Диплом

Диплом

Диплом
ашық дереккөзі

Жастықтың демімен шалқып, шарықтап жүрген кезім еді. Сол қайран жастық жалынан бірде ұстатып, бірде ұстатпай жүрсе де дәмем дардай, анда-санда аудиториясына бір кіріп, бір шығып, сессияны жүрдім-бардым өткергеніме қарамай-ақ, ҚазМУ-дың дипломын ала кетпекпін. Бірақ маған арман болған дипломды: «Мә!» деп кім ұстата қояды. Бұрынғы деканымыз, кейін Желтоқсан оқиғасына байланысты кафедра меңгерушісі дәрежелігіне түскен Темкең – Темірбек Қожакеевтің ғана лекциясына баратынымыз болмаса, оқуға жарытып қатысып жүргеніміз шамалы.

Қойшы, әйтеуір бір күні курс­тас­тар­дың дені диплом жазып тас­тапты дегенді естіп, мен де деканатқа кір­меймін бе? Методист апайымыз Рау­шан жерден алып, жерге салмаса да, тура­сын естіртті. «Сен, Терлікбаев, биыл қор­ғай алмайтын шығарсың. Өйткені елдің бәрі жазатынын жазып, өткізетінін өт­кі­зіп қойды. Защитаға да 20 күн қалды. Енді сенің мынадай қамсыздығыңа мен не істей аламын. Солай». Ішім жанып кеткендей болды. «Апай, дедім, – сасқалақтап. – Қалай істей­мін, кімге барамын? Қандай амалы бар?» «Қара­ғым-ау, сен тіпті диплом жұмыс­ы­ның тақырыбын да, жетекшіңді де біл­мейді екенсің ғой. Ой, сұмдық-ай! Осын­дай да болады екен-ау. Тұра тұршы, кө­рейін, мына жерде не жазылыпты. Иә, Жан­болат Аупбаев. Тақырыбың не екен?.. Иә, тоқта, не дейді өзі, «Ана тілі» газеті дей ме. Әй, қойшы айналайын, басты қатыр­ма. Сенсіз де проблемам жеткілікті. Фев­раль­да ма, әлі мартта ма келуің керек еді. Ал қазір қай ай? Май. Май болғанда да май­дың аяғы. Не, ежірейіп қарайсың?». «Апай, – дедім, – енді шын қысылып. – Маған сол Жанболат Аупбаев деген адам­ның адресін беріңізші?». «Әй, мынау, шын жынданған ба, сұра анау... Жанбо­лат­ты шын білмей тұрсың ба? Бұл факуль­тет­те кім білмейді оны. Бар. Басымды қа­тырма. Қызық-ей өзі, мені бір ойнап отыр­ғандай көріп...». Бөлмеден атып шықтым. * * * Іздестірдім, сұрастырдым, таптым. Алладан жаратылғасын біз де бір пенде емеспіз бе, денін, дәргейін, дәре­же­сін, тағы-тағы сол сияқты деректерін зерт­тедім. Сыртынан ешкім бірауыз ғай­бат сөз айта алмады. Олай болса дедім де, кабинетіне тіке кіріп бардым. Сабырлы екен. Салқындау қабыл­даса да қабағын көтеріп, дұрыс қар­сы алды. «Бірақ үлгере алар ма екенсің? Мен талай студенттердің дипломдық жұ­мысына жетекші бола жүріп, сендей сту­дентті бірінші рет жолықтырып отыр­мын», – деді Жанболат ағам. «Үлгеремін!» – дедім мен. «Үлгерсең, көр», – деді сәл жы­лы­нып. Менің де дипломнан үміт үзе бас­таған көңіліме бір арайлы шуақ кір­гендей болды. * * * Раушан апайымның алдына және жаудырап бір бардым да тақыры­бым­ды тауып алдым. Бұрынғы Пушкин атын­дағы, қазіргі Ұлттық кітапханада бір апта отырдым. Ұзынағашқа келдім де, өзім қызмет істеп жүрген редакциядан: «Бір аптаға бере тұрыңыздаршы», деп әрең тұрған бір жазу машинкасын тағы да сұрап алдым. Содан отырдым да дип­лом жұмысын жаздым. Жанболат ағам­ның кабинетінен шыққан соң он төр­тін­ші ме, әлде он бесінші күн бе екен, (қазір тура есімде қалмапты) тағы да алқын-жұл­қын жеттім. Бетіме қарап сәл жымиды да: «Тастап кет», – деді. Артынша және бір сөз жалғады. «Шын өзің жаздың ба?», «Шын, өзім жазып шықтым», дедім мен басқа айтарым қалмай. «Жарайды, ертең кеш­ке кел. Менің де редакциядағы жұ­мы­сым қауырт болып тұр. Дегенмен қа­рап көрейін. Үйге алып кетіп... түнде», – деді Жанболат ағам. Мен негізі көп өтірік айтып көр­меген адаммын. Не болса да шы­нымды айтатынмын. Әке-шешем солай тәрбиелеген. Міне, Құдай ақы, шы­ным, дәл сол күні Жанболат ағамның: «Ер­тең кешке кел» деген сөзіне сенбедім. Ішіме тағы бір күдік кірді. «Еһ, Рәтбек, біт­кен жерің – осы. Раушан апаң дұрыс айт­қан екен. Биыл дипломнан күдер үзе бер, бала», дедім бір түрлі. Мен ойлағам, «екі не үш күннен кейін кел» дейтін шы­ғар деп. Өйткені 55 бетке жуық диплом жұмысын бір түнде және жұмысы мына­дай қауырт болып жатқан адам қалай оқып шығады? «Оқымайтын да шығар-ау, әншейін бір шығарып салма сөз болды-ау, бұл», – деп кабинетінен иығым салбырап шық­ты. * * * Бірақ қайда барам, мен байғұстың енді басқа қандай қарекеті қалды. Ерте­сін­де, әйтеуір үзілмеген бір үміт жетелеп Жан­болат ағамның кабинетіне және кел­дім. «Оқып шықтым жазғаныңды. Мен осы уақытқа дейін талай студенттің дип­лом жұмысына жетекші болып жүріп, сен­дей адамды кездестірген емеспін. Жарай­сың! Енді былай істейік. Сен мына жаз­ғаныңды қайта бастырып әуре болма. Үлгер­мейсің. Рас, бірді-екілі жерінде әріп қа­тесі кетіпті. Соны қара қарындашпен, лез­вімен қырып түзет те, ертең деканатқа апа­рып өткіз. Раушан апайға да өзім ай­тып қоямын. Содан кейін защита болатын күні өзім барамын. Анау-мынау қалған жұ­мыс, рецензия беруді енді өзің ретте», – деді ол. Құдай-ау! Өмірімде мұндай қуанбаған шығармын. ҚазМУ-ға қарай құстай ұш­тым. Маусымның ортасында диплом қорғау рәсімі болды. Мемлекет­тік комиссияның төрағасы болып Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз отырды. Комиссия мүшесі болып менің Темкем, бүкіл қазақ журналистикасының атасы, фи­лология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеев отырды. Маған мына газет дүниесіндегі күллі ма­кет пен шрифтің, қалып пен алыптың қыр-сырын үйреткен, ТГЖД-дан (техника газетно-журнального дело) сабақ берген про­фессор Әбілпейіз Ыдырысов ағамыз отыр­ды. Менің дипломдық жұмысымды қор­ғап, шынын айтқанда қорғатып Жан­болат Аупбаев ағам тұрды. Мен сол жерде табаныма дейін тер­­­­леп кеттім десем, өтірік шы­ғар, әйтеуір тұла-бойым су болып қоя бер­ді. Диплом жұмысым туралы жеті-сегіз ми­нуттай ма екен, бірдеңе дедім. Өзім бар жа­нымды салып жазған дүние емес пе, ай­тып шыққандай болдым. Темкең негізінен өзінің кафед­ра­сы­нан, турасында сатирадан са­бақ алған шәкірттеріне ешқашан қарау­лық жасаған адам емес. Емтиханнан да, дип­ломнан да, мемлекеттік комиссиядан бол­сын ешқашан құлатпайтын. Өзінің таби­ғатына тән мәнерімен ыңыранып отыр­ды да: «Мына балаға не қоямыз? Жан­болат «5» деп отыр, соған қалай қарай­сыздар? Бұл бала негізінде менің ка­фед­рамнан өтіп еді. Осы бағаға тоқ­тай­мыз ба? Сейдеке, сіз қалай қарайсыз, – деп бір бұрылып қойды, менің профессорым. – Пікірлеріңізді айтыңыздар?» Журфакта Темкең не айтса, сол бо­латын, рас. Қазір әлі кетіп тұр­ған кезі еді. Дегенмен Темірбек деген Темір­бек қой. Айтқаны болды. Мен дип­лом жұмысын «5» деген бағаға қорғап шық­тым. Мұның бәрі әуелі маған көзі түзу түскен Алланың, қазақтың ұлы бір тұл­ғасы Темірбек Қожакеевтің және ме­нің жан деген жақсы ағам Жанболат Ауп­баевтың арқасы болатын. * * * ҚазМУ-дың журфагының дипломын алдым, арманым орындалған тәрізді. Бірақ бір қарыз дүние жанымды қинай бер­ді де Жанболат ағама қайта бардым. Рақ­мет айт­қым келді. Алматыда рес­торан­ға ма, әлде Ұзынағаштағы өзімнің үйіме ме... Күтіп, сыйлап дегендей. «Қой, сен ондай мә­селемен менің алдыма екін­ші келме» деп кесіп айтты Жанболат ағам. «Онда не істей­мін, қалай рақмет айтсам бо­лады сізге, Жанболат аға!» деймін ғой мен жаз­ған. «Рақметің сол, аман жүр, жаз! Ана ұлы ҚазМУ, ұлы журфактың дипломын ақта. Одан басқа не керек. Еліңді, жеріңді жаз. Адамдарыңды көрсет. Одан басқа не керек енді журналист адамға. Дәлелде өзіңді мүмкіндігінше, журналист екеніңді. Болды, менің уақытым да шамалы», – деді қысқа қайырып. Дәлелдей алдым ба, дәлелдей алма­дым ба, білмеймін, бірақ Жанбо­лат ағам алып берген дипломның нанын жеп жүрмін мен осы күні. Рақмет, сізге Жан­болат аға! Денсаулықты, бақытты, ша­пағатты болыңыз! Артыңыздан ілес­кен жаман бір ініңіздің осы тілегін Алла қабыл қыла көрсін.

Рәтбек ТЕРЛІКБАЕВ, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы

Алматы облысы