51031
Үлкен жүректі тұлға
Үлкен жүректі тұлға
Мен Ержан Үбайдаұлы Уәйіс Отырар ауданы Маяқұм елді мекенінде (Оқсыз аймағы) туып-өстім. Шоқан Уәлиханов орта мектебін алтын медальмен бітірдім. Сол мектепте Өзбекәлі Жәнібеков, менің әкем Үбайда (Үбайдулла) және әкемнің туған інісі Нұртаза Уайсовтар бір сыныпта оқиды. Мен қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірдім. Алматыда Қазақ телевизиясында тілші, редактор, комментатор, саяси шолушы болып 24 жыл қызмет еттім.
Өзбекәлі Жәнібеков – Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Сессияның үзілісі кезінде мені қасына шақырып алып, жеке әнгімелесетін. «Сенің әкеңмен бірге оқыдым, сенің атаң Уәйіс атадан бата алдым» деп еске алушы еді. Менің үлкен аталарым – Уәйіс қожаның әкелері Төрежан ахуын есімі Сыр бойына белгілі дін ғұламасы болған. Арғы аталары Хорасан атаның ұрпақтары (Қазақстанда, Орта Азияда исламды таратушы) Жаңақорған ауданы Хорасан ата кесенесі алып күмбезді тарихи орын мен сол Хорасан ата қорының республикалық президентімін, жыл сайы 3 мыңнан астам адам қатысатын үлкен жиын, халықаралық конференция өткіземіз. Көгалдандыру, ағаш егеміз қазір 2 000 түп ағаш бар. Айдала Қызылқұм қойнауында Төрежан ахун имандылықты, исламды дәріптеу мақсатында Арқа жеріне Сырымбет даласына 30 күн оразаның кезінде барады екен. Уәли төре мен оның жұбайы баянауылдық Сарғалтай қожаның қызы Айғаным апамен өте жақсы сыйластық дәрежеде араласқан бір сапарында Уәлиханның ұлы Шыңғыс төре ұлды болып, оның атын Төрежан ахунға қойдырып, ол бөбекті қолына алып, сәбидің аты «Мұхамед-Ханафия» болсын деп, үш рет айға азан шақырып қояды. Айғаным әже кішкентай сәбиді еркелетіп «Шоханым, Шоханым, Шоқаным» деп атап кеткен екен. Тарихқа Шоқан Уәлиханов есімі осылай келген. Осының Өзбекәлі ағаға айтып бергенде, оны әлі зерттеу керек, жүрген жерінде айтып жүр деп еді. Өзі де көп жерлерде, ұрпағы Шотаман Уәлихановқа айтыпты. Өзекеңе Алланың берген сыйы болса керек, Қазақстанның басшылық қызметтерінің барлығынан өтті. Мәскеуге келген сайын Нұртас Ондасыновқа үйіне барып сәлем береді, елдің жаңалығын айтады. Кешегі Алаш арыстарын ақтауды, Наурыз мерекесі, тіл туралы заңының қайта жаңғыруы, Түркістандағы тайқазанды елге әкелу жайында Нұртас Ондасыновтың көп ақылын тыңдадым дейтін қайран Өзекең. Кейін Нұртас Ондасынов қайтыс болғанда (Мәскеуде) мүрдесін туған жерге Түркістанға әкелуге Н.Ондасыновтың шәкірті Сағидолла Кұбашев, Өзбекәлі Жәнібеков тікелей атсалысады. Мәскеуге өздері барып алып келді, Түркістанға жерленді. Маяқұм елді мекеніне кіреберісте Өзбекәлі Жәнібековтің үлкен портреті және бас көшеге есімі берілді. Аудан орталығы Шәуілдірде өзі оқыған мектепке аты берілді, аудандағы мұражайға үлкен бұрыш берілді. Сондай-ақ өзі 1-7 класқа дейін оқыған Маяқұмдағы Ш.Уәлиханов мектебінде үлкен мұражай ашылған, бюсті қойылған, ауылда кластас достары тарихи суреті сол бұрышта, менің де суреттерім бар.Өзбекәлі Жәнібекұлының туып-өскен ортасы – әйгілі Отырар ауданы. Сонау ХІІ ғасырда Отырар қаласы – Орта Азиядағы ірі қалашықтардың бірі. Отырар төбеге жыл сайын экспедициялық топ археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді.Бұл кезінде басшылық қызметте болған Өзекеңнің тікелей тапсырмасы болатын. Сырдарияның арғы бетінде Оқсыз төбе қалашығында тарихи орын осыдан 7-8 жыл бұрын дарияның суы тасып, Маяқұм елді мекенін су алып кетті. Үкіметтен үлкен көмек болды. 100 жаңа (5 бөлмелі) үйді тегін салып берді. Қоныстойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы тікұшақпен келіп, халықпен кездесті. Тұңғыш Президентке тұрғындар алғысын айтты. Бұл елде Өзбекәлі Жәнібековтің туып-өскені сөз болды. Сонда Елбасы «Халқымыз құрметтейтін ұлтжанды азамат, менің ұстазым болған» деп Өзекең туралы жылы лебіз білдірді. Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан комсомол орталық комитетінің бірінші хатшысы болған кезде Теміртауға Қазақстан магниткасында аға горновой болып жұмыс істейтін Нұрсұлтан Назарбаевты Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындауға қол қояды. Кейін Қазақстан жерінен Байқоңырға космосқа ұшқан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринді қарсы алу сәтінде Өзбекәлі Жәнібеков пен Нұрсұлтан Назарбаев болған еді. Біздің атамыздың, Уәйіс атаны Сыр өңірі Түркістан, Отырар аймағы пір тұтты. Еңбек ардагерлері, Социалистік Еңбек Ері Қайқыбай Куатбеков, Нұсқабай Құлымбетов ағалы-інілі болып араласты. Нұсқабай атаның үлкен ұлы Әтібай Өзбекәлімен Шәуілдірде бірге оқыған, екінші ұлы Жарылқасын – қазақ телевизиясындағы бас редактор. Бірнеше баспаның бас директоры болды. Ғалым-жазушы қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, академик атағына ие болды. Алматыда Өзбекәлі ағаймен отбасымен ең жақсы туысқандық қатынаста болған осы Жарылқасын ағай. Үшінші ұлы Әбілқасым Қызылқұм, Отырар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған қоғам қайраткері Өзбекәлі аға 1991 жылы 29 тамызда 60 жылдық мерекелік тойына Әбілқасым аға туған жерден арнайы келіп, ақбоз атты мінгізген еді. Айтайын дегенім, Арыстан баб әулиенің мазарлығында, Уәйіс атаның жанында Еңбек Ері Нұсқабай Құлымбетовтің мәнгілік белгісі қойылған. Ортада адам жок, одан төмен қарай Өзбекәлі Жәнібеков өзінің аманатымен мәңгілік тыныстаған жерінде көркем күмбез бар. Осында жер-жерден Арыстан бабқа зиярат ете келгендер Уәйіс атамызға, Нұсқабай атаға, Өзекең ағаға арнайы құран бағыштайды. Өзбекәлі аға үйіне Қалихан апаның шайын ішеміз деп Алматыда оқып жүрген кезімізде інілері Тұран Ізтаев, Көпен Әмірбек, Ақбол Серімова (ағаның қарындасы) және мен, Ержан арасында барып тұратын едік. Өте қонақжай аға сұсты көрінгенмен, шешіле сөйлегеннен кейін өзіне баурап алатын еді. Қалихан апа сендерге Өзбектің жолын берсін деп бата беретін. Өз аға Отырарда туған ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өнеріне жол ашты. Қазақстанның бірінші Ленин комсомол сыйлығын Өзекең өз қолымен тапсырған еді. Туған ауданында, Түркістан облысында Өзағаны да осылай көтеру керек. Мен еліміз Тәуелсіздік алған соң шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі болып, Түркияда қазақ телевизиясы мен радиосының арнайы тілшісі, Германиядағы Азаттық радиосының (Хасен Оралтай) тұрақты тілшісі, одан соң Түркияда Қазақ елшілігі ашылып, Стамбұл қаласында Бас консул қызметтерін атқардым. Түркиядағы тарихи кездесу: Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз қасында белгілі қаламгер-этнограф Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғарин Стамбұлда болды. Осман империясы-сұлтанаты (700 жыл) кезінде салынған мешіт-мұражайларда, тарихи орындарда болды. Осман сұлтанаты сұлтандарының әрқайсысына тоқталып, терең білімдарлығын көрсетті. Түрік ағайындар тәнті болды. 60-70 жыл бұрын Мұстафа Кемал Ататүріктің түркі дүниесі туралы қанатты сөздерін тілге тиек етті. Өзекең түркі әлеміне кеңінен құлаш ұрған білімдар, саясаткер, тарихшы, нағыз мемлекет қайраткері еді. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихын, оның келешегінің үлкен болатынын айтты. Өз аға қазақ тарихын қалыптастыруда академик Манаш Қозыбаевпен бірлесіп көп дүние жасады. Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков республиканың барлық облыстарында, аймақтарында болып, көптеген кездесулер өткізді. Қоғамдағы жастардың рөлін көтеруге айрықша үлес қосты. Ол кезде бүкіл одақтық, республикалық екпінді құрылыстар көп болатын. Қазақстан Магниткасы атанған Теміртаудағы құрылыста жастардың ортасында жүрді. Екібастұз ГРЭС-інің, Маңғыстаудағы Қаламқас, Қаражамбас, Бозашы мұнай кеніштерінде, Жамбылдағы фосфор зауытында, Қостанайдағы екпінді нысандар, Торғай боксит рудасы, Семей Жаңа Шульба ГЭС-і, Ақтөбедегі Дон кен рудасы, Шиелі сай-кен орны, Қаратау, Жаңатас, Кентау, Ақтау, Рудный, Текелі, Қапшағай қалаларының дүниеге келуі, бой көтеруі жастардың еңбегінің арқасында болды. Бұл істе Дінмұхамед Қонаевтың, Өзбекәлі Жәнібековтің, Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзіндік қолтаңбасы бар. Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытуға жастар бригадасын құрып, үндеу көтерді. Шұбартаулық жастардың бастамасы – осының айғағы. Мойынқұмдағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың шопан таяғын жастарға берудегі өнегелі істері, егіншілік, диқаншылықта екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбрай Жақаевтың қасиетті қара кетпенін ізбасарларына тапсыру рәсімінде Өзбекәлі Жәнібековтің арнайы барғанын бүгінде Сыр бойының халқы жыр қылып айтады. Қазақ топырағынан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин көкке самғады. Сол рәсімге Өзбекәлі Жәнібеков, Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан еді. Одан кейін екінші ғарышкер Герман Титовты Өзекең, Мәскеудегі қалашықтан арнайы шақырып, Қызылорда облысына Байқоңырға ертіп келді. Сыр жастарымен жүздесті. Дихан баба Шиелідегі Ыбырай атамен және жастармен кездесулер ұйымдастырылды. Ол кезде Өзекеңнің жанында облыстың бірінші басшысы Хасен Бектұрғанов, облыс комсомолының бірінші хатшысы Аблай Айдосов бірге болған еді. Бір жылдары коммунистік партияның түкірігі жерге түспей тұрған заманында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретариатының кезекті басқосуы өтті. Оны Орталық комитеттің хатшысы Мельник жүргізіп отырды. Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрі Рогинец, «Казсельхозтехника» республикалық бірлестігінің басшысы Батраков сөз сөйлеп, қыз-жігіттерді қой бағуға, механизатор-трактор руліне отыруына, сауыншылық салаға баруға шақырды. Батраков жолдас жаңа К-700 алып тракторлары мен комбайындарды тек қыздарға беремін деп көкіді. Бір кезде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков сөз алды. – «Жолдастар, әлгі сөйлеген министрлер Қазақстанға жаңа техникаларды алдырғаны құптарлық іс. Оларды 30-40 жылдан бері ескі техникаларды жүргізген тәжірибелі жүргізуші мамандарға беру керек. Ал жастар негізінен білім алғанын, жоғары оқу орындарына барғанын қалар едім. Ал қыз балалардың техникаға, рульге отыруына мен қарсымын. Олар ертеңгі ана емеспе?» – деп кесіп айтты және бұл ұсыныспен келіспейтінін тілге тиек кетті. Жиын Жәнібековтің сөзімен аяқталды. Алайда партияның сөзі ұрып тұрған заманда бастамалар кейіннен қолдау тауып жатты. Сол кездері қазақ қыздары жаңа трактор рөліне отырды. Қостанайлық Камшат Дөненбаева, ақмолалық неміс қызы, қазақ келіні Наталья Геллерт К-700 «Кировец» алып тракторларын жүргізді. Кейін екеуі де Социалистік Еңбек Ері, СССР Жоғары кеңесінің депутаты болып сайланды. Міне, партияның саясаты. Өзбекәлі Жәнібеков сол кезді былай деп еске алады. «Қазақстан үкіметін бірнеше жыл басқарғаннан соң Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы (ол кезде Маңғыстау облысымен бірге) Нұртас Ондасыновтың мына бір тәжірибесі ойыма келді. 1958 жылы Маңғыстау ауданынан мектепті бітірген 30 қыз-жігіт екі жыл қой бағуға баруға тілек білдіріп, үндеу көтеріп Обкомның бюросына келеді. Н.Ондасынов жолдас олардың әрқайсымен жеке-жеке сөйлесіп, пікірін тындайды. Сол Маңғыстау ауданынан келген бұйра шашты жас жігіт Әбіш Кекілбаев та бар еді. Н.Ондасынов: «Қарақтарым, қой бағуды қазақтың маңдайына жазып қойған жоқ қой. Сендер бұл райдан қайтыңдар. Екі жыл қой баққаннан соң бастарыңда не қалады? Жоғары жаққа оқуға барыңдар. Мен сендерге Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Алматыға баруға арнайы жолдама беремін». Осылай деп әнгіменің тоқетерін айтты. Мемлекет қайраткері Н.Ондасынов Әбіш Кекілбаевқа КазГУ-ге жолдама берді. Ұлы тұлғаның қамқорлығының арқасында Әбіш ағамыз көрнекті жазушы атанды. Бұл оқиғаны Әбіш аға да жүрген жерінде айтып жүрді. Түркияда қазақ телевизиясы мен радиосының арнаулы, тұрақты тілшісі әрі тәуелсіздіктен соң шетелдегі аккредитацияланған тұнғыш қазақ тілшісі ретінде 1992 жылы наурыз айында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен батасын алып, Анадолы жеріне жол тарттым. Ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың батасын алуды ұмытпадым. Жазушы Қалтай ағамен үйіне бардым. Наурыздың 25 күні Алматы – Стамбұл бірінші әуе рейсімен көкке көтерілдік. Аз ғана құрамдағы делегацияны сол кездегі үкіметтің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков басқарып барды. Түркия президенті Тұрғыт Озал қабылдады. Елбасының ыстық сәлемі – қазақы түйе шапанды иығына жапты. Құндыз бөрікті табыс етті. М.Жолдасбеков мені түрік елінің басшысына осы елге тілші болып келгенімді айтты. Ол кісі маған жапон фотоаппаратын сыйға тарты. Сол Тұрғыт Озал сыйлаған фотоаппаратпен көп жылдар бойы сүрет түсірдім. Сол 1992 жылдардың басында қазақ елшілігі ашылған жоқ-ты. Қазақстаннан көптеген делегация, жеке белгілі тұлғалар келеді Түркияға. Сол кісілерді күтіп алу, ресми жерлерге, тарихи орындарға апару маған жүктелетін. Өйткені менде жеке қызметтік көлік болды. Бір күні мемлекет қайраткері Михаил Иванович Исеналиев келді. Қасында Советқазы Ақатаев ағай бар. Түркі дүниесінің көшбасшыларының бірі болған Алпарслан Түркешке алып бардым, кездесу өте сәтті өтті. Сонда М.Исеналиев маған қарап, енді мені Михаил Иванович деп атама, тек «Мәке» деп атасаң болды деді. Кеткенше Мәке аға деп отырдым. Айтайын дегенім, Мәке аға өзінің ең жақын досы Өзбекәлі Жәнібеков туралы күнде бір жақсы әнгіме айтады. М.Есеналиев белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековпен бірге Орталық Комсомол Комитетінің хатшысы болды. Кейіннен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі, алғашы Сыртқы істер министрі қызметін атқарды. Мәкең бір сөзінде Өзбекәлі Жәнібековтің қайсарлығы, бірбеткейлігі, өте білімді елдің мәдениеті мен өнеріне айрықша үлес қосқан үлкен тұлға әрі ғалым. Кеңес заманында Ресейдегі Челябі, Қорған облыстарында бүкілодақтық жиынға қатысып, елге қайтамын деп тұрғанда қоңақ үйге телефон соғылды. Көтерсем, Өзбекәлі досым Торғай обкомының хатшысы екен. «Мәке, Торғай өңірі – тарихи шежіре аймақ, осында келгелі жер- жерлерден, ауылдардан әртүрлі жәдігерлер, экспонаттарын жинастырып облыстық өлкетану музейін, театр және мәдениет үйлерін ашамын, «Шертер» ансамблін құрдық, өнерін тамашалайсын. Осы іс-шараға қатысып, лентасын кесіп, өзің ашып бересің» деді. «Ойбай, Өзеке Орталық Комитеттен рұқсат алу керек әрі Торғай шалғай жер ғой» деп едім, «Қысқасы, келесің бе, келмейсін бе? Келмесең, сенімен достығымды шорт кесемін» деп телефонды тастай салды. Өзекеңнің мінезін өте жақсы білемін ғой. Дереу телефонды қайта қостырып, келетінімді айттым. Жаңа құрылған Торғайдың мәдени өміріне қан жүріпті. Мәдениет, өнер нысандары ашылды. Музейде ауылдардан жинаған жәдігерлермен таныстырды. Мынау 18 ғасырдың басында жасалған жеті қазынаның бірі итке арналған «итаяқ-астау», өте шебер жасалған оюлап. Аманкелді ауданында бір малшының үйінде үлкен төбеттің алдынан көрдім. Тамақ беріп жатыр екен иесі. Дереу тапсырма беріп тазалап жуып, өз машинаммен Арқалыққа музейге алып келдім дейді қайран Өзекең. Осыдан кейін Торғай өңірінде итаяқ туралы жақсы әнгімелер көбейді. Бұл – Өзекеңнің ұлтжандылығының бір көрінісі. Мен де Мәкен Есеналиев ағадан естіген әңгімемді көпшілікке айтып жүремін.
Елімізде Тіл туралы заңның қабылдануы, Наурыз мерекесінің қайта оралуы, тайқазанның Түркістанға әкелінуі, саяси куғын-сүргін құрбандары болған Алаш арыстарын ақтау комиссиясын басқарған үлкен қайраткер Өзбекәлі Жәнібековтің айрықша еңбегінің нәтижесі.Өзағаның жанында қазақтың қаймақтары, ақылшы данагөйлері болды. Атап айтсақ, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейсов, Қайрат Сапарғалиев, Ахмет Ержанов, Әбдуалі Қайдаров, Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырзәлі, Әбіш Кекілбаев, Шора және Болат Сарыбаевтар, Мырзатай Жолдасбеков, Сағат Әшімбаев, Мұхтар Шаханов тағы басқа ұлт жанашырлары болды. Сол кезде қазақ телевизиясы мен радиосының басшысы, белгілі қаламгер Сағатқан Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз» телевизиялық хабарына қонақтар шақырып, арнайы ертіп әкелу телевизия тілшісі, шолушысы маған жүктелген еді. Бұл – Орталық Комитетте отырған Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей тапсырмасы. Сол С.Әшімбаевтің өтпелі кезендегі «Парыз бен қарыз» хабары қоғамды дүр сілкіндірген еді. Өзбекәлі ағаның есімі ел есінде ұзақ уақыт сақталады. Сөз соныңда қазақтын қайсар ұлдарының бірі, 1938 жылдан 1953 жылға дейін Қазақ ССР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы, 15 жыл Қазақстан үкіметін басқарған, кейіннен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болған Нұртас Дәндібайұлы Ондасыновтың (Д.Қонаев оған 9 жыл орынбасар болған) мына ақиқи ойларын айтқым келеді. «Біріншіден, менің қолым таза, ешкімнен бір нәрсе алып арымды былғағаным жоқ, екіншіден жан дүнием таза. Үштіктің айтақтауына еріп, біреуді жамандап, сыртынан қол қойғаным жоқ. Үшіншіден, жүзім таза, ешкімді алаламадым, руға, жүзге бөлмедім. Тек бір қазақ халқына, оның болашағына адал қызмет еттім» деген ұлағатты да асыл сөздерін мен тура Өзбекәлі Жәнібековке арнар едім. Өйткені Өзбекәлі Жәнібекұлының қолы таза, жүзі ашық, қашанда адамдарға тіке қарайтын, үлкен жүректі адал да парасатты жан. Иә, өмірдің көш керуені тоқтаусыз етіп жатыр. Бар қазақтың Өзбекәлісі 90 жасқа келіп отыр. Қазақ халқы үшін, оның егемендік алуына айрықша үлес қосты. Тарихты ешкім жоққа шығара алмайды. Халқы өте жақсы көрді, аса құрмет тұтты, еңбегін жоғары бағалады. Ендеше мерейлі мерекесін жоғары дәрежеде өткізу барша көзі ашық, көкірегі ояу, мен қазақпын деген азаматтардың борышы деп білеміз. Өзбекәлі Жәнібеков есімі мәңгі жасайды.
Ержан УӘЙІС, Маяқұмда Өзбекәлі Жәнібеков оқыған мектеп түлегі, тележурналист, дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері