Әкімшілік әмірге емес, әділетке жүгінетін кодекс
Әкімшілік әмірге емес, әділетке жүгінетін кодекс
Елімізде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша сот ісін жүргізудің үш түрі болатын. Биыл 1 шілдеден бастап, билік органдарымен дауда ең әлсіз тарапты қорғауға бағытталған әкімшілік әділет құрылымы іске қосылып, әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енді. Бұл кодекс еліміздегі сот жүйесіне тың серпін бермек. Себебі жария-құқықтық даулар жыл сайын артпаса, кеміген жоқ. Десек те, даулардың дені әкімшілік органдардың пайдасына шешілетіні шындық. Бұл – заңды құбылыс.
Өйткені бұған дейін осы дауларды реттейтін Азаматтық процестік кодексте сот екі тарапқа тең қарайтын. Кімнің дәлелі анық әрі көп болса, сот соның сөзін сөйлеп, шешім шығаратын. Ал жаңа кодекс азаматтар мен заңды тұлғалардың өзіне қатысты әкімшілік құзыретке ие органдарға, билікке қарсы талаптарын қарауды реттейді. Сот мейлінше әлсіз топтың жағында болып, белсенділік танытады. Көптің көңілінде «Жаңа кодекстен не күтеміз?», «Жаңа заңның жаңалығы қандай?» деген сұрақтың болатыны анық. Осы сауалдар төңірегінде ой қозғап, арнайы мамандармен әңгімелестік. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет», – дей келе, әкімшілік әділет құрылымын енгізу мәселесін көтерген болатын. Көп ұзамай кодекс жобасы әзірленіп, күшіне енді. Әкімшілік әділет «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асқан. Қоғамдық қатынасты реттейтін заңдар ескіріп, орнына жаңадан заңдар қабылданып, кейбір заңдарға, нормативтік құқықтық актілерге, кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатса да, бұл кодекстің бағыты мен бағдары бөлек. Таразының бір жағында мемлекеттік орган болса, екіншісінде – жеке және заңды тұлғалар. Жоғарғы Соттың ресми мәліметінше, азаматтардың құқықтарын неғұрлым тиімді қорғау мақсатында республикада 21 жаңа әкімшілік соты құрылған. Олардың 17-сі – облыс орталықтарында және 4-еуі – Қаскелең, Семей, Жезқазған, Екібастұз қалаларында жұмыс істейді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте билік пен халық арасындағы дауды қараудың негізгі қағидаттары бар. Кодекс екі бөліктен тұрады: бірі – рәсімдік, екіншісі – сот ісін жүргізу. Рәсімдік бөлік мемлекеттік органдардың рәсімдерін, соның ішінде мемлекеттік органның өкілеттіктері мен әкімшілік актінің қабылдануы мен шағымдалу тәртібін айқындаса, сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәртібі, сот шешімі, сот бақылауы секілді іс жүргізу тәртібі бекітілген. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің Азаматтық процестік кодекстен (АПК) айырмашылығы көп. Соның бірі – сот белсенділігін арттыру. Осы кодекстің 16-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенділігіне қарай жүзеге асады. Жалпы, кодекс – ол тек қана іс соттың әрекеті емес, онымен қоса мемлекеттік органның жеке немесе заңды тұлғадан өтініш түскен уақыттан бастап түпкілікті мемлекеттік органның өтініші бойынша шешім шығарғанға дейінгі әрекетін реттейтін процесс. Жаңа кодекс шыққалы халықтың пікірі екіге бөлінді. Бірі – «баяғы жартас – бір жартас» деп алаңдаса, енді бірі сотты «сатып» алатындар көбейеді дейді. Десек те, сала мамандары түсіндіру жұмыстарын әлі күнге дейін жүргізіп жатыр. Тағы бір айтатын мәселе – халықтың сауатын көтеріп, өзге әкімшілік кодекстерден айырмашылығын анықтап, аражігін ажыратып алу. Оны мамандар былай түсіндіреді: САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ? Айдос САДУАҚАСОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми өкілі:СУДЬЯНЫҢ БІЛІМІН СЫНАЙТЫН ЗАҢ
– Дүниежүзі елдерінде әкімшілік әділет жүйесінің енгізілгеніне біраз уақыт болды. Негізгі бастауы – Еуропа елдері. «Жаңа заң не үшін қажет болды?» деген сұрақтың туатыны белгілі. Елімізде мемлекеттік органдар мен жеке адамдар арасында мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты әртүрлі дау көп. 30 жыл бойы олардың жұмыс процесі кезіндегі әрекетіне қатысты даулар Азаматтық процестік кодекстің талаптарына сай қаралатын. Қарапайым оқырманға түсінікті болу үшін мысалмен түсіндірген дұрыс. Айталық, ауданда тұратын әже зейнетақысы бойынша министрлікпен соттасты. Еңбек өтілі дұрыс есептелмегендіктен, зейнетақысы дұрыс тағайындалмады. Осы кезде жәбірленуші тарап жеңіліп қалатын. Өйткені мемлекеттік органның артында тұтас команда тұратыны белгілі. Заңгер мен сарапшысынан бастап, бүкіл аппаратының араласуымен жеңіске жететін. Жеке адамның ақшасы болса, құқық қорғаушы ғана жалдауы мүмкін. Сондықтан жәбірленуші тараптан көп мәселенің түйін болып қалуы – заңдылық. Жеке адам да мемлекеттік органдағы лауазымды тұлға секілді өзінің талап-арызын, дәлелдемелерін барлық жағынан тиісті нормаларды білуі керек дейміз. Алайда өзінің құқығын білмейтіндер көп. Зейнетақысын даулап жүрген әже түгілі, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер мен ірі компанияларда басшылықта отырған инвесторлар да құқығын біле бермейді. Соның салдарынан жеке тұлғалар жеңіліс тауып жатады.Қолымыздағы статистика бойынша, жария-құқықтық даулар мәселесінің 80 пайызы мемлекеттік органның пайдасына шешілген. Осыдан-ақ халық арасында «Мемлекеттік органдар ойына келгенін істейді. Жеке адамның мүддесін көздемейді» деген түсінік тамырланып кеткен. Шынтуайтына келгенде, сот орындаушылары да заңға тәуелді. Заң бойынша қай тарап мықты, өзінің уәжін дәйекті түрде жеткізеді сол тарапқа басымдық беруі керек. Азаматтық процестік кодексте судья процесте белсенді болмайтын. Себебі активті болуы мен бейтараптылыққа заң тыйым салады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жеке адам, әлсіз тарапты, кәсіпкерлерді неғұрлым қорғау мақсатында осы заң қабылданған еді. Күшіне ену үшін де бір жыл уақыт кетті. Себебі тиісті соттар құрылды. Судьялар құрамы іріктелді. Жаңадан тағайындау науқаны жүрді. Осы заңнама бойынша судьялар оқытылып, біліктілігін арттырды. Өйткені мемлекеттік орган мен жеке тұлғаның дауын қарайтын судьяның да қарым-қабілетінің болуы өте маңызды. Ойлау жүйесі мен сыни ойлау жүйесін дамыту керек. Бұрын қалыптасқан тактика бойынша мемлекеттік органның пайдасын көздесе, енді жеке тұлғаның мүддесін қорғау терең білімді талап етеді. Соған орай Қазақстан Жоғарғы Сотының жанындағы Білім беру академиясы базасында бір жыл оқыттық. Жүзден жүйрік шыққан судьяларды іріктедік. Жаңа заңның басты принциптерінің бірі судьяның белсенділігін арттыру болатын. Бұл принципке сәйкес судья барынша бейтарап тұрғыда жеке адамның мүддесін қорғауы керек. Бұрын дауға қатысты барлық талап-арыз жазып, заңдарға сілтеме беріп, заңгерлік деңгейде арыз-шағым жаза алатын кәсіби тұрғыда дайындалған ғана өтінішті қарайтын. Қазір заңға сәйкес ондай құжаттар міндеттелмейді. Арыз иесі өзінің қал-қадірінше арыз жазуына болады. Айта кетейік, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс шеңберінде істерді қарайтын әкімшілік соттың атауы «Әкімшілік құқықбұзушылық бойынша мамандандырылған аудандық сот» болып өзгерді. Жаңа заң жобасы аясында әлі күнге дейін халыққа түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бақытбек ДАУТОВ, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы:АЗАМАТТАРДЫҢ МҮМКІНДІГІН МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ РЕСУРСЫМЕН САЛЫСТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ – Бұл құжатты қабылдауға түрткі болған жағдай – азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезіндегі теңсіздік. Азаматтардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға болмайды. Осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында жаңа кодекс қабылданды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша даулар мүлдем басқа қағидаттармен қаралады. Мұнда тараптар тең емес. Сот арыз иелеріне барынша көмектеседі. Мұнда әкімдіктің шешімі заңды ма, заңсыз екенін енді талап қоюшы дәлелдемейді. Шешімді қабылдаған әкімдік шешімнің заңдылығын, негізділігін дәлелдеуі тиіс. Судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Сот процестің барлық сатысында формальді қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге міндетті. Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды. Мұның тиімділігі өте жоғары. Дауды созбалаңдыққа салмай, жылдам қарап аяқтауға септігін тигізеді. Азаматтар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгелі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекспен шатастыра бастады. Халыққа түсінікті болу үшін мысалмен келтірейін. Айталық, көлік қозғалысында немесе жол шаруашылығындағы түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Олар ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша қаралады. Көлік жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бұзып, екінші бір көлікпен қақтығыс жасап, көлігін бүлдіріп материалдық залал келтірген жағдайда жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айырылады. ӘҚБтК-нің 73-бабы отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерді реттейді. Отбасындағы адамдарға бейәдеп сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер жатады. Бұл кезде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, ескерту жасауға немесе бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алынады. Аталған жағдайлар ӘҚБтК-пен реттеледі. Ал Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен айналысады. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар – осы кодексте реттелетін істің қатысушылары. Қорыта келе, жаңа заңнама билік мен бағыныстылықтың арасындағы теңсіздікті жояды, билік органдарымен дау-дамайда әлсіз тарапты қорғайды деп үміттенеміз. Халықтың сотқа деген сенімі де артпақ.
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА