«Қоғамдық келісімнің» қара нары

«Қоғамдық келісімнің» қара нары

«Қоғамдық келісімнің» қара нары
ашық дереккөзі
291

Ана тілімізде сөз қолданудың ежелден келе жатқан, қалам ұстаған жанның бәріне түсінікті тұстары бар. Солардың бірі – «қара нар» деген теңеудің ер адамға қатысты айты­латыны. Және ол теңеуге екінің бірі емес, өз саласын (ауылын, өлкесін...) дамытып, өркен­детуге ерен еңбек сіңірген тұлға ғана лайықты. Бір қуаныштысы, елімізде ондай жандардың көп екені. Өз басым олар туралы күн сайын бұқаралық ақпарат құралдарында шығатын материалдарды көргенде қазақтың ұл-қыздары үшін кеудемді мақтаныш кернеп, кәдімгідей серпіліп қаламын.

Бұл фактінің қазір орнығып, тіпті заңды­лық­қа айналғандай екінші жағы да бар. Ол – сондай тұлғалардың тасасында ұжымның (ауыл­дың, кәсіпорынның, мекеменің) қара жұ­мысына жегіліп, келіспейтін жақтарды келіс­тіріп, даулы мәселелердің жігін жатқызып, ау­қымды іс-шараларды ұйымдастырып жүретін орын­басары – бір нәзік жандының болатыны. Он­дай жандардың бағасын тұманды Альбион елі­нің «Әр мықты ер-азаматтың артында мық­ты­лығы одан еш кем емес әйел тұр» деген мақалынан асып әлі ешкім бере алмаған сияқты. Бүгін сондай жандардың біреуіне тоқ­тал­сақ деп отырмыз. Бірақ әуелі «заңдылық­қа айналғандай» дегенімізге бір мысал келтіре к­е­тейік. Қазір қалай екенін білмеймін, мен қыз­­мет еткен жылдардың басым көп бөлігінде Се­нат аппаратында бөлім басшылары – ер-аза­мат­тар, ал орынбасарлары – әйелдер (соның ішін­де өзім де бармын). Содан бері мемлекеттік (бас­қа да) органдардың құрылымдарына зер сала жүріп, сірә мұндай құрылым барлық дерлік ұйым/мекемелерге тән-ау деген ой түйдім. Біздің кейіпкеріміз Хадиша Ерсейітова да Қа­зақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты (құрылған кезде ҚР Пре­зиденті жанындағы) «Қоғамдық келісім» рес­­публикалық мемлекеттік мекемесі дирек­торы­ның орынбасары. Ол осы лауазымға та­ғайын­далғалы бірнеше директор ауысты. Бе­делді, танымал, зиялы, жас, жасамыс директор­лар келіп-кетіп жатты, орынбасарлардың да бірге кететін кездері бар, өзгермейтін жалғыз орынбасар – Хадиша Әбдіразаққызы. Содан да болар, белгілі бір бағдарламалық құжат дайын­дау керек болса, ауқымды іс-шаралар өткізу ке­зінде Ассамблеяға қатысты тақырыптарды одан терең білетін, мемлекеттік органдармен, оқу орындарымен, өңірлермен байланысы одан мықты және орнықты ешкім жоқ екеніне талай рет көзіміз жетті. Адамдармен тіл табыса білуі, идеяға илан­ды­рып, өзіне сенгендерді алға жетелей алуы, бү­кіл саналы ғұмырын елге қызмет етуге ар­­­наған, бірі – мемлекеттік қызметші, бірі – ұс­таз әке-шеше тәрбиесінен дарыған деседі жақын біле­тіндер. Орынды пікір. Халқымыз «Ұяда не көр­сең – ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айт­паған. Оған қоса, мен оның еңбек жолын жо­ғары білім беру саласында бастап, сту­дент жастардың жаңашыл идеялары мен тың бастамаларын іске асыру үшін өзі де тап сол жастардай таңды таңға ұрып, қызығушылықпен еңбек еткенінің де әсері мол болған деп ой­лаймын. «Хадиша – бойына көшбасшылық дары­ған адам, – дейді жастық шағының куәгері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Майдырова. – Ол дәріс оқумен қатар, студенттер арасында тәрбие жұмысын жүргізіп, ол санаттың психологиясын жетік меңгерді. Со­дан да болар, жастардың небір мәселелерін шешіп, тығырықты жағдайда жол табатын». Еңбек жолының бұдан кейінгі саты­ларын­да Хадиша Ерсейітованың жаңа қырлары ашыла түсті. Мысалы, жастармен жұмыс істеу тә­жірибесі Білім министрлігінде Қазақстан аза­маттарына патриоттық тәрбие берудің 2005-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масының жобасын жазысуға, 2006 жылы ТМД елдерінің Дельфий ойындарын ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізуге көмектесті. Ал «Қазақстан халқының рухани даму қоры» акционерлік қоғамының бас менеджері ретінде мәдениет саласында ірі жобаларды іске асыруға: республикалық және халықаралық конференциялар мен форумдар өткізуге, конкурстар мен көрмелер, шетелде мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға мұрындық болды. Мұндай тәжірибе оның қазіргі бас сарап­шы болып кіріп, білімі мен біліктілігінің арқасында директордың орынбасарлығына дейін көтерілген қызметін мінсіз атқаруға кө­ме­гін тигізгені сөзсіз. Сан ғасыр бойы «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан еліміздің қазіргі ішкі саясатының басты ба­ғыттарының бірі бірлік пен татулықты ны­ғайту екені, айтпаса да түсінікті жайт. 2014 жы­лы Елбасының Жарлығымен құрылған Қа­зақ­стан Президенті жанындағы «Қоғамдық ке­лісім» республикалық мемлекеттік мекеме­сі­нің қызметі де осы ұстанымға сәйкес келеді. Жыл аяғында құрылған мекеме өткізген ең бірін­ші ауқымды іс-шара – Қазақстан халқы Ассам­блеясының сессиясы. Теледидардан қарап отырғанда бәрі рет-ретімен болып жатқан, тіпті ешқандай қиын­дығы жоқтай көрінетін мұндай ауқымды іс-шараны өткізудің мың түрлі мехнаты бар еке­нін сырт адам біле бермейді. Және оның бі­лін­­беуі – ұйымдастырушылардың мықты кә­сібі деңгейінің белгісі. Х.Ерсейітованың үзең­гі­лес әріптесі, белгілі суретші Әбдімомын Әсілов: «Оның іс-шараларды ұйымдастыруы, әріптес­тер­мен тіл табыса жұмыс істеуі – үлкен бір мек­теп. Осындай еңбегінің арқасында жоғары дең­гейлі маман биігіне көтерілді. Ал кісілігі, адам­гершілігі бөлек әңгіме...», – дейді. Бұл сияқты пікірлерді кезінде қасында жүріп үйренген және кейіннен сол дағ­дылар кәделеріне жарап, биікке көтерілген Әді­лет Дүйсенбиев, Амангелді Смағұлов, Құра­лай Тілеулинова сияқты жастардың да айт­қанын естідік. Олардың «Қоғамдық келі­сім­нің» мектебінен өткеннен кейін кез келген ауқымды жобаларға батыл түрде атсалысуға болады екен» деген пікірлерінде терең мән бар. Солардың бірі бүгінде еліміздегі ең жас мек­теп директоры, «ДАРА» бизнес-ака­демиясының басшысы Ақмарал Бекбай: «Ассам­блеяның баспасөз қызметіне келгенде танысқан өмірлік ұстаздарымның бірі – Хадиша апай. Бос отыруды білмейтін, жауапкершілігі мықты кісі екені бірден байқалды. 2015 жыл ҚХА жылы деп жарияланды. Іс-шарадан соң іс-шара. Ең ерте келетін де, ең кеш қайтатын да сол кісі. Телеар­наға сұхбат беру керек, спикер бар ма деп кел­сем танымайтын адамы жоқ. Елімізде қанша этно­мәдени бірлестік болса, солардың басшы­сынан бастап бар мүшесін біледі ғой. Ол кісінің іскер ғана емес, бауырмал жан екеніне сол кезде көзім жетті», – дейді. Бірлік, қоғамдық келісім, татулық идея­ларын жария етіп қана қоймай, жас ұрпақ­ты ұлтына, тіліне, дініне қарай жарылуға емес, жасампаздыққа бастайтын іс-шараларды ел ауқымында ұйымдастырып отырудың маңы­зы зор. Әрине, бұл үшін орталық мекеме мен өңір­лік филиалдар жұмысының үйлесімді болуы шарт. Бұл ретте Ассамблеяның облыстық хат­шылықтармен, «Қоғамдық келісімнің» фи­лиалдарымен байланысы нақты, сындарлы болуы – жұмыс нәтижелілігінің кепілі. Оның бір мысалын бүгінде Қостанай об­лыстық «Nur Otan» партиясы филиалы­ның басшысы Бибігүл Аққожинаның: «Облыс­тық ассамблея хатшылығының меңгеруші бо­лып қызмет істеген кезімде басқа өңірлердегі әріптестерімнің: «Іс-шара өткізгенде Ерсейітова ескермейтін ұсақ-түйек жоқ», «Бір мәселені түсін­бей жүр едім, Хадиша Әбдіразаққызы жөн сілтеді» деген сияқты сөздерін жиі еститінмін. Жүре келе іс-шара өткізуде талапшыл, қай уақыт­та хабарлассаң да телефонын көтеретін кіші­пейіл, қол ұшын беруге дайын тұратын қамқор адам екеніне өзімнің де көзім жетті. Орталықтан басталған барлық істі әрі қарай жүр­гізудің мән-жайын сол кісіден білетінбіз» де­ген сөздерінен көруге болады. Қызмет орнында Хадиша Ерсейітованың ұйымдастырушылық қабілеті де, іскер­лігі мен біліктілігі де лайықты бағаланып келеді: Алғысхаттар мен грамоталары, мерейтойлық медальдарды былай қойғанда, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ассамблеяның «Бірлік» меда­лімен наградталған. Бірақ біз үшін басты көр­сет­кіш – ҚХА хатшылығының басшылығында болған азаматтар қандай жобаны қолға алғанда да бұған сенім артып, ең жауапты жұмыстарды тапсыруы. Яғни, артылған жауапкершілік жүгін қара нардай тарта алатын адам – Хадиша Ерсейі­тованың әлеуетін тану деп түсінеміз. Мұны олардың ұжым жиындарында жастарға өне­ге етіп айтатыны да қуантады. Ал ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, белгілі қо­ғам қайраткері Нәзипа Шанаи әріптес сің­лісінің адами болмысын тап басып, таныған. «Ха­диша Ерсейітова – ең алдымен, білікті маман, заманауи қалыптасқан басшы. Бірақ осы заманауилығының негізінде қазақи тәрбиенің негізі жатыр. Өзінің айтуына қарағанда, әжесінің тәрбиесінде болған бала екен. Міне­зінде «ел анасы» болатын тұлғалық нышандарды көремін – тереңдік, шешім қабылдаудағы байсалдылық, қазақ қызына тән шыдамдылық. Сонымен қатар ұлттық өнерге деген ерекше ықыласы тәнті етеді – Қорғалжын топыра­ғының асылдығы да шығар – Хадиша әнді са­на­ға жеткізе, сүйсіндіре орындайды. Жас та бол­са Хадишада мен үйренер көп нәрсе бар», – дейді ол риясыз көңілмен. Иә, өмір адамдардың бір-бірінің бойынан жақ­сылық іздеуі, содан үйренуге ұмтылуы­­мен бағалы. Сондықтан өнегесін үйре­нер жақсы адамдар көбейе берсе екен деп ті­лейік. Өйткені сондай жандар небір қиындыққа тап болғанда қолын созады: жоғыңды бір­ге іздейді, жүрегіңді шуаққа толтырар жылы сөз айтады, жаныңды сәулеге толтырады... «Солар­дың бірі – Хадиша!» деп айта аламын.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы

Серіктес жаңалықтары