2988
Орташа айлық жалақы − 251 508 теңгені кімдер алады?
Орташа айлық жалақы − 251 508 теңгені кімдер алады?
Жыл басында тіркелген орташа айлық атаулы жалақы − 230 829 теңге. Ресми мәліметтен екінші тоқсанда халықтың табысы артқанын көріп отырмыз. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сүйенсек, сала бойынша ең көп айлықты қаржы және сақтандыру қызметіндегілер алады екен. Яғни, 472,5 мың теңге. Бұл республикалық деңгейден 1,9 есе жоғары. Келесі кезекте тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласындағылар – 461,8 мың теңге, кәсіби және техникалық қызметтегілер – 356,7 мың теңге, ақпарат және байланыс саласындағылар 338,6 мың теңге алады.
Ең төменгі атаулы жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығының қызметкерлеріне тиесілі – 145,6 мың теңге. Сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, тазарту саласында жүргендердің де айлығы төмен. Соңғы мәлімет бойынша әлеуметтік салаға жататын мамандардың табысына келер болсақ, мұғалімдердің орташа айлық жалақысы – 233 896 теңге, дәрігерлер – 230 312 теңге, мәдениет саласындағы мамандар 156 658 айлық алады екен. Статистикалық мәліметтен көргеніміздей, халықтың табысы республиканың әр өңірінде әрқалай. Ең жоғарғы орташа айлық жалақы Атырау облысында тіркелген – 398,5 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,6 есе жоғары. Жалақысы жоғары аймақтардың қатарында Маңғыстау – 353 447 теңге, Нұр-Сұлтан қаласы – 344 496 теңге, Алматы қаласы – 295 958 теңге еніп отыр. Осы ретте, төменгі айлық көрсеткіш тіркелген өңірлер де белгілі. Көш басында Солтүстік Қазақстан облысы тұр. Бұл өңірде халықтың табысы − 189,8 мың теңге, бұл көрсеткіш республика бойынша орташа деңгейден 24,5 пайызға төмен. Соңғы уақытта Қазақстандағы орташа айлық жалақы 200-250 мың теңгенің шамасында белгіленді. Халықтың көбі «мұндай айлықты ешқашан алып көрген жоқпыз» деген пікір білдіреді. Осы ретте «Орташа айлық жалақы қалай есептеледі?» деген сұрақтың тууы заңдылық. Ресми ақпарат бойынша орташа айлық жалақы былай есептеледі: еліміздегі қызметкерлердің айлығын (жоғары алатыны бар, төмен алатыны бар) қосады да сол жалақы қорын айлық алатын адамдар санына бөледі. Бұл есептеу жүйесінің әділ емес екені қоғамда жиі айтылып жүр. Ескеретіні, жалақы алатындардың 7-8 пайызы тым жоғары айлық алады екен. Мысалы, «Самұрық-Қазынаның» қаржы, сақтандыру қорларында жұмыс істейтіндердің айлығы млн теңгеден жоғары. Атырау, Маңғыстау облыстарындағы мұнайшыларды да жоғарғы жалақы алатындардың тізіміне қосып отырмыз. Жалпы есепте жоғарғы айлығы бар 1 млн қызметкердің қаражатын орташа айлық алатын 5 млн қызметкердікімен қосқанда ортақ орташа есеп шығып отыр. Бұл есептеу жүйесі шын мәнінде төмен жалақы алатындардың көрсеткішін арттырып отыр.Қай әдіс дұрыс?
Халықтың басым бөлігі шын мәнінде нақты қанша айлық алатынын анықтауға болады. Бұл әдіс ресми орташа айлық жалақы деп жарияланбаса да, халықтың нақты табысын анықтау үшін жүргізіледі. Халықтың табысын есептеудің жалпы үш тәсілі бар: орташа, модальды және медианалық жалақы. Осы үш тәсілдің қайсы халықтың табысын нақты анықтайтынын және шындыққа жанасымды екенін түсіну үшін әрқайсына тоқтала кетсек. Модальды жалақыға халықтың басым бөлігі алатын табыс мөлшері жатады. 2020 жылы модальды жалақы 169 792 теңгеге жетті. Ресми мәліметтерге сәйкес, халықтың көп бөлігі осындай жалақы алады. 2019 жылы модальды жалақы тек 58 мың теңге болды. 2018 жылы халықтың басым бөлігі 80 021 теңге айлық алып келген. Медианалық жалақыны есептеу тәсілі бойынша Қазақстанда 2020 жылы орташа жалақы мөлшері 142,3 мың теңге деп бекітілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 26,8 пайызға артық көрсеткіш. Алайда, ресми статистика деректеріне сәйкес, ірі және орта кәсіпорын қызметкерлерінің 50 пайызы 142,3 мың теңгеден аз жалақы алады екен. Жоғарыда ресми мәлімет бойынша елдегі орташа айлық жалақы 251 508 теңге екенін айттық. Халықтың табысын есептеудің бұл тәсілі дамыған елдерде кеңінен қолданылады. Бірақ, әлеуметтік теңсіздік белең алған мемлекет үшін бұл қаншалықты дұрыс таңдау? Экономиканың қарапайым заңдылығында бай мен кедей арасындағы алшақтық неғұрлым көп болса, жалақысы төмен адамдардың үлесі соғұрлым артық болатынын білеміз. Тағы да Статистика комитетінің дерегіне назар аударсақ. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың 63,5 пайызы өз өміріне риза екен. Ауылды жерде тұратындардың 72,6 пайызы, қалалықтардың 58,4 пайызының арыз-шағымы жоқ, проблема атаулыдан ада екенін айтқан. Материалдық жағдай бойынша респонденттердің 63,3 пайызы қаржылық жағдайларының орташа екенін, 0,7 пайызы жоғары екенін, тек 0,3 пайызы төмен екенін көрсеткен. Осы ретте, халықаралық Лоуренс сызығы деген түсінік бойынша мемлекеттегі 5-10 пайыз дәулетті адамдар байлықтың 95 пайызына ие болады да, қалған байлықтың 5 пайызы халыққа тиесілі екені анықталған. Халықтың табысын көтеру қай уақытта да өзекті мәселе болып қала бермек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі орташа айлық мөлшері мен төменгі жалақы мөлшеріне өзгеріс енгізілетінін хабарлағаны есімізде. Бұл өзгеріс 2023 жылға жоспарланып отыр. Яғни, ең төменгі жалақы орташа жалақының кемінде 30 пайызына тең болуы тиіс. 2023 жылы орташа жалақы 224 мың теңге болса, онда ең төменгі жалақы 70 мың теңгеден артық болуы қажет.ОРТАША АЙЛЫҚ ЖАЛАҚЫНЫ ЕСЕПТЕУ ЖҮЙЕСІ ДҰРЫС ЕМЕС
Оразалы СӘБДЕН, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик, э.ғ.д., профессор:− Бізде халықтың орташа айлық жалақысы дұрыс есептелмейді. Депутат болып тұрған кезімде статистикалық орган Үкіметтің жанында болмауы керек деген мәселені көтерген едім. Өйткені, Үкімет бекітіп берген ақпаратты айтумен шектеліп қалады. Сол үшін бұл орган не Президентке тікелей бағынатын я болмаса Парламенттің жанында құрылуы керек еді. Екінші мәселе, елдегі орташа айлық жалақыны байды да, кедейді де бірге қосып есептейді. Дәулеттілердің айлығы бірнеше млн теңге болатын болса, кедей санаттағылар орташа айлықтың жартысын да көрмейді. Осы екі топты қосады да, орташа айлық жалақы 200-250 мың теңге деген мәлімдеме жасайды. Баға шарықтап тұрған қазіргі заманда айлық мәселесі туралы саясатты өзгерту керек деп ойлаймын. Әсіресе, бюджет саласындағы мұғалім мен дәрігер және мәдениет қызметкерлерінің табысын «көзге көрінетіндей» етіп көтеру керек. Салыстыру үшін айта кетейін, АҚШ-та ең көп айлық алатын ауыл дәрігерлері екен. Олардың табысы 150-160 мың доллар. Бұл адвокаттардың табысымен бірдей. Біздің дәрігерлердің айлығымен салыстырғанда айырмашылық 10 есе артық. Біздің білікті дәрігерлердің деңгейі АҚШ-та жоғары айлық алып отырған дәрігерлерден еш кем емес. Бірақ айлық айырмашылығын көріп отырмыз. Кеңес үкіметі кезінде де бюджеттегі қалған қаражатты әлеуметтік сала қызметкерлеріне үлестіріп беретін. Сол психологиядан әлі арыла алмай келеміз. Мысалы, жылда мұғалімдердің айлығы көбейді деген ақпарат тарайды. Көбеюі көбейгенімен оның өзі тауыққа тары сепкенмен бірдей. Ұстаздарды алдаусыратып, көңілін көтеріп қою ғана. Жалақыны көтеру жүйесі былай есептелуі керек еді: мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен стандарт бойынша мемлекеттің денсаулық сақтау саласына бөлген қаражаты халықтың ЖІӨ-нің 6 пайызынан кем болмауы тиіс. Ал бізде бұл көрсеткіш 3 пайыздың шамасында. Сонда мемлекет денсаулық сақтау саласына бөлетін қаражатты екі есе кем бөліп отыр деген сөз. Білім саласында ЖІӨ-ге шаққандағы бөлінген қаражат 3,3-3,4 пайыз. Негізі 7 пайыз болуы керек еді. Ғылым саласының жағдайы тіптен мүшкіл. Бұл салаға ЖІӨ-ге шаққандағы бөлінетін қаражат 0,13 пайыз ғана. Бұл көрсеткіш Еуропа елдерінде 3-4 пайыз. Айырмашылық жер мен көктей. Осыдан кейін ғылым мен мәдениет саласы неге дамымай отыр деген сұрақ қоюдың өзі қисынсыз. Халықтың алар еңбекақысы оның өмір сүру сапасы ғой. Жалақы көтеруге келгенде көзбояушылық жасау, қиянат жасағанмен бірдей.
ОРТАША АЙЛЫҚ ЖАЛАҚЫНЫ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ НЕГІЗІНДЕ АНЫҚТАЙМЫЗ
Наталья ЕВГЕНЬЕВНА, Ұлттық статистика бюросы, Халықтың тұрмыс деңгейі статистикасы басқармасының директоры:− Біздегі халықтың орташа айлық жалақысы әлем елдеріндегі ортақ жүйеге сай есептеледі. Яғни, әр жұмыс мекемесінде жалақы қоры бар. Сонда барлық жұмысшылардың алатын айлығы қосылып, ортақ сома жұмысшылар санына бөлінеді. Яғни, бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысын анықтау үшін мекемедегі барлық жалақы алатындардың ақшасын қосып қызметкерлер санына және есепті кезеңдегі айға бөледі. Осы ретте, нақты жалақы индексі тауар мен көрсетілетін қызмет бағасының индексіне бөлу арқылы анықталады. Біз екі бағыт бойынша жұмыс істейміз. Біріншісі, әр тоқсан сайын халықтың орташа айлық жалақысын анықтаймыз. Онда жоғары айлық алатын басшы мен ең төменгі айлық алатын еден жуушының табысын қосамыз да орташа айлық жалақыны шығарамыз. Ал табыс көлеміне байланысты жеке зерттеу жүргізіле ме деген сауал туындайтын болса, иә, ондай зерттеу жасалады. Мысалы, бір мекемеде басшының алатын табысымен оның көлік жүргізушісінің табысы екі бөлек. Осыны ескере отырып, жылына бір рет нақты жалақы мөлшерін анықтау үшін мекемелер тиісті ақпарат өткізеді. Сол арқылы басшылық қанша айлық алатынын, қарапайым қызметкердің табысын анықтаймыз. Оның ішінде мамандық және қызмет бабы бойынша жеке зерттеу жүргізіледі. Биылғы мәліметтің қорытындысы қыркүйек айының соңында шығарылады. Қазақстандағы орташа айлық жалақының көлемі қызмет бабы, қандай мекемеде жұмыс істейтініне байланысты. Тіпті әр облыста әрқалай бекітілген. Жасыратыны жоқ, мектепте жұмыс істейтін есепші мен Ұлттық компаниядағы есепшінің айлығында айтарлықтай айырмашылық бар.
ҚАЗІР ҮКІМЕТ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАЛАҚЫСЫН КӨТЕРУІ ЕКІТАЛАЙ
Батжан АКМОЛДИНА, тәуелсіз сарапшы:− Зейнетақы қорына тұрақта түрде жарна аударып отырғандар саны − 5 млн адам. Елімізде бас-аяғы 9 млн адам жұмыспен қамтылған десек, соның жартысы ғана міндетті зейнетақы төлемін төлейді. Орташа айлық жалақы – 200 мың теңгенің үстінде. Бірақ қарасы қалың халық бұл қаражатты алмайды деген пікір бар. Әлемнің дамыған елдері халықтың нақты алап отырған табысын есептеу үшін медианалық еңбекақыны есептеу тәсілді қолданады. Бізде де қазір ресми мәліметпен қатар, медианалық еңбекақы есептелініп жүр. Оның көлемі орташа айлық жалақыдан төмен екенін көреміз. Меніңше, бұл дұрыс тәсіл. Халықтың жалақысын көтеру мәселесі қай кезеңде де өзекті. Көрші Ресеймен салыстырсақ, ең төменгі жалақы мөлшері екі есе төмен. Бұл жағдайды ескеріп, Үкімет елдегі ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеге көтергенін білеміз. Содан бері үш жыл ішінде индексация жасалған жоқ. Үш жыл тұрмақ, бір жыл ішінде тауар мен тұтыну бағасы айтарлықтай өсті. Қазір экономикалық жағдайды ескеріп, ең төменгі жалақыны арттыру мәселесін қайта көтеру керек. Екіншіден, әлеуметтік сала мамандарына базалық лауазымдық жалақы 2015 жылы 17 697 теңге болып бекітілген. Содан бері бұл көрсеткіш өзгерген жоқ. Оны арттыру керек десек, Үкімет бюджеттік саладағы шығындар артады дегенді алға тартады. Кезінде мұнай бағасы ел экономикасы үшін тиімді болған кезде бюджет саласының табысын көтеріп алмаған соң, қазіргі қиын кезеңде бұл бастаманы іске асыру екіталай.