Әуелі – отбасы

Әуелі – отбасы

Әуелі – отбасы
ашық дереккөзі
50997

Түркістандық Бейсбековтер әулеті сурет салады, тұскиіз тоқиды, киізден киім, жүннен кілем, былғарыдан бұйым жасайды. Бүгінде өнерлі отбасының өз үйінде көркемсурет галереясы да бар. Үйінен галерея ашу себебі – өсіп келе жатқан немере-жиендерінің де қолөнерге қызығуы. Әулеттегі жеті адам Суретшілер одағының, бесеуі Қолөнершілер одағының мүшесі. Ата кәсіпті жалғастырған әулеттің үлкені Болатбек Бейсбеков әңгімесін әріден бастады.

Жеті адам суретшілер, бесеуі қолөнершілер одағының мүшесі

– 1960 жылы Арыс қаласында дүниеге келдім. Әкем – Бектас, құрметті теміржолшы. Қо­лыма қалам ұстатып, жазу-сызуды үйреткен ұстазым десем болады. Арғы атам Бейсбек – он саусағынан өнер тамған шебер. Бесінші бабам Құдайберген би болған, сегізінші атам Төлебай жаугершілік заманда атақты батыр болған. Бабам Бейсбек танымал шеберлердің басын қосып жүргенде өз ұлына Құлмамбет деген атақ­ты шебердің қызын алып берген екен. Сөйтіп, екі өнерлі отбасы құда болыпты. Бұрын осы өнерім бабамнан келе жатыр десем, әжем жағында да бар екен. Сөйтіп, әкемнің қол­дауымен сурет салып кеттім, ата-әжемнің өнері де түрткі болды. Негізі, қолөнер әрбір қазақтың қа­нында бар. Бала күнімнен қолөнерге қызы­ғып өстім. 9-сыныпты бітіргеннен кейін, Ә. Қас­теев атындағы Шымкент көркемсурет учи­лищесіне оқуға түстім. 1980 жылы оқуды аяқтап, Арыс теміржол стансасында суретші-безендіруші болып жұмыс істедім. Сол жылы әйелім Күләш­пен таныстым. Ол да өнерден алыс емес. Темір­жол вокзалында кәдесый сататын дүңгіршегіміз бол­ды. Кеңес кезінде бұйымға шикізат табу қиын еді. Ата кәсіпті жалғастыру – басты пары­зым, – дейді Болатбек Бектасұлы.  width= – Балаларымыздың мамандық таңдауына ықпал еткен жоқпыз. Олар ата-анасының кәсі­бін көріп өсті. Ұлттық құндылықтарды дәріп­тегендіктен, адал табыс та көбейді. Қолдан жа­саған бұйымдарға халықтың ерекше ықы­ласын көрді. Содан болар балаларым қо­лө­нер­ден алысқа ұзамады. Егер анасы екеуіміз бұл кәсіп­те қиналып, шаршап жүрсек, балалар да сезуші еді. Қазір бақытты отбасымыз. Балалар да кәсіпті игеріп, алып кетті. Үнемі балаларыма тіл үйрену, білім алу, өнерлі болу көптік етпейді деп отырамын. Олардың басында жеті түрлі мамандық бар. Келіншегім екеуіміз – кескін­демешіміз. Одан кейін ұлымыз – былғары өңдеу шебері. Былғары өнерімен зергерлік қатар жүреді. Оны да игеріп алды. Келінім мен қызым – тоқымашы. Тоқыма өнерінің де неше түрі бар. Франция елінен бастау алатын гобелен тоқу өнері де қазаққа жат емес. Десек те, ата-бабабан келе жатқан алаша мен кілем тоқу гобеленнен кем түспейді. Тоқыма өнерінің майталманы деп айтсам болады. Ақбота қызым – киім дизайнері. Киізден киімдер тігіп, жыл мезгілдеріне қарай түрлі тапсырыс алады. Қайбір жылы шетелдіктер киізден тігілген аяқкиімдерге қатты қызықты. Шетелге бірнеше рет аяқкиім жібердік. Арайлым қызым да – интерьер-дизайнер. Түрлі ғимарат ішін ұлттық ою-өрнектермен әсемдейді. Салған картина­лары­ның өзінен салт-дәстүр сөйлеп тұрады. «Қыз ұзату», «Алтын арқан», «Жеті киіз» секілді туындылары бар. Біздің отбасы сырт көзге қолөнердің бір түрімен айналысатын отбасы болып көрінуі мүмкін. Біздің әулеттің бағыты бөлек. Бір отбасы мүшелерінің айналысатын кәсібі әртүрлі. Бірақ бір шаруаға үлгермей жатса, бәріміз жұдырықтай жұмылып, жасап тастаймыз. Әйелдер жағы киіз басуға күші жетпей тұрса, білек сыбанып кірісіп кетеміз. Біздің басымдық беретін дүниеміз – қазақтың киіз басу технологиясы мен кілем тоқу өнерін жаңа бағытта жүргізу. Көрме- ұйымдастыру 40 жыл­дан бері ойда жүрген дүние болатын. Осы күнге дейін «Асылмұра», «Шаңырақ», «Туған жерге тағзым» атты көрмелер өткіздік. Жұмыс­тарымыз шетелдік көрмелерге қойылды. Германия, Түркіменстан, Түркияның Анкара мен Конья қалаларында Кувейт, Въетнам, Индия, Малайзия, Ресейдің Казань қаласында өткен халықаралық симпозиумдарына туын­дыларымыз қойылды. Қытайда өткен дүние­жүзілік қолөнердің 50 жылдық мерейтойына арнайы шақырылып, әлем өнерпаздары мен көрермендері тарапынан жоғары бағаға ие болдық. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлт­тық музейде «Fасырлар үні» көрмесін ұйым­дастырдық. Былтыр Қарулы Күштер әскери-тарихи музейінде «Бабалар ізімен» атты отба­сы­лық жеке шығармашылық көрмеміз өтті. Қазір пандемия басталғалы біраз жоспар кейін­ге шегеріліп тұр. Тараз қаласы мен Түр­кістан облысында өткізу жоспарда бар. Жалпы, елімізде қолөнердің дамуы бәсеңдеп барады. Көршілес өзбек елінде Тәуелсіздік алғаннан кейін, қолөнершілеріне жағдай жасады. Регис­тан аумағындағы дүңгіршектерді қолө­нер­ші­лер­ге тегін беріп, олар ұлттық дүниелерді жарық­қа шығарды. Қазір 20 қаласында қолө­нер орталықтары бар. Бізде олай емес. Орта­лық­тар да ешбір қалада жоқ. Қолөнерді наси­хаттау арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге болады. Адамдарды жұмыспен қамту­ға болады. Әр адам нәпақасын табар еді. Елі­мізге жиі келетін туристер қатты қызығады. Үндістан, Въетнам елдерінде қолөнершілердің жағдайын жасап қойған. Себебі олар – ежелгі рухани-мәдениеттің ізбасарлары, – деп әңгі­месін аяқтады шебер.

Қырық жылға созылған кеншілік ғұмыр

Ақтөбе жұртшылығына «Кеншілер әулеті» атанған Оспановтар отбасы жақ­сы таныс. Олардың кеншілік қызметтегі ортақ еңбек өтілі жарты ғасырға жуық. Жер астында жанқиярлық еңбек етіп, тер төгіп жүрген отбасы мүшелерінің жұмысы ер­лікпен пара-пар. Қатермен бетпе-бет келіп, қанша қауіптен аман қалса да, ұрпаққа жалғасқан қызмет. Әулеттің ардагер кеншісі Базарбай Оспановтың айтуынша, өзінен тараған үш ұл да кен саласында жұмыс істейтін көрінеді. Жалпы әулеттегі кенші саны – 8 адам.

 width= – Біздің әулеттің өсіп-өнген жері – Хромтау қаласына қарасты Дөң ауылы. Алайда әкем кен саласынан алыс, қарапайым көлік жүргізуші болған. Анам – үй шаруасында. Отбасында үш ұл, бір қыз болдық. 13 жасымда әкем қайтыс болды. Үлкен ағам шахтер мамандығын игерді. Оның отбасындағы екі ұлы да кен саласында жүр. Өзімнің отбасымнан төрт кенші шықты. Марқұм інімнің отбасында екі кенші бар. Мен 1986 жылы әскерден келгеннен кейін, «Қазх­ром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту ком­бинатының «Молодежная» шахтасына жұ­мысқа тұрдым. 35 жылдан бері табан аудар­май шахтада жұмыс істеп келемін. Біздің зама­ны­мызда шахтер мамандығы керемет еді. Шах­тада жұмыс істеу абырой саналатын. Кен­шілер күні кәсіби мереке ретінде аталып өтетін. Қазір ондай қарқын жоқ. Алғашында кен­ші­лерді жер астына клетпен түсіретін оқпаншы қызметіне орналастым. Кейін кен мөлшерлеуші, теміржолшы секілді бірнеше жұмысты істедім. Бір ауысымда сегіз вагонның әрқайсысына 14 тонна кен өнімін тиеу оңай емес. Шахтаның бар­лық горизонтын, терең шыңырауға дейін жүріп өткен әр жолының қиылысына дейін жат­тап алдық. Қалған бауырларым «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» шахтасында жұ­мыс істейді. Ұлдарымның бәрі жоғары оқу орын­дарын аяқтады. Тұңғыш ұлым Арыстан оқ­паншы болып бастады. Қазір басшылық қызметке орналасты. Жауапкершілігі көп жұ­мысқа басшы болып жүр. Інісі Саламат та ағасы мен әкесінің жолын қуып осы кәсіпті жал­ғас­тырды. Кенжем Азамат комбинаттың шахта-құрылыс цехына орналасты. Өзге қаладан жоғарғы оқу орнын тәмамдап келіп, туған өлке­ге оралып, қызмет етіп жатқан ұлдарыма ризамын. «Кенші даңқы» атағын абыроймен алып жүрмін деп ойлаймын. Жарым Ұлбол­сынмен 38 жыл отасып, ұлдарын аяқтандырып, келін-немерелерінің қызығын көріп отырмын. Немерелерімнен тау-кен ісіне араласатыны байқалмайды, – дейді ардагер кенші. Осы кезде әкесінің сөзін жалғап, ұлы Арыстан әңгімеге араласты. – Көзімізді ашқалы әкемнің шахтада жұ­мыс істегенін көріп өстік. Мектепте оқып жүр­генде-ақ шахтер боламын дедім. Анам жұ­мыс­тың қиын әрі қауіпті екенін айтып, басқа салаға баруыма көндірмекші болды. Алайда ме­нен өзге екі бауырым да кенші мамандығын игерді. Қазір айналаға танымал үлгілі отбасылар қа­тарындамыз. Бір қызым бар. Оның болашақта қан­дай кәсіпті игеретіні белгісіз. Менің түсін­генім, жүрегің қалайтын саланы меңгергенде ғана жұмысың өрге басады. Қазір заман ағы­мына қарай тау-кен ісі көнерген мамандықтар қа­тарына жатады. Себебі барлық жүйе автомат­тандырылды. Жаңа механизмдер дайындалды. Сондықтан қазір маман емес, жаңа үлгідегі механика керек, – дейді кеншінің үлкен ұлы. Айта кетейік, Базарбай Оспанов әулетінің та­ғы бір өнері – волейбол ойнау шебері. Ком­бинаттың командасы атынан талай додаларда жеңіске жетіп, республикалық, облыстық турнирлерден жүлдемен оралып жүрген мықты ойын­шы әулет. Кәсібі мен нәсібін қос қанат еткен Оспановтар әулетінің өмірі көпке үлгі.

                Омарташылықты отбасымызбен шетелде оқыдық

 width=

Алматы өңірінің тумасы Ғабит Нұрәділдің отбасы омарта шаруашылығымен айналысады. Нағашыларынан қалған қырық жылдық кәсіпті отағасы Ғабит Нұрәділұлы жалғап отыр. Ол «Бал-Ара» Қазақстан Омарташылар Ұлттық одағы мен Еуропалық омарташылар одағы, Апиславия қоғамдық ұйымдары федерациясының вице-президенті. Отбасы мүшелері де омарташылықпен айналысады. Жұбайы омарташылықты оқытатын шетелдік білім беру ұйымдарымен жұмыс істейді. Қызы әкесінің кәсібін дөңгелетсе, ұлы шетелде қаржы саласын меңгеріп жүр. Ой мен қырға ара салып, бал жинаған отбасылық кәсіптің құпиясы мен отбасы құндылықтарын айтып берді.

– Мектепте оқып жүргенде сабақ­тан тыс демалыста Еңбекшіқазақ ауы­лын­да тұратын анамның бауыры Болат ағаның үйіне баратынбыз. Ол кісі омар­ташы болатын. Неше түрлі ара­ларды бағатын. Олардан түрлі өнім алу процесін бала болсақ та, қы­зықтап жүр­дік. Омарташылықпен айналыса­мын деп ойламадым. Кейін мем­лекеттік қызметте болдық. Жо­ғары оқу оры­нында инженер-метал­лург, қаржыгер мамандығын оқыдым. 5 жыл көлемінде мамандық бойынша қызмет атқардым. 2010 жылы еліміз­дің тұңғыш вице премьер-министрі Сергей Терещенко шақырып алып, кенжелеп қалған ауыл шаруашылы­ғы­ның бір саласы омар­ташылықты да­мыту туралы ұсыныс айтты. Елі­міз­дегі омарта шаруа­шы­лығын дамыту үшін дүниежүзінің 35 мемлекетін ара­ладық. Омартаның отаны – Қытай елі, одан кейін Түркия, Аргентина, Украина елдеріне барып, бі­раз күн зерттедік. Елге келгеннен кейін омарташылардың басын бірік­тіретін одақ құру керек деп шештік. Нәти­же­сінде «Бал-Ара» қазақстандық омарта­шылар одағы құрылды. Одақтың съезін өткіздік, бастапқы бағдарла­малары қабылданды. Сөйтіп 42 жа­сымда омарташылықпен кәсіби түрде айналыса бастадым. Жастайымнан нағашымның ара өнімдерінен көп­теген дәрі-дәрмек жасап, бал шай­қаға­нын көргесін аса қиынға соқпады. Соның әсерінен ісіміз алға жылжыды. Жүз жыл­дық тарихы бар Апиславия еуро­палық омарташылар одағын бірік­тіретін одаққа кірдік. Одағымыз­ды қар­жыландыру мәселесін Сергей Терещенко шешіп берген еді. Маман даярлау мақсатында 10-15 адамнан топ­­тастырып, ауыл шаруашылығы фа­культеттері жанынан кафедра ашып, оқыта бастадық. Шығыс Қазақ­стан өңірінде екі мың тонналық бал­ды рет­тейтін зауыт ашылды. Қа­зақстанда 14 мыңға жуық омарташы бар. Атырау жә­не Маңғыстау облыс­тарында омар­та­шылық мүлде жоқ десек болады. Тоқырау жылдарындағы ұжымшардың ыдырауы кесірінен үзіліп қалды. Соның әсерінен елімізде кенжелеп дамып жа­тыр. Өзге ұлттар көп айналысты. «Бал ұстаған бар­ма­ғын жалайды» деген сөзді немістерге қаратып айтуға болады. Тари­хи Ота­нына кеткеннен кейін, еш­кім неміс­тердей дамытпады, – деп өт­кенді есіне алады омарташы. – Омарта шаруашылығы отбасы­лық кәсіпке қалай айналды десек, жұ­байым республикалық Омарта­шылар одағы жанынан ашылған оқу орталы­ғында жұмыс істейді. Отба­сы­мызбен омарта шаруашылығын да­мыту үшін шет­елден оқып келдік. Өзімізден кейін, 200-ге жуық талапкер білім алды. Қазіргі таңда 50 талапкер оқып жатыр. Польшаның Пшчеля Воля қаласында дүниежүзілік омарта­шыларды оқыта­тын оқу орны бар. Сонымен қатар Сло­ва­кия қаласында да қазақстандық­тар білім алып жа­тыр. Машав бағдарла­масы бойынша жылда Израилде білім алуға мүмкіндік бар. Ресейде омарта­шылар академиясы бар. Сол жерде алғашқылардың бірі болып өзім де оқы­дым. Сонда жыл сайын қазақстан­дық омарташыларды оқуға жібереміз. Бұл академияда оқу­дың тиімділігі қа­шықтан оқуға бо­лады. Ресейлік ғалым­дар Қазақ­станға келіп сабақ береді. Тек диплом қорға­ғанда ғана Ресейге барады. Ол жақта оқуға жас шектеуі жоқ, ал Израилде оқу үшін омар­та­шының жасы 50-ден аспау қажет. Осыдан екі-үш жыл бұрын Алматы қаласындағы кәсіп­орын­дардың бірінде энергетик қыз­метін атқаратын кісі жұмысынан демалыс алып, менен аралар отбасын сұрап Кеген, Нарынқол жаққа алып кет­ті. Бұл салаға балаларым да қызы­ғады. Үлкен қызым өзіміз өн­дірген омар­та өнімдерін сатумен айналыса­ды. Екі жыл Ресейде омарта шаруашы­лы­ғын оқып келді. Сауықтыру орта­лық­тарына қажет бал өнімдерін дайын­дайды. Балдың адам ағзасына ти­гізетін орасан зор пайдасы бары бел­гілі. Ұлым мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Словакияда қаржы-экономика мамандығын оқып жатыр. Мектеп бітір­генге дейін менің оң қолым болды. Ол да омарта кәсібін бір кісідей мең­герді. Екі балам да бал өндіру ісіне қызықты. Мен де қарсы болмадым. Бір күні балмен уқалау массажын да үйре­ніп келіп, сертификатын көрсеткенде таңғалдым. Адамның денсаулығына пайдалы дүниемен айналысқанына іштей қуандым. Біздің отбасымыздың қағидасы – үздіксіз даму. Өзімнің бауыр­ларымның дені ғылым саласын­да жүр. Білім алу үшін ақша аяған емес­піз. Қазір отбасы мүшелерінің ар­қа­сын­да көшілгері дамып жатыр­мыз. Аралар ұяшығының санын 60-қа жеткіздік. Маусым-шілде айында 100-150 мыңға дейін аралар жанұясы кө­бейді. Мұн­дай тірліктің мәнісі – Қазақ­стан омар­­ташы­лары­ның білік­тілігін арт­тыру, әртүрлі субсидиялар ие­­ленуге мүмкіндік беру, – дейді омар­ташылар отба­сы­ның отағасы.

Серіктес жаңалықтары