Еркебұлан ДАЙЫРОВ, актер: Шыңғыс хан мен Бөрте – құндылығын жоғалтпаған тұлғалар
Еркебұлан ДАЙЫРОВ, актер: Шыңғыс хан мен Бөрте – құндылығын жоғалтпаған тұлғалар
– «Бөрте» спектакліндегі Шыңғыс хан рөліне қалай бекітілдіңіз? Кейіпкеріңізге қалай дайындалдыңыз?
– Бұл спектакльге кастинг арқылы бекітілмедім. Театр әкімшілігі өзара ақылдасқан болуы керек. Түркістан музыкалық театрының директоры Айнұр ханымның өзі ұсыныс айтты. Шыңғыс ханның рөлін сомдау ұсынысын бірден қабылдадым. Шыңғыс хан туралы дерек көп. Қазақ қызы Бөртенің өмірдерегі туралы да біраз мәліметке қанықтық. Жиған-терген деректерден керегін алып, қос кейіпкердің образын шынайы бейнелеуге барымызды салып жатырмыз.
– Бұл қойылымның өзге қойылымнан ерекшелігі неде? Қойылымнан бұрын-соңды өзге режиссерлерден байқамаған жаңашылдықты байқай алдыңыз ба?
– «Бөртені» сахналайтын режиссерлер шетелден шақырылғанын білесіздер. Олардан біздің тарихи тұлғаның өміріне деген қызығушылықты байқадым. Жалпы, шетел азаматтарының қазақ тарихына деген құрметі өте жоғары екен. Біздің мәдениет пен әдебиет мұхиттың арғы жағындағы адамдар үшін өте таңсық екені белгілі. Қанша ғасыр өтсе де, Шыңғыс хан мен Бөрте – құндылығын жоғалтпастан, жыл сайын дәріптелетін тұлғалар. Бұл қойылымның жаңашылдығы көп. Басқа театрлардағы дәстүрлі қойылымдардан бөлек. Декорация жағы заманауи технологиялармен жабдықталған. Бұл – қазақ театр өнерінің шетелдік театрларымен де иық теңестіре алатынының көрінісі. Өзіміз де жаңашылдыққа ұмтылатын халықпыз. Біз білмейтін техникаларды шетелдік режиссерлер үйретіп, таныстырып жатыр.
– Шетелдік режиссерлермен тіл табысу жағы қалай болып жатыр? – Әр актердің ішінде бір режиссер өмір сүреді. Ол сомдайтын кейіпкерін қалай көрсе, солай жасауға тырысады. Тіл табысу жағынан ешқандай қиындық жоқ. Еуропалық режиссерлердің өздерінің мамандықтарына деген құрметі жоғары. Адаммен қарым-қатынасы, актерларға жағдай жасауы ерекше. Осы күнге дейін режиссермен келісе алмай, сөзге келген актер жоқ екен. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла іске кірісіп жатырмыз. Шығармашылық құрам да көрерменге сәтті туынды ұсыну үшін аянбай еңбектеніп жатқанын айта кеткен жөн. Көрерменнің ыстық ықыласын сезінетін күн жақындап келеді. Сондықтан премьерада бәріңізді күтеміз!