Әзербайжан – Қазақстанның стратегиялық серіктесі – Сенат төрағасы

Әзербайжан – Қазақстанның стратегиялық серіктесі – Сенат төрағасы

Әзербайжан – Қазақстанның стратегиялық серіктесі – Сенат төрағасы
ашық дереккөзі
50284

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Әзербайжан Республикасының Милли Меджлисінің төрайымы Сахиба Гафаровамен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың келешегі, нақты айтқанда, екі елде жүргізіліп жатқан реформаларды құқықтық қамтамасыз етудегі заң шығару жұмыстары бойынша тәжірибе алмасу мәселелері сөз болды.
– Әзербайжан – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біздің тарихымыз ортақ, тамырымыз бір. Еліміз бен халқымызды ғасырларға жалғасқан берік достық және ортақ мәдениет пен дәстүр байланыстырады. Екі елдің Парламенттерінде Ынтымақтастық топтары құрылды. Заң шығару жұмысында елдерімізде жүргізіліп жатқан реформаларды құқықтық қамтамасыз ету бағыты бойынша тәжірибе алмасудың маңызы зор. Пандемияға байланысты жағдайдың тұрақталуына қарай салалық комитеттердің консультацияларын және өзекті мәселелер бойынша бірлескен «дөңгелек үстелдерді» жиірек ұйымдастыруға болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат спикері Қазақстан Парламентінің депутаттары әзербайжандық әріптестерімен ТМД ПАА, ЕҚЫҰ ПА және Парламентаралық одақ сияқты халықаралық парламенттік алаңдарда өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беретінін атап өтті. Сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев әріптесін келесі жылы Алматыда өтетін ТМД ПАА Кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысуға шақырды. Сонымен қатар кездесуде экономика, сауда, көлік, энергетика, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және мәдени-гуманитарлық бағыттар бойынша екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды. Іс-шара соңында Сенат төрағасы Қазақстан мен Әзербайжан Парламенттері арасындағы өзара байланыс екі мемлекеттің ынтымақтастығын нығайту аясында кеңейе түсетініне сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары