­гі он бес жыл ішінде жарық көрген «Сах­на әлемі», «Актер әлемі», «Ой төрінде – театр», «Театр сардары», «Райымбек Сейтмет», «Сә­бира Майқанова», «Ән-тағдыр», «Таңғажайып театр», «Қаллеки театры»... Таяуда белгілі режиссер-документалист Қалила Омаровтың «Сын сардары» атты дерек­ті фильмін қайта тамашаладым. Туынды Әшір­бек Сығайдың көзі тірісінде таспаланған екен. Жаздыгүні жары Күләшпен бірге туған жері – Кентауға, Түркістанға барып, әбден ара­лапты, аунап-қунапты. Фильмнің сце­нарийін өзі жазып, тіпті балалармен бірге асық та ойнапты. Деректі фильмде Ә.Сығай ту­ра­лы ресейлік «Театральная жизнь» жур­налының бас редакторы Олег Пивоваров, Мәскеудегі Б.Щукин атындағы театр институ­ты­ның профессоры Сергей Яшин, Орынбор дра­ма театрының жетекшісі Рифхат Исра­филов сыр шертіпті. Сондай-ақ Cәбит Ораз­баев, Әкім Тарази, Есмұхан Обаев, Құлбек Ер­гөбек секілді қазақ руханиятының таны­мал өкілдері де сын сардары туралы ақжарма лебіздерін білдірген. Олар да деректі фильмді түсіру барысында, яғни Әшағаңның бар кезінде сөйлеген. Дауыстарынан мақтаныш лебі еседі, жүздерінен разылық табы көрі­не­ді... Әрине, Әшағаңның өзі – басты кейіпкер. Ше­шен сөйлейді, кібіртік жоқ, кідіріс жоқ, түйін­ді ойларын түйдек-түйдегімен тастайды. Әң­гіме айтуының өзі әдемі. Сөзі де сұлу, өзі де сырбаз... Алдын ала келісім бойынша фильмге біраз сыр-сұхбат көріністері енбей қалыпты. «Бірер жылда 70 жасқа толамын, сол кезде то­лығырақ тоқталармыз» деген екен өзі... Жүзе­ге асырсам дейтін жоспарлары, қолға ал­сам дейтін мақсаттары, атқарсам дейтін іс­тері көп еді. «Кейінірек...» деп, біршама шаруа­ны кейінге ысыруы да сол арманшыл мақ­саткерлігінен шығар. Жетпіске толған жы­лында еске алу кеші өтетінін, өзінің мәң­гілік сағынышқа айналарын алдын ала сезді деймісіз... Ақиқатшыл азаматтың жан сыры Қайбір жылы «Алматы ақшамы» газеті Әшір­бек Сығайдың қаламына арнап «Жарық жұлдыздар» атты айдар ашқан-ды. Мен де ол кезде сол басылымда істеймін. Мә­де­ниет саласының майталманы төрт жыл бойы газет бетінде әлем өнерінің сан алуан саң­лақтары туралы сыр шертті. Және ол «жа­рық жұлдыздар» дегенде қазіргі жарнамасы жер жаратын, алайда бойында талант та, білім де, парасат та жоқ «жұлдызсымақтарды» емес, руханият саласына сіңірген еңбегі зор, шы­ғармашылығы уақыт сынынан шыңдалып шы­ғып, бүгінге жеткен, өнер әлемінде өзіндік үн, дара қолтаңба қалыптастыра білген шы­найы жарық жұлдыздарды жазды. Ә.Сығай қа­ламынан туған эсселердегі, очерктердегі, шы­ғармашылық портреттердегі Елубай Өмір­зақов, Шахан Мусин, Жан Габен, Радж Капур, Рудольф Нуриев және т.б. сахна тарландары­ның өмір жолы, өнерге іңкәрлігі арқылы оқыр­­ман қауым да таным көкжиегін кеңей­тіп, тәнті болған-ды. – Мен мақаланы қолмен жазам, – деуші еді Әшекең. – Кәдімгі қаламсаппен ақ қағазға тү­сірем. Компьютерді үйренуге де болар еді, өзім аса қызықпадым, құнттамадым. Ойымды әб­ден жинақтап алмай, жазу үстеліне отыр­май­мын. Мақала әлде эссе көкейімде пісіп-же­­тілген кезде ғана жазуға кірісемін. Күндіз қол тие бермейтіндіктен, көбіне кешке неме­се түнде жазамын. Аяқтап, Күләш жеңешеңе теру­ге беремін де, жатып ұйықтаймын. Тұр­ған соң, басылған мәтінді тың жанармен үсті­нен қайта бір қарап, қате-кемшіліктерінен арылтып, редакцияларға жіберемін. Мақалаларын, кітаптарын, сұхбат­та­рын оқығанда құлағымызға үнемі Әшір­бек ағамыздың даусы келіп отырады. Өйт­кені ол кісі қалай әдемі жазса, солай сөй­лей білетін де. Ол – сұхбат алушы журна­лис­тер үшін керемет олжа, таптырмас әңгімеші еді. Оның айтқанын қағазға түсіргенде ары-бері жонып-кертіп, жөндеп әуре болмаушы едік, еш артық сөз жоқ, тіпті бастауыш-баян­дауы­шына дейін орын-орнында тұратын. Бар ойын, бар күшін, бар ғұмырын қа­зақ өнерінің мәртебесін көтеруге, мұң-мұқтажын айтуға, жоқ-жітігін түгендеуге ар­наған ағаның әңгімесі де үнемі сол тарапта бо­латын: «Роза Әшірбекова туралы мақала жазуым керек. Мықты актриса, бірақ онша көп елеп-ескеріле бермейді». «Алдағы жылы Райым­бек Сейтметовтің мерейтойы. Соны қа­лай атқарамыз деп ойлап жүрген бір адам бар ма екен?». «Аймақтарда жақсы режиссер, шебер актерлар бар. Соларды іздеп тауып, жаз­байсыңдар ма? Не қарап жүрсіңдер?». Бір­неше рет сапарлас болдық, талай рет ресми-бейресми сұхбаттастық. Сондай бір оңашада сыр шерткен сәтінде: – Мен адамдарды шексіз жақсы көрем, – деді. – Қызметіне, қабілетіне қарамастан, кез келген адамның пікірімен санасамын. Әрине, та­лантты адамдарға деген құрметім тіпті бө­лек. Ал шығармашылыққа келгенде, ұлтқа, ха­лыққа, өнерге пайда-зиянына қатысты әң­гімеге келгенде – «екі туып бір қалғаным» бол­са да, қатып қалам. Өйткені мен үшін сол сәтінде айтылмаған пікірдің құны көк тиын. Не, кемшілікті дер кезінде айту айып па? Бұл – жанашырлық. Бір адамның көңіліне қа­рап, бүкіл қоғамды ластау – қылмыс! Кө­мейге келген пікірді кері жұту менде бол­май­ды, ол – мәкүрік. Ал жекелеген адамдардың рені­ші екі-үш күннен кейін басылады, оңаша қалып ойланады, таразылайды. Кейбіреуі сыр­тымнан ғайбаттайды. Ол – әркімнің ары­на байланысты. Сыншылықпен айна­лыс­қа­ныма қырық жылдан асыпты, қанға сіңген әде­тімді жасандылыққа, есеп-қисапқа құрған емеспін... Қазақ театрының құрылған күнінен бас­тап, бүгінгі тіршілігіне дейін талдап-тараз­ы­лап, зерттеп-зерделеп берген шежіреші тұл­ға­ның, «тура биде туған жоқ» ұстанымына адал боп өткен ақиқатшыл азаматтың ішкі жан сыры, нағыз кісілік келбеті осы еді ғой! * * * Қазақтың Әшірбексіз өмір сүріп келе жатқанына да жеті жыл болыпты. Сонша уақыт өткеніне көз иланып, көңіл сенбейді-ақ. Өйткені айтқан сөзі, шерткен сыры, жазған кітабы сәт сайын алдыңнан шы­ғып отырады. Театр туралы әңгіме қозға­саң да, әлдене жазсаң да, бірдеме оқымақ болсаң да, қарсы алдыңнан қасқайып Әшекең шыға келеді. Демек, біз әлі де (бәлкім, ешқа­шан) Әшірбек Сығайсыз өмір сүре алмайды екенбіз. Қадам басқан сайын оның ойына, сө­зіне, бағасына, мақаласына, кітабына жүгі­неді екенбіз. Яғни алмастырылмайтын да адамдар болады екен («незаменимых, оказы­вается, бывает»)...

Әлемдік деңгейдегі театр философы

 width= Асанәлі ӘШІМҰЛЫ, КСРО және ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ әдебиеті мен мә­де­ниетіне бір буырқанған буын келді. Сол топтың арасында алмастай жарқылдаған Әшірбек те болды. Мен оны өз саласындағы ұлы тұлға санай­мын. Оның маған берген жәрдемі ұшан-теңіз. Он жастай айыр­машылығымыз болса да іні-дос болдық. Мені «Аске» деуші еді. Қазір сол сөзді сағынамын. Мен әр жасаған жұмысымның, ойнаған обра­зым­ның бағасын тек екі-ақ кісіден сұраушы едім. Бірі Шәкен Айманов бол­са, екіншісі Әшірбек Сығай еді. Бір абызымнан баяғыда айырыл­сам, кейін екінші ақылшымнан да айырылып, егіліп қалған жайым бар... Көңілге медет қыла­ты­ным: ел-жұрты Әшірбегін бағалайды екен. Халықтың берген бағасынан артық баға да, атақ та, даңқ та болмайды.
 width= Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

– Театр сыны, өнер сыны қазір де жоқ емес, бар ғой, ауызды құр шөп­пен сүрте беруге болмас. Бірақ бәрібір Әшірбектің орны бөлек-ті. Оның аты бүкіл түркі әлеміне, бұрынғы Одақ елдеріне мәшһүр еді. Сол елдердегі театр фестиваліне Әшірбектің баратынын естісе, онда­ғы өнер қайраткерлерінің бәрі қуанатын. Шет елдердегі фестиваль­дер­де қазылар алқасының мүшесі болса, «Әшірбек Сығай не дер екен?» деп бәрі мұның аузына қарайтын. Сол беделімен қазақ өнерінің, қазақ мә­дениетінің туын тік көтеріп, абыройын асқақтатып жүретін. Біл­мей­тін саласы, меңгермеген мәселесі болсайшы! Кез келген тақырыпта кез келген адаммен пі­кір таластыра алатын білгір, ойшыл жігіт еді. Менің де ақылшым, сырласым болатын... Ел, ұлт осындай тұлғаларымен мықты шығар.

 width= Төлен ӘБДІКҰЛЫ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
– Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар ғой. Сол Әшекеңе ар­нап айтылғандай. Ол алдымен – театр сыншысы. Сыншылығының өзі ерекше. Ұлттық театр өнерінің іргетасын қалаған ардақтыларымыз жайында тәптіштеп жазды. Одан кейін Асанәлі Әшімов, Әнуар Мол­дабеков бастаған саңлақтар буыны туралы тамылжыта қалам тер­беді. Облыстардағы театрлардың жетекші актерлары жайында ғажап м­ақа­лалар туғызды. Оның жазғандары – қазақ театрының энци­к­ло­педиясы. Әшекең ұзақ жылдар жоғары дәрежелі мемлекеттік қызмет атқарды. Шешендік қасиетін де сағынып еске аламын. Ол бір үлкен жиындарда сөйлеп кет­кенде, мәселенің түпкі мәніне үңіліп, тереңдеп, шабыттана айтатыны сонша, алдынан арқан қойып тоқтата алмайтын. Бар өмірін қазақ өнеріне арнаған аяулы азаматымыз еді...
 width= Шаура ГИЛЬМАНОВА, Башқұртстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері:
– Әшірбек Сығайды мен театр өнеріндегі бірнеше буынды тәр­бие­леген адам, ұлағатты ұстаз деп білемін. Халықаралық фести­валь­дерде қазақ театр өнеріндегі қандай белгілі тұлғамен таныссақ та, ол актер болсын, мейлі, режиссер болсын, бәрі де кезінде Әшірбек Сы­ғайдан сабақ алған болып шығады.Ол тіпті театр көрермендері үшін де ұстаз болған шығар деп ойлаймын, оның сыни көзқарасы, сараптау ма­қалалары, ашық та шынайы пікірлері арқылы қаншама адамның театр туралы, өнер туралы дүниетанымы қалыптасты, талғамы өсті! Ол – қазақ руханиятында ғана емес, арысы ТМД, берісі түркі дүниесі ауқымында орны бөлек тұлға. Мен Әшірбек Сы­ғайды әлемдік деңгейдегі өнер сыншысы, театр философы деп айтар едім!

Сәкен СЫБАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары