50236
Мемлекет басшысы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады
Мемлекет басшысы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Сенатының VII сессиясы барысында атқарылатын жұмыс жоспары туралы баяндады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Сенатының VII сессиясы барысында атқарылатын жұмыс жоспары туралы баяндалды. Сондай-ақ Президенттің Жолдауы мен берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған бірқатар заң топтамасының әзірленіп жатқаны жөнінде мәлімет берілді. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы алдағы сессияда сенаторлардың Үкіметпен және Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаның сақталуына қатысты заңнама бойынша жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар «Әлеуметтік кодекс», «Өнеркәсіп саясаты туралы», «Кәсіби біліктілік туралы», «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» және басқа да заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу міндеті тұр.Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, сенаторлардың бастамасымен Президент тапсырмаларын іске асыруға бағытталған бірқатар заң жобасы әзірленген. Атап айтқанда, «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы жоспарлануда, сонымен қатар ғылыми кадрлардың жағдайын жақсарту және олардың әлеуметтік қорғалу кепілдіктері туралы заңнамасына, Салық кодексіне өзгертулер енгізу көзделуде. Сондай-ақ жайылымдық жерлерді басқаруды және пайдалануды реттейтін бірқатар түзетулер әзірленіп жатыр.Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында қабылданатын заң жобаларын талқылау және пысықтау жұмыстарына азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшыларды кеңінен жұмылдыру қажеттігін айтты. Кездесу соңында Президент парламенттік дипломатияның әлеуетін одан әрі арттыруға қатысты бірқатар міндет жүктеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындықты бастау туралы тапсырма берді.